АЛТЫН БЕСІКТІ ҚАЙТАРУ
АЛТЫН БЕСІКТІ ҚАЙТАРУ
Ауылдың тағдыры елдiң дамуымен тамырлас. Халықтың көп бөлiгi тұратын ауылдық жерлердегi тұрмыс деңгейi жақсарса, нәпақа iздеп, тиын-тебен үшiн қалаларға ағылатын азаматтардың қатары азаяр едi.
«Қазақстанда, әсіресе басқарудағы экономика кезінде, ауылдық жерлерге адамдарды қоныстандыру нарықтық экономика тұрғысынан да, әлеуметтік, сондай-ақ экологиялық себептерден де сәтсіз жүзеге асуы тарихи жағдай еді. Соның нәтижесінде, көптеген ауылдық аймақтардың экономикалық тығырыққа тірелуі байқалды» деді Елбасы бір сөзінде.
Осыдан оншақты жыл бұрын тұрғын халықтың 43 пайызы ауылдарда өмір сүретін, қазіргі таңда 7 миллионнан астам адам немесе тұрғын халықтың 47,2 пайызы ауылда тұрады.
Осы көрсеткіштен-ақ қандай да әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға және ішкі миграция барысына қарамастан ауыл халқының демографиялық өсімі қарқынды екені айқын байқалады. Кей мәліметтерге қарағанда, ауылдық жерлердегі туу көрсеткіші қалалармен салыстырғанда 15-20 пайыз жоғары. Ендеше, ауылды өркендету – халық санын көбейтудің бірден-бір жолы екені даусыз.
Республикалық Статистика жөніндегі агенттіктің дерегіне жүгінсек, елдегі жыл сайынғы ішкі миграция 300 000-дай адамды қамтиды екен. 1991-2007 жылдар аралығында 4,7 миллион қазақстандық ел ішінде қоныс аударған. Ел тұрғындарының 68 пайыздан астамын қамтыған ішкі миграцияның әлеуметтік-экономикалық себептерін жоққа шығару қиын-ақ.
Әрине, бұл кезеңде астананың Алматыдан Ақмолаға ауыстырылуы осы көшке бірталай ықпал еткені анық. Дегенмен, көштің басым бөлігі күнкөріс қамымен ауылдардан қалаларға қарай бағытталғаны ойландыруы керек-ақ.
Ауылда күнкөріс көзінің азаюы ел тұрмысының төмендеуіне, соның салдарынан ауыл халқының жақын маңдағы ірі елді мекендерге, қалаларға үдере көшуіне себеп болды. Ресми деректерге жүгінсек, 2000-2002 жылдары экономикалық себептерге байланысты 300 елді мекен тарап кеткен.
1995-2002 жылдар аралығында елдегі урбанизация ауқымы 714 489 адамды қамтыған. Олардың 61,3 пайызы өз облысының орталығына қоныс аударса, 38,7 пайызы басқа облыстардағы қалаларға көшкен көрінеді. Дегенмен де, басқа облысқа көшкендердің ішінде көбісі Астана мен Алматыны бетке ұстапты.
Бірнеше жыл бұрын Саяси шешімдер институты қызметкерлері ішкі миграцияның ауқымын анықтау мақсатында республиканың ірі қалаларындағы 2300 адам арасында сауалнама жүргізген екен. Зерттеу нәтижесінде, ірі қала тұрғындарының 47 пайызы мигранттар екені, ал олардың 41 пайызы ауылдық жерлерден келгені анықталған. Сондай-ақ мигранттар үшін Астана мен Батыс Қазақстан облысындағы қалаларға қоныс аударуға ең қолайлы екені атап көрсетілген.
Кейбір әлеуметтанушы мамандар ауылдардан қалаларға жаппай қоныс аудару қарқыны алдағы уақытта да толастамайды дейді. Тіпті болашақта ауылдарда тұрғын халықтың тек 25-30 пайызы ғана қалады деген де болжам бар.
Өйткені бұл экономикалық себептерге ғана емес, әр адамның білім алуға, ақпарат алмасуға, рухани және әлеуметтік т.б. қажеттіліктерін өтеуге байланысты таңдауынан туындайтын нәрсе. Оның үстіне, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әрбір адамның жүріп-тұру, көшіп-қону құқығы бар.
Алайда, ауылдарда адам тұрақтауы үшін ондағы тұрмыс деңгейін көтеріп, бүгінгі заманауи технологияларды жеткізіп, соңғы үлгідегі ақпараттық байланыс құралдармен жабдықтап, азаматтардың сапалы білім алуға, жайлы тұрмыс кешуге, жұмыс істеп, адал табыс табуға және рухани-мәдени сұранысын орындауға болмас па?
Жақында Кәрім Мәсімов өзінің интернет-блогында ауылдық елді мекендердің 40,9 пайызында ғана мәдениет клубтары жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ал кітапхана ауылдардың 49,1 пайызында ғана бар екен.
Тамырын жерден, елден үзгісі келмейтін азаматтарға мемлекет ауылда тұруға барынша жағдай жасауы керек. Мемлекеттік саясаттың көздегені де осы.
Ұлтты сақтаудың өзегі де осында.
Ауыл экономикасын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясат адам өмір сүруіне қолайлы аймақтарда және рынок қалыптастыруға ыңғайлы жерлердегі ауылдарға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталды.
Осыдан бес-алты жыл бұрын, Бүкіләлемдік банк жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өнім өндірісі көрсеткіші бойынша Қазақстанды табысы төмен елдер санатына жатқызған. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнім деңгейі көрсеткіші бір ауыл адамына шаққанда Рессеймен салыстырғанда 1,8 есе, Түркиямен салыстырғанда 3 есе, ал Бельгиямен салыстырғанда 43 есе төмен болған. Сондықтан да ауылды өркендетуді ауыл экономикасын дамытумен қабат жүргізу керек болды.
Қазақстан басшылығы соңғы оншақты жыл ішінде ауылға айрықша көңіл бөліп келеді. 2004-2010 жылдар аралығында Ауылдық аймақтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Ауыл тұрмысын жақсартуға арналған бағдарлама екі кезең бойынша жүзеге асты: 2004-2006 жылдар және 2007-2010 жылдар аралығы.
Осы бағдарламаның бір көрсеткіші ретінде былтыр ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы табысы алты-жеті жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,5 есе өскенін айтуға болар. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендеп, көптеген елді мекендерде білім беру мен денсаулық мекемелері күрделі жөндеуден өткізілді, оларға қажетті құрал-жабдықтар алынды.
Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту ісі әлі жалғасуда. Соңғы жеті жылда орталықтандырылған су жүйесіне қосылған елдімекендер саны 42 пайызға жеткен. Сондай-ақ электр желісін тарту мен газ құбырын жүргізу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асты.
Ауылды қолдау өнім өндірісін арттыру, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүзеге асырылды.
Енді ауылдық жерлерді дамыту мәселесі 2014 жылға дейінгі Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасына енгізілген.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарына қаржылық қолдау көрсетуге арналған «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы жаңадан қолға алынды. Жалпы, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2005 жылдан бастап шағын несиелендіруді жүзеге асыра бастаған еді. Осы мүмкіндікті пайдаланған 70 мыңнан астам ауыл тұрғындары шағын несие алып, кәсіп бастады.
Биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында ауылды қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Әр облыста құрылған арнайы комиссиялар жұмыссыздарды еңбекпен қамту немесе жаңа кәсіпті игеруге көмек беру мәселелеріне жауапты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша басты назар ауылға, елді мекендерге бөлінетінін мәлімдеді. «Бағдарлама аясында бірінші кезекте өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар мен әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар оқуға жіберіліп, жұмысқа тұрғызылады», – дейді министр.
Республиканың 2011-2015 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты Үкіметтің болжамында жан басына шаққандағы ЖІӨ бес жылдан соң 12 мың АҚШ долларына жеткізілмек. Экономиканы шикізат қамытынан арылту мақсатында бірінші кезекте ауылшаруашылығын дамыту мәселелері назарда болмақ. Ол үшін ұқсату кешенін дамытып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу жүзеге асырылады.
Бір қуанарлығы, ауылдарды дамыту мәселесі лауазымды шенеуніктер тарапынан ғана емес, жастар ұйымдары тарапынан да қайта-қайта айтылып жүр. Маусым айында өткен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы осы мәселеге арналды.
Ауыл экономикасын көтеру үшін білікті мамандар керек. Қазіргі таңда ауылдағы кәсіби мамандардың орта жасы 50-ден жоғары. Тіпті ауылға өте қажетті жас зоотехник, мал дәрігерлері де жетіспейді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үш жыл ішінде 13000 жас маман қолына дипломын алып, ауылға кемі бес жыл жұмыс істеуге аттанды.
Елдің түкпір-түкпірінде «Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» атты акция өткізіліп жүр. Жастар бұл марафон аясында саябақтар мен көшелерді абаттандыруға, жаңадан көшет отырғызуға атсалысып, елді көркейтуге үлес қосады.
«Үкімет мойнына жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда, бағдарламалар орындалып жатыр, ал қалған уақыттағы біздің міндетіміз – Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына дейін белгіленген барлық жоспарларды абыроймен орындап, оған жетістікпен келуіміз керек, сөйтіп қазақстандықтарға осы мәселелердің барлығы бойынша баяндап беруіміз керек» деді Президент.
Гүлбиғаш Омарова