ҰЛТ МҮДДЕСI ҮШIН үн қосқан

ҰЛТ МҮДДЕСI ҮШIН үн қосқан

ҰЛТ МҮДДЕСI ҮШIН үн қосқан
ашық дереккөзі
198

Қаламгер-публицист Болат Шарахымбайдың қолымызға тиген «Көрмейiн десем, көзiм бар…» атты жинағы өзiнiң тарихи- идеялық мақсат-мiндетiн толығымен орындап шыққан.

Белгілі бір ішкі мазмұн үндестігіне құ­рыл­ған кітап Қазақстанның бодандықтан бостандыққа, халықтың бойындағы құлдық пси­хологиядан ұлттық санаға, күл-талқаны шығып қираған империя жұртында ұлттық мемлекет құруға қарай аяқбасқандағы эво­люциялық өзгерістерді, сондай-ақ тота­ли­тарлық жүйеден демократиялық жаңаруларға қарай өтуге байланысты қоғамның қилы қайшылықтарын қамтитын өзіндік публицистикалық-сараптамалық шежіре тәрізді. Жалпы, жинақтың өн-бойынан ұлтқа, ұлт ісіне, ұлт мүддесіне немқұрайлы бола алмайтын, ұлт болашағына жайбарақат қарай алмайтын, өзінің азаматтық позициясы айқын, тәуелсіздікті – қазақ болып өмір сүрудің негізгі өзек-идеясы деп түсінетін ұлтжанды қаламгердің қолтаңбасы аңғарылады. Автор не жазса да, қандай мәселені көтерсе де тақырыбын ұңғыл-шұңғылына дейін мұқият зерттеп, зерделеп, адал пейілмен, терең тебіреніспен, бейнелеп жеткізгенде «жүрегінен қаны сорғалап» көрсетуге ұмтылады екен. Оның үстіне аса аңғарымпаз, логикасы тартылған сымдай, ұрымтал ойды жеткізу мәнері де оқшаулау көрінді бізге. Ең бастысы ол шебер жазып қана қоймайды, жазғанына оқырманын сендіре біледі екен. Осының өзі тәуелсіз елдің тарихы мен оның басты құндылықтарын білгісі келетін болашақ шәкірттер мен жас ізденушілерге үлкен олжа деп ойлаймын.

Әлі есімде, 1991 жылы өз егемендігін жариялаған еліміздің алдында «Мемлекет болып аяқтан тұрып кете аламыз ба? Алыс, жақын көршілерімізбен байланысымызды қалай және қандай бағытта ұйымдастырамыз? Мақсатқа жетудің қайсы жолы тиімді?» деген үлкен күдік пен үміт арқалаған сұрақ тұрды.

Әйтсе де, әлемдік мемлекеттермен терезесі тең, өз алдына жеке дара ел болғанымызға шын пейілден қуандық. Ес жиып, етек-жеңді түріп, ерінбей, бөлінбей бірлесе еңбектенетін болсақ ертең-ақ жақсы өмір сүріп кетерімізге сендік. Бірақ, егемендік алғаннан кейінгі 1991-1994 жылдарда қатты дағдарысқа тап болғанымызды қалай естен шығарамыз?! Қарапайым халық тілді де, ділді де, басқаны да ұмытып, тұрмыс-тауқыметімен күн көрістің жолын іздеп, жан-жаққа сансырап кетті. Алыпсатарлықты қылмыс деп түсініп келген халық айналдырған аз уақыттың ішінде саудаға да атасынан қалған өнердей мықтап төселіп алды. Ауыл аңырап, қала қаңырап, үлкен өндіріс орындары бірінен соң бірі жабылып жатты. Ұжымдық байлығымыз көрінген көк аттының тақымында кеткен осындай қиын кезде «Бүйткен тәуелсіздігіңді…» дегендер де шықты. Халықтардың арасына ши жүгіртіп ойнайтын, сөйтіп одан саяси ұпай жинайтын пысықайлардың да бой көтерген тұсы осы кез еді. Әрине, өтіп кеткен нәрсені еске алып, біреуді даттап, екіншісін мақтап әңгіме айту оңай. Дегенмен «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, сол кезде жіберілген кемшіліктер де, білместіктерден кеткен қателіктер де «әй, қап!» дегізбей қойған жоқ. Міне, үш бөліктен тұратын кітаптың «Ойтолғау» аталатын бірінші бөлімі негізінен осындай тақырыпқа арналған. Мысалы «ТМД-ның болашағы бар ма?», «Қазақстанның құлдары», «Ит – адамға, адам – итке айналған күн», «Тәуелсіз елдің төл теңгесі туралы», «Саясиланған сананың саулығы – рух!», «Бүлік базардан шықпасын, базарда қазақ бұқпасын», «Демократия – от пен семсер сияқты», тағы басқа мақалалардан тұратын топтамасы уақыт талабына сай, заманауи көзқарасты білдіретін өте құнды дүниелер. Одан басқа қазіргі қоғамды алаңдатып отырған өмірлік-әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда, адам репродукциясын трансплантациялау, жасанды түсік жасау, суррогат ана, эвтаназия еліміздегі демографиялық ахуалды сөз еткен жарияланымдары да осы бөлімге жинақталыпты.

Айтқандайын, бірінші бөлімге кірген «Қара алтынның қызуы» және «Мұнай құбыры – халықтың келешегі» атты (Ғ.Жайлыбаймен бірігіп жазған) қос бірдей сараптамалық мақаласы 2006 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясы мен «Комсомольская правда» газеті бірлесіп ұйымдастырған конкурста бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Күн тәртібіндегі тағы бір үлкен мәселе – халықтың тұтастығы. Біздіңше, мемлекет құрушы халық – қазақ ұлты. Қазақ ұлты іштей тұтасқан сайын, сыртқы күштер де оның айналасына бірігуге, топтасуға бейім тұрады. Өкінішке орай, бүгінгі қазақтың өз ішіндегі тұтастыққа айтылып жатқан сыннан сырт айнала алмаймыз. Бүгінгі қазақтың кемшілігі – экономиканы ұйымдастыруда, саясатты сараптауда емес, рухани бай мұрасын өз деңгейіне игере алмай отыруында. Бұл, біле білсек, қазақтың ұлт ретінде дамуындағы тежеуші фактор. Әрине, мұнда қарапайым халық тарапынан білместіктен ағат кетіп жатқан кемшіліктер бар болса бар шығар, бірақ дер кезінде шешімін табуға тиіс мәселенің уақытында жүзеге аспағанына ең алдымен соны тап-тұйнақтай етіп ұйымдастыра білмеген құзырлы орындардың кінәлі екенін бәрібір жоққа шығара алмасақ керек. Мәселен, көңілге дақ түсіріп, әлі күнге шешімін таппай қоғамды алаңдатып отырған мәселенің бірі бірегейі – мемлекеттік тілдің жайы. Тіл – тек қатынас-құралы ғана емес, тіл – әр түрлі халықтарды топтастырушы, біріктіруші, тұтастандырушы күш. Қазақ елінде бұл миссияны тек қазақ тілі атқара алады. Өйткені қазақ тілі Қазақстандағы бірден-бір мемлекетқұрушы ұлттың тілі. Мұндағы қазақ ұлтының орнын ауыстыратын бірде-бір ұлт немесе этнос жоқ. Сондықтан автордың өзі айтқандай, «Қазақ тілі – қазақ халқының ғана тілі емес, күллі қазақстандықтардың тілі екенін жүрекпен ұғыну – заманауи санадағы ең маңызды өмірлік мәселе». «Ойжарыс» аталатын екінші бөлімде топтастырылған мақалалар да халқымыздың осы сияқты тағдырлы кезеңдері мен әлі күнге шешімін күтіп отырған қадамдары үлкен тебіреніспен баяндалады. Мысалы «Жұбанов мектебінің «желтоқсаншылары», «Астана телеарнасындағы текетірес», «Тіл мерекесі кіріптарлық ортайған көңіл…», «Ұлттық намыстың өлшемі», «Қоңсы қонған қостілділік», «Тәрбие туралы толғаныс», тағы басқа дүниелерінде автор қоғамдағы кейбір келеңсіз құбылыстарға көзқарасын ашық білдіріп, биліктің назарын аудартуға тырысады. Бұл бөлімдегі әрбір мақала заманның үнін, уақыттың күйін шертіп тұр.

Соңғы бөлімде автор еліміздің өркендеуі жолында ерен еңбек пен ерліктің үлгісін көрсеткен, имандылық пен адамгершілік, асыл қасиетті ту етіп ұстауды өзінің парызы санаған тұлғалар туралы эсселер мен әртүрлі тақырыптарға сұхбаттар орын алған. Оның ішінде Кеңес Одағының Батыры, атақты барлаушы Сейітқасым Әшіров, он алтысында өзі сұранып майданға аттанған қазақтың қаршадай қызы Бибінұр Тынысбекова, белгілі мемлекет қайраткері О.Әбдікәрімовтiң анасы Бибіжан әже, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде өзіндік орнымен белгілі Бегалиндер әулетінің бір мүшесі дәрігер-эксперт Хамит Бегалин сияқты саңлақтар жайында материалдар мен Бүкілеуропалық «Түркістан» ассоциациясының президенті, профессор Локман Өзал, кезінде «халықтар әкесі» атанған И.Сталиннің қызы Лана Питерс (шын аты-жөні Светлана Аллилуева), белгілі дипломат, профессор Сайлау Батырша-ұлымен жасаған сұхбаттары бар. Мұндағы негізгі идея да алғашқы екі бөлімдегі дүниелермен өзектес, төркіндес.

Түйіндей айтқанда Болат Шарахымбайдың «Көрмейін десем, көзім бар…» атты бұл кітабы зерлі де зерделі, санасы сергек, білімдарлығына қоса ізденімпаз қолдан шыққан публицистикалық шығармашылықтың үлгісі, өз ұлтына, өз еліне деген шексіз махаббаттың жемісі дер едім. Бұл менің жеке пірікім десек те, қаламгерді білетін, шығармашылығымен таныс, осы кітапты оқып шыққан көпшіліктің де осылай ойлайтынына күмәнім жоқ. Сол себепті, аталған еңбек оқырмандардың сүйіп оқитын рухани игілігіне айналатынына сенімім кәміл.

Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,

Қазақстан журналистика Академиясының

президентi, тарих ғылымдарының докторы,

профессор

Серіктес жаңалықтары