ПАРСЫ ЖҰРТЫНАН ПАНА ТАПҚАН
ПАРСЫ ЖҰРТЫНАН ПАНА ТАПҚАН
Үстiмiздегi жылдың қазан айының 13-19 аралығында Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бiрiншi орынбасары Т.Мамашев бастаған бiр топ делегация Иран Ислам Республикасына iс-сапармен барып қайттық.
Бұл елге барғандағы мақсатымыз – осы елде тұратын қандастарымыздың өмір-тіршілігімен танысу еді. Делегацияны әуежайдан Қазақстан Республикасы елшілігінің қызметкері Бекмұрат Қайдаров және қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алып, «Фирдауси» қонақ үйіне орналастырды. Біраз тынығып алған соң Тегеран қаласындағы әйгілі кілемдер музейі мен Шах сарайын тамашаладық. Сол күні Қазақстан Елшілігі үйіне де барып қайттық. Ол жерде бізді Төтенше және өкілетті елші Бағдат Әміреев іссапарда болғанына байланысты ол кісінің орынбасары Оңталап Оңалбаев қабылдады. Ол кісімен сол елде тұратын қандас бауырларымыз жайлы біраз әңгімелестік.
Ертеңінде қазақ диаспорасының өкілдерімен жолықтық. Зиялы қауым өкілі – Әбдіқадыр Қазақ Иранның мұнай компаниясы «Iran oil»-де істейтін инженер. Бұл азамат өз ісінің білгірі. Оның жанұясымен жақын таныстық. Үстіміздегі жылы үлкен ұлы Бехнам университетке оқуға түсіпті, кіші ұлы Мұхаммед мектеп оқушысы.
Иран радиосы қазақ бөлімінің тілшілері, ерлі-зайыпты Жапарбай Шатқам мен Айша да кездесуге қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Тегераннан шағын автобусқа отырған біз Мазандаран провинциясының орталығы Сари деген қаланы басып өтіп, атақты Эльбрус тауларының жоталары арқылы, ондаған туннель мен көпірлер арқылы өтетін тас жолмен жүрдік. Иранның солтүстік-шығыс аймағының жасыл ағашы мол керемет табиғатын тамашалаумен болдық. Жолдың екі жағы бау-бақша, неше түрлі жеміс-жидек өсіп тұр. 400-ден астам шақырым жолды 6 сағаттай жүріп, кештетіп қандастарымыз көп шоғырланған Гүлістан облысының орталығы Горган қаласына жеттік. Бұл елдің жолдарына тамсанып қайттық. Үш километр тау асты тунельді небәрі отыз айда салған екен. Халқының еңбекқорлығы деп осыны айтуымыз керек. Иран сапары күндері қазақтар ең көп тұратын Мазандаран және Гүлістан провинциялары, Горган, Бендер Түрікмен, Сари және Күмбет қалаларында тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен жүздестік. Әрбір кездесуге қазақ диаспорасының көптеген өкілдері жиналды. Ауылдың ұйтқысы болып жүрген Саттарбай Бәли қажының айтуынша Иранда сегіз мыңға жуық қазақ өмір кешуде. Олар: Бендер Түрікменде 500 отбасы, Горганда 400 отбасы, Күмбетте – 250, Тегеранда – 20, Аракта – 3, Ассалуиде1 – 2, Мешхедте – 18 отбасы, Сариде – 2, Шабахарда – 4 отбасы т.б. Бұлар 1931-1933 жылдары Қазақстанда Голощекиннің қолымен жасалған «кіші қазан төңкерісі» салдарынан орын алған ашаршылық кезінде қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары өңірінен Түркіменстанға, кейін Иранға өткен.
Бұлардың жағдайлары жақсы болғанымен кейбір жастары қазақ тілін білмейді. Үйренуге құлшыныстары зор. Жоғары білімі барлар көп емес. Үкіметтік қызметтегі қандастарымыз – Күмбет қаласының жылу басқармасының бөлім бастығы Әбдірахман Қазақ, эпидемолог Мехрдет Чалақ пен Мәскеуде П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің түлегі, қалалық электрмен қамту бөлімінде инженер Задсар Ескелдіні атауға болады. Бехруз Чалақ Ирандағы кәсібін Ақтауда жалғастырып, жылыжай орнатып, көптеген ағайынды жұмыспен қамтып жүрген ұлтжанды азамат. Ал, Абдулла Жеменей ядролық физика маманы, ұстазы Махмуд Жеменей, Пирамун Шахпур белгілі кәсіпкер, Зәкәрия мен Зиба Шадқамдар Иранның телеарнасында тілші қызметтерін істеген. Қыз-келіншектері үйде кілем тоқумен айналысады. Абдулвахит Бәли Горгандағы консулдықта көмекші қызметкер. Ол күрестен Иран универсиядасының чемпионы болыпты, жарақат алғаны себепті спорттан ерте кеткен. Жақында Ақкербез есімді қалыңдығымен үйленіп, той жасамақшы.
Қазақтардың біразы ұстаздық, дәрігерлік, бухгалтерлік, салықшы, банкир, тоқымашы, телеграф қызметтерін атқарып, зейнеткерлік демалысқа шығыпты (30 жыл еңбек өтілі болса, жасқа қарамайды), ал кейбіреулері ұзақ жолға шығатын автокөлік жүргізушілері екен. Сари қаласындағы колледжде оқыған, сәулетші Ғафур Қазақ домбыра тартып, ән айтады.
Маңғыстау облысының Жарыққазған ауылында дүниеге келген Жаңбыр Аманияз (94 жаста) атаның алты ұл мен екі қызы бар. Олардың екеуі Жаңаөзенге көшіп келіп, атамекенде кірпіш болып қаланыпты. Осы Жаңбыр атамыз жыршы әрі домбырада ортекені жақсы ойнатқан екен. Жалғас Табынай (93 жаста), Шегленбай Олжасы (86 жаста), Назым апаның (83 жаста) денсаулықтары жақсы, қазақ даласында орын алған ашаршылық жылдарында Маңғыстаудан түрікмен жеріне барып паналаған қазақ ауылдары Иран жеріне шарасыз өткен. «Түрікмендердей емес, парсылар бізге тиіспеді. Түрікмендер болса, малымызды және жас қыздарымызды тартып алып, бізге зорлық-зомбылық көп жасады», – дей келіп, бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне шексіз қуанышын, оның баянды болуын тілейді қариялар. Сондай-ақ, басында Иран үкіметі: «бұл не қылған адамдар, мүмкін келген іздерімен қайта кетіп қалар деп біраз жыл бізді сынап көрді, ақыры ешкімде қақымыз жоқ, өзімізбен өзіміз өмір сүріп жүрген бейкүнә бір адамдар екенімізді білген соң, бізді жайымызға қалдырды. Бірақ сол жылдары күнкөріс қиындығынан және ауру-сырқау салдарынан көп адамымыз, бала-шағаларымыз қырылып кетті. Әрең деп Иран азаматтығын қабылдаған соң жағдаймыз оңала бастады», – дейді алғашқы Иранға келген уақытын еске алған Назым апа.
Иранда он сегіз жасқа толған ұлдар бір жарым жыл әскери борышын өтеу міндетті екен. Бір үйден үшеуі әскери қызметін атқарған болса, олардан кейінгі ұлдар әскерден босатылады екен. Әскерде тәртіп күшті. Ешқандай зорлық-зомбылық жоқ. Сондықтан барлығы әскерге баруға құлшынады. Иран заңы бойынша жас жеткіншектер кәмелеттік жасқа толып, әскери борышын өтемесе оларға шетелге шығу төлқұжаты берілмейтін көрінеді.
Иран жастарына көлік кептелісі ең қолайлы сәт! Осы уақытта қыз бен жігіт бір бірімен телефон номерлерін алмасып, танысуларына мүмкіндік алады. Әйелдер қара киініп жүреді, егер ала киімі болса, ол күйеуге шықпаған қыз. Қоғамдық көліктерде ерлер мен әйелдер бөлініп отырады.
Қазіргі жастардың аттары парсы тілінде. Иранда жаңа туған нәрестелерге қойылатын аттар тізімі бойынша ғана есім беріледі деп түсіндік. Ақкербездің төлқұжатындағы аты – Сумайе. Ал қазақ жастары бір-бірімен танысып, келіскен соң ата-аналарының батасын алады. Құда түседі. Барлық салт-дәстүр сақталған.
Қазақ диаспорасы өкілдерінің сұрақтары бойынша Қауымдастық тарапынан Қазақстанның бүгінгі саяси жағдайы мен көші-қон мәселесі жөнінде түсінік берілді. Олар Қазақстанға көшіп келген кезінде бұрынғыша үй берілсе деген тілектерін білдірді. Делегациямен бірге барған, халықаралық конкурстардың лауреаты, Мәдениет қайраткері, әнші Нұржан Жанпейісов өз өнерін көрсетіп, әнмен тарту етті. Ел-жерін сағынған қариялар көздеріне жас алып, тебіреніп отырды.
Тонукабонд, Рамсар саяжай демалыс орындарын тамашаладық, Каспий айдынында қайықпен жүздік. Осы орайда Төлеген Айбергенов ағамыздың «Ақ ерке – Ақ Жайық» өлеңіндегі:
Өзіңсің жаным, жаңғыртқан әнім,
Каспийдің толқын таулары.
Сенбісің көгілдір махаббатым,
Ал қызыл алаулы таңдарым, – деп жырлағаны еске оралады.
Сондай-ақ, осы елдің Шахар Махал Бақтияри провинциясында жүз мыңға жуық жалайырлар тұрады деп естідік. Бұлар қазақтың бір руы екені белгілі. Мажарстандағы қыпшақтар сияқты тілін жоғалтқанмен өздерін қазақпыз деп есептейді екен. Жер шалғай болған себепті олармен кездесуге уақыт тапшы болды. Болашақта осы ағайындарды зерттеу қажет деп түйдік.
Қазақстан Тәуелсіздік алған 20 жылда Ираннан 500-ден астам отбасы атамекенге ат басын тіреген, солардың ішінде алғашқы рет Иран қазақтары арасында жоғары білім алған, заңгер Мұхаммед Ескелді, ғалым Ислам Жеменей, ағылшын тілінің маманы Маржан Адай, кәсіпкерлер Нуриддин Ишан, Ақәли Чалақ, Ғафур Қазақ, Алматыда оқыған Юсуп Пілтан, Маниже және Зүбайда Шатқам т.б. бар. Осылардың жолын қуып, атажұртқа келуге «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін күтіп отырған ағайындар да баршылық. Соңғы уақытта көш тоқырап қалғаны баршаға мәлім. Талантты ақын Жәркен Бөдешұлының:
« … Сонау қиыр шалғайдан
Қашан келер қалың көш»,–дегендей алыстағы ағайынның амандығын тілеп, парсылардың жыл санауы бойынша 1390 жылғы 29 тамызда әсем Алматыға оралдық.
Иран елінде өткен сапарымызға үлкен көмек көрсеткен Дәуренбек Ырысқалиға, Оңталап Оңалбаевқа, Дәулет Ембердиевке және Бекмұрат Қайдаровқа ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi