«Kazakhstan Day»: «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» – СЕРІЛЕР ЕЛІНДЕ

«Kazakhstan Day»: «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» – СЕРІЛЕР ЕЛІНДЕ

«Kazakhstan Day»: «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» – СЕРІЛЕР ЕЛІНДЕ
ашық дереккөзі

«Kazakhstan Day» – бұл Лондон қор биржасындағы Қазақстан күнi. 10 қараша күнгi бейсенбiнiң таңында Лондон биржасында Қазақстанның атымен сауда-саттық шымылдығы ашылды. Тимур Құлыбаев пен Лондон қор биржасының басшысы Хавьер Роле салтанатты түрде «Қазақстан күнiн» ашық деп жариялады.

ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП

«Қазақстан күні» аталған халықаралық форум Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін насихаттау және экономиканы әртараптандыру жолдарын іздеу мақсатында ұйымдастырылған еді.«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Тимур Құлыбаев бастаған Қазақстан делегациясы мүшелері үш күндік іссапар кезінде Ұлыбритания сыртқы істер министрінің орынбасары лорд Хауэллдың қабылдауында болып, британ үкіметі мүшелерімен, жергілікті бизнес өкілдерімен жан-жақты кездесулер өткізді. Бұл кездесулердің басым көпшілігі журналистердің қатысуынсыз өткенін айту ләзім.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері Англияның байырғы оқу ордаларының бірі Кэмбридж универ­си­тетіне арнайы ат басын бұрып, Кавен­диш лабораториясын, мұражайды, инно­ва­циялық орталықты, Кэмбридждегі Қа­зақ­­стан орталығын аралап көрді. Бір жыл бұрын ашылған орталық жұмысын одан әрі жандандыруға, университет пен қазақстандық ұлттық компаниялар арасында әріптестік орнатуға осы жолғы іссапардың тигізер ықпалы зор болмақ.

«ХАЛЫҚТЫҚ IPO» – ЛОНДОНДА

Ұлыбритания Қазақстанға салған инвестиция көлемі бойынша шетелдік әріптестердің арасында бесінші орында тұр. Қазақстандағы осы елдің елшісі Дэвид Моран екі мемлекет биржалары арасында «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша тиімді әріптестік орнайтындығына сенім білдірді.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қайрат Әбусейітовтің айтуынша, екі мемлекеттің экономикалық серіктестігі аясындағы бұл шараның орны бөлек. Мұндай жиындар енді Астана мен Лондонда кезек-кезек өткізіліп тұрмақ.

Қазақстанның Лондон биржасындағы күнінің алғашқы сессиясы «Халықтық IPO» бағдарламасына арналды. Бұдан соң дәрі-дәрмек пен химия, тау-кен өнеркәсіптерінің дамуына байланысты, энергетика мен баламалы қуат көздерін табу мәселелері талқыланды. «Инвестициялар мен ин­но­ва­ция­лық даму» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Хавьер Роле өз сөзінде «Халықтық IPO» бағдарламасының болашағынан көп үміт күтетінін айтып өтті. Ол «Халықтық IPO» бағдарламасын ұлттық байлықты әділ игеруді көздейтін жоба деп атады. «Қазақстанның қабілеті орасан зор екені бәрімізге де белгілі. Лондон қор биржасы «Халықтық IPO» бағдарламасын қолдайды, біз оны көпеген адамдарға ұлттық байлықтан үлес алуға жол ашатын таптырмас мүмкіндік деп санаймыз. Бұл тамаша мүмкіндік», – деді ол.

Оның үстіне, Қазақстанның компаниялары Ұлыбританияның халықаралық орталығын қаржы табу үшін тиімді пайдалана алады. Акцияларын осы биржаға шығарған қазақстандық компаниялар қазірге дейін 30 миллиард доллардан астам ақша тапқан.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасының орынбасары Айдын Кәрібжанов қазақстандық экономиканы түрлендіру жайында айта келіп, «Халықтық IPO» – тек саяси идея ғана емес, мемлекет иелігіндегі активтерді адамдар иелігіне беруді көздейтін мәрт шешім» деді ол.

Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына қорының иелігінде 100 миллиард доллардан астам активтер бар. Оның ішінде жалпы құны 57 миллиард доллар болатын активтер өнеркәсіп саласына, ал құны 27 миллиард доллар болатын активтер қаржылық салаға тиесілі.

Қордың басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишимбаевтың айтуынша, «Халықтық IPO» бағдарламасы 2012 жылы тұрақты компаниялардың акцияларын ішкі рынокққа шығарудан басталады. Ал тәуекелі жоғары компаниялардың акциялары 2015 жылы сатылады. Сонымен бағдарлама аяқталуы тиіс.

Ішкі рынокта акциялары шығарылатын «алғашқы қарлығаштар» – KEGOK, Kaz­Trans­Oil. Ал 2015 жылға дейін «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» акциялары сатыла бастайды.

Осы форумда қойылған өзекті сұрақ­тар­дың бірі шетелдік инвесторлардың осы бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне байланысты еді Бұл сұраққа Бишимбаев мырза «мұндай шешім әлі қабылданған жоқ» деп жауап берсе, «Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры Питер Хауз «Шетелдік инвесторлар бұл акцияларды екінші нарықта сатып алады», – деп түсіндірді. Өйткені акцияны алған адамдардың оларды қайта сатуға құқығы бар.

Ұлыбританияда осыдан 25 жыл бұрын осы­ ған ұқсас бағдарлама болған екен. Мұндай бағдарламалар жылдам қарқынмен дамыған елдердің көпшілігінде жүзеге асырылып, қор нарығын дамытудың басты құралына айналған екен.

Ендеше, «Халықтық IPO» бағдарламасы Қазақстандағы зейнетақы жүйесін дамытып, корпоративті басқару жүйесінің сапасын арттыруға сеп болмақ.

Көлбай ЖЕҢIС