ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ
ашық дереккөзі
266

1942 жылғы тамыздың 8-iнде офицерлер курсын бiтiргендер үшiн салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оған дәл бiр мерекедей дайындық жасалды. Таңертең ертемен барлық жер тазаланды. Легион командирi майор Эрник өте көңiлдi болатын. Барлық төсбелгiлерiн кеудесiне тағып, жалтыраған шпорларымен жаңа офицерлердiң бөлмелерiне кiрiп, барлығымен әзiлдесiп жүрдi. Түске қарай барлық легион офицерлерi барактардың алдына жиналды. Кейбiр немiс офицерлерi Түркiстан легионына алынған әскерлердiң жандарына келiп, қолдарын қысып, дос-жолдас болуға ықылас бiлдiрiп жатты. Немiс офицерлерiнiң көздерiнен кешегi күнгi тұтқындардан бiр армия жасақтаудан, офицер дайындап шығарудан туындаған мақтаныш пен тебiренiстi көруге болатын. Алайда түркiстандық әскерлер арасында осы үшiн оларға өзiн борышты санағандармен қатар, iштей тiсiн қайрап, өшiгiп тұрғандар да баршылық едi. Олар әсiресе, тұтқын лагерьлерiнде шеккен азаптарын әлi ұмыта алмай, iштей кектенiп, өздерiне ерiк берiлер күндi шыдамсыздықпен күтiп жүрген едi. Олар кейiнiрек шығыс Польша ормандарына шыға сала, жандарындағы азғана немiстi өлтiрiп, қашып кетедi.

4.ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЕРЛЕРIНIҢ ЖАТТЫҒУ ЖҰМЫСТАРЫ

Барлық офицерлер жиналғаннан кейiн Түркiстан мен немiс туларының астында сап түзедi. Бiр шетте Бас қолбасшылықтан келген қонақ офицерлер мен легионның немiс офицерлерi, екiншi шетте түркiстандық офицерлер тұрды.

Командир майор Эрник Түркiстан легионының офицерлерiнiң есiмдерiн, шендерiн және тағайындалған батальондарын оқыды. Түркiстан легионы бес ротадан тұратын. Әр ротада төрт взвод, бiр взводта отыз солдат болатын. Дағшы үшiншi ротадағы бiр взводқа командир болып тағайындалды.

Немiс армиясында Түркiстан легионынан басқа, әзiрбайжандардың, қырым мен едiл татарларының легиондары да бар болатын. Аталмыш түркi әскери бөлiмдерiнiң жағдайын алғашқы жылдары Бас қолбасшы маршал Браучитш, ал кейiнiрек маршал Кейтель жақыннан қадағалады. Ерiктi түркi бөлiмдерiнiң командирлерi – генерал Хайгендорф, штаб полковнигi Ридель, полковник Хейс секiлдi немiс әскерилерi болатын.

Дағшылардың ротасындағы басқа взводтарға командир болып бiрi өзбек, бiрi қазақ және бiрi тәжiк ұлтынан үш түркiстандық тағайындалды. Осылайша Дағшы Түркiстан легионындағы әскери қызметiне ресми түрде бастады. Олардың ротасының мiндетi – жаз бойы легионға әкелiнген тұтқындарды әскери жаттығуларға баулу болды. Роталарындағы взвод командирлерiнiң арасында тек тәжiк командир ғана онша шүйiркелесiп сөй­лесе бермейтiн, томаға-тұйық кiсi едi. Дағ­шы өз ротасындағы қазақ, өзбек взвод командирлерiмен жақсы қарым-қатынаста болды. Уақыт өте келе араларындағы достық қарым-қатынас шыңдала келе, жан аямас дос­тар болып кеттi.

Лагерьге әкелiнген тұтқындардың ең алдымен кем дегенде екi апта жақсылап тамақтанып, әлденiп алуларына жағдай жасалынатын. Содан кейiн оларды роталар мен взводтарға бөлiп, екi айлық немесе үш айлық әскери жаттығулардан өткiзетiн. Дайындықтан өткен әскерлердi темiр жол желiлерiн немесе қару-жарақ қоймаларын күзету үшiн шығысқа жөнелтетiн. Олардың орнын тұтқын лагерлерiнен жаңадан әкелiнген түркiстандықтар толтыратын. Түркiстандық әскерлер легион құрылғаннан бастап, бiр жыл бойы әскери жаттығуларда жалған оқтарды қолданып жүрдi. Бұл — түркiстандық әскерлердiң легионнан қашып кетпеулерi үшiн ойластырылған сақтық шарасы едi. Өйткенi қолындағы қаруға нағыз қорғасын оқ салынбаған соң әскердiң легионнан тыс жерде өз қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуi мүмкiн емес-тұғын.

Дағшы мен жанындағы әрiптес дос­тары офицер курстары аяқталған күннiң ертеңiнде өздерi жатқан казармадан легион әскерлерi үшiн бөлiнген ғимараттарға көшiп барды. Үш күннен кейiн Легионоваға жаңа тұтқындар әкелiндi. Олар да жан аярлық күйде едi. Аштықтан семiп қалған денелерiнен сүйектерiн санап алуға болатын. Жаңа келгендер Түркiстан легионының әскерлерiне бiраз үркек көзқараспен таңдана қарап тұрды. Бiрақ олардың да екi-үш айдан кейiн сайдың тасындай мықты сарбаз болып шығатындықтарына еш шүбә жоқ-тұғын.

Бастапқыда олардың иiндерi түсiп, тұтқын лагерлерiндегiдей именшiктеп жүрдi. Кейiннен жайлап жаңа тұрмыстарына да бой үйреттi. Түркiстандық әскерлер Кеңестер одағында атеистiк тәлiм-тәрбие алғандықтарына қарамастан, дiни сенiмдерiн жоғалта қоймаған едi. Олардың бiр бөлiгi сыртта таза ауада топтасып серуендеп жүрсе, басым бөлiгi бөлмелерiнде немесе қарағай ағаштарының саясында намаз оқып жататын. Жұма намаздарын да топтасып, алаңда бiрге оқитын.

Жаттығулар екi аптадан кейiн басталды. Алдымен жеңiл түрде әскери бiлiм берiлдi. Мұнда әлсiреп келген тұтқындар бiртiндеп күш жинап, мықты әскерге айналды. Денсаулықтарымен қатар, рухтары да тыңайды. Бәрiнiң жүзiне қан жүгiрiп, көздерi от шашып тұрды. Олар ендi бос уақыттарын тек дұға оқумен, намаз оқумен өткiзбейтiн. Кей күндерi қалаға барып қайтатын. Тiптi араларындағы кейбiреулерi қалада iшкен шараптарының әсерiмен легионға масаңдау күйде оралатын.

Екi ай бойы берiлген әскери бiлiм мен жаттығулардан кейiн әскерлер майданға жөнелтуге дайын тұратын. Олар майданда жаңбырша жауған оқтың астында, судай аққан қанды кешiп жүретiндiктерiн ұғына қоймағандықтан ба, жоқ әлде, елi үшiн өлуге дайын тұрғандықтан ба, әйтеуiр, майданға баруды шыдамсыздықпен күтетiн.

Легиондағы әскерлер үшiн «Түркiстан» және «азаттық» деген екi қасиеттi ұғым бар болатын. Олар осы жолда күресiп, осы мақсатта жанын пида етуге дайын едi. Осылайша елдерiндегi дiни және рухани құндылықтардың жоқшысы болар күндi күтетiн. Күнде таңертең жаттығуға шықпас бұрын батальон имамдары уағыз оқып, насихат айтатын. Осы имамдардың «Мешiттерiмiздi дiннен безген атеист орыс­тардан құтқарамыз ба?», – деген сауалына әскерлердiң бәрi бiр ауыздан «Әрине, құтқарамыз», – деп жауап беретiн. Легиондар арасында тiл мәселесiне де үлкен мән берiлетiн. Ана тiлiн қорғап, құрметтеу де отансүйгiштiктiң бiр үлгiсi ретiнде бағаланатын. Әскерлердiң бiреуi сөйлесiп жатқанда қателесiп немесе аңғармай орысша сөз айтып қалса, жанындағылар «Алла әр халыққа бiр-бiр тiл нәсiп еткенi секiлдi бiзге, түркiстандықтарға да өз тiлдерiн нәсiп еткен», – деп ренiш бiлдiретiн.

Жаңа келген тұтқындар арасында Мұқан деген астрахандық қазақ Дағшының назарын өзiне көбiрек аударды. Дағшы әскери тәлiмдер кезiнде Мұқанның ат үстiндегi жаттығуларын немiстермен бiрге қызыға та­ма­шалайтын. Ат бар екпiнiмен шауып бара жатқанда Мұқан аттың үстiнен секiрiп түсiп, қайта секiрiп мiнетiн. Кейде бар екпiнiмен шауып бара жатқан аттың жалына оралып, автоматты қарумен отыз қадам әрiдегi темекi құтысын көздеп ататын.

Легионға тұтқын лагерлерiнен үнемi жаңадан тұтқындар әкелiнiп, легионерлердiң саны уақыт өткен сайын көбейiп жатты. Алты айдан кейiн легиондағы әскер саны үш жүз мыңға шығады деген сөздер де айтылып қалып жүрдi. (Ертүрiк түрiк легиондарына қосылған ерiктiлердiң саны 1942 жылдың күзiне дейiн 260 мыңға жеткенiн жазады. Олардың саны 1944 жылы 900 мыңға дейiн жеткен едi. Бiрақ немiстер түркi әскерлерiнiң санын асырып, көбейтiп көрсеткiсi келмейтiн. Икрам Хан 1944 жылы бұл санның бiр миллионға жеткенiн жазады). Әскерлермен күнде қатаң жаттығулар өткiзiлетiн. Легионованың көшелерi таңертеңнен кешке дейiн «Сенiң жолыңда жанымыз құрбан болсын, Түркiстан!»,– деген ұрандармен тербелiп тұратын.

Жергiлiктi халық күнде жаттығуларын көрiп жүрген түркiстандық әскерлерге бiраз тосырқап, үреймен қарайтын. Олар тiптi «Түркiстан» деген сөздiң қандай мағына беретiнiн де бiлмейтiн, ал түркiстандықтарды моңғол деп ойлайтын. Көшеде ойнап жүрген балалар түркiстандық әскерлердi көрген кезде «моңғолдар, моңғолдар» деп бақырып қашатын. Сондай-ақ әскерлердiң үстiндегi немiс униформасы да поляктардың бойында қорқыныш сезiмiн тудыратын. Түркiстан әскерлерi осы униформаларының суық сұсымен барған жерлерiнiң бәрiнде үрей шашушы едi. Түркiстан әскерлерiнiң бiр бөлiгi Алмания мен Кеңестер одағы арасындағы соғыстың өздерiне қатысы жоқ екенiн бiлетiн. Өздерiне қатысы жоқ соғыстың құтыра соққан құйыны оларды iлiп әкетiп, небiр сұрапыл дауылдардың арасынан алып өтiп, осында тастаған едi. Бұл жерде оларға «сендер тұтқын емессiңдер» дейтiн. Рас, тұтқын лагерлерiндегi секiлдi аш-жалаңаш емес едi. Бiрақ iштей өздерiнiң тұтқын екендiктерiн сезiнетiн. «Бiз бұл жолды бiрге жүрiп өттiк» романының кейiпкерi Таулы болса оларды «азаттығына қауышқан тұтқындар», – деп атайды. Легионерлер арасында осындай мiндеттi әскерлiктен қашуды ойлайтындар да табылып қалатын. Бiрақ қашып кеткенмен, тiрi қалулары екiталай едi. Соған қарамастан олар өзара қалғанда осы тақырып төңiрегiнде әңгiмелесуден бас тарта қоймайтын. Легионнан қашқандар өлiм жазасына кесiлдi. Қашқындар ұсталған жағдайда әскери трибунал жарты сағат, көп болса, бiр сағат iшiнде оларды өлiм жазасына кесiп, бiр қабырғаның түбiнде атып өлтiретiн. Сондықтан өмiр сүргiсi келетiндер амалсыз легионерлiк ойынын әрi қарай жалғастыруға мәжбүр болатын. Легионда қалу немесе легионнан қашу мәселесi – өлiм мен өмiр арасында таңдау жасаумен пара-пар саналатын. Немiстер Түркiстанды азаттығына қауыш­тыруға уәде берiп, түркiстандық әскерлердiң немiстердiң қару-жарағы мен қаржылай қолдауы арқылы өз елдерi мен халқын қанқұйлы коммунист көсем Сталиннiң шеңгелiнен құтқара алатындықтарын айтатын.

Сондай-ақ немiс үкiметiнiң түркiстан­дықтардың Кеңестер одағынан бөлiнiп, жеке тәуелсiз мемлекет құруларын жақтайтынын тiлге тиек етiп, Түркiстан легионын да осы мақсатта құрғандықтарын бiлдiретiн.

Немiстердiң бұл сөздерiне сенетiндермен қатар, сенiмсiздiк танытатындар да кездеседi. Олар өздерiн немiстердiң жеке мүдделерi үшiн қолданып жүргендiктерiн сезетiн. Ал бiр бөлiгi болса, бiрнеше ғана мың түркiстандық әскерден құралған бiр армиямен Түркiстан өз тәуелсiздiгiне қол жеткiзедi деген пiкiрдi ақылға қонымсыз деп санайтын.

Сонымен қатар, нәсiлшiлдердiң жоға­ры нәсiл жөнiндегi көзқарастары да түркiс­тандық әскерлерге ұнай бермейтiн. Өйткенi немiстердiң нәсiлдiк жiктемесi бойынша татарлар мен Орта Азияның түркi халықтары «төменгi топтағы азиялық нәсiлдi» құрайды. Нәсiлшiлдердiң ойынша олар славяндардан да төмен, тiптi «ұнтерменсжһ», яғни «адамнан да төменгi мақұлық» болатын.Бұл көзқарастың орынсыз екендiгiн өзара пiкiрлесiп, талқылайтын. Бұл турасында бiр түркiстандық әскер: «Өздерiн жоғары нәсiлмiз, таза қандымыз деп ойлайды, ал мен болсам, ферғаналық бiр өзбек диханды мың Герр Францқа айырбастамас едiм» дейдi. Олар легионда есiктерiне «Нұр фүр Деұцжһен» деген ескертпелер асылған дәретханаларды да осы көзқарастың жемiсi ретiнде көретiн. Бiр әскер осы жайтты мысқылдап «Тура бiр нәжiстерiне дейiн бiздiңкiлерден басқаша секiлдi акация ағашының түбiндегi ағаш дәретхананың есiгiне «Нұр фүр Деұцжһен» деп жазып қойыпты» дейдi.

Соған қарамастан Түркiстан легионы сапынан орын алу түркiстандық әскерлер үшiн үлкен мақтаныш сезiмiн тудыратын. Өйткенi сол кезге дейiн оларға «Түркiстан армиясы» деген сөз қиял секiлдi көрiнетiн. Патшалық Ресей кезеңiнде Түркiстанның ұлттық армия­сын құру былай тұрсын, түркiстандықтар патша әскерi құрамына әскерлiкке де алынбайтын. Ал кеңес дәуiрiнде болса, өз бастарына жеке-жеке одақтас республика болып саналған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркiменстанға өздерiнiң ұлттық армияларын құру құқы берiлмеген едi. Тек қана Кеңес армиясы бар болатын. Мiне сондықтан да, «Сұрапыл жылдар» романында бiр түркiстандық әскер ұлттық армияға деген арман сезiмiн «Ендi өз әскерiмiз бар. Түркiстан әскерi бар» деп мақтанышпен бiлдiредi. Мiне бұл – олар үшiн ең тамаша жайт болатын.

Сондай-ақ легионда үнемi Түркiстан мен оның азаттығы туралы әңгiмелердiң айтылуы да әскерлердiң құлағына жылы тиетiн. Осы себептi бiр әскер Түркiстанның тәуелсiздiгiнiң бiр қиял екендiгiн, оның жүзеге аспайтынын айтқан бiреуге «Сен тыныш тұршы! Қиял болса қиял болсын! Оған сенiң нең кеттi? Барлығы Түркiстан үшiн емес пе?» деп жауап қайтарады.

27.10.2011

Әбдiуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Стамбул қаласы

Серіктес жаңалықтары