«ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ ҰҒЫМ»

«ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ ҰҒЫМ»

«ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ ҰҒЫМ»
ашық дереккөзі

«Түлеп ұшқан түлектер» айдарымен берген ақпараттық кейіпкерлермен танысып отырғанда, мені бір факті елең еткізді. Ол – ақын және журналист Ибрагим Бекмаханұлы туралы жазылған қысқа екі-үш жол. Бұл жігіт мен өскен Қашқансу аулынан төрт шақырым жерде Ақтөбе ауылында дүниеге келген екен. Өкінішке қарай, біз кездесе алмадық. Сол кездерде Ибрагим Жезқазғанда облыстық газетінің қызметкері болып еңбек етіп жүр екен…

Міне, арада 19 жыл өткеннен кейін менің қолыма сол Ибрагимнің «Жүрегімнің шуағы» атты жинағы түсті. Жерлесімнің бірнеше рет облыстық, республикалық жыр мүшәй­раларының жүлдегері атанғанын бұрын естіп жүрген едім. Сондықтан ақынның осы туындысымен шұғыл танысып шықтым.

Ата жолы –

Көне соқпақ көргенім,

Сол арқылы мақсатыма өрледім.

Өзге елдің жұмағына қызықпай,

Өз елімнің босағасын төр дедім! – деп Ибрагим Бекмаханұлы туған елдің қасиетін пір тұтады.

Ақын қазақ елінің тәуелсіздігі, Отан, туған жер, достық, махаббат тақырыптарын шабыттана жырға қосады. Осыны кітаптың «Тәуел­сіздік – тәтті ұғым», «Атаның салған жолымен», «Келешегім – кемел көркім» деген үш бөлімнен тұруы анық аңғартады. Осы кітаптың жүгін Ибрагимның эпикалық жанрдағы поэтикалық қуаты мол «Дүр Оңғар», «Сұлулық патшалығы» атты екі дастаны да мейлінше көтеріп тұр.

Ұлтжанды ақын Ибрагим «тәуел­сіздік – тәтті ұғым» деп бекер қайталай бермейді. Оған дәлел:

Тәуба, тәуба…

Тәуелсіздік жеткердің,

Ел басына бақ құсы боп қонғалы,

Ғасырдайын ғұмырымды өткер­дім, – деген шабытталған лирикалық жолдар.

Бүгінгі кезде тәуелсіз Қазақ елі өзінің жаңғырған жиырма жылдық мерейтойын абыройлы атап өткізуге қызу дайындық үстінде. Сол күні мерекемен бірге Желтоқсан құрбан­дарын еске алу рәсімі де өтеді. Ақын И. Бекмаханұлы 1986 жылдың желтоқсан құрбандарының рухына талай толғаулар мен жырларын ба­ғыштаған екен. Менің жадымда мына поэтикалық жолдар берік сақ­талғандай:

Ұмытылмайды Желтоқсан сабағы,

Мұзда жанған алау қандай бағалы!

Данко сынды қолға ұстап жүрегін,

Жұлдыз-ғұмыр шырақ отын жағады.

…Көк жүзінде жұлдыздар тек жанады!

Ибрагим Бекмаханұлы – аты атал­ған кітаптан бөлек, «Шапағат», «Са­ғымсары», «Сыр мен Арқа саздары», «Жарық сәуле» жыр жинақтарының да авторы. Осы уақытта ол Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетін­де аға тілші қызметін атқарып жүр. Ал оның «Жүрегімнің шуағы» атты жыр жинағы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша басылып шыққаны шығарманың құндылығын дәлелдеуде.

Алмат ЖАРЫЛҚАСЫНОВ