«АР-НАМЫС МӘСЕЛЕСІНЕ КЕЛГЕНДЕ, ӨТЕ ТАЛАПШЫЛ БОЛАТЫН...»

«АР-НАМЫС МӘСЕЛЕСІНЕ КЕЛГЕНДЕ, ӨТЕ ТАЛАПШЫЛ БОЛАТЫН...»

«АР-НАМЫС МӘСЕЛЕСІНЕ КЕЛГЕНДЕ, ӨТЕ ТАЛАПШЫЛ БОЛАТЫН...»
ашық дереккөзі
153

«АМАНДОСОВ РУХЫМЕН АЛТЫ КҮН»

Қазанның 17-сi мен 22-шi жұлдыздарының аралығында Қазақ ұлттық университетiнiң Журналистика факультетiнде Баспа iсi және дизайн кафедрасының ұйымдастыруымен «Амандосов рухымен алты күн» атты апталық өттi. Аталмыш апталық қазақ журналистикасын тану ғылымының негiзiн қалаған алып тұлғалардың бiрi- профессор Тауман Амандосовтың 90 жылдығына орай өттi. Апталықтың бiрiншi күнi Тауман Амандосовтың Ш.Елеукенов, Т.Дүйсебаева, Ә.Ыдырысов, С.Қозыбаев, Ө.Әбдiманұлы, Ш.Нұрғожина сияқты әрiптестерi студенттерге дәрiс оқыды, бiлiмгерлер ұлағатты ұстаз туралы естелiктер тыңдады. Екiншi күнi Тауман Амандосовтың Б.Жақып, Ш.Паттеев, Қ.Сәрсенбай, Ж.Қорғасбек секiлдi үлгiлi шәкiрттерi студенттерге ұстаздары туралы қызықты әңгiмелерiмен бөлiстi. Үшiншi күнi – Т.Амандосовқа арналған жыр мүшәйрасында гуманитарлық факультеттерден қатысқан 20 жас ақын жүректен шыққан жырларын қазылар алдында оқыды. Төртiншi күнi – Тауман Амандосовтың ұрпақтары Гүлжан Тауманқызы, Азамат Тауманұлы, Қарлығаш Тауманқызы, күйеубаласы Оге Стиг Андерсен, қайын iнiсi Омаров Тауке, немересi Әлкен Азаматұлы студенттерге әкелерi туралы қызықты естелiктер айтты. Студенттердiң жыр мүшәйрасы жеңiмпаздарын марапаттады. Бесiншi күнi – қасиеттi жұмада аты аңызға айналған ұстаздың ұрпақтары, студенттер мен университет оқытушылары Т.Амандосов қабiрi басына барып, Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Алтыншы күнi – «Амандосов рухымен алты күн» апталығы қорытындыланып, концерт қойылды. Концертте студенттер бар өнерлерiн көрсетiп, тау тұлғаның рухына тағзым еттi.

– Азамат, әкеңіз Амандосов Тауман Салықбайұлы өте сыйлы, құрметті, алты алашқа аты әйгілі кісі еді. Осындай әкеңіздің болғанына мақтанатын шығарсыз?

– Әкем ерекше адам болатын. Себебі, ол кісі үш жасында ата-анасынан айырылып, мүмкіншілігі шектеулі балалар тәрбиеленетін балалар үйіне түскен. Ал сондай ортадан, яғни психологиялық тұрғыда санаңа міндетті түрде әсер ететін ауыр ортадан суырылып шығып, «өз көкірегін өзі сүйреген» адамға қалай таңданбайсыз? Заманының небір қиындығына, өмірдің қатал сынына қарамастан, өзін-өзі тәрбиелеп, адамдар арасындағы азаматтық тұлғасын қалыптастырды. 11 жасында мектепке барып, оны өз жасынан ерте бітіріп, кез келген қиындықтарға төтеп беріп, өзінен кейінгілерге нағыз үлгі боларлықтай іс жасаған кісі. Сонымен қатар, әкем қазақ тілінде алғашқы болып кітап жазып, өзінен кейінгілерге оқуға мүмкіндік жасады. Журналистика факультетін құрып, Қазақстанда журналистика мамандығы бойынша бірінші болып докторлықты қорғап, профессор атанды. Жалпы, КСРО-да журналистика саласы бойынша 7-ақ профессор болған екен. Әкем сол жетеудің бірі болды. Қазақтан КСРО Журналистер одағының мүшесі болып қабылданған алғашқы адам. Бәрі де маңдайтері, мәнді еңбекпен келген нәрсе ғой. Сондықтан, әрине, әкемді әрдайым мақтан тұтамын!

– Көптеген шәкірттері әкеңізді «өте талапшыл, еңбекқор, жанашыр» кісі болған деп айтып отырады. Ал сіз ше, – әкеңіздің мінезі қандай еді?

– Жұмыс, достық, ар-намыс мәселесіне келгенде өзіне де, өзгеге де өте талапшыл, ал үйде жұмсақ мінезді болып, үнемі көңілді жүретін. Шынымды айтсам, мен дәл әкем сияқты адамды өмірде көп кездестірдім деп айта алмаймын. Ондай адамдар саусақпен санарлықтай ғана. Достары өте көп болатын. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Көмек сұрағанның қолын қайтарған емес. Барынша көмектесіп, қолынан келгенін аямайтын. Әкемнің үйде ештеңе істемей отырғанын немесе демалып жатқанын көрген емеспін. Күндіз жұмыста, кешке достарымен, бізбен бірге әңгімелессе, түнде таң атқанша жазумен айналысатын. Біз әкеміздің істеген іс-әрекеттеріне, жасаған жақсылықтарына, жазған еңбектеріне, айтқан ақылдарына, сөйлеген сөздеріне қарап тәрбиелендік. Ол кісінің бойынан отанға деген сүйіспеншілікті, адалдықты, еңбекқорлықты көретінбіз. Сонымен қатар, әкем ақкөңіл, ақжарқын адам болатын. Ақшадан қиналып жүрген студенттерді көрсе, бірден үйге алып келіп, тамақтандыратын. Қарны әбден тойған балаларды көргенде мәз болатын. Өйткені өзі балалар үйінде өскендіктен, мұның бәрін өзінен кейінгі ұрпақ көрмесе екен деген ақ ниетінен деп ойлаймын.–Көп адам бала кезінде өзіне үлгі болған әкесіне ұқсағысы келеді. Ал сіз ше? Еліктеген жоқсыз ба?– Әкем таза көшірме жасағанды ұнатпайтын. Тек, «ар-намыс» деген ұғымды бойыңа сіңіріп, болашақта ел алдында қызарып тұрарлықтай іс-әрекет жасамасаң болғаны. «Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, бойыңдағы адамгершілік құндылығыңды сақта, Отаныңды сүй, адал еңбек ет!», – деп айтып отыратын. Уақытысында, Мәскеуде оқып жүргенімде менің Австралияға, АҚШ-қа барып жұмыс істеуге мүмкіндіктерім болды. Ондай ұсыныстарды әкеме айтсам: «Шешімді өзің қабылда» деп, өз еркіме салатын. Бірақ, әкемнің айтқан ақыл-кеңестері әрдайым көкейімде тұрғандықтан, Қазақстанға қайтып оралдым.

– Журналистикаға бетбұрыс жасап көрмедіңіз бе?

– Шыны керек, журналистикаға ат басын бұрып көрмеппін. Өйткені мектепте менің физикадан беретін ұстазым өте мықты болды. Сол кісі мені физика саласына қызықтырып жібергені соншалық, мен оқушы кезімнен осы саламен айналысуды ойладым. Ал әкем менің технолог болғанымды қалайтын. Содан мектепті бітірген соң, Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, физик мамандығын игердім.

Ғылыммен айналысып, физикалық кристаллдар ойлап таптым. Бірақ, жаңа айтып өткенімдей, оқуды бітірген соң, өз еліме қайтып келдім. Ал әріптестерімнің барлығы дерлік шет елдерде жұмыс істеуге кетті. Одан кейін, біршама жерлерде жұмыс істедім. Ал қазір, қаржы саласында халыққа консалтингтік қызметті көрсетіп жүрмін.

– Ел қадірлеген ұстаздың барлық кітаптарымен таныс шығарсыз…

– Әрине. Мен ол кітаптардың қалай жазылғанына, әкемнің, таң атқанша жазып отырғанына талай рет куә болғанмын. Көз ілмей, студенттер үшін орыс тіліндегі кітаптарды қазақшаға аударып отыратын. Бірде әкемнің «Журналист анықтамалығы» сөздігін аударып отырғандығын көріп: «Әке, оны не үшін аударып жатырсыз?», – деп сұрадым. Әкем болса: «Балам, қазақ тілінде журналистер пайдаланатын ешқандай оқулық жоқ. Бұл кітаптарды қазір мен аудармасам, ертең студенттер қиналып қалады», – деп жауап берді. Әкемнің кітаптарын тек Қазақстан емес, басқа да ТМД елдері оқу бағдарламасына пайдаланды. «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» деген журналистикадағы қазақ тілінде жарық көрген алғашқы кітабы шыққанда, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түркмениядан оқытушылар келіп, Тауман Амандосовтың жазған кітапбын қалай алуға болатындығы туралы сұрап, журналистикаға қатысты шыққан ең бірінші кітапты өз елдеріне де алып кеткісі келді. Себебі, ол уақытта оқуға жарамды аударылған кітаптар жоқ болатын. Сондай-ақ, журналистика факультетін ашқанда, «бұл идеологиялық факультет» деп, оның ашылуына қарсы болған шенеуніктердің де болғаны туралы айтып отыратын. Әкем ойлағанын сөзбен емес, әрдайым іспен жасап көрсетті.– Есіміңізді әкеңіз қойған ба?

– Менің атыма байланысты әкем бір жағдайды айтатын. Мен үйдегі үшінші баламын, яғни екі үлкен әпкемнен кейінгі туған ұлмын. Анам мені жеті айлық кезімде босанған екен. Әкем қатты қуанып, анамды перзентханадан шығарып алуға Зейнолла Қабдоловпен бірге келіпті. Келе жатқанда жаңбыр жауып тұрған екен. Ал бізді алып, перзентханадан шыққанда, жаңбыр басылып, күн шығыпты. Сонда Зейнолла аға әкеме: «Тауман, бұл бір ерекше белгі сияқты. Есімін Азамат қояйық», – деп Азамат қойыпты. Ол уақытта Азамат деген есім сирек кездесетін. Содан біз үйге келгенде, Хамит Ерғалиев әкемді құттықтап, «Мен Азаматтың өкіл әкесі боламын» деп, «Азамат» деген поэма жазып әкеліпті. Сол уақыттан бері Зейнолла аға мен Хамит аға екеуі «Азаматтың өкіл әкесі менмін» деп, сөз таластырып келген екен (күліп). Ал 20 жыл өткен соң, Хамит аға тағы да «20 жыл өткен соң», – деп, поэма жазып, әкеме сыйға тартты.

– Сіздердің ортақ ұқсастықтарыңыз қандай? Салыстырып көрдіңіз бе?

– Біздің отбасымыздың дәстүрлі ұқсастықтары болар, әкем әділетсіздікке төзе алмайтын, мен де мұндай жағдайды көрсем, көз жұма қарай алмаймын. Осы қасиет балаларымда да бар. Сосын, адам барлығына өз еңбегімен жету керек. Нағыз еңбекпен жеткен дүниеге еш нәрсе тең келмейді. Әкемнің бізге айтқан осындай өсиеттері өмір жолымда үлкен септігін тигізіп, менің өмірлік кредома айналды.– Өмірде неше түрлі жағдай болады. Сіз әкеңіздің атын пайдаланып көрдіңіз бе?

– Әкем ондайды жақтырмайтын. Бірақ, әкемнің атын өмірімде бір рет пайдаланып көргенім бар. Баяғыда әкеме «Москвич» автокөлігін сатып алу үшін лимит берген болатын. Біз сол көлікті алуға кезегімізді көп күттік. Неше рет бардық. Бірақ, біз барғанда көлік үнемі бітіп қалады да, бізге «келесі айда келіңдер» дейді. Содан, кезегіміз тимейтін болған соң, таныстарымнан осы көлік мәселесін «шешетін адамды тауып беріңдерші», – деп өтіндім. Бұл– 1990 жылдар болатын. Таныстарым келесі күні көлік беру мәселесімен айналысатын адаммен кездестірді. Кездесуге ұлты шешен екі жігіт келді. Оларға әкемнің соғысқа қатысқанын, ал осы күнге дейін көлік ала алмай жүргенімізді айттым. Олар маған: «1500 мың төле», – деді. Не үшін десем: «Біздегі жүйе сондай» дейді. Сосын мен: «Жігіттер, сіздердің ақсақалдарыңыз бар шығар. Оларға Тауман Амандосов кезекте тұрғанын, және оның Хамит есімді досы болғандығын айта барыңыздар. Сосын кездесе жатармыз», – дедім де, кетіп қалдым. Үш күннен соң олар маған қоңырау шалып, қайтадан кездесуге шақырды. Кездескенімізде, ақсақалдары Хамиттың бала-шағасын алып, Чешенстанға өз еліне оралғандығын, бірақ Тауман Амандосовтың оларға көрсеткен достық көмегін ұмытпағанын және осы көлік мәселесін шешуге көмектесетіндігін жеткізіп, сәлем жолдапты. Әкемнің жақсылығы алдынан шықты деуге болады. Көліктердің ішінен бізге ең жақсысын таңдап берді. Бірақ, соның өзінде әкем маған: «Неге олай айттың?» деп, ескерту жасады. Кейін, әкем өмірден озған соң, көбісі менің Тауман Амандосовтың ұлы екендігімді біліп, танып, көмектерін аямайды. Бірде, ІІМ-де құжаттарымды реттеп отырсам, генерал тегімді көріп, «сен Тауман Амандосовтың ұлысың ба?» деді. Сосын дереу менің құжаттарыммен айналысатын адамды шақыртып, жұмысымды бітіріп берді. Өзі болмаса да, көзін көргендер әкемнің есімін әлі күнге дейін құрмет тұтады. – Әкеңізбен жиі сырласушы ма едіңіз?

– Сырласатынбыз. Бірақ, бала кезден гөрі, ер жетіп қалғанымда жиі әңгімелесетінбіз. Мен әкемді қатты жақсы көрдім. 1991 жылы ол кісі өмірден озды. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Бір жылдай өз-өзіме келе алмай жүрдім. Соңғы сапарға шығарып салар кезде, әкеммен қоштасуға келген адамдардың көп болғаны соншалық, тізбегі Қазақ ұлттық университетінен Абай мен Желтоқсан көшелерінің қиылысына дейін созылды. Әкемнің көпшілікке танымал, құрметті, сыйлы адам екенін білетінмін. Бірақ, осыншама халық жиналғанда, таңданғаным рас. Үйде әкемнен қалған костюм, шапан, домбыралары сақтаулы тұр. Қазір немересі ол домбыраларды атасының көзіндей көріп, қолданып, тартып жүреді.– Балаларыңыздың атасымен қандай ұқсастығын байқайсыз?

– Менің Жәңгір және Әлкен есімді екі ұлым бар. Үлкен ұлым 28 жаста, атасынан айнымай қалған. Ол университетті АҚШ-та оқып, қазір өз елімізде жұмыс істеп жүр. Ал екінші ұлым 22 жаста, ҚБТУ-тің магистранты. Екеуі де аталарын үлкен мақтанышпен еске алып отырады. Қазір өзім де ата болдым. Жәңгір баламнан Тая есімді немерем бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

03.10.2011

Салтанат ҚҰМАБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетiнiң

4 курс студентi

Серіктес жаңалықтары