КЛОД МОНЕ НЕМЕСЕ ИМПРЕСCИОНИЗМНIҢ КӨК ТУЫ

КЛОД МОНЕ НЕМЕСЕ ИМПРЕСCИОНИЗМНIҢ КӨК ТУЫ

КЛОД МОНЕ НЕМЕСЕ ИМПРЕСCИОНИЗМНIҢ КӨК ТУЫ
ашық дереккөзі
736

Табиғаттың айнығыштығын, жарықтың айналаға әсерiн, сәт сайын өзгерiп отыратын жарық пен көлеңкенiң арпалысы, күн жылжи келе әлгiнде ғана жарқырап тұрған әлдененiң жарқыраған бүйiрi солғын тартып, келесi бiр қыры құлпырып, құбыла бастағанын кенебiне дереу түсiрiп, осы үрдiстi өзiнiң суретшiлiк ғұмырына өмiр бақи азық еткен суретшiлер жүрдi арғы ғасырда. Қас пен көздiң арасындағы құбылыстың, әсердiң өзiн ұстап қалуымен ғана бейнелеу тарихында өшпес iзiн қалдырып кеткен бұл суретшiлер импрессионизм өкiлдерi болатын. Өздерiне дейiн тек ғимарат iшiнде сурет салып, академиялық сурет канондарынан қия баспай отырған әрiптестерiнен жерiп, мольберттерiн арқалап, аулаққа, табиғат аясына безiп кеткен импрессионистердiң көш басында Оскар Клод Моне тұрды.

Париждің Монмартрында дүниеге келген Клод Моне Абай атамның бел құрдасы еді. Балалық шағын дәйім дәптер шимайлау­мен өткізген Клод Моне – суретшілігінің әу басын әзіл суреттермен ашқан кісі. Суретші өмірінің жартысына дейінгі жоқшылық, Франциядағы жұмыссыздық мәселесі оның шығармашылығына молынан әсер еткенін айта кетуіміз абзал. Ол жас кезінен-ақ әкесімен қырбай болып, «бақалшы болмадың» деп ақша бермей қойғанын сылтауратып, өзі тұрған өңірде портретке деген тапсырыстың ыңғайына салып, шарж бен карикатурадан пайда түсіріп, өз күнін өзі көре бастайды. Бұл өнерден нәтиже шығарып, шалқақтай бастаған жеткіншекке теңізші әрі тіс қаққан суретші Эжен Буден кездеспесе, импрессонистер абызын біз білер ме едік, білмес пе едік?.. Клодтың суреттерін көріп тамашалаған Буден суретші: – Айналайын, сен талантты бозбала екенсің, бұл өнермен шектеліп қалмай, әрі қарай оқу керек, – деп ақыл айтады. Құрғақ ақылмен шектелмей, табиғаттың аясына барып, мольбертін құрып жіберіп, көріністі кенепке қалай жазу керектігін көрсетеді. Буденнің сол кездегі жан беріп, жан алған сәтін көзімен көрген Моненің таңданысында шек болмапты. Тап сол кезде Ла-Манштың жағасындағы көрініс секунд сайын өзгеріп тұрған деседі. Соған қарамастан, Буден суретші бұлтты да, теңізді де өзіне бағындырып, ғажап картина түзеді ғой. Бір сәттік көріністі ұстап қалудың қалай екенін көзіне көрсетеді. Сөйтіп, 18 жасында мұның тағдырына Буден суретші найзағайдай ойнап, көзінің шелін сыпырғандай қылады. Одан әрі қарай Париж барып, Сюисс Академиясын көру, Труайон, Шарль Глейр мен Огюст Тульмуш шеберханасынан дәріс алуы – өзінше бір төбе әңгіме. Бізге бұл жерден алған тәлімін тәптіштеп жатқаннан гөрі, оның академияның қасаң тәртібін ұнатпаған «бүлікшілдігі» қызық. Ашық аспан аясында этюд, пленер жазуда сурет салу табиғатына қоятын талаптарды орындай бермегені үшін академия «өйт, бүйт» деп тобығынан қаға берді. Жаратылысынан бұла, Буденнің өзін зорға мойындаған Клод Монеге бұл тіптен ұнамайды. Академиямен тәжікелесіп жүріп, ақыры мольбертін арқалап, шығармашылыққа біржола кетіп тынады да, өзінің көзқарасымен туыстас Мане, Сислей, Ренуар секілді суретшілермен ынтымақ табады. Олар бейнелеу өнерінде жаңа қадамдар жасап, түс гаммаларының сол уақытқа дейін қалыптасқан дәстүр-тәсілдерін бұза отырып, пленерлік әдістің жаңа, тосын да шалт, жылдам жасалатын формасын қалыптастыра бастайды. Табиғат аясындағы тосын құбылыстарды әсерлі жеткізу мүмкіндігінің көзін ашады.Суретші алпысыншы жылдардың ішінде Камила Донсье дейтін бикешпен жұп құрады. Екеуінің артынан жоқшылық дейтін тажал шам алып түседі. Жалға алған үйлерінің қарызы асып кетіп, қашанда несие берушіден қашып-пысып күн көрді. Алған әйелімен заңды некеге тұрмаған соң, католик дініне берік әке-шешесі де оған салқын қабақ танытып, көмек қолын созбай-ақ кетті. Құдайшылығын айтсақ, Клод Моне әу баста осы Камиласының портретін жазып жүріп танылған болатын. «Жасыл көйлекті қыз» картинасын Париж жұртшылығы жылы қабылдап, сол кездің өлшемімен қымбат бағамен сатылып та кеткен. Алайда ол ақша бұлардың жыртығына жамау бола алған жоқ. Ақшаны ұстай білмейтін Моне шіркін оны әп-сәтте жұмсап жіберген. Туасы дегдар, жаратылысынан кінәз кісілер болады ғой өзі. Моне мырза да соншалық кедей тіршілігіне қарамай, аста-төк тамақтанатын, қымбат киінетін. Тапқан-таянғанды шымшып ұстауды Камила жазған да білмей өтіпті. «Өтіпті» дейтінім, ол кісі суретшімен бас қосып, алғаш бақытты тұрмыс құрғандай болғанымен, артынша… Көбінше науқастанып, аяғы ауырлағанда дұрыс тамақтана алмағаны бар, суретшінің бұған суына бастағаны және қосылып, бар-жоғы он шақты жыл ғана отасып, ауырып, қиналып жатып өмірден озады. Клод Моненің сүйген жарын емдетуге қаржы таба алмағаны өз алдына, оның жанында отырып, қайғысын жадыратып, мұңын бөлісуге мүлде уақыты жоқ-тын. Ол сурет үшін туып, сурет үшін өлетін тап-таза фанат-тұғын. Жазда тап Шалкиіздің кейіпкерлеріндей, «қалпағына қара шыбын үймелеп, сақалына сары шіркей балалап», сақылдаған сары аязда бетінің түгіне қырау қатып, екі-үш қабат шапан киіп, сталактит секілді мұз құрсанып, төпеген қар астында сурет салып тұратын. Моненің таңдап алған бағытының дұрыс екеніне қарамастан, оның салған картиналарын, мүдделестерін Париж жұртшылығы көпке дейін қабылдамады. Салонға алмай, көрмелер ілмей, сарсаңға салудан бір танбайтын. Көрмеге қойылса-ақ, келушілер кекетіп-мұқатып, газеттер улы тілін жаятын. Әсіресе «Шаривари» газеті Моненің серіктестерін жүндей түтті. Сол кез көрермендерінің өресі замандас суретшілермен деңгейлес екенін айта кетуіміз керек осындайда. Әр қадамыңды көріп біліп, жақсыңа сүйсініп, сүрініп кеткеніңде демеп қалатын көрерменнен айналасың ғой. Ал импрессионистердің соры (артынша келген бағы) олардың замандас-көрермендерінен озық туғандығында, жаңалықты сәтті аша білуінде еді. Сурет салу барысындағы әбден қалыптасқан, бояу жағу, пропорция, симметрия заңдылықтарын сақтай бермей, неғұрлым табиғат көрінісінің өткінші әсерін әп-сәтте ұстап қалуға күш салған Моне мүдделестері ә дегенде қабылдана қоймауы заңды еді. Мысалы Монеге дейін табиғат аясындағы бір шөмеле шөп салынды ма, бітті: ол ғана картина болуы мүмкін. Онда көкжиек, аспан, үймек шөптің ұқсастығы, жаңадан шабылып шөмелеленгені көрінсе, көрерменге рауа. Ал Моненің шөмелесі біреу емес, құрыды дегенде он бес болса қайтесіз? Бір ғана шөмеле, жалғыз-ақ сюжет. Ал енді сол шөмелені таңғы сұрқай қалпын, сағат алтыдағы қызғылт қалпын, он бір болғандағы сары, тал түстегі көкпеңбек, күлгін кейіпке келген кешкі қалпын Монеден өзге кім салыпты? Францияның Моне өмір сүрген кездегі қаржылық дағдарысын айттым. Сол бір ұшынып тұрған сәтте Эрнест Ошеде дейтін банкир тамыры картиналарын там-тұмдап сатып алып, қол ұшын беріп тұрған еді. Артынша ол банкротқа ұшырап, байтал түгіл бас қайғының кебін киіп, қатын-баласын тастап безіп кетеді. Содан Моне әлгі қысылғанда қол ұшын берген Ошеденің отбасын өз үйіне кіргізіп алады ғой. Өзінің Камиласы, үш баласы бар, Ошеденің алты баласымен қоса – Алиса дейтін әйелі қысыла-қымтырыла Клодтың аядай пәтерін жайлайды. Мұны айтып отырған себебіміз, Клод Моненің ендігі өмірі тұтастай Алиса атты әйелмен өріліп отыратындығы. Иі жұмсақ, тіршілікке бейімсіз, аурушаң Камиладай емес, діңі де, тіні де берік Алисаның арқасында Моненің шаңырағы да, болмысы да шайқалмай, тек шығармашылықпен айналысты. Камила көз жұмған соң, заңсыз болса да, осы әйелмен бірге тұрды. Католик діні үшін өрескел, сөлекет неке суретші үшін өлім мен өмірдей аса мәнді еді. Иә, Алиса Клод үшін жаралған әйел еді. Өзінің алты баласы, суретшінің үш баласы, ауру әйелінің бүкіл ауыртпалығын мойнына салып сүйреп өткен кісіні суретшінің қойнына, өз күйеуі бола тұра, кіріп алды деп жазғыруға қақымыз жоқ. Керісінше, Моненің бір-екі күн болса да үйден ұзап, өзге жаққа кетіп, сурет салғанында тәптіштеп отырып сол жақтан хат жазуын талап еткенінің арқасында, импрессионизм, жалпы бейнелеу тарихына қаншама құнды дерек қалды.Моненің отбасы ақыры Живерни дейтін ауылға ат басын тіреп, өмірінің соңына дейін сонда қалып қойды. Живернидің төңірегін мол қамтыған Моненің шығармашылығы – Голландия пейзаждары, Руан соборы, Аржантей мекені, Сена жағалауымен қапаш-құпаш құшақтасып, шырмалып жататын еді. Аржантей, Пурвиль, Ветея, Нормандия, Вернон, Этрета деп кете беретін мекендер атауы Клодтың картиналарына пейзаж болып орын теуіп, өнер әлемінде өзінше бір ғұмыр кеше бастаған. Суретші, әсіресе, Сена өзенінің айғайшыл, контраст бояулардан ада, ептеп мұнарлы, әнтек тұманды жағалауын жанындай жақсы көруші еді. Өзеннің көгілдір, қызыл сары тұманына оранып алып палитра ашу Моне үшін бақыттың үлкені-тұғын. Қайық үстіне шеберхана жасап, өзеннің бетімен жүзе жүріп те талай картинасын салды. Картиналарының тағдыры да қызық. Моне Латуш дейтіннің картина дүкеніне «Лувр жағалауы» дейтін картинасын өткізеді. – Алушысы табылса, арзанға болса да бер, – деп кетеді. Артынша әлгі дүкенге бір «білермен» келіп: – Латуш мырза, мына бір «шатпақты» дүкеніңізден алып тастасаңыз етті, – деп ақыл айтады. Ертесі Латуш Монеге картинасын қайтарып береді… Сенсеңіз, сол «шатпақ» 1934 жылдан Луврда ілулі. Жан Батист Фор дейтін бір артист келіп, суретшімен ұзақ саудаласып, алмақшы суретін кергіп, болмашы (біздіңше, шамамен жүз теңгеге) ақшаға алмай кетеді. Жылдар өтіп, суретшінің бағы жанып тұрған шағында әлгі ұятсыз келеді ғой: – Қалеке, кешіріңіз, баяғы картинаны пәлен теңгеге алсам бола ма? – деп. – Аулақ жүр! – депті суретші. – Саған ол картинаны енді жүз мыңға да бермеймін! Атағы аспандап, айбыны мұхит асып, Америкаға жайылғанда да картинасы адамдар тағдырына дәнекер болыпты. Бұл – Американың жас та болса аса дәулетті Винаретта Синджер дейтін қыз бен Эдмон дейтін принцтің арасында болған оқиға. Эдмон бекзада сурет галереясын қарап жүріп Моненің «Гаарлема маңындағы қызғалдақтар алқабы» картинасына көңілі құлайды. Әне-міне сатып аламын деп керіліп жүргенінде әлгі картинаны Синджер бикеш қағып кетеді. «Аһ» ұрып, сан соғып қалған бекзада әлгі басы бос бикештің соңына шам алып түсіп, басын айналдырып жүріп оған үйленеді. Сөйтеді де, Клодтың картинасына қол жеткізеді. Қош, енді «импрессионизм» сөзінің қалай шыққанына келейік. Бұл 1873 жыл еді. Бір күні таңертең ескі портқа қараған терезесіне назары түскенде, көгілдір мұнарды жарып, қызара бөртіп, көтеріліп келе жатқан күнді көреді. Оның дірілдеп барып суға түскен сәулесін, қала түтінімен оранып, анық кейпін танытпай, бұлдырап тұрған жағалаудағы айқыш-ұйқыш теректерді, крандары бар баржа, өзенді бойлай жүзіп келе жатқан қайықты байқайды. Фотоаппараттың шүріппесіндей сырт еткен қас-қағым сәт суретшінің сиқырлы қолымен кенепке дарып, «Әсер. Күн шығардағы сәт» дейтін ең атақты картина дүниеге келеді («Әсер» – француз тілінде «impession» сөзіне балама). Атақты картинаны әп дегенде аса бір түсініспеушілік күтіп тұрды. Оны көрме ұйымдастырушылар қабылдамай, біреу жылы сөз айтса, бесеуі мазақтаған, талайлар ашықтан-ашық «аһа-һа-лап» күлген картина болды. Тіпті 1874 жылдың 25 сәуірінде «Шаривари» газеті Моненің «Әсерін» быт-шытын шығарып, түгін қоймай «сабапты» (Қазіргі коллекционерлер «Шариваридің» сол күнгі нөмірін бас айналдырар ақша ұсынып, ырымға таба алмай жүрген көрінеді). Алайда 1874 жылы «Әсер. Күн шығардағы сәт» 800 франк ақшаға сатылады. Бұл – сол кездің өлшемімен аса көп сом.1880 жылы тұңғыш жеке көрмесі өтіп, табанда «Мұзжарғыш» картинасы 2000 франкке бағаланады. Бірте-бірте суретші мен сатып алушы арасындағы байланыс бірін-бірі өсіріп, дамытып отырды. Біреуі ақша күшімен күн көрісі қамын шешіп, қанатын жайып, қарқынын үдете түссе, екіншісі картинаны сату траекториясын кеңейтіп, Голландия, Бельгия, Америка базарына шықты. Моне даңқы жайыла берді. Дюран Рюэль Америкаға 310 картина арқалап барып көрме жасайды. Кілең импрессионистердің картиналарын сұрыптап алған Дюранның сол сапарында Моненің қырық шақты суреті болыпты. Нәтижесінде Американың байшыкештері Дюрекеңнің бүкіл жинағын түк қалдырмай сатып алды. Қайыршылыққа да, көрерменнің немқұрайдылығы мен жеккөрушілігіне де кеңірдектей жүзген Моне қырық жеті жастан кейін ғана шығармашылығының бейқұт та тұнық айдынына шығып еді.Монеге еліктеген импрессионистер сонау Америкадан келіп, суретші жүрген, этюд жазған жерлерге барып, оның сюжетін қайталап салып, тәу ететін болды. Атақ, ақша суретшінің ауласына біржола ат басын тірегенімен, ол өзінің әуелгі қалпынан айнымады. Тәуліктің әр кезін, әр түрлі жарық алмасуын картина қылып түсіре берді, түсіре берді. Шеберханада қамалып отырмай, табиғатқа ұмтыла берді, ұмтыла берді… Оның қырықтан асқан шағында салған картиналары мыңнан асып жығылып еді. Әлгінің кез келгенін алып қарасаңыз жарық-көлеңке, күннің сәулесін аңдып, көшкен бұлттарды аңдап, қылқаламын екі-үш мәрте ғана сілтеп қалып, табиғат болмысын дәл түсіре сурет қылып, ерінбей жинай бергеніне куә болар едіңіз. Сурет салуға қойылатын ереже-шарттылықтан аттап өтіп, күннің көз қарықтырар жарығын, жаңбырдың төгіп өтіп, теңізбен араласып, жартасқа ұрған көк долы кейпін нақпа-нақ кенебіне түсіре білген, ұстатпайды-ау дегенді дәрегейіне жыққан, «тағыны жетіп қайырған» Монедей суретші некен-саяқ. Әлемнің сұлулығын Монедей сезінгендер де кемде-кем. Моне өзіне ұнамай қалған картинасын жұдырықпен бір қойып айырып тастайтын сойқан мінезді де еді. Не деген бақыт! Огюст Родендей аса талантты мүсіншімен табақтас болды, сыйлас болды. Мықтыны дер кезінде танып, бағасын берушінің бірі де осы Моне. Роденнің қара үзген мүсінші екенін, мықтылардың мықтысы екенін уақтысында айтып, шығармасын көкке көтеріп, дәріптеп өтті. Мемлекеттің биік тұтқасын уыстап ұстап отырса да, суретшінің шеберханасына баруға үнемі уақыт тауып, талант шіркінді аялап өткен Клемансодай кісіге суретшілер ғана емес, бүкіл адамзат риза. Моненің жалғыз-жарым күндерінде жанынан табылып, оның нашарлаған көзін емдетіп, әзіл-қалжыңын аямай дем беріп отыратын Клемансодай досы бар Моне шіркінде арман бар ма екен?! Суретші тіршілігі Пикассодай қым-қуыт болмағанымен, бір басына жетіп артылатын «қожанасырлыққа» толы. Әйгілі «Көктерек» сериясын салып жүрген кезінде бір күні таңертең теректеріне айқыш қызыл белгі соғылып қалғанын көреді. – Ойбай, бұларың не? – дейді теректің жанында жүрген шаруаларға. – Бұл дегеніңіз – теректер кесіледі деген сөз, Моне мырза, – дейді әлгілер. Моне шапқылап отырып жердің иесіне барады. – Әу, бұларың не?! Мен теректерді салып әлек, сендер кесіп әлек… Сол кескендеріңді қаншаға сатпақсыңдар? – деп дүрсе қоя береді. – Осынша, – дейді қожайын. – Айналайын, мен теректерді салып болғанша балталарыңды жалаңдатпай әрі әкетіңдер! – деп тап сол жерде ақшасын қолына санап береді де, кесуден аман қалған көктеректерін әрі қарай сала беріпті. Он сегізінші ғасыр аяғында Моне картиналарының құны сурет аукциондарында қымбаттай берді. Берлиннің Ұлттық галереясы, Бернхайм фирмасы, Стокгольм музейлері суретші картинасын алуды өздеріне мәртебе санайтын шаққа жетті. Екі ғасыр түйісінде Клод Моне бай, бағылан, қаржысы мол кісілердің қатарында тұрды. 1904 жылы Моне (1992 жылғы біздің нарық бойынша) 750 мың еуро ақша тапты. Картиналарының төпелеп сатылып кеткеніне де сонша риза емес еді. Өйткені снобизммен ауырған әсіре модашыл қауымды ұнатпады. – Бір кезде біз қайыршылықта күн кештік. Алайда әрең деп жүз теңге тапқандар келіп бізден картина алып қайтқанда, үйлеріне бақыттан басы айналып кіретін. Қазір маған жүз мыңдап ақша ұсынғандардың дені өнердің мәнін ұқпай барады. Көбінің живописьті түсінетініне күмәнім бар, – дейтін. Моненің сол кездегі түр-тұрпатын, жүріс-тұрысын, картинасын, жазу үрдісін мың болғыр фотограф Надар (Гаспар Турнашон) түсіріп беріп отырды. Суретші қартайып, сексенге қараған шағында Францияның Сурет академиясы салып ұрып суретшіге келіп: – Ойбой, Моне мырза, сізді академиктер қатарына қосу керек, – дейді. – Байғұстар-ау, кешегі Дебюсси, Огюст Роден еді ғой шын академиктер! Өлді де қалды. Бұған дейін қайда жүрдіңдер? Енді келіп… Жоқ, айналайын, рахмет! Жібек ленталарыңды тағы біреуге кигізерсіңдер. Осы қалпымызда қалайық, – деп әлгілерді келген іздеріне кері салыпты. Жалпы, уақыты өтіп кеткен соң атақ алу мәселесіне үрке, марапатқа шоши қараған бір адам болса, Монедей-ақ болар! Айтатыны жоқ, Моне Тәңірден бөлекше жаралған суретші еді. Артынан бір кезде кредиторлар қуалап жүрген Монені енді журналистер, Еуропаға аты мәшһүр тұлғалар іздеп келетін болды. Олар сәті түссе суретшімен сұхбаттас болып, дидарғайып жасауды өздеріне бақыт санады. Сыншылар бір ауыздан мақтайтын кез келді. Жиырмасыншы ғасыр туысымен-ақ, Монені қайталап, маэстроның қолын айнытпай қойып, оны сата бастаған алаяқтар шыға бастады. Жалмаңдаған бір картина жинағыш келіп: – Моне мырза, мына картинаңызды танисыз ба? Мұны бәленшекеңнен түгенше теңгеге сатып алдым, – дейді мүләйімсіп, әлдебір сауатсыз көшірмені шығарып. Суретші әлгі картинаны алады да, тізесіне бір соғып, жақтауынан қақ бөліп, қоқыс жәшікке атып ұрады. Ана имансыз өп-өтірік жыларман болады. – Осыған кеткен қып-қызыл ақшам-ай! Моне мырза, неткен қатал едіңіз! – дейді ғой өтірік байбалам салып. Суретші әлгі сумақайға өзінің бір этюдін беріп, есіктен айдап шығады… Өзі өлгеннен соң адамдар санасында жақсы атпен қалғанды қатты қадағалаған Моне шіркін өз картиналарын да түп-түгел сүзгіден өткізіп, ұнамағанын үйіп, өртеп те жіберген кісі. – Кейін әруағым өкінбес үшін осылай қылдым, – деп ақталады екен жарықтық. Күн ұзақ сурет салып, қыстың ұзақ түнін Флобер, Толстой, Золялардың кітабын жастанумен өткізген Клод Моне импрессионист суретшілерінің бәрінен де ұзақ жасап, сексен алтыға қараған шағында, 1926 жылы дүниеден озды. Табиғаттың сұлулығы мен сырына күн сайын үңіліп, сусып, көзді ашып-жұмғандай сиқырлы сәттің әсерін бүкіл шығармасына желі қылып, әлгі бағытынан бір елі айнымай, адамзаттың өнер қорына өлмейтұғын екі мыңға жуық картина қалдырып кеткен Оскар Клод Монеге деген риза қошымызбен осы жолдарды тәмам етеміз.
05.01.2012
Жеңiс КӘКЕНҰЛЫ, cуретшi

Серіктес жаңалықтары