ҰЛТТЫҚ ҚОРДАҒЫ ҚАРАЖАТ ЖЕТЕРЛIК
ҰЛТТЫҚ ҚОРДАҒЫ ҚАРАЖАТ ЖЕТЕРЛIК
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Әлемдiк экономиканы тығырыққа тiреген дағдарыс 2012 жылы Қазақстанға қалай әсер етпек? Дамыған бiрнеше елге төнген рецессия қаупiнен, еурошенеунiктер арасындағы алауыздық пен келiспеушiлiктен Қазақ елi қандай сабақ алуы тиiс? Дағдарыстың үшiншi толқынына Ұлттық қордағы қаражат жете ме?
Есіктен енді кірген 2012 жыл – Қазақстан үшін саяси тұрғыда ғана емес, экономикалық тұрғыда да аса маңызды. Өйткені парламенттік сайлаудан кейін жаңадан жасақталған мәжілісмендердің алдында елдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу міндеті тұр. Алдымен – қаржылық, сосын – экономикалық, енді қарыздық дағдарысқа ұласқан проблемалар бүгінде еуроаймақ пен Еуропалық Одақтың бас ауруына айналды. Халықаралық сарапшылардың көпшілігі еуропалық экономика 2012 жылы қайтадан рецессияға ұшырайды деп болжам жасаса, кейбірі еуроаймақ күйреп, дағдарыс ушыға түседі деген сенімде. Былтыр кәрі құрлықтағы бірқатар елдің борышқа белшеден батуы еуропалық экономикалық көрсеткіштердің бәсеңдеуіне әкеп соққан. Бұл қиындықтардың барлығы дерлік Қазақ экономикасына ықпал етері сөзсіз.
«Ракурс» экономикалық сараптама орталығының жетекшісі Ораз Жандосовтың пікірінше, биыл макроэкономикада айтарлықтай өзгерістер мен проблемалар болмайды. Оған тіпті, кезінде сырттан қарыз алуда ашкөздікке ұрынған кейбір банктер мен жалпы банк жүйесі де қауіп төндіре алмайды (ескеретін жайт, 2009 жылы мемлекет еліміздегі ең ірі 4 жекеменшік банктің 25 пайыздық акциясын сатып алу және банктердің сыртқы қарыздарын қатаң бақылауға алу арқылы оларды банкроттан құтқарып қалған болатын). Ораз Жандосов мұнай бағасы күрт төмендемейтіндіктен, Қазақстан экономикасы 3 пайызға дейін өсетінін айтады. Ал Макроэкономикалық зерттеулер орталығының басшысы Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, дағдарыс экономистердің қызметін керексіз етпек. Себебі тығырықтан шығар жолды жоғары оқу орындарында үйреткен тәсілдер бойынша емес, стандарттар шеңберіне сыймайтын тәсілдерге жүгіну қажет. «Дағдарыстың екінші толқынының алғашқы толқыннан ерекшелігі, банктер емес, мемлекеттер банкротқа ұшырайды. Екінші толқынға Ұлттық қорға жинақталған қаражат арқылы төтеп беруге болады. Бірақ дағдарыстың үшінші толқыны өте ауыр тимек. Сондықтан қазірден бастап төніп келе жатқан қиындықты шешудің стандарттарға сәйкес келмейтін жолдарын қарастырған жөн». Қазақстан экономикасына 2012 жылы төнетін қауіп барын жоққа шығармаған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарушы директоры Питер Хауз Ұлттық қордағы қаражат көлемі экономикалық қатерлерді сейілтуге жететінін көлденең тартты: «Қазақстан дағдарысқа дайындала отырып, экономикалық тұрғыда кеңейгені жөн. Технологиялар сатып алу керек». Хауздың пікірінше, өндіріске инвестиция салу, жұмыс орындарын көптеп ашу, әлеуметтік төлемақыларды арттыру кез келген дағдарыстан аман қалудың тиімді жолы саналады. Дағдарысты ең алдымен сезінетін қарапайым халық болатындықтан, оларды қорғау – өте маңызды шаралардың бірі. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Ұлттық қордағы ақша 43,3 миллиард долларға, ал елдiң халықаралық резерві 75,4 млрд. АҚШ долларына тең. Қазақстанның қаржыгерлер ассоциациясын басқаратын Юлия Якупбаева жалпы экономиканың сұраныс пен ұсыныс теориясынан тұратынын, тұтынудың ұлғаюы себепті сұраныстың көбейгенін, ендігі ысырапшылдықтан бас тартып, үнемшілдікке көшу керектігін айтады: «Өкінішке қарай, осы жайтты қазір қатты дағдарысқа ұшыраған елдер ескерген жоқ. Кезінде зейнетақылық жүйе қабылданғандықтан, біздің еліміздің жолы болды. Бұл халық қаражатын сенімді сақтаудың тиімді жолы» дейді. Әңгіме арасында Питер Хауз мырза Қазақстанның дағдарыстық жағдайда отырғанын, инфляцияның нақты көрсеткіші елдегі қарапайым азаматтар табысының көлемінен асып түсетінін жеткізді.
Былтыр жыл соңында Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын талдаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов республиканың қаңтар-қазандағы сыртқы сауда айналымы 39,7 пайызға артып, 101,1 млрд. АҚШ долларына жеткенін айтты: «Экономиканың нақты секторындағы өсудің жоғарғы қарқыны сыртқы коньюнктураның қолайлылығымен ағымдағы қаңтар-қазан айларының қорытындысында сыртқы сауда айналымы өсімінің 39, 7 пайызға артуына септігін тигізді. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ол 101,1 млрд. долларды құрады». Министрдің айтуынша, 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тауар экспорты – 48,2 пайызға, импорт – 22, 4 пайызға өсім көрсеткен. «Ағымдағы жылдың 10 айында Кеден одағы елдерінің өзара саудасы 43,3 пайызға өсті. Оның ішінде экспорт – 51,4 пайызға, импорт 39,8 пайызды құрады». Сондай-ақ, алдын ала болжам бойынша қаңтар-қарашада жалпы ішкі өнім 7,5%-ға өскен: «Тұтыну сұранысының ұлғаюы экономиканың өсуінің маңызды факторы болды, бөлшек сауда тауар айналымының он екі жарым пайызға өсуі осының дәлел. Бұл ретте, барлық өңірлерде бөлшек сауда көлемінің өскені байқалды. Елде белсенділіктің өсуі қызмет саласындағы жоғары өсу қарқынымен ілесе жүруде. Есепті кезеңде көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 22,0%-ға ұлғайды. Байланыс қызметінің көлемі 17,5%-ға өсті. Ағымдағы жылдың басында байқалған экономикалық белсенділік көбінесе «Бизнестің жол картасы – 2020 Бағдарламасын» және Индустрияландыру картасы жобаларын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілді. Индустрияландыру картасын және Бизнестің жол картасы 2020 іске асырудан ағымдағы жылы біздің бағалауымыз бойынша жалпы тиімділік ЖІӨ-нің 2%-ын құрады. Экономиканың нақты секторындағы өсудің жоғары қарқыны сыртқы коньюнктураның жағымды қолайлығымен бірге ағымдағы жылдың қаңтар-қазанының қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымының 101,1 млрд. АҚШ долл. құрап, 39,7% ұлғаюына ықпалын тигізді».
Өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда тауар экспорты 48,2%-ға (71,7 млрд. долл.) ұлғайды. Импорт 22,4 %-ға (29,4 млрд. долл.) өсті. Сауда теңгерімінің оң сальдосы 42,3 млрд. долл. құрады, бұл 2010 жылдың сәйкес кезеңінен 1,7 есе жоғары. Ағымдағы жылдың 10 айында Кеден одағы елдерімен өзара сауда 43,3 %-ға (19,6 млрд.долл.) өсті, оның ішінде экспорт – 51,4 % (6,2 млрд.долл.), импорт – 39,8 % (13,4 млрд.долл.) өсті. Үкіметтің тарифтік реттеу мен бәсекелестікті дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке бағаның едәуір өсуіне жол бермеуге бағытталған белсенді шаралары экономикаға жасалатын инфляциялық қысымды төмендетуге мүмкіндік берді. Инфляция 2010 жылғы қарашадағы 0,8%-ға қарағанда осы жылдың қарашасында 0,6%-ды құрады. Инфляция деңгейі 2011 жылғы қаңтар-қарашада 7,0%-ды құрады немесе өткен жылдың осындай кезеңінің көрсеткішінен 0,1 пайыздық тармаққа төмен. Инфляция жылдық мәнде (2011 жылғы қарашада 2010 жылғы қарашаға қарағанда) 7,8% деңгейде сақталды және жылдың аяғына жоспарланған 6-8% деңгейінде тұр. Экспорттық пайда түріндегі валюта ағымы төлемдік теңгерім көрсеткіштерін оң тұрғыда сақтауға ықпал етеді. Төлемдік теңгерімнің ағымдағы шот профициті 2010 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3 есеге дерлік ұлғайып, 2011 жылдың 9 айында 9,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқаты жақсарып келеді, халықтың табысы мен айлық жалақы өсе түсуде. 2011 жылдың он айында нақты ақша кірісі 6,7%-ға, нақты айлық жалақы – 5,5%-ға өсті. Бұған әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер мөлшерлерінің ұлғаюы, зейнетақы (1 қаңтардан бастап) мен бюджет саласы қызметкерлері еңбекақыларының (1 шілдеден бастап) 30%-ға артуы ықпалын тигізді. Ағымдағы жылдың қарашасында бағалау бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,4%-ды құрады, бұл 2010 жылдың қарашасымен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмен. Алайда сарапшылар қауымы Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламалары көбінесе жабық әрі жасырын күйде сақталатынына алаңдайды. Мәселен Ораз Жандосов: «Тағы бір маңызды проблемалардың бірі, ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауда Үкімет жария түрде әрекет етпейді. Мысалы «А» жоспары сәтсіздікке ұшыраса жүзеге асырылуы тиіс «Б» жоспарының қандай жоспар екенін біз білмейміз».
Негізі мемлекеттің келешегіне қатысты кез келген іс-әрекеттегі жариялылық пен ашықтық тек Үкіметке ғана емес, Қазақстанның барлық ұлттық компанияларына тән болуы тиіс. Қазақстанның экономикалық ахуалы мен қауқарын нақты бағалауда, болашаққа жоспар құруда, ең маңыздысы, дағдарыстардың саналуан толқынына төтеп беруде алдымен өз күшіңді білген жөн.