Алаш
Олар…
Сонау қария ғасырда
Күмбезді көк етіп,
Төсекті жер етіп жаратқан даланың,
Көкпеңбек көліне шомылып,
Көгілдір тауына сүйенген.
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.
Құлжадай қыздары
Тобықтан төгілген шаштарын,
Семсердің жүзімен тараған.
Алаштың оғылан ұлдары
Осындай тамырдан қан алып,
Осындай құрсақта жаралған.
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп,
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.
Найзасы жасындай жарқылдап,
Жаңбырдай сіркіреп жебесі
Жауына тіл қатқан,
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,
Бабасы тәрізді,
Даласы секілді аумаған.
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ,
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ,
Арманы –
Алатау құзындай талықсып көз ұшта,
Ажалы –
Керілген киіктей тым сұлу, тым қысқа
Алаштың аймаңдай ұлдары!
Кеш түссе күңіреніп,
Боздайды бұл дала
Боздақтар үнімен,
Білмейді-ау осы үнді
Бозөкпе ұлдарың,
Кіндігін кірлеткен
Желетек қыздарың,
Білмейді-ау сол үшін
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын.
Тәуелді рухты
Тәңір де кешірмес,
Кешірмес жер басып жүруді,
Алланың әр күні «Азат» деп зарланар,
Алаштың оғылан ұлдары
Сол үшін мерт болып,
Сол үшін шәһит боп өлді олар.
Өлерміз ол рас,
Қабірден жолданған
Құдайдың хаты бар,
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар.
Ағылған хаттар-ай
Қанаты тым ыстық,
Кімдерге жетті екен нүкте боп?!
Бес күндік бұл фәни
Бес құлаш матамен оралып,
Тым алыс қашыққа жолданар,
Өйткені біздегі
Өмірдің мазмұны
Өлімнің тілімен оқылар.
Олар…
Алқымы сабадай
Ажалдың пырағын кісінетіп,
Алласын көрмекке
Аспанға аттанған ғайып боп,
Бұл неткен қайсарлық!
Өлсем ғой шіркін-ай,
Осылар секілді шәйіт боп.
Кеше…
Кеңестік бодандық
Менің күп-күрең қаныма суарып,
Қып-қызыл ту ілген
Кермек жасымды
Кекете сімірген.
Мен содан…
Алаш боп үзіліп
Азат боп қайтадан тірілгем,
Тірілгем…
Жусанның бұрқырап бүрінен…
Ықылас ОЛЖАЙҰЛЫ
ЖАДЫМДА ҚАЛҒАН – ЖЕЛТОҚСАН…
Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,
Қыздарымыздың көзінде ызғары қалды.
Бойымды қарып соғатын желтоқсан желі,
Жүрегімді тағы бір сыздатып алды.
Толқындар талай соғады жағаны ұрып,
Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.
Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,
Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт.
Өмірден мынау келемін аласымды алып,
Түскенде сонау есіңе қаласың налып.
Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,
Отырғандары баланың баласын бағып.
Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық
Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.
Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,
Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып.
Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,
Өкінішті күннің өкпегі басылды бірақ.
Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,
Алдына келіп бас идім жасымды бұлап…
Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,
Бұл елдіктің құрметі асылдарына.
Кептерлерге дән сеуіп, шапқылап жүрген,
Бақытты болсын балғындар, қасымда мына!
Орынбасар САМАЛЫҚОВ,
Желтоқсан
көтерiлiсiне қатысушы
Қайда кеттің тырналар?
Мүлгиді үнсіз мынау бақ,
Жеткендей бір сұм хабар.
Тымық түнде тыраулап,
Қайда кеттің тырналар?
Жүректерің мұң тыңдап,
Жүрсіңдер ме адасып.
Қанаттарың сымпылдап,
Қайда ұшып барасың?
Сағындырған өзен бе,
Әлде, асау теңіз бе?
Қарқарадай тізіліп,
Барасыңдар нені іздеп?
Сендерге ұсап қайтуға,
Жетпес жанның дәрмені.
Тұңғиыққа тартылған
Сағынышым бар менің:
Теңіздерден телегей,
Өткім келіп тұрады.
Ештеңені елемей
Кеткім келіп тұрады.
Екі өмір жоқ, әрине,
Жоқ, әрине, екі өлім.
Қандай бақыт пәниде,
Табу іздеп мекенін.
Желпініп бір жетуге
Мекеніне аңсаған,
Сорлы жердің бетінде
Қанатсыздар қаншама…
Солар жайлы толғанып,
Солар жайлы мұң кешем.
Қасірет қой ол дағы,
Түсінбейсің мүлде сен.
Теңіздерден телегей
Өткім келіп тұрады.
Ештеңені елемей
Кеткім келіп тұрады.
Еркіндігі ен-тегін,
Шомылар ем шуаққа.
Менің дағы қайтемін,
Қанатым жоқ бірақ та.
…Сонау байтақ әлемге,
Жеткізіңдер бір хабар.
Дұғай, дұғай сәлем де!..
Қош бол!
Қош бол, тырналар!..
Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ
Таңсәріде тілегім…
Таңсәріде Тәңіріден тіледім:
Аман болсын жаз шуақты Күн Елім!
Түгел тұрсын төрт құбылам, жан-жағым…
Титтейімнен осы менің аңсарым.
Ел-жұртымның есенінде жігерім,
Еңсе тіктеп… мерейленіп жүремін.
Таңсәріде Жаратқаннан сұрадым:
Сарқылмасын таудан аққан бұлағым.
Сылдыраған үйлесімді сүйетін,
Таза сақта Қазағымның ниетін.
Таңғы шықпен құлпырады құрағым,
Түзу маздап… жарқырайды шырағым.
Таңсәріде бір Аллаға жалындым:
Тілегенін бере гөрші Халқымның.
Туған Жердің нәріменен жетілген,
Көкейімде бал-бал күйлер шертілген.
Құлынымнан ақ уызына жарыдым,
Бабалардың хақ жолынан табылдым.
Құштарлықпен дарытатын Күн лебін…
Қуаттансын ізгілікпен Құт-Жерім!
Кемерінен қуанышы шүпілдеп,
Қазағыммен бірге соқсын лүпілдеп…
Кеудедегі жұдырықтай жүрегім,
Махаббатпен мұңсыз өмір сүремін.
Желтоқсанда Ұлтыммен бір ниетім:
Адамзатпен өркендесін Нұр-Елім.
Мәңгілікке құтты болсын өз еркім,
Тәуелсіздік – мызғымайтын тірегім!
…О, Тәңірі, жалбарынып тіледім:
Қабыл болсын, таңғы таза тілегім!
Гүлсамал АЙМАХАНОВА
ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!
Төндіріп тағдыр басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың –
Қазақстаным!
Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым…
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!
ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ
«Жақсы өмірден» жалындап жүзімде алау,
Оң қолымда желбіреп қызыл жалау,
Үндесем деп Күн-көсем ұранына,
Сол кезден-ақ қаймағым бұзылған-ау…
Тамырым да кесіліп тілім-тілім,
Ұмыт болып дәстүр мен ырым-сырым.
Қызыл галстук тағынып қаракөздер,
Қасиетін жоғалтты қызыл тілім.
Орнады да замана бұлыңғыр бір,
Сардаламда басталды «Қызыл қырғын».
Қызыл қоғам орнатқан қызыл көздер,
Барлығын да қиратты бұрынғымның.
Жазықсыздан шырқырап шыбын жаның,
Не зауалға ел-жұртым ұрынбадың!?
Темір тәртіп орнатып Қызыл әскер,
Қанша Арыстың ағызды қызыл қанын!?
Қызыл жұлдыз. Кремль. Қызыл алаң:
Қызылдарсыз өзгенің күні қараң.
Осыны ойлап, дертімді басу үшін,
Қызыл арақ ішем де, қызып алам.
Қызыл ойлар санамда жатталып бір,
Бұзық ойлар қоғамға оқталып тұр.
Қызыл мандат өмірге жолдама боп,
Құран-Кәрім сандықта сақталып тұр…
Қызыл, қызыл, қып-қызыл, қызыл бәрі,
Мызғымайтын бір Одақ құрылғалы.
Өзгермейтін Қызыл Заң болғанымен,
Мәртебелі Уақыт тек құбылмалы.
Дүн-дүние өзгеріп қас-қағымда,
Желтоқсанда шарқ ұрды асқақ ұлдар.
Дұшпан көзін қызартып, ақырында,
Көкбайрағым желпіді аспанымда.
Аяқталып әйтеуір қызыл дәуір,
Күрсініспен еске алдым күнімді ауыр.
Арыстарын атылған, ақтап алып,
Қайта оянды ұйқыдан бұрынғы ауыл.
Жете алмаған ешкім де қадіріне,
Арда туған ұлдардың жазығы не?
…Қара тастан қашалып мүсіндері,
Қызыл гүлдер қойылды қабіріне.
Бар екен-ау көретін Бақ-Талабым,
Өзегімді қанша рет отқа орадым!?
Ертең тағы ағарып атсыншы деп,
Қызарып батқан Күнге көп қарадым…
Алмат ИСӘДIЛ
ТӘУЕЛСІЗДІК, ТӘТТІ ҮМІТІМ ЕДІҢ СЕН…
Бостандығым! Тосқан күнім азалдан,
Жиырма жыл – аспан кірсіз, ажарлы ән.
Сен келгенде серпілгенмін қайғыдан,
Сен келгенде сары мұңнан тазарғам.
Ессіздерде есем кетті қаншама,
Кездер де өтті шындық іздеп шаршаған.
Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің ғой,
Талай таңдар таңдайымда тамсаған.
Беу, Азаттық! Болсаң бізге баянды,
Аранына кетпей түсіп аярдың.
Бодан болып көз ілгенмін кеше мен,
Бүгін таңда бостан болып ояндым.
Базарында мұң мен шаттық бір жүрген,
Дүрмек күннің алдамшысын кім білген?..
Желтоқсанда мұз шайнаған көкемнен,
Тамған қанға өсіп шыққан гүлмін мен.
Жебесімін көбе бұзар түркінің,
Егесімін күллі түркі жұртының.
Назарына түспесе деп дұшпанның,
Жанарыма тұнған шықты іркідім.
Буырқанса күнді тұтып, ай жапқан,
Намысының найзағайын ойнатқан.
Ұлы көштің үзілмеген арқауы,
Қарға бойлы Қазтуғаннан – Қайратқа.
Дастаным бар балбал тасқа қашаған,
Аспаным бар ала бұлттан босаған.
Асылына ие болған Алаштың,
Айналайын менің алтын босағам.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА
Атырау
ДИАЛОГ
– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!
– Кезген бір тылсым Даланы мәңгі,
Кие боп кеудеме енді ме?
– Көгілдір Туға оранып алды,
Күн күліп сәулеленді де!
– Керуен жолдан мың адасыпты,
Көнерген жылдар аңсар боп…
– Көзұшындағы Қыран да асықты,
Көгілдір Туға қонсам деп!
– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!
(Көркем бір бейне кетер деп үнсіз,
Көкіректе әуен үздікті…)
– Көгілдір Туды көтерген… кімсіз?
– … ТӘУЕЛСІЗДІКПІН!!!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ
ТәуелсіздікЕркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш,
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті –
Аманат қой
Маған,
Саған,
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшенді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын –
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалқаман САРИН
Көк тудың желбірегені
Көк тудың желбірегені
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені –
жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
жан емес,
маған керегі –
Көктудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені –елдіктің асқақ өлеңі,
әр жаққа тартпай, Қазағым,
бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені –
бақыттың елжірегені,
қиырда қалған Қазақтың
Азат Отанға жете алмай
көзінің мөлдірегені.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ
АҚЫН РУХЫМЕН СЕРТТЕСУ
…Қажу барма тұлпарға,
Талу барма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!
Мағжан БЕКЕНҰЛЫ
Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,
Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!
Сұңғыла сертінде бодандық булығып,
Дұғалы сөзінде Азаттық аңқыған!
Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!
Ажалды жылатып, айбынды от жырың,
Жалғанды жұбатты періште пәктігің.
Жан мұңын сөйлетіп,
Ар құнын құлпыртып,
Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,
Кешегі керауыз сатқынды састырып,
Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,
Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,
Жүректің қобызын күңірентіп,
Қош келдің біздерге Ақ Сәуле – Ақтық Үн!
Тәңірі тірілтіп, Тәңірі қолдаған,
Бес күндік өмірдің өзегін жалғаған,
Ер Баба тілінен өр, дана Рухың нәр алып,
Сегіз қыр Сөзіңнен сегіз нұр таралып,
Күн шығыс көзінен күрең нұр қара өлең лаулатып,
Күнбатыс көгіне Күн болып жаралып,
Алашқа Алланың Самалын естіріп,
Қош келдің бұл жерге қаһарман хас Ақын!
Қош келдің Жанарым!
Туған жер топырағын толғатып,
жібектей желімен сырласып,
шөбімен, аңымен, құсымен мұңдасып,
Түбі бір Түркі үшін,
Алтайдай құлазып,
Арқадай аңырап,
Тұранның төсіне жұлдызды ойлары жамырап…
Қаламның ұшынан Әлемнің сезімін түрленткен
Ұлы Ақын!
Қош келдің Тәуелсіз Түркіге!
Қош келдің Тәуелсіз Қазаққа!
Даланың көшпелі Обалын ойлаған –
Сананың мәңгілік Шырағы.
Ойының киелі тұмары,
Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы –
Сендегі Аңсардың зарымен,
Үміттің қанымен көктеген жазбалар,
Қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,
Жусандай бұрқырап тұр әлі!
Сен сендің Жастарға,
Сен сенген мына Мен –
Сөзіммен шайтанды шошыттым!
Өзіммен кәпірді жасыттым!
Желтоқсан желінде
Қайрат боп қаһарым жұлқынып,
Ажалға жүгірдім кегіммен ұмтылып!
Содан соң…
Кірпікте марқасқа қуаныш мөлдіреп,
Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп,
Арқаның төсіне айбарлы Астана орнатып,
Алаштың мерейін тасыттым!
Сен сенген мына – Мен,
Е-е-хе-һе-ей!!!
Қарашы,
Адамның аспантек баласы!
Иманым жүзімнен жыр болып шашырап,
Күн болып шаттанып шалқақтап күлемін!
Білемін,
Көмейден күй сынды сұңқылдап тілегім,
Ел үшін жұлыным жұлынса өкінбен!
Хас Ақын,
Мен саған Ант етем!
Алланың жұпарлы Атымен Ант етем!
Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!
Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ
Дайындағандар Динара Дүрмән, Гүлзина Бектасова