КСРО-НЫҢ ҚҰЛАҒАНЫНА 20 ЖЫЛ
КСРО-НЫҢ ҚҰЛАҒАНЫНА 20 ЖЫЛ
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
1991 жылы Беловежье Пущасында 3 елдiң – Ресей, Украина және Белоруссияның президенттерi ТМД мемлекеттерiн құру туралы келiссөзге қол қойды. Сөйтiп 70 жыл бойы жарты патшалық құрған, әлемдi социалистiк және капиталистiк лагерьге бөлiп келген алып империя – КСРО құлады. Содан 20 жыл өтсе де, осы бiр тарихи қадамның бұрыс, дұрыстығы жайлы талас-тартыстар тоқтаған емес.
БЕЛОВЕЖЬЕ
КЕЛІСІМІНІҢ БЕРГЕНІ
КСРО күйреп, посткеңестік мемлекеттерге деген ықпалынан күн өткен сайын ажырап бара жатқаны Ресейдің қабырғасына қатты батты. Әсіресе Путин таққа отырған соңғы он жылда Ресей Федерациясы бұрынғы одақтас республикаларға жүргізген ықпалын одан әрі күшейтуді мақсат етті. Қазіргі Еуразиялық одақ, Кедендік одақтың астарында бұрынғы КСРО-ны қалпына келтіру идеясы бары тайға таңба басқандай.
Қалай дегенмен де, Беловежье келісімінің арқасында – дүниежүзі картасында 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды. Балтық жағалауы елдері сол кезден бастап болашақ интеграцияны Батыс елдерімен жасауды мақсат етті. Сөйтіп Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттері құрамына енуден бас тартты. Қазір олар Еуроодаққа мүше. ТМД құрылғанының жиырма жылдығында бұл саяси құрылымның аса бір маңызды ұйымға айнала алмағандығын сарапшылар жиі айтады. Сондықтан болар осы жиырма жыл ішінде посткеңестік мемлекеттері арасында ГУАМ, Ұжымдық қауіпсіздік елдері, ЕурАзЭҚ, КО секілді құрылымдардың пайда болуы. Аталған құрылымдардың арасында аса қарқынды түрде әрі нәтижелі жұмыс істеп келе жатқаны – Кедендік одақ. Оның алғашқы қадамы – ортақ кеденді жасақтау ісі аяқталды. Сарапшылар алдағы 5-10 жылда жүзеге асуы мүмкін емес деген болжамды жиі айтқанымен, ортақ валюта жасақтау ісі – келесі қадам болмақ. Посткеңестік кеңістіктегі интеграциялар тәуелсіз ел атанып, дүниежүзі картасынан орын алғанына 20 жыл ғана болған жас мемлекеттердің егемендігіне қол сұғумен аяқталуы мүмкін деген қорқыныш та басым. Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінің оппозициялары бұның мемлекеттік тәуелсіздікке тигізер салқыны көп деген желеумен, қарсылық акцияларын ұйымдастыруда.
Сонымен, Беловежье келісімінің арқасында Қазақстан 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіз ел болғанда дүние есігін ашқан жас ұрпақ, бүгінде тепсе темір үзер жиырма жасқа толды. ТМД мемлекеттерінің арасында алғашқылардың бірі болып, шекарасын қымтады. Аталған келісім, баға жетпес байлық – Тәуелсіздігімізді сыйлады.
ТАРИХҚА ҮҢІЛСЕК…
1991 жылдың қараша айының соңғы аптасында, Беловежье келісіміне қол қоюға екі апта қалғанда Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Маргарет Тэтчер Хьюстонда: «Қазір Кеңестер Одағы күйрегені анық, алайда Кеңестер Одағы әлі де өмір сүруде. Таяу күндерде Кеңестер Одағының ресми түрде құлағанын заңды түрде рәсімдегені туралы ақпаратты еститінімізге сенімдімін» деген екен.
1991 жылдың 1 желтоқсанында Украинада ол елдің КСРО-дан босап шығуына орай референдум өткізіліп, халқының 90 пайызы, қолдайтындығын білдірген.
Ресейдің 1991-1992 жылдары мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Геннадий Бурбулис бұл күндерді былай еске алады:
– 1991 жылдың желтоқсанына қарай Кеңестер одағы күйреді. Қараша айында Ново-Огаревада Тәуелсіз мемлекеттер одағын құру туралы келісім жасалды. Онда Кеңестер одағы туралы айтылмайды да. Келісімге қол қою 9 желтоқсанға қалдырылған еді. Бұл кезде Украинада тәуелсіздік жайындағы референдум өткізіліп қойған болатын.
Беловежьедегі кездесу күтпеген жайтпен басталды. Леонид Кравчук: «Сайлауда маған тапсырылған украин халқының мандаты кез келген жаңа одақ жайындағы әңгімелерге араласуыма құқық бермейді. Украина тәуелсіздігін жариялады», – деді. Кравчук Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы ұсыныс айтты. Бұл үшжақты келісім заңды еді. Өйткені 1922 жылы Кеңестер одағы құрылғанда дәл осы үш мемлекет оның құрылтайшылары болған. Сондай-ақ, КСРО Конституциясында оның құрамынан кез келген мемлекет шығып кете алады делінген еді. Осы құқықты – Балтық жағалауы елдері, Грузия, Армения және Молдавия пайдаланып та үлгерген болатын.
ЕЛЬЦИН ҚАТЕЛІК ЖАСАҒАНЫН МОЙЫНДАДЫ
Беловежье келісімінің маңыздылығы – 15 тәуелсіз мемлекеттің пайда болғандығы екендігін айтып өттік. Борис Ельцинге тағылған айыптардың бірі де осы болған. Сөйтіп оны 1999 жылы мамыр айында мемлекет басшысы лауазымынан шеттету көзделді. Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы Федеральдық жиынының арнайы комиссиясы «Ельцин Беловежье келісіміне қол қою арқылы 1977 жылғы КСРО Конституциясының 74-76 бабын, КСРО-ның 1990 жылдың 3 сәуіріндегі «Одақтас Республиканың КСРО құрамынан шығуына байланысты мәселелерді шешу тәртібі» туралы заңды, РСФСР-дың 1978 жылғы Конституциясының 4, 5, 68, 70,71, 76 баптарын, «РСФСР Президенті туралы» РСФСР-дың 1991 жылғы 24сәуірдегі заңының 4, 6-баптарын өрескел бұзды және 1991 жылдың 17 наурызында КСРО-ны сақтау туралы бүкілхалықтық референдум шешімін ескермей, халықтың қалауына қарсы әрекет етті» деген шешімге келген. Бірақ Парламенттің көпшілігі Ельцинге импичмент жариялауға қарсы болған. 1996 жылы Борис Ельцин Беловежье келісіміне қол қойғанының қателік болғандығын мойындаған екен.