ДIНДАР ДА КӨП, ДIН ДЕ КӨП

ДIНДАР ДА КӨП, ДIН ДЕ КӨП

ДIНДАР ДА КӨП, ДIН ДЕ КӨП
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ислам дiнiмен астарласа қабысқан қазақ қоғамында «жаңа мұсылмандар» деген ұғым пайда болды. Жаңа «дресс-кодқа» ие оларды қалың көпшiлiк арасынан қауға сақал, тобықтан келетiн қысқа балақты шалбар мен хиджабтан жазбай танисыз. Қай дiндi ұстанам деу – әркiмнiң өз еркi. Бiрақ өкiнiшке қарай, кейiнгi кездерi «ислам» мен «лаңкестiк» ұғымының аражiгiн ажырата алмайтындар қатары жиiлеп бара жатқаны алаңдатады. Мейiрiм мен шапағатқа, адалдық пен әдiлдiкке, қайырымдылық пен қажырлылыққа негiзделген қасиеттi Құран Кәрiмнiң аят, сүрелерiн бұра тарту, бейкүнә жандарды қыршынынан қиятын лаңкестiк әрекеттердi iске асыру – мүдделi топтардың көздегенi. Бұл дiни тақырыпқа ұйымдастырылған халықаралық конференцияда жан-жақты талқыға салынды.

ЕЛІМІЗДЕ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ОРНАТҚЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР БАР

Әлемді алаңдатқан лаңкестік проблемасы қазақ қоғамының күн тәртібіне шықты. Фриддрих Эберт Қоры мен «Exclusive» іскерлік шолу-сараптамалық журналы Алматыда «Ислам дамуының жаңа бағыттары және олардың Орталық Азиядағы тұрақтылыққа тигізетін әсері» тақырыбына ұйымдастырылған халықаралық конференцияға Қазақстанмен бірге Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, АҚШ, Ресейден келген сарапшылар қатысып, Орталық Азиядағы ислам дінінің қайта өркендеуі, ислам мен исламданудағы жаңа үрдістер, орталықазиялық жихадтық топтардың идеологиялары т.б. күн тәртібіне шыққан өзекті мәселелер жайлы пікір таластырды. Өкініштісі, Қазақстанмен бірге бүкіл орталықазиялық аймақтағы діни проблемаларға қатысты мәселені мүдделі тараптармен бірге отырып, қаузауға Қазақстанның Діни басқармасының өкілдері келмеді.

PrudentSolutions сараптамалық орталығының директоры Эссен Усубалиевтің пікірінше, Қазақстандағы діни экстремизмнің пайда болуы мен дамуы діттеген мақсаттары мен көздеген мүдделері бар шет мемлекеттердің ықпалымен жүріп жатыр. «Қазақстанның соңғы 10 жылдағы әлеуметтік-саяси тұрғыда, әсіресе каспийлік аймақтың энергетикалық қорларын табу, өндіру және тасымалдауда жемісті де табысты дамуы бұған мүдделі емес елдердің алаңдаушылығын тудыруы мүмкін. Қазақстанның солтүстік-батысы мен мұнайға бай Каспий өңіріндегі аумақтардан жихад идеологиясын тарату мен лаңкестік топтардың құрылуы – жағдайды ушықтыру мен тұрақсыздыққа ұрындыруды көздеген ұзақмерзімдік жоспардың құрылғанының дәлелі» деген Э.Усубалиев бұған аспанасты елінің де қатысы барлығын көлденең тартады. Мәселен өндірісі мен экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай көмірсутегілерге деген тұтынушылық сұраныстың 10-15 пайызын қазақтардың энергоқоры арқылы қанағаттандырады. Ал Қытайдың күшеюіне Батыс пен АҚШ аса мүдделі емес: «Сондықтан Қытай Халық Республикасының орталықазиялық аймақтағы мүддесін іске асырмау үшін жихадты басты құрал ретінде пайдалануы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды».

310 ШЕТЕЛДІК МИССИОНЕР ШАЛҚЫП ЖҮР

Бүгінде төрт жылдан астам уақыттан бері экономикалық дағдарыстан әлі күнге ес жия алмай отырған Еуропалық Одаққа қаржылай көмек беруге құлшынғанмен, ЕО Пекиннен қарыз алуға тартыншақтайды. Бір жағынан, бәсекелестік, екінші жағынан қытайларға деген тәуелділіктен тайсақтау. Кейбір сарапшылар пікірінше, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін саф таза дін – исламды жамылып, бейкүнә жандарды еш шімірікпестен, құрбандыққа шалуға дайын тұратын адасқандар тобына жихадтық идеология күштеп таңылған. Бұл орайда, Эсен Усубалиев: «Қазақстандағы мұсылмандардың тым тез радикалдануы және қысқа мерзім ішінде дін үшін өмірлерін қиюға дайын тұрған жақтастарын оп-оңай жинап алуы мүмкін емес еді. Радикалдық көңіл-күйдің дамуына дін таратуды бүркемелене отырып, мұсылмандарды ұзақ уақыт бойы арнайы дайындықтан өткізгендігі анық. Белгілі бір топтардың діни сана-сезімі пісіп-жетілген сәтте сол топтарға немесе жамағатқа мақсатты әрі жүйелі түрде жихад идеологиясын енгізу басталған», – дейді.

Алматы қаласының дін істері жөніндегі департаментінің директоры Ершат Оңғаров Қазақстандағы шетелдік миссионерлердің теріс ықпалының бар екендігін жоққа шығармайды: «Агенттік ҚР Сыртқы істер министрлігімен біріге отырып, миссионерлік әрекеттің ережелерін түзуде. Аталған құжатты қабылдау арқылы біз кейбір дәстүрлі емес діни ұйымдардың қазақ қоғамындағы рухани-адами даму процесіне кері ықпал етуінің алдын алуға және қарсы тұруға қауқарлы жүйе құрамыз. Біздің агенттік Қазақстандағы конституциялық құрылым мен ел қауіпсіздігіне қатер төндіруді көздейтін барлық діни ұйымдарды құрықтап, тезге салады». Оңғаровтың айтуынша, қазіргі кезде елімізде 310 шетелдік миссионер бар. «2011 жылдың 1 қарашасындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссионерлер саны – 310. Олардың 124 миссионері – римдік-католиктік шіркеуден, 90-ы – протестанттық шіркеуден, 48-і – ислам дінін таратушылар, 42-сі – орыс православтық шіркеудің өкілдері, сондай-ақ 5 раввин мен будданы насихаттайтын 1 миссионер бар. Қауіптісі сол, шетелдік діндарлардың көпшілігі бірқатар шет мемлекетте тыйым салынған дәстүрлі емес дінді ұлықтайды» деген Оңғаров мемлекеттік деңгейдегі алдын алу шараларын қатайту қажеттігін баса айтты. Ал Германияның Алматыдағы Бас консулы Герольд Амелунгтің пікірінше, Қазақ жеріне діни экстремизм қаупі төніп тұрған жоқ: «Дәл қазіргі сәтте Қазақстандағы ислам тақырыбын талқылау белсенділігі артты және мемлекет қауіпті жағдайда тұр. Өйткені жуырда ғана қабылданған дін туралы жаңа заң исламға қатысты кейбір экстремалдық жайттардың туындауына себеп болды. Соған қарамастан мен лаңкестік проблемасын ушықтыратындай себеп көріп отырған жоқпын. Әрине, аталған қиындықтар шешімін табуы тиіс». Шараға қатысушылар Маргбург университетінің профессоры Удо Штайнбахтың «исламды насихаттаушы ұйымдардың өкілдері мемлекетпен келіссөздер жүргізетін, ортақ пікірге келе отырып, қиындықтарды шешетін алаң керек» деген ұйғарымын бірауыздан қолдады.

Соңғы кездері елімізде орын алған діни мақсаттағы түрлі жарылыстар қоғамды дүр сілкіндіргені анық. Тараздағы қарулы қақтығыста қаза тапқандардың құрметіне Тәуелсіз елдің Көкбайрағы төмен түсіріліп, бүкіл ел аза тұтуы тиіс еді. Өкінішке қарай, Қазақстанда Жалпыұлттық аза күні жарияланбады. Мұндайда Конституциядағы «Мемлекеттің басты байлығы – адам» деген маңызды да басты баптың ұмыт қалғаны анық. Адамдарға деген немқұрайлы көзқарас Қызылағаштағы кісі қырғынында да қылаң берген. Кейбір отбасын тұтас жалмаған сел – адам тағдырына, ел тағдырына жауапсыз қарағандардың кінәсі. Алайда кінәлілерді жазалау – бір басқа, абайсызда ажал құшқандарды бүкіл ел боп жоқтау – бір басқа. Айтар ауызды тыңдар құлақ табылмайтыны өкінішті, әрине….

40 МЫҢ АДАМ – «ҚАРА ТІЗІМДЕ»

Аймақтық «Күнсейіт» зерттеу орталығының басшысы әрі Орталық Азия бойынша сарапшы Нұрлан Әлниязов Қазақстанның діни саласында болған оқиғалар қоғам мен мемлекеттің аймақтағы ислам дамуының жаңа үдерістеріне тұтастай дайын еместігін көрсеткенін айтады. Оның пікірінше, «Қазақстандағы мұсылман дінінің дамуына қатысты екі жаңа үдерісті байқауға болады: діни топтардың (соның ішінде экстремистік пиғылдағы топтардың да) биліктік құрылымдарға біріге бастауы және елдің саяси өміріне белсене араласуға талпынуы». Соңғы кездері діни топтардың радикалдық әрекеттерінің жиілеуі алдағы уақытта Қазақстан мен Орталық Азиядағы экстремистік топтардың жихад ұйымдастыруды ортақ мақсатымыз деп білуіне, қазақ қоғамына қатер төндіруіне әкеп соғуы мүмкін. «Қазақстан мен жалпы Орталық Азияға қауіп төндірген ең қатерлі экстремистер – «такфир» идеологиясын ұстанатын салафиттік топтар. Қазақстандағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдарына қарсы бағытталған лаңкестік әрекеттерді дәл осы салафиттік топтармен байланыстырады» деген Әлниязов исламның жаңа үдерістеріне орталықазиялық аймақтағы адамдар мен биліктердің дайын болмауы түрлі діни қозғалыстар мен топтардың түзілуіне әкеп соғып, қазіргі кезде дін ақша табу көзі мен саяси құралға айналғанын айтады. Бүгінде «Ахмадия», «Таблиғи жамағат» қауымдарының пайда болуымен бірге сопылық жолды ұстанатындар да көп кездеседі.

КСРО ыдырап, Қазақстан егемендікке қол жеткізген 90-жылдардың басында-ақ зерттеушілер қауымы елімізде исламның ерекше қарқынмен дами бастағанын, мұсылман қоғамының ресми және бейресми екі топқа бөлінгенін, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы және діни ұйымдар мен Басқармаға бағынбайтын жамағаттар мен мешіттер арасында туындаған пікір қайшылықтары жайлы мәселе көтерген еді. «Бүгінде күрес бейресми мұсылман қоғамдары мемлекеттің дамуы туралы өзіндік бағдарлама ұсынатын саяси деңгейге дейін көтерілді. Олар бағдарламаларын қазіргі жүйеге балама ретінде қарастырады. Сүннеттік құқықтық мектептер (мазхабтар) арасындағы ұрыс-керісті қолдан ұйымдастыру да жағдайды одан са-йын ушықтыра түседі. Өйткені діни тұрғыда бірнеше топ пен жамағатқа бөлшектенген қоғамды тұрақсыздыққа ұрындыру оңай» деген Әлжанов «Діни қызмет пен діни ұйымдар туралы» жаңа Заңда ханафия мазхабын қазақстандық аймақтағы ресми ұстаным ретінде көрсетілуі де діни тұрақсыздықтың қалыптасуының алдын алуды көздеген алаңдаушылықтан дейді. Осының кесірінен діни не мемлекеттік даму құрылымдарына бас білдіртпейтін жаңсақ бағыттағы діни ұйымдар пайда болған. Прокуратура органдарының мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылы орталық діни басқарманың рөлі мен беделін мойындамайтын 40 мың отандас экстремистік діни идеологияны ұстанатындар ретінде тіркеуге алынған. Конференцияға жиналған көпшілік тез арада Діни басқарманың қазақ қоғамындағы рөлі мен беделін арттыруға баса назар аудару керектігін айтады.

24.11.2011