ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЕРЕКШЕ БЕТТЕРІ

ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЕРЕКШЕ БЕТТЕРІ

ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ  ЕРЕКШЕ БЕТТЕРІ
ашық дереккөзі
405

1920 жылғы 26 тамызда РСФСР құрамында Қазақ автономиялы кеңестік республикасы құрылғаны мәлім. Осы қаулыға байланысты республика жерін түгендеу, жергілікті билік органдарын жасақтау басталды.

1921 жылғы 21 сәуір күні Петропавл қаласындағы Луначарский атындағы театрдың үйінде Петропавл қала-уездік ІІ партия конференциясы болды. Конференция төралқасына сайланған жеті адамның ішінде Айсарин мен Бейсенов бар.

Сонымен, Қазақ автономиялы респуб­ли­ка­сының құрамында Ақмола губерниясын құрған және губерниялық партия ұйымы мен губревкомның ұйымдасқанын жариялаған осы конференция болып табылады. Солтүстік Қазақстан облысының Ресей мемлекетінен бө­лі­ніп, Қазақ республикасының құрамына енген күнін ол дәл осы 1921 жылғы 21 сәуір деп салтанатты түрде атап өтуге болады. Тіпті, тәуелсіз Қазақстанның құрамына Петропавл қаласының, облыс аймағының, қазіргі Ақмола және Қа­рағанды облыстарының кірген күні осы.

Партия конференциясын Орынбордағы Қазақ облыстық партия комитеті атынан ҚОАК төрағасының орынбасары, қазіргіше Республиканың вице-президенті Смағұл Сәдуақасов құттықтады. 21 жастағы Смағұл сол мінбеден «Қазақ республикасы және қазақтар арасындағы жұмыс туралы» баяндама жасады.

1921 жылы 26 сәуірде КирЦИК төтенше өкілетті комиссиясы мен Бүкілқазақтық кеңестердің бірінші съезінің қаулылары және Сібір ревкомымен келісім-шарт жарық көрді. Бұл құжат бойынша:

«1. Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Атбасар уездері Омбы губерниясының құрамынан шығып, Россия Советтік федерациясының Қазақ Социалистік Советтік Республикасына кіретін Ақмола губерниясын құрайды.

2. Жаңа құрылған Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласы болып табылады».

Ақмола губерниясының аумағы 37 мың шаршы шақырым еді. Оған 15 уезд, екі жүзден аса болыс және мыңнан артық елді мекендер қамтылды.

1921 жылғы 23 маусымда болған КирЦИК-тің (Қазақ ССР Орталық атқару комитеті) екінші сессиясында Төралқа атынан жасалған Ғалихан Бөкейхановтың (Әлихан емес, аттас басқа адам- З.Т.) баяндамасында: «Ақмола облысында бұрынғы биліктің негізінде мемлекеттік басқару аппараты құрылды… Осылайша, Ақмола облысы Қырғыз (Қазақ) Республикасының құрамына енді», деп хабарлады.

Қазақ автономиялы республикасына қосылған Ақмола облысында ұйымдастыру шаралары, жалпы алғанда, Семейге қарағанда біршама ыңғайланып қалғанымен, әлі де көп қиындықтар тұр еді.

Бұрынғы Сібір ревкомы негізінде құрылған губерниялық және уездік мекемелерде қазақ қызметкерлері аз болды. «Соның салдарынан, деп атап көрсетілді сессияда, мынадай күрделі мәселелер бар:

1) Қазақ республикасының заң жүзінде құ­­рылғандығы орыстілді ортада мойындала қоймады.

2) Қазақ республикасының мүддесі деген түсінік тез қалыптаспады.

3) Қазақ республикасының территориясын түгендеп, айқындау мәселесі елеулі кедергілерге кездесіп отырды.

4) Ұлыдержавалық, ұлыорыстық шовинизм, тиісінше, бірқатар жерде қазақтар тарапынан керітартпа ұлтшылдық көріністерін туғызды.

5) Қазақтардың бұрынғы патшалық Ре­сей­дің отарлық бұғауынан босадық, өз ал­ды­мыз­ға ел боламыз деген талпынысы тұсала бер­ді, ертеңге деген сенімі күмән туғызды.

6) Білімі төмен, отаршыл кеудемсоқтықтан ар­ыл­маған шолақ белсенді орыстілді ком­му­нис­тердің озбырлығына жол ашылды».

Осындай жағдайлардың кеселді қырсығы Кеңес заманында да ұзақ жылдар бойы қазақ халқын кемсітуге себепкер болғанын тарих көрсетіп берді.

Бұл проблемалар сол 1921 жылдың өзінде-ақ қазақ қайраткерлерін қатты қобалжытты. Мысалы Ақмола губерниялық партия комитетінің (ол кезде Петропавл Ақмола облысының орталығы болатын. – З.Т.) жауапты қызметкерлерімен кеңес өткізген коммунист Сырғабеков Нығымет былай деген еді: «…Қазақ қызметкерлері неге аз дегенге келетін болсақ, олар жоқ емес, бар. Көптеген қазақ интеллигенттері бір кезде «Алашордаға қатысты болды» деген желеумен мемлекеттік қызметтен шеттетіліп отыр. Партия ұйымдары оларға халық жауындай қарайды. Бұл – дұрыс емес». Шындықты бұдан артық ашып айту қиын.

Осылайша, ұлттың өзін-өзі билеуі туралы үмі­тінің ақталмайтыны сол шақта-ақ

Жаңа құрылған губерниядағы бүкіл әкім­ші­лік билік Әбдірахман Әйтиев басқарған гу­бер­ниялық төңкеріс комитетіне (губревком) бе­рілді. Оның құрамына Барлебен (компартия жетекшісі), Коротков, Сабир Шарипов, Иванов және Абдолла Асылбеков сайланды.

Дәл сол күннен бастап, осы қазақ дала­сына билік жүргізіп келген Омбыдағы Сібір ревкомы жанында 1920 жылдың 14 қазанында құрылған Қазақстан өкілдігі қызметін тоқ­татты. Петропавл қала-уездік ревкомы таратылды.

С.Сәдуақасовтың партия конференциясында жасаған баяндамасы мазмұндалып, жергілікті «Мир труда» газетіне басылды.

1921 жылғы 28 сәуір күні ҚОАК төрағасы С.Меңдешевтің «Петропавл қаласының еңбекші жұртшылығына» деген Үндеу-хаты «Мир труда» газетіне басылып шықты.

Қаланың Қазақстан құрамында қалуына байланысты мерекелік мәдени шаралар өткізілді. Мысалы «Мир труда» газетінің 13 мамыр күнгі санында Петропавл қаласындағы Қазақ клубының музыкалы-драма тобының күшімен қазақ авторларының «Жебір бай», «Әйел бостандығы», «Алтын сақа» деген пьесалардың қойылғаны хабарланды.

1921 жылғы 11 қыркүйек күні кешкі сағат бесте Кеңестердің тұңғыш Ақмола губерниялық (құрылтай) губерниялық съезі болды. Қазақ республикасы халық комиссарлары Кеңесі мен губревком атынан съезді Әбдірахман Әйтиев ашты. Съезге қатысушыларды Қазақ Орталық атқару комитеті атынан, ҚОАК төрағасының орынбасары Смағұл Сәдуақасов құттықтады. Хаттамада Смағұлдың сөздерінің қысқаша мазмұны беріліпті: «Қыр баласы өзін ғана, малын ғана ойлап еркімен жүрген шақта, Ресейдің отаршыл билігінің шеңгеліне тап болып еді… Енді бас еркі өзінде, өз елін өзі билейтін болады…» деп бастаған екен.

Сол бір өтпелі кезеңде адал ниетті әрбір қазақ азаматының ойлағаны, көксегені осы еді ғой. Амал не, тарих доңғалағы басқаша әкетті…

Жаңа сайланатын атқару комитетінің міндетін С.Сәдуақасов былай белгілеп берді: «Төңкеріс комитетінен атқару комитетіне ауысу – заңды уақыт талабы. Соғыс-төңкеріс тәртібінен бас тарту керек. Жеке-дара билеп-төстеуге жол берілмесін».

Ақмола губерниялық атқару комитетінің басшылығы мынадай болып бекітілді:

Әйтиев – төраға, Шумский – оның орынбасары және экономика комиссиясының төрағасы, Патрикеев – азық-түлік комиссары, Бейсенев — әкімшілік кеңестің төрағасы, Қазыбеков – іс басқарушы.

Атқару комитетінің құрамына: С.Шәріпов, Ғ.Тоқжанов, Ж.Тілеулин, кандидаттығына Ж.Жәнібеков сайланды.

«Мир труда» газетінің сол күнгі саны: «Жеке бақырды ортақ қазанға айырбастайық!»- деген социалистік ұранмен шықты.

Осылайша, бүкіл аймақтың билігі 4 ай 11 күн губревкомның қолында болды да, төңкеріс комитеті 1921 жылғы 11 қыркүйекте таратылды.

1921 жылғы 18-24 қазанда мәжіліс өткізген губерниялық кәсіподақтар советі «Аз ұлттар (?) мен орыстардың діни мейрамдары туралы» қаулы қабылдап: Мұсылман мейрамдары мыналар:

«Пітір айты – 2 күн демалыс, Құрбан айты – 2 күн демалыс, Жаңа жыл – 1 күн демалыс, Ашура – 1 күн және Мәуліт күні – 1 күн демалыс болып белгіленсін. Бұл даталар жұмыс күніне келіп қалса, кейін өтелуге тиіс», — деп белгіледі.

1921 жылы 26 сәуірде КирЦИК төтенше өкілетті комиссиясы мен Бүкілқазақтық кеңестердің бірінші съезінің қаулылары және Сібір ревкомымен келісім-шарт жарық көрді. Бұл құжат бойынша:

«1. Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Ат­басар уездері Омбы губерниясының құрамынан шығып, Россия Советтік федерациясының Қазақ Социалистік Советтік Республикасына кіретін Ақмола губерниясын құрайды.

2. Жаңа құрылған Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласы болып табылады».

Ақмола губерниясының аумағы 37 мың шар­шы шақырым еді. Оған 15 уезд, екі жүзден аса болыс және мыңнан артық елді мекендер қамтылды.

1921 жылғы 23 маусымда болған КирЦИК-тің (Қазақ ССР Орталық атқару комитеті) екінші сессиясында Төралқа атынан жасалған Бөкейхановтың баяндамасында: «Ақмола облысында бұрынғы биліктің негізінде мемлекеттік басқару аппараты құрылды… Осылайша, бұл облыс Қырғыз (Қазақ) Республикасының құрамына енді», – деп хабарлады.

Қазақ автономиялы республикасына қосылған Ақмола облысында ұйымдастыру шаралары, жалпы алғанда, Семейге қарағанда біршама ыңғайланып қалғанымен, әлі де көп қиындықтар тұр еді.

Заң жүзінде Қазақ Автономиялы республикасы 1920 жылғы 26 тамызда құрылып, орталық заң шығарушы және атқарушы билік органдары сайланса да, Петропавл, Семей уездерінің ұлты қазақ емес басшылары Мәскеумен Омбымен тікелей байланыс­ты аңсай берген. Сол кезде Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылжарға мынадай жеделхат келуі де тегін емес: «ҚССР құрамына кіретін барлық атқару комитеттері осы жедел хатты алған сәттен бастап, ҚССР үкіметімен тікелей байланыс жасайтын болсын. ҚОАК 1921 жылғы 5 сәуірдегі қаулысы бойынша РСФСР Ішкі істер Халық комиссариатымен тікелей байланыс жасау тоқтатылсын».

Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Меңдешев пен хатшысы Бөкейханов қол қойып, мұндай арнайы нұсқау берудің неге қажет болғанын түсіну қиын емес. Мәскеуді аңсап, Орынбордағы заңды үкіметке бағына қойғысы келмеген жергілікті шовинист бастықтардың теріс іс-әрекеттеріне осылай тиым салынған.

Бүгінгі тәуелсіздік мұнарасынан қараған жанға сол кездің өзінде-ақ талай шындықтың беті ашылғаны, бірақ халыққа басқаша жеткізілгені көрінеді. Мысалы губерниялық сьездің Корябкин деген делегаты былай депті: «Атбасар және Ақмола уездеріндегі халық тыныш. Ал, Көкшетау мен Петропавл уездеріндегі толқулар, жұрттың наразылығы бандитизмнің кесірі емес, жаңа жүргізіліп жатқан азық-түлік салғыртының (орысшасы – продразверстка. – З.Т.) және азық-түлік жинаушы қызметкерлердің жүгенсіздігінен. Мысалы біздің Ақмолада уездік атқару комитеттерінің мүшелерін, тіпті ЧК (төтенше комиссия) мүшелерін тұтқындау сияқты сорақы бұйрықтар шығарылады».

Большевиктік билік өз дегенін істету үшін халықты қорлап, билеп-төстеудің алуан түрлі заңсыз, жүгенсіз әрекеттеріне барғаны тарихи әдебиеттерде айтылмай келді. Тіпті «мақсат түзу болса, оған жету жолындағы күрес әдістерінің бәрі дұрыс» деген адамгершілікке жат ұран да көтерілді. Мұны сол съезде губерниялық ревком төрағасы Әйтиев: «Губревкомның диктаторлық жұмыс әдістерін сынағандарға берер жауабым мынау: мұның аты – революциялық билік. Сондықтан солай болуы заңды», деп ол қатыгездікті, заңсыздықты ақтады.

Мұндай солақай, содыр әкімшілік билік шегінен асып, қалың жұртшылықтың іштей қарсылығын туғызды. Шектен тыс ауыртпалыққа төзе алмаған кейбір шаруалар партия-кеңес қызметкерлерін, азық-түлік комиссарларын өлтіріп те жіберді. Өздерінің ақыл-санасы жеткенше ұйымдасып, жаңа өкімет тәртібіне қарсылық жасады.

Бандитизм дегеннің түп-тамыры осында жатыр еді. «Қаны қарайған Құдайын қарғайды» дегендей, бұрын тып-тыныш жатқан халық қорлыққа, тап мүддесін желеу етіп, тападай-тал түсте тонап жатқандарға көнгісі келмеді, мал-мүлкін өз еркімен бермеді. Ал үкімет жел беріп, қолына қару ұстатқан қараңғы мұжықтар мен айтаққа ерген білімсіз, кекшіл қазақ жастары да «билеуші таптан кек алудың» не түрлі сұрқия амалдарын қолданды. Солтүстік өңір тарихында қанды қасапқа әкеп соққан «Есіл көтерілісі» сол қарсылықтың бір көрінісі.

Бұл – тарихи шындық. Әсіресе Петропавл, Көкшетау, Өскемен уездерінде жұрттың бәрі «банды» болып кетті. Бұл «бандиттер» өңірде тұратын, негізінен қазақ жерлеріне қоныс аударып келген орыстар мен украиндар болатын. Олар мал бағып, көшіп-қонып жүрген момын қазақтардан гөрі көбірек және ашық қарсыласты. Әрине қылмыстың қайсысы болса да айыпталуға тиіс, «бандылардың» кісі өлтіру, өртеу, қирату сияқты әрекеттері сол кезде қалай бағаланса, тарих оларды қазір де ақтамайды. Бірақ зұлымдықтан зұлымдық қана туатыны тағы – ақиқат. Халық өзіне жасалған террорға қарсы террор әдісін қолданды.

Губерниялық жер бөлімінің бастығы Ильясян «Соңғы он жылда қазақтардың мал шаруашылығы күйреуге ұшырап, 75 процентке дейін құлдырап кеткендігін» көрсетті. Сондай-ақ ол мына жағдайды баса көрсетті: «Қазақ республикасына сырттан қоныс аударып келушілерді тоқтату туралы Совнаркомның декреті және басқару бөлімінің жарлығы бола тұрса да, қоныс аударушылар әлі ағылып келіп жатыр».

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Серіктес жаңалықтары