ҚАЗАҚ МЕКТЕБIН ҚАЛАЙ АШТЫҚ?

ҚАЗАҚ МЕКТЕБIН ҚАЛАЙ АШТЫҚ?

ҚАЗАҚ МЕКТЕБIН ҚАЛАЙ АШТЫҚ?
ашық дереккөзі
246

Бiздiң байқағанымыздай, облыс көлемiнде аралас мектептер өте көп екен. Сол секiлдi бiздiң Үржар ауданында да аралас мектептер аз емес, егер дәл санын айтатын болсақ- 10 мектеп. Негiзiнен орыс сыныптарында оқитындары қазақ балалары. Мiне, осы аралас мектептердi қалай ұлттық мектептерге айналдыру керек, мәселе осыда. Биылғы оқу бiтiрген орыс сыныптарының оқушылары 90 балмен жоғарғы оқу орындарына оқуға түсiп кеттi. Ал 96 балмен қазақ сыныптарын бiтiрген жасөспiрiмдердiң бiразы оқуға түсе алмай қалды. НЕЛIКТЕН? Осы жөнiнде қазiр көпшiлiк ата- аналар абыржу үстiнде. Кейбiрi орыс сыныптарына балаларын қайтадан берiп жатыр. Бұны ойлайтын кiм бар? Бiрақ, бiзге қалай да аралас мектептердi азайту немесе мүлде жою керек. Сонда ғана қазақ сыныптарын бiтiрген оқушылардың өрiстерi кеңейiп, жолдары ашылады.

Мiне, кезiнде Ақмола облысының Есiл ауданының әкiмшiлiгiнде iстеп жүрген кезiмде ұйымдастырған әрi iске асырған еңбегiмдi, облыстық бiлiм беру департаментiнде отырғандарға, әрбiр аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшылары мен мектеп мүдiрлерiне үлгi болсын деп жазып отырмын.Есiл ауданындағы Игiлiк ауылы негiзiнен қазақ әулеттерiнен тұрады деуге болады. Көшелерi түзу, үйлерi сәндi-ақ. Тұрғындарға қызмет көрсету орындарының заманға сай салынған биiк те әдемi ғимараттары ауылға жарасым берiп, алыстан көз тартады.

Ел тұрмысы да, сондай-ақ, ауыл экономикасы да жаман емес. Тек, жетiспей тұрғаны бiр қазақ мектебi болатын. Әрине, үлкендердiң айтуы бойынша, ертерек кезде қазiргi орыс мектебiнiң орнында қазақ мектебi болған. Тек, солақай саясаттың сал­дарынан жабылып, орыс мектебi болып қайта құрылған. Содан өткен жылы ғана алғашқы қазақ кластары ашылып, бiраз қара домалақ балдырғандар өз ана тiлiнде оқи бастаған едi.

Осы ауылға анда-санда келiп-кетiп жүрiп, ойыма жақсы бiр iстiң жүйесi келгенi. Ауылдағы орыс мектебi деген атты өзгертiп, қазақ мектебi деген мәртебе беру керек. Өйткенi мұндағы ауыл тұрғындарының басымы қазақтар. Мектепте де басымы солардың балалары. Тек көпшiлiгi орыс тiлiнде оқиды. Қазақ мектебi деген мәртебе берсек, өткен жылы ашылған қазақ сы­ныптарына жол ашылмай ма? Және жылда бiр сынып ашып отырғаннан мынау әлде қайда тиiмдi емес пе? Бұлар еш кедергiсiз жылдан-жылға жоғарылап кете бередi ғой. Ал орыс сыныптары болса, осы жаңадан ашылған қазақ мектебiнiң құрамындағы орыс сыныптары болып қала бередi.

Осы үшiн арнайы барып, мектеп директоры Мұхаметқали Жақыповпен кеңесiп, ойластық. Ол кiсi де жаңа iске қарсы емес екенiн бiлдiрдi. Тек, мұғалiмдер ұжымымен келiсiп, жиналыс өткiзу және осылай болсын деген бiрлескен құжат дайындау керек. Ал Игiлiк мектебiнде ол кезде жетi жүздей (700) оқушы бар болатын. Содан мектеп директорымен бiрге ауыл әкiмiне барып, ол кiсiмен де кеңестiк. Ол ағамыз да бұл iске көндi.

Әрине, мектеп ашу үшiн бұрынғыдай жоғары жаққа хат жолдау қажет емес, жергiлiктi жердегi ұйымдардың өздерi шешу керек. Сөйтiп, мұғалiмдер ұжымының жиналысы болып, бәрi бiр ауыздан қолдаған соң, сол арада құжат толтырылып, орыс тiлiндегi Игiлiк орта мектебi қазақ орта мектебi деп өзгертiлдi. Ал орыс сыныптары қазақ мектебiнiң құрамында қала бередi. Бiрнеше жылдан соң орыс сыныптарына қазақ балалары баруды қойды. Сөйтiп кезiндегi орыс мектебi, артынан аралас мектеп болған бiлiм ұясы таза қазақ мектебi болып шыға келдi.

Әрине, бұған оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi Владимир Карлович Финк те қарсы болған жоқ. Сонымен Есiл ауданында тұңғыш қазақ мектебi осылай ашылған болатын.

Менiң бұны айтып отырғаным, облыс, аудан көлемiндегi бiлiм басшыларына нақты тәжiрибе болсын деген ой. Бiз сонда ғана Қазақстанды нағыз қазақ елiне айналдыра аламыз.

27.10.2011
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

Шығыс Қазақстан облысы,Үржар ауданы.

Серіктес жаңалықтары