ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ

ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ

ЖЕЛТОҚСАН –  ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ
ашық дереккөзі
240

“Тауда арқардың мүйiзi сынса, сайда сиырдың мүйiзi сырқырайды” деген рас, 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда басталған шерудi сол кездегi билiктiң аяусыз басып-жанышқаны Алатаудың күнгейiндегi қырғыз бауырларымыздың да қабырғасын қатты қайыстырған.

Сол күні кешкісін Алматыдан жеткен суық хабар Фрунзені (қазіргі Бішкек қаласын) желдей аралап, адамдардың көңілін ұйқы-тұйқы қылды. Алматыдағы көтерілістің қатысушылары негізінен жастар, студенттер болғандықтан, қырғыз жастары опырыла көтерілді. Оларды бір топ зиялы қауымның өкілдері де қолдады. Белсенді қырғыз азаматтары жиналып, бауырластарына жәрдем беру үшін Алматыны көздей жөнелген. Олардың ішінде кейін Қырғыз Республикасының халық жазушылары атанған, бірер жыл бұрын дүниеден озған Асанбек Стамов пен Мырза Гапаров та бар еді. Жазушылар бастаған топ Қордай асуынан ары өткізілмей кейін қайтарылған. Екінші бір топ жаяулап-жалпылап Отар станциясына дейін жеткен, оларды да мұздай қаруланған милиция жасақтары күтіп алған болатын.

Сол қаһарлы күндерді саясаттану ғылымының кандидаты, Қырғыз Үкіметінің «Қырғыз Туы» баспа үйінің директоры-бас редакторы Бақытбек Орынбеков былайша еске алды:

– Ол кезде Қырғыз мемлекеттік универ­ситетінде оқып жүрген кезім. Жатақ­ханада тұратынбыз. Сол 16 желтоқсан күні Алматыда болған жағдайдан кешінде хабардар болдық. Жатақхана іші у ду. Қазақ жастарының рахымсыз жазаланып жатқаны студенттердің ашу-ызасын туғызды. Қазақ халқының намысына тиген үлкен акцияның ұйымдастырылғанын жан-тәнімізбен сездік. Миллиондаған қазақтың біреуіне сенім көрсетілмей, жоғарғы жақтан басқа ұлттың өкілі таңылып, республиканы жетектеуге келгеніне наразы болудамыз. Түннің бір ауқымы болғанда ғана бөлмелерімізге тарадық. Ертеңіне ертемен университеттің оқу корпусына сабағымызға бардық. Үзіліс кездерінде аудиторияларда және дәліздерде Алматы оқиғасы студенттердің арасында қызу талқылана бастады. Алматыға барып, қазақ жастарына көмек беруіміз керек, тілектестігімізді білдірейік деген пікірлер студенттердің арасында күш алды. Мен де солардың ортасында болып, талқыға қатыстым. Сол күні кешке ректорат, қалалық ішкі істер бөлімі тарапынан жатақханаға арнайы посттар қойылып, жүріс-тұрысымыз, кірген-шыққанымыз тексеріле бастады. Ертеңіне университетте партия, комсомол жиналыстары өтіп, түсіндіру істері жүргізілді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері университетке келіп, пікірлерін айтып, белсенділік көрсеткен, Алматыға баруға үндеген студенттерді және кейбір ұстаздарымызды аудиториядан дәлізге шы­ғарып сұраққа алды. Оларға мен де жа­уап бердім. Болғанын болғандай, өз ниетімді ашық айттым. Ертеңіне сонау Қытайдың шекарасына жақын жердегі ауылымнан әке-шешем сөйлесу пунктіне шақырып, телефонмен «балам, жаман іске барма» деп басу айтты. Мен ешқандай жаман іс жасап жатпағанымды, Алматыдағы жағдай біздің де намысымызға тигенін білдірдім. Кейінірек белгілі болғандай, арнайы қызметтің адамдары ата-анама да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген екен.

– Бақыт Орынбекұлы, Алматыдағы көтеріліске қатысқандар жазаланғаны мәлім. Ал енді Қырғызстанда оның салдары қандай болды?

– Қырғыз мемлекеттік университе­тіндегідей дүмпу үлкенді-кішілі барлық оқу орындарында және қырғыз жастары көбірек істеген кәсіпорындарда етек алды. Оған қатысқан, қатысты делінген бір топ адамдар партиядан, комсомолдан шеттетілді, жұмыстарынан шығарылды, студенттер оқуынан қуылды, кейбіреулері басқа республикаларға кетті, енді біреу­лері шалғайдағы ауылдарына қайтты. Университетімізде Сабыр Аттоқыров деген тарих ғылымының докторы, профессор сабақ беретін. Ол сол Алматы оқиғасына дейін-ақ, өзінің дәрістерінде қырғыз тарихы, шежіресі, ұлттық әдет-ғұрпы туралы көп айтатын. «Жеті аталарыңды біліңдер. Жеті атасын білмеген – жетесіз құл» деп әрдайым айтып жүретін. Осы кісінің қудалануына Желтоқсан оқиғасы сылтау болды, ол қуғындаудың азабынан ауруға ұшырап, жұмыс істей алмай қалды, дүниеден мезгілсіз өтті. Мұндай мысалдар бар.

Ең бастысы – Желтоқсан оқиғасы қырғыз елінің де ұлттық сана-сезімінің өсуіне, көтерілуіне өте зор серпін берді. Ол Кеңес Одағына кірген республикалардағы жергілікті халықтың ұлттық сана-сезімін оятты. Қала берді, КСРО-ның ыдырап, оған кірген мемлекеттердің тәуелсіздік алуына түрткі болды. Прибалтикадағы республикалардың Одақтан бөлініп кетуі Желтоқсан оқиғасынан тамыр алды. Желтоқсан – тәуелсіздіктің хабаршысы, қарлығашы. Осы оқиғадан кейін Бішкекте студенттік «Замандаш» бейресми ұйымы құрылды. Қырғыз қоғамында теңсіздік, ұлттық және әлеуметтік мәселелерге қатысты ойлар талқылана бастады. Республиканың аймақтарында, тіпті сонау Мәскеу мен Ленинградта да қырғыз студенттерінің қоғамдары пайда болды. Мен М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқуымды жалғастырған едім. Мәскеуде оқып жүрген қырғыз жастары 1988 жылы «Ақыйқат» қоғамын құрдық. Төрағалығына мені сайлады.

Желтоқсанның екпінімен сексенінші жылдардың аяғында, тоқсаныншы жылдардың басында «Қырғызстан демократиялық қозғалысы» және үйсіз жүрген қырғыз азаматтарының Фрунзе қаласының төңіре­гінен жер телімдеріне ие болуына, үй салуына жәрдемдескен «Ашар» қозғалысы, саяси партиялар дүниеге келді. Оқиғалардың осылай өрбуі Қырғызстанда демократиялық үрдістердің орнығуын тездетті. 1990 жылдың 27 қазанында Қырғызстанда коммунистік билік құлатылды. Бір партияның үстемдігі жойылды. Ел басшылығына жаңа адам келді.

Кейбір оқыған-тоқыған, зиялы дейтін кісілердің өзі посткеңестік республикаларға тәуелсіздік өзінен-өзі, КСРО-ның ыдырауына байланысты келді деген пікірді айтып қалады. Қырғызстан демократиялық партиясының лидері, горбачевтік қайта құрудың самалы ескенімен, әлі де болса, коммунистік-тоталитарлық биліктің қылышынан қан тамып тұрған мезгілде «Қырғызстан де­мо­кра­тиялық қозғалысы» деп аталған Қыр­ғызстандағы алғашқы демократиялық бір­лестікті ұйымдастырған, 1995–2000 жылдары екі палаталы Қырғыз парламентінің Заң шығару жиынының депутаты, Қырғыз Республикасының ЮНЕСКО-ның істері бойынша ұлттық комиссиясының бас хатшысы қызметін атқарған, 2010 жылғы Ош және Жалалабад қанды оқиғаларын зерттеу бойынша ұлттық комиссияның мүшесі Жыпар Жекшеев ондай пікірге қосылмайды. Жыпар Жекшеевтің пікірінше, Желтоқсаннан бастау алған халықтың сана-сезіміндегі өзгерулер, елдің ой-пікірімен биліктің есептесе бастағаны Тәуелсіздіктің келуіне ал­ғышарт­тарды жасады.

«16 желтоқсанда Алматыда басталған жастар ереуілінің қарулы күшпен басылуы Қырғызстанның жастарының ғана емес, өзін қырғызбын деген азаматтардың барлығының бауырмалдық сезімін қозғады. 1970 жылы көркемсурет училищесінде оқып жүргенімде жастардың «Жас тілек» ұйымын құрған болатынмын. Ол биліктің қысымымен бір жылдан кейін жабылып қалса да, оған мүше болғандар байланысымызды үзбей, тілектестер көбейген. Соларды және басқа да еріктілерді жинап, дереу Алматыға баруға әзірлене бастадық. Бас-аяғымыз жиналғанша, арнайы органдардан адамдар келіп: «Әрбір қадамдарың бақылауда, ол жаққа аттап баспайсыңдар, Қазақстанның шекарасына (ол кезде шекара шартты түрде ғана еді ғой) жасақшылар қойылған», – деп қатаң ескерту жасады. Сөйтіп, біздің топтың аяғы тұсалып қалды», – дейді Жыпар Жекшеев сол күндерді еске алып.

Атын атағысы келмеген қызметкер 1991 жылы 16 желтоқсанда Советтер Одағы­ның телеграф агенттігінен (ТАСС) Қырғызстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің органдары «Советтік Қырғызстан» және «Советская Киргизия» газеттеріне «Алматыдағы оқиға» деген тақырыппен құс тіліндей жаманатты хабардың телетайп арқылы келгенін айтып берді. Хабарды газеттерге жариялау мәселесі Орталық комитеттің бюросында кешқұрым 5–6 сағат бойы талқыланып, қырғыз және орыс тілдерінде шығып тұрған газеттердің біреуінде ғана жарияланған. Онда оқиғаға ішіп алған жастар тобырының топалаңы деп баға беріліпті.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, «Түркiстанның» Қырғызстандағы

меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары