«МИГРАНТ» КІРМЕЛЕРДІ ҚҰРЫҚТАМАҚ

«МИГРАНТ» КІРМЕЛЕРДІ ҚҰРЫҚТАМАҚ

«МИГРАНТ» КІРМЕЛЕРДІ ҚҰРЫҚТАМАҚ
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Алматыға отбасымен үдере көшiп келiп, заңсыз түрде нәпақа тауып жатқан мигранттарды құрықтау шарасы басталды. Полицейлер жаңа жылға дейiн 200 мың кiрменi құрыққа түсiремiз деп құлшынып отыр. Өкiнiшке қарай, елiмiзде тайраңдап жүрген мигранттарды бүркемелеу арқылы пайда тауып жүргендер де бар. Ал заңсыз мигранттардың бiразы қылмыс жасауға бейiм сияқты.

Қазақстанға заңсыз келетін мигрант¬тардың нақты саны белгісіз. Алайда Алматы қаласы бойынша жүргізілетін арнайы шаралар нәтижесінде олардың санын азайту маңызды. Үстіміздегі жылдың қазан айында басталған «Мигрант» шарасының арқасында Алматы 200 мыңнан астам заңсыз мигранттан тазаратын болды. Есіктен емес, «тесіктен» заңсыз кірген кірмелерді елден түре қуу Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында тәртіп орнату үшін жасалып жатқан шаралардың бірі тәрізді. Жыл басынан бері нәпақасын Қазақстандағы арзан еңбек күшінің арқасында заңсыз тауып жүрген 177 мың жатжұрттық Отандарына кері қайтарылған. Ал олардан айыппұл ретінде өндірілген қаражат көлемі 134 миллион теңге. Алматы қаласы Жетісу аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Қанат Таймерденовтің айтуынша, шара басталған алғашқы күні Орталық көкөніс базарында («Көк базарда») жұмыс істеп жүрген 49 заңсыз мигрант ұсталыпты. Сондай-ақ, кірмелердің көпшілігі қаладағы қоғамдық көлік аялдамаларында тұрған жерде құрықталған. Олардың көпшілігі – Өзбекстан азаматтары. Полиция қызметкерлеріне «Алматыға жақында ғана келгем, миграциялық заңды білмегендіктен, ресми тіркеуден өткен жоқпын» деп ант-су ішетін мигранттар елдеріне қайтуға аса құлшынбайды. Өйткені Орталық Азия мемлекеттері арасында экономикалық және әлеуметтік ахуалы көшілгері Қазақстанда нан табу оңай әрі бәсеке жоқ. Бәсеке болмайтын себебі, заңсыз нан табатындардың көпшілігі – арзан жұмыс күші. Мәселен Алматыдағы көп мейрамханалардың бірінде заңсыз жүрген 6 Қытай азаматын полиция қолға түсіргенде, мейрамхана иесі өзінің заңды бұзғанын ұзақ уақыт бойы мойындаудан бас тартқан. Миграциялық заңды бұзған жағдайда, мекеме басшылары да жазаға тартылатындықтан, әлгі кәсіпкер келіншек кінәсін мойындамауға бекініпті. Алайда заңның хан мен қараға бір екенін ескерсек, мейрамхана басшылығына да айыппұл салынғаны – заңды. Алматы қалалық ІІБ миграциялық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ержан Оразбеков отандық бұқаралық ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде заңды бұзған шетелдік мигранттар соттың шешімі шыққан бойда Қазақстан шекарасынан асырылатынын айтты. Өкініштісі сол, елдеріне бара салысымен өзбекстандықтар 100 доллар көлеміндегі қаражатқа жаңа төлқұжат жасатып алып, Қазақстанға қарай тартып отырады екен. Әлгі 100 долларды Қазақстанда бірнеше есе етіп қайтарып алатыны анық.

Негізі мигранттар елімізге отбасыларымен бірге түгел көшіп келеді. Ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда, көкөніс пен жеміс алқаптарында емізулі сәбилерімен жүретін шетелдік мигранттар нан табу үшін аптап ыстықта тер төгуге мәжбүр. Оның үстіне, құқықтық тұрғыда сауатсыз келетіндіктен, көбінесе жұмыс берушілер тарапынан кемсітушіліктер мен қысымға жиі ұшырайды. Тәулігіне 10-12 сағат бел жазбай еңбек ететіндер де – солар. Мигранттарды қорғау мақсатында Алматыда арнайы орталық ашылған. Шетелдіктерге тегін ақпарат пен кеңес беретін бұл мекеме Қазақстанда заңды тіркеусіз жүрген мигранттарға да қол ұшын созуды көздейді.

Алматы қалалық ІІБ тарапынан берілген деректерге сүйенсек, қалада заңсыз өмір сүріп жатқан шетелдіктердің басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан келетін көрінеді. Ал қолға түскен 34 мың 907 кірменің 2 890-ы – алыс шет елдер мен ТМД елдерінен. Мысалы Қытайдан – 1346, Түркиядан – 691, Ауғанстаннан – 160, Өзбекстаннан – 13 568, Ресейден – 3071, Қырғызстаннан – 3042, Тәжікстаннан – 794. Бұл – ресми дерек. Ал бұта бұтаның түбін сағалап, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен қашып жүрген басқа кірмелердің нақты саны қанша екені белгісіз. Сорақысы сол, «жұмыртқадан жүн қырқатын» кейбір пысықайлар заңсыз мигранттарды жасырып-жабу арқылы да қырғын пайда тауып отыр. Негізі Қазақстан мигранттарды қабылдауда бүкіл әлем бойынша 9-орында тұр. Жуырда еліміздегі миграциялық процестерге қатысты өткізілген дөңгелек үстелде Дүниежүзілік банк деректерін көлденең тартқан отандық сарапшылар 2015 жылға қарай біздің еліміздегі жұмыс күшіне деген сұраныстың 1,2-1,8 миллион адамға дейін өсетінін жеткізді. Қазіргі кезде Қазақ жеріндегі заңсыз мигранттар саны 300 мыңнан 1 млн.-ға дейін жетеді. Оның 50 пайы¬зы – әйелдер. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген зерттеулерде көрсетілген.

22.12.2011