Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АҢСАҒАН АРМАНЫ – ТӘУЕЛСIЗДIК

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АҢСАҒАН АРМАНЫ – ТӘУЕЛСIЗДIК

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АҢСАҒАН АРМАНЫ –  ТӘУЕЛСIЗДIК
ашық дереккөзі
754

Тәуелсіздік – қазақ халқының ұзақ жылдар бойы аңсаған арманы, ұзақ жылдар күткен жеңісі. Қазақтың тарихында талай-талай зұлматтар өткен. Ол зұлматтың бәрі тәуелсіздікке жету жолындағы үлкен бастау болатын. Қазақ хандығынан басталған ұлы көш 1991 жылғы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған күнге дейін жалғасып жатты. Алаш үнін, Алашорда қозғалысын түбегейлі зерттеген белгілі ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев тәуелсіздік туралы, тәуелсіздікке жету жолындағы қазақ ұлттының басынан кешірген күресі туралы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әңгімелеген еді.

– Аға, биыл тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде еліміздің жеткен жетістіктері мен кемшіліктері туралы не айтар едіңіз? – Жеке саналы адамға да, өзіндік өмірі бар, өзіндік келбеті бар ұлтқа да ең керек нәрсе – тәуелсіздік. Өйткені қандай халық, қандай ұлт мәңгілік болғысы келмейді. Бірақ олардың бәріне бірдей мемлекет болуды тағдыр жаза бермейді екен. Сондай азаттықты аңсаған халықтың бірі – қазақ халқы. Қаншама ғасырдан бері ол арпалысып, ел болып қалу үшін күресіп келеді. Шын мәнінде, тарихымыз – трагедияға толы деп айтуға болады. Бір халықтың маңдайына қаншама көп қайғы-қасірет жазылған болса, сондай халықтың бірі – тағы да, қазақ халқы. Мағжан ақынның «Батыр Баян» атты дастанында «талай ер бір қырда қала берді топырақ қауып, жаудан да мейірімді боп жылады жел, күңіреніп, ер денесін құммен жауып, Іленің толқындары әлі күнге, айтады ерге жоқтау ауық-ауық» деген жолдар бар. Осы жолдарда терең шындық жатыр. Біздің тарихымыз шынымен де оның түрлі белестерінде ел үшін арпалысқан хас батырлардың қанына суарылған. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, іздеген жоғы, осы мемлекеттілік емес пе? Мемлекеттілік ғана халыққа болашақты қамтамасыз ете алады. Мемлекеттілігі жоқ халық, шын мәнінде Ә. Бөкейханов айтқандай, жетім халық, біреудің жетегінде кететін халық. Өзбек халқының азаттық тақырыбын жеткізе жазған екі шығармашылық иесі бар. Бірі – Шолпан ақын. Бірі – Абдолла Қадыри. Сол Абдолла Қадыри мемлекеттілікті қараңғы түнде алыстан көрінген жарыққа теңейді. Тура осындай теңеу біздің Әлекеңде де (Ә.Бөкейхан) бар. Ол бір аудармасында (В. Короленкодан) азаттықты «қараңғы түнді жарып, көз алдыңда елестейді, арбап, жақын болып, жылы, сүйкімді болып» өзіне тартатын отқа теңейді. – Кейінгі 20 жылда қазақ то­пыра­ғында өркен жайған мемлекет­тілігіміздің ұлт тарихында алатын орнына тоқта­лып өтсеңіз? – Кейінгі ұрпақ 1991 жылдан бергі еліміздегі тарихи өзгерістерді талдау­ға алғанда, әрине, қоғамның экономикалық базасындағы, әлеумет­тік құрылымындағы, рухани өмірін­дегі түбегейлі бетбұрыстарға үңіле қарайтын болады. Дегенмен негізгі назар мемлекеттік құру ісіне, басқа­рушы элитаның осы жолдағы қол жеткізген табыстары мен жіберіп алған қателіктеріне аударылатыны сөзсіз. Өйткені мемлекеттік мәселесі, оның оң шешімін табуы басқарушы саяси элита қызметінің тура осы тарихи кезеңдегі басты өлшемі екені анық. Міне, осы тұрғыдан алғанда мемлекет басшысы Н. Ә.Назарбаевтың, оның соңына ерген саяси басқарушы топтың жаңа сападағы мемлекет құру қызметі қазақ тарихының бұдан бұрынғы кезеңдерінің ешқайсысымен де салыстыруға келмейді. Өйткені Жәнібек пен Керей сұлтандардың (ХVII ғ.), Қасым хан (ХVI ғ.) мен Тәуке ханның (ХVII-ХVIIІ ғғ.), Абылай ханның (ХVIIІ ғ.) тұсындағы хандық мемлекеттік құрылымдардың қазақ ұлты мен оның территориясының, мәдениеті мен ұлттық санасының қалыптасу процесінде үлкен рөл атқарғандығын айта отырып, сонымен бірге ол билік жүйелерінің қазақ қоғамының үдемелі экономикалық дамуын, территориялық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағандығын, соның нәтижесінде Қазақ­станның екі жарым ғасырдан артық мерзім отарлық кіріптарлыққа ұшырағандығын мойындауға тура келеді. Сондай-ақ хандық билік мемлекеттіліктің негізгі көріністері болып табылатын басқару аппаратын, оның шенеуніктерін, ұлттық әскер және басқа элементтерін қалыптастыру ісінде де әлжуаздық танытқандығы мәлім. ХVIIІ-ХХ ғасырларда қазақ хал­қы мемлекеттік билікке жатсына, жатырқай қарады. Өйткені мемлекеттік билік өзгенікі еді. Орыс мемлекеттік жүйесі қазақ халқының түпкілікті мүдделерімен санаспады, қазаққа бұратана, жат жұрт есебінде қарады. Кеңестік билік өзін халық билігі жария­лап, мемлекетпен халық арасында бұрынғы алшақтықты жоюға тырысқанымен, көптеген мәселелерде (мәселен өнеркәсіпті дамыту, кадр дарярлау, дін, ұлттық салт-дәстүр, тіл т. б.) ол ұлыдержавалық ұстанымнан кете алмады. Міне, осы тарихи контексте Н. Ә.Назарбаев бастаған ұлттық саяси элитаның бүгінгі мемлекеттік құру қызметі, салыстырмалы түрде алғанда, тегіс жерде іргетасынан бастап шатырына дейін жаңадан үй салумен теңестіруге болады. Қорыта айтқанда, қазақ жерінде ұлттық мемлекет құру ісі тұңғыш рет өз шешімін тапты деп айтуға толық негіз бар. Ең кем дегенде соңғы үш ғасыр бойы бірнеше буын аға ұрпақтың ең таңдаулы өкілдері осы ұлы мақсат үшін тер төгіп келді. ХХ ғасырдың соңында және ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңінде бұл тарихи мақсат өмірлік шындыққа айналды. Отан тарихында қазіргі заман аталатын бүгінгі тарихи кезеңнің ең басты ерекшелігі, міне осы. Кемшіліктерге келер болсақ, әрине, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз үшін қайшылыққа толы жылдар болды. Қоғам бір формациядан екінші формацияға өту процесін басынан өткізді. Ол әр уақытта жеңіл болмаған. Кез келген халық ондай өт­пелі кезеңде түрлі қиындықтарды басынан кешіреді. Қазақ ауылдары кеңес дәуірінде жаңа сипатта дүниеге келді. Сол ауылдар қазір түгелдей өзгеріске ұшырады. Жаңа нарықтық қатынасқа көшті. Бұрынғы кеңестік кезеңге бейімделіп қалыптасқан ауыл жоқ. – Баяғы ұжымдық негізде қалыптасқан ауылдардан айрылып қалған сияқтымыз? – Қазір нарықтық қатынастарға бейімделген ауылдар өмірге келе бастады. Ауылдағы жастар жұмыс іздеп қалаға бет бұрды. Бұл қоғамға жаңа экономикалық қатынастардың енгендігінің көрінісі-тін. Ауылда артық жұмыс күштері пайда болды. Соған байланысты билік ә дегенде-ақ ішкі миграциялық процесті заңдық негізде реттеп отыруға күш салғаны жөн еді. Ондай болмады. Сол сияқты экономиканы жаңа сапаға көтеру әрекетін де, мүмкін ұлттың дәстүрлі шаруашылығын (ауыл шаруашылығын) мақсатты түрде реформалаудан бастаған тиімді болар ма еді? Бәлкім сонда ауылдың күйзелісі де жеңілірек жүретін еді. – Биыл қазақ үшін атаулы күндерге толы болып тұр. Мәселен қазақ хандығы құ­рыл­ғанының 555 жылдығы ресми болмаса да, аталып өтті. Біз қазақ хандығының құрылғандығын дұрыс насихаттай алмаған сияқтымыз. Оған не себеп? – ХV ғасырдың 60 жылдары қазақ хандығының өмірге келгендігі туралы мәліметті түрлі деректер бізге жеткізген. ХV ғасырдың ортасында Орта Азиялық кеңістікте, осы далада хандық құрылғандығын, оның қазақ хандығы аталғанын тарихи деректер растайды. Солардың ішінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінің орны ерекше. Он бесінші ғасыр халқымыз үшін шын мәнінде тарихи маңызды кезең болды. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына негіз болған қазақ хандығы өмірге келді. Қазақ хандығы болмаған жағдайда біз ұлт болып қалыптасар ма едік? Неғайбыл еді. Қалай болғанда да қазақ хандығының біздің халқымыз үшін маңызы өте үлкен. Өйткені XV–XVIII ғасырлардағы хандық билік тұсында қазақ қоғамында мемлекеттік сана қалыптаса бастады. Халық жадындағы Әз Жәнібек ханға, Қасым ханға, Есім ханға, Жәңгір ханға, Әз-Тәуке ханға деген құрмет бұл мемлекеттілікке деген құрметтің, мемлекеттік тұтастық және тәуелсіздікпен бірге жүретін берекеге, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға құрметтің белгісі. Ал егер осы тарихи кезеңдерде қазақ өмірінде орын алған мемле­кеттілік бүгінгі тәуелсіздігіміз тұ­сын­да өз дәрежесінде аталмаса, оның себептері де бар шығар. Сол се­бептердің өзіме түсінікті бірін ата­йын. Біз, қазақ халқы, бірнеше ғасыр бойы өз мемлекеттілігінен айрылып қалған елміз. Ал Ресей, сонан соң Кеңестік империялар тұсында біздің санамыздан ұлттық мемлекетшілдік идеясын біржола ығыстырып шығаруға бағытталған көптеген әрекеттер жасалынды. Кезінде бұл жағдайды дәл байқап, нәзік түсінген А. Ф. Рязанов, М. П. Вяткин сияқты орыс тарихшылары еді. Осы ретте А. Ф. Рязанов мәселен, орыс билігі өзі тағайындаған хандардан «жауапкершілігі жоқ, ордадағы саясаттың қолшоқпары міндетін атқарушыларды» көргісі келді деп жазса, М. П. Вяткин қазақтардың санасынан мемлекетшілдік идеясын біржола кетіру бұл оларды саяси әлсіретудің төте жолы еді деп көрсетті. Бұл мақсатты әрекет кейін де жалғасын тапты. XX ғасырдың басында қазақ еліне оның төл мемлекеттігін, онымен бірге мемлекетшілдік санасын жаңғырту ісін Алаш зиялылары қолға алды. Бірақ бұл әрекет сәтсіздікке ұшырады. Бұл – біздің ұлттық мемлекеттілік үшін күрестегі кезекті жеңілісіміз еді. Міне осы ғасырларға созылған ұлттық мемлекеттілікке деген құрметтің әлсіреуі Қазақ хандығы мен Алашорда үкіметінің тарихта болғандығын ұлттық мақтаныш ретінде атап өтуге теріс әсерін тигізгендігі анық. – Былтырғы жылы елімізге, Сарыарқаның төріне Смағұл Сәдуақа­совтың сүйегінің күлін әкелдік. Биыл Мәскеуде жатқан Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовтың жерленген орнына, оның артын ала Тұрар Рысқұловтың тұрған үйіне ескерткіш-тақта қойылды. Ертең ол қасиетті белгілер қараусыз, жүдеу болып қалмай ма? – С. Сәдуақасовтың сүйегінің күлін әкелдік. Біздің зиялыларымыз бұған үлкен үмітпен қарады. Бұл шара – жастарды тәрбиелеу ісінде өте маңызды нәрсе. Смағұлдың өмір жолына байланысты мәліметтердің басым бөлігімен таныспын деп айта аламын. Бұл тұлға туралы біраз материал­дар жинадым. Сон­да байқағаным, Смағұлдың өмір жолына үңіле қараған кісі қазақтың ХХ ғасырдың басындағы жүріп өткен жолын көреді. Әрі ол жолдың қаншалықты трагедиялы, қасіретті болғанын аңғарады. Тұрар Рысқұловтың, Смағұл Сәдуақасовтың күресі – ол өзінің үлкен арманына жете алмаған тұлғалардың күресі. Біз үшін Смағұл кеңестік билік құрамындағы қазақ ұлтының дерті. Сондықтан Смағұлдың сүйегінің осында келуіне үлкен құрмет көрсетуіміз қажет еді. Ол құрметті көрсете алмадық. Бұған басты себепті басқарушы топтан іздеймін. Басқарушы топ мұны түсіне алмады. Сол сияқты Ә. Бөкейхановтың 145 жылдығы болды. Үкімет Алашорда туралы, Алаш үкіметі туралы, олардың көшбасшылары туралы арнайы құжат қабылдауы қажет-тін. 1991 жылы елімізге жеткен егемендік, мемлекеттілікті жаңғырту әрекеті Алашорда арқылы жүрді деген тұжырым болуы керек еді. Бұл болашақ ұрпақтың тарихи танымын қалыптастыру үшін қажет. – Қазақ хандығының құры­луына – 555 жыл, Алашор­даның тоқсан жылдығы, Әли­хан Бөкейхановтың туғанына 145 жыл толуы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 95 жыл­дығы, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Атаулы күндердің бір-бірімен тоқайласып, қатар келуінің өзі керемет сәйкестік сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? – Оныңыз рас. Осылардың бәрінің тәуелсіздіктің 20 жыл­дығымен қатар келуінің өзі керемет сәйкестік. Қазақтың қатпар-қатпар күресінің, қатпар-қатпар тағдырлы оқиғаларының бәрі де осы 20 жылдықпен қатар аталып өтуге сұранып тұрғандай… – Қазақ тарихы тәуелсіздіктен кейін қайта жазыла бастады. Біз өзіміздің тәуелсіз тарихымызды толығымен жаза алдық па? – Тарихты жазу, қайта қарау деген жеңіл нәрсе емес. Ауыр нәрсе. Ол үшін тіптен керек десеңіз ұрпақ ауысуы керек. Тарихты қайта жазып, қайта қорытатын жаңа ұстанымдағы жетекші мамандар қалыптасуы керек. Оған мемлекет тарапынан тапсырыс болуы қажет. Әрине, ештеме жазылған жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Ұлт тарихының түрлі кезеңдері мен тақырыптарына арналған монографиялық еңбектер жарық көрді. Деректі фильмдер даярланды. Ал іргелі де маңызды жұмыстар қаржылай қолдауды талап етеді. Осы арада мен өзіме жақын Отан тарихының ХХ ғасырына тоқ­тала кетейік. ХХ ғасыр қазақ тарихы үшін қайшылықты кезең. Оны біз советтік кезеңдегі мұрағат қор­ларында шоғырланған материалдар арқылы жазып жатырмыз. Бірақ ол шынайы тарих жазу үшін жетімсіз. ХХ ғасырдың басындағы алғашқы екі буын зиялылар өмірі мен қызметіне байланысты құжаттық материалдар тым аз. Олардың көбі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағаттарының қорларында жатыр. Тарихшылар да заңды сыйлайды. Біз бар болғаны мемлекеттілігімізді нығайту үшін тарихты дәл, нақты тұрғыдан жазғымыз келеді. Олар не үшін құрбан болды? Не үшін репрессияға ұшырады? Осы мәсе­ленің бәрін анықтап алуымыз қажет емес пе? Болашақ ұрпақ білсе дей­міз. Олардың өмірінен, саяси қызметінен үлгі алса дейміз. Біз құ­жаттардағы фактілік материалдарды зерттеу арқылы олардың қызметін түсінсек дейміз. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағаты бөлімінің бізге сенімсіздік танытқанын түсінбедік. Біз неге ұрпағымызға шала жазылған, шикі тарихты қалдыруымыз керек? Тарихтың бір ерекшелігі сонда, тарихи процесске жақын тұрған ұрпақ, соның егжей-тегжейін дұрыс байқай алады. Ғылыми тарихтың күші бар. Ішкі энергиясы бар. Сондай тарих жазып, ұрпаққа беруіміз керек. Бұл кәсіби тарихшыларымыздың міндеті. – Жалпы, баланы тәрбиелейтін құралдың бірі – оқулық екені рас. Бүгінгі мектептерде оқытылып жатқан тарих оқулықтары туралы не айтар едіңіз? Кезінде біз Кеңестік идеологияның ықпалымен жазылған тарих оқулықтарымен тәрбиеленіп өстік. Бүгінгі ұрпақ ше? Өз тарихын дұрыс оқып жүр ме? – Мен өзім де оқулық жазуға қатынастым. 10-11 сыныптың Қазақ­стан тарихын жазуға қатынасып, 11 сынып оқулығының авторлар тобын басқардым. Соның ішінде жаңа, бұрын осы уақытқа дейін айтылмай жүрген мәселелерді айтуға тырыстық. Алашорда туралы, Желтоқсанға (1986) қатысты дүниелерді бердік. Бірақ сол өзім атсалысуға қатысқан оқулықтар мені қанағаттандырмайды. Оның көптеген кемшіліктері бар. Мұның себебі мынау: оқулықты бірнеше автор жазады. Әрбір автордың өзіне тән ұстанымы болады. Көзқарасы болады. Екіншіден, осы уақытқа дейін министрліктің тарапынан жіберілген кемшілік жөнінде айтқан жөн. Министрлік оқулықты жазуға, даярлауға мектептің оқытушыларын, жоғары оқу орындарының оқы­тушыларын тартады. Дұрыс-ақ. Ал олар жұмыстағы адамдар ғой. Жұмыстан соң, үйіне барып отырып, уақыт тауып жазуға тырысады. Соның арқасында жүрдім-бардым, шала-пұла дүние өмірге келеді. Батыс мемлекеттерінде қалыптасқан тәжірибе бар. Ол қандай тәжірибе? Авторларды таңдап алып, оған грант береді. Бұған қоса шығармашылық демалыс береді. Бір жыл бола ма, екі жыл бола ма? Сол уақыт ішінде әлгі автор тек сол оқулық дайындаумен ғана айналысады. Ал бізде қалай? Авторлар жұмыстан босаған уақытында жазып әкеп береді. Одан жақсы оқулық жазыла ма екен?! Министрліктің әлемдік тәжірибені қабылдайтын уақыты жеткен шығар. – Ұлттық тарихымызға бай­ланыс­ты әттеген-ай деуге болатын қандай өкінішті жағдайды бөліп айтқан болар едіңіз? – Өсіп-өну жолында тұрған кез-келген ұлттың алтын ғасыры болады. Қазақ елі үшін ондай алтын ғасыр ХХ ғасырдың алғашқы ширегі. Бұл толыққанды қазақ ағартушылығының өмірге келген мезгілі. Осы ретте мынадай бір мәселеге көңіл аударуға тура келеді. Еуропадағы ағартушылық: Англияда – 17 ғасырда, Францияда – 18 ғасырда, Германияда – 18-19 ғасырларда жүрді. Сондай-ақ еш­қан­дай да сырттан араласусыз барлық қалыптасу және даму сатыларынан емін-еркін жүріп өтті. Сондай-ақ бұл ағартушылықтың өкілдері репрессия құрбаны болған жоқ. Ағылшын ағартушылығының ұра­ны: «Көкке илану жетер, жұмыр­басты пенде енді өзіне ғана сенер!» деген ұстаным болса, ал неміс ағартушы – философы Кант «өз бетіңше ойлаудан жасқанба!» деген ойды тастады. Қазақ ағартушылығы бұл процес­ке тән барлық көріністерімен ХХ ғасырдың басында ғана байқалды. Егер Еуропалық ағартушылықтың басында Фрэнсис Бэкон, Гетхольт Лессинг, Иммануил Кант, Франсуа Мари Аруэ (Вольтер) сияқты философ және ақын-жазушылар тұрса, қазақ ағартушылығының басында Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ғұмар Қараш сияқты және басқа ірі талант иелері тұрды. Оның девизі «Оян, қазақ! Өркениет көшінен қалма!» болды. Өкінішке орай, отаршыл билік «қазақ оянып кетсе» мемлекеттік тәуелсіздігін талап етеді деп қауіптеніп, бұл ұранды көтерген ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге салып, түгелдей дерлік жойып тыңды. Яғни ағартушылық бізде қоғамдық табиғи процесс ретінде бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Мұндай трагедияны бірде-бір еуропалық ұлт басынан кешірген емес. Соған қарамастан қазақ зиялы­ларының бар болғаны 20–30 жылдың ішінде жүріп өткен жолы кез келген сауатты адамды таң қалдырмай қоймайды. 1905 жылдан белсенді саяси және ағартушылық қызметке өткен қазақ зиялылары 1906 жылдан басталған қуғын-сүргінді басынан кешіре отырып, 1911–1913 жылдары «Айқап» және «Қазақ» сияқты жалпыұлттық басылымдардың тұрақты шығып тұруын жолға қойып, қыс­қа мерзім ішінде ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастырып үлгірді. 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін құшағына алған ұлт-азаттық көтерілісі қазақ ағартушылығы қыз­метінің алғашқы жемісі болса, 1917 жылы қолға алынған ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту әрекеті қазақ саяси бастаушы тобының интеллектуалдық деңгейінің қанша­лықты биікке көтерілгендігінің нақты дәлелді көрінісі еді. Яғни қазақ зиялылары осы бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес уақытта петиция жазудан ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту мәселесін қою және оны іске асыру әрекеті дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс болатын. Кезінде кеңестік идеология қазақ ағартушылығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеуге тырысты. Ал қазақ ағартушылығының ұраны-девизі ретінде ұлы Абайдың «Орыстың ғылымы, өнері-дүниенің кілті, … балаңа орыстың ғылымын үйрет!» деген тұжырымы алынды. Абай сөзінде тарихи шындықтың табы бар. Орыс мәдениеті мен тілі қазақ үшін әлемдік өркениетпен жалғастырар көпір болғаны даусыз шындық. Сонымен бірге ұлы Абай сөзін девиз ретінде алған кеңестік идеология ағартушы Абайдың шапанынан шыққан Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағын!» көлегейлеп, көр­сетпеуге көп күш жұмсағандығын ұмыта аламыз ба? Бұл арада мәселе мынада. Абай қазақ ағартушылығының бастап­қы кезеңінде тұр. Ал егер біз ағартушылықты уақыт арнасындағы процесс ретінде қарастырар болсақ, онда оның шарықтау шегі алаштық зиялылар қызметіне тұспа-тұс келе­тіндігін мойындағанымыз жөн. Қазақ ағартушылығының ұра­ны ретінде Абай сөзін алған идеоло­гияның мақсаты қазақ мәде­ниетін ылғи да үйренуші шәкірт және еліктеуші мәдениет дәрежесінде ұстау болатын. Бұл ұстанымдағы қазақ мәдениетінің түпнұсқалық (оригинал) мазмұны күн өткен сайын әлсіреп, ең соңында көшірме мәдениет дәрежесіне түсуге тиіс еді. Мұндай тағдырдан бізді 1991 жылы келген мемлекеттік тәуел­сіздік сақ­тап қалды. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекеттік Тәуелсіздік бірнеше ға­сырлардан бері халқымыздың ең озық, ойлы азаматтары аңсаған бас­ты құндылық екендігі айқын. Қазақ ағартушылығы міндетті түрде ұстаным және көзқарас ретінде қазақ ұлтшылдығының қалыптасуына соқпай өте алмайтын еді. Ал қазақ ұлтшылдығы қоғамдық ойдағы ағым ретінде «Айқап» және «Қазақ» басылымдары арқылы толық көрініс тапты. Басқаша айтқанда, ұлтшылдық (ағым, ұстаным ретінде) – бұл жалғыз қазақ зиялыларына ғана емес, жалпы барлық отар елдеріне ортақ қоғамдық құбылыс болатын. Сондықтан болса керек, Дж. Неру осы тарихи кезеңде ұлтшылдық «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш болды», – деп көрсетті. XX ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы азаматқа ұлтшылдық ұстаны­мында болмау мүмкін емес-тін. Міржақып Дулатұлы айтқандай сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшыл­дығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда ол Абай мектебінен шыққан ұлтшылдық, яғни өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныс ұлтшылдық болатын. Ұлттардың, әсіресе отарлық тәуелділіктегі елдердің өзінің саяси есеюі барысында ұлтшылдық идеясына келуі табиғи құбылыс. Бұл – батысқа да, шығысқа да ортақ құбылыс. ХХ ғасырдың басында қытай ұлтшылдығы да, жапон ұлтшылдығы да, түрік ұлтшылдығы да болды. Үнді ұлтшылдығының басында Махатма Ганди тұр. Қытай ұлтшылдығының басында Сун Ят Сен тұр. Түрік ұлтшылдығының басында Кемал Ататүрік тұр. Ал бұл елдердегі ұлтшылдық процесі немен аяқталды? Ұлттық мемлекеттіліктің өмірге келуімен аяқталды. Махатма Ганди негізін қалаған Үнді мемлекеті дүниеге келді. Ататүріктің арқасында жаңа мазмұндағы Түрік ұлттық мемлекеті құрылды. Қазақ ұлтшылдығы немен аяқталды? Қазақ ұлтшылдығы қазақ мемлекетін құрумен аяқталған жоқ. Ұлтшылдық ұстанымдағы қазақ зиялыларының бәрі дерлік репрессияға ұшырады. Бірінші буын өкілдері Әлихан Бөкейханов бастаған, екінші буын – Тұрар Рысқұлов бастаған зиялылардың бәрі де атылды, сотталды, түрмеге жабылды. Патша империясы бастаған қудалауды, соңыра кеңестік билік жалғастырды. Патшалық билік те, кеңестік билік те ұлы державалық ұстанымда болды. Қазақ сияқты халыққа тәуелсіздікті бергісі келмеді. Сондықтан қазақ ұлтшылдығы идеясын өмірге әкелген, сол үшін күрескен тұлғалардың бәрі репрессияға ұшырады. Біз қазір Россия мемлекетіне қайта қосылудан неге қорқамыз? Ол өмірлік тәжірибемізден. Орыс демократиясы қазақ халқына мемлекеттілік беруге қарсы болды. Ал бұл тәжірибені ұмытуға тиісті емеспіз. Біздің халық ретінде қалуымызға жол ашатын жалғыз жол – ол ұлттық мемлекеттілік. – Мұрағат қорларынсыз тарихи зерттеулерді жүргізу мүмкін емес. Бұл ретте зерттеушілердің жағдайы туралы не айтар едіңіз? – Тәуелсіздік жылдары мұрағаттар қызметіндегі біраз ұстанымдар өзгеріске ұшырады. Көптеген жабық қорлардан «Құпия» деген гриф алынып, олардың материалдары зерттеушілерге беріле бастады. Мемлекеттік мұрағат қорлары жақын және алыс елдерден алдырылған маңызды құжаттық материалдармен толықтырылуда. Мұ­рағаттар Отан тарихының өзекті тақырыптары бойынша құжаттық материалдар жинағын шығару ісін жолға қойды. Бұл ретте, әсіресе Президент мұрағаты қызметкерлерінің белсенділігі жағымды әсер қалдырады. Сонымен бірге, әлі де болса әттеген-ай, дегізетін көріністер бар. Мәселен кеңестік саяси жүйені позитивті тұрғыдан көрсетуге болатын материалдар біздің мұрағаттарда, иншалла, жеткілікті. Кеңестік қоғам, коммунистік партия өміріне арналған еңбектер міне осы мұрағаттық материалдарды негізге алып жазылған. Ал осы кеңестік жүйе қандай жолмен өмірге келді, оның сыншылары мен қарсыластарының ұстанымына қатысты мұрағаттық материалдарды іздеп тауып, айналымға тарту жеңіл-желпі шаруа емес. Бұл ретте Ресей мен Қазақстан жағдайын салыстыру қиын. Қазақстанның Ресей сияқты қуатты шетелдік эмиграциялық қызметті жолға қоя білген саяси күштері, интеллигенциялық топтары, ал кейін олардың артында қалдырған бай мұрасын жинап еліне жеткізген Солженицын сияқты шығармашылықтағы тұлғалары болған жоқ. Репрессия жылдары Кеңестік ОГПУ органдары өте қатігездік танытты. Репрессияға алынған қазақ зиялыларымен бірге олардың эпистолярлық мұралары да кетті. Егер мұрағат көрсетулеріне сүйенсек, мәселен С. Асфендияровтың кітапханасы түгелімен тәркілеуге (конфискация) ұшыраған. С. Асфендияровтың қызы Асфендиярова Адилят Санжарқызы 1958 жылы 7 шілдеде ҚазКСР Министр­лер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы атына жазған хатында: «… әкем тұтқынға алынған соң оның кітапханасы тәркіленді. Менің анам Асфендиярова Рабия Сералиевна да 1937 жылы 13 сәуірде тұтқынға алынды, ал оның бар мүлкі тәркіленеді. 1958 жылы 27 мамырда әкем және 1958 жылы 31 наурызда анам ақталды… Сізден ата-анамның тәркіленген мүлкінің, сондай-ақ әкемнің тәр­кіленген кітапханасының құнын қайтаруларыңызды өтінемін», – деп жазды. А. Байтұрсынов тұтқынға алын­ған­да оның үш үлкен папкадан түрған хаттары бірге кетті, сол күйінде жоқ. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскі қаласында тұтқынға алынған Т. Рысқұловтың тінту хаттамасында көрсетілген жеке заттарының арасында: «… татар тілінде жазылған хаттары 5 баспа, қазақ тілінде жазылған хаты 2 баспа бет, орыс тілінде жазылған хат алысулары 2 баспа бетте; сондай-ақ «Против извращения истории гражданской войны» деген тақырыпқа басылған материал 54 баспа бет, Машинкамен басылған «Түркістандағы көтеріліс жөніндегі 78 баспа бет материал» деп көрсетілген. Осы сияқты мысалдарды келтіре беруге болады. Басқаша айтқанда, қоғамдық және интеллектуалдық өмірімізге қатысты онсыз да мардымсыз дерек көздері тіптен де азая түскендігін факті ретінде мойындауға тура келеді. Басқаша айтқанда, сырт көзге құжаттық негізі бай көрінген ХХ ғасырдағы ұлттық тарихымыз, қайшылықтарға толы ішкі өмірінің түрлі қыртыстарын ашып көрсетуге келгенде деректік тапшылыққа тірелетіндігін жасырудың қажеті бола қоймас. Осы ретте мен әсіресе қазақ саяси элитасының, ұлт зиялыларының патшалық және оның мұрагері – кеңестік билік жүйелері жөнінде өзара еркін пікір алысуларын куәландыратын құжаттық материалдардың жоқтың қасында екендігін айтқым келеді. Бұл мазмұндағы пікірлердің, әрине олардың өзара жазысқан хаттарында, портфель үшін жазған ең­бектерінде берілуі мүмкін, ал ондай материалдардың тәркілеуге түскендігін жоғарыда айттық. Сондықтан да ұлт қайраткерлері мен зиялыларының билік жүйесіне, қоғамдағы саяси жағдайға байланысты тұжырымдарын мұрағаттардағы ресми құжаттардан іздеуге тура келеді. Бұл ретте, әсіресе ҚР ҰҚК-іне тән мұрағат қорларының орны ерекше. Елімізде қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын-сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуге тиіс. «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңның 17 бабының 7 тарауы бойынша жаппай қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды. Міне, осы Заңдық актілерді негізге ала отырып, өткен ғасырдағы саяси репрессия тарихына қатысты түрлі мұрағат қорларындағы құжаттық материалдарды Орталық мемлекеттік мұрағатқа беру зерттеушілер қауымы үшін өте тиімді болар еді.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары