ТАРИХИ ШЕЖІРЕ ДЕСЕК ЖАРАСАДЫ
ТАРИХИ ШЕЖІРЕ ДЕСЕК ЖАРАСАДЫ
Бірнеше күн бұрын – «Егемен Қазақстан» газетінің құрастыруымен баспадан жаңа шыққан «Тәуелсіздік» кітабымен танысудың сәті түсті. Алдымен қалыңдау кітаптың сыртқы мұқабасын аударыстырып, қызыға қарап шықтым. Әсем безендірілген екен.
Газет басшысы Сауытбек Абдрахмановтың «Тәуелсіздік толғауы» атты алғысөзі, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң, Шерхан Мұртазаның «Тәуелсіздік толғағы», Әбіш Кекілбаевтың «Үлкен тілек үстіндеміз» мақалалары… Авторлардың аты-жөндері мен жарияланымдары осылайша жалғаса береді.
Кітапқа еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдерде, нақтырақ айтқанда, аса қасиетті ұғым – Тәуелсіздікке қатысты «Егемен Қазақстанда» әр жылдары жарық көрген жарияланымдар енген. Оларды оқи отырып, қиындыққа толы жүріп өткен жолын, әр салалардағы жүзеге асырылған реформаларды, қол жеткізген табыстармен жете танысуға болады. Тарих қойнауына енген сол бір шақтар мен егемен еліміздің бүгінгі дамуына куә болудың тағылымы мол. Сондай-ақ Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орнықты орнын, өзіндік ұстанымын бағамдайсың.
Еліміз бүгінгі биік белеске оңайлықпен көтеріле қойған жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастапқы кезде-ақ ұстанған ұтымды саясатының арқасында барлық қиыншылықтарды жеңіп шықтық. Төрткүл дүниеге танылдық, әлемдік қоғамдастықты мойындаттық. Ең басты құндылық – этносаралық, дінаралық ынтымақтастық берік орнықты. Осының барлығы кітаптағы материалдар мен сұхбаттарда көрініс тауып отыр.
Өткен тарихымыздан сыр ақтаратын дүниелерден қуанышты көңіл-күйді де, жас тәуелсіз мемлекеттің алдында тұрған сын сәттер мен қиын сынақтардың да кездескенін сол жылдардағы жарияланымдар арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданған сәтті алайық. Сол сәттегі, сол күнгі барша қазақстандықтардың қуанышын, көңіл-күйін айтсаңшы! Мұны сол қуанышты сәттерді бірге бөліскен Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде айтып отырмын. Кітаптағы бірқатар материалдарға осылар арқау болған.
Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне жиі сұхбат беріп, көпшілікті елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуынан хабардар етіп отырады. «Тәуелсіздік» кітабына Елбасының басылымның әр жылдардағы басшыларымен әңгіме-сұхбаттары да кірген екен. «Менің сенетінім – жақсылық, менің сенетінім – болашақ» деп аталатын сұхбатта Президент ел алдындағы міндеттерді саралай келіп, Қазақстанның болашақтағы дамуына болжамдар жасайды. Мемлекет басшысының сол айтқандары бүгінде айна-қатесіз келді. Ал «Конституция үшін күрес» атты әңгіме-сұхбатта Елбасы Ата Заңымызды дайындау және қабылдау барысындағы мәселелерге тоқталады.
Кітапта ең басты байлық – ұлтаралық татулықты баянды етуге байланысты көрнекті тұлғалар мен ғалымдардың, саясаткерлердің газетте жарияланған сүбелі материалдары да орын тауыпты. «Тәуелсіздікті» оқу барысында ондағы материалдардан өткен тарих пен бүгінгі күннің астасып, бір-бірімен байланысып жатқанын көреуге болады. Тағы бір құндылығы осында жатыр. Кітапты тарих десең де, шежіре десең де жарасып-ақ тұр.
Кітаптың алғысөзінде басылым басшысы: «Бұл жинаққа өткен жиырма жылда бас басылым бетінде Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, тәуекелге толы тағылымды тарихы, жеңістер мен жемістерге толы жасампаздық жолы жайында жазылып, жарық көрген материалдар топтастырылды», – деп жазыпты. Сондықтан да бұл дүние «Егемен Қазқстанның» ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі тойына тартуы болмақ.
филология ғылымдарының
докторы, профессор