Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: БАРА ЖАТЫР, БАРА ЖАТЫР ҚҰС ҚАЙТЫП…

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: БАРА ЖАТЫР, БАРА ЖАТЫР ҚҰС ҚАЙТЫП…

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: БАРА ЖАТЫР, БАРА ЖАТЫР ҚҰС ҚАЙТЫП…
ашық дереккөзі

Ол 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшiқазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiн тәмамдаған. Еңбек жолын “Лениншiл жас” (қазiргi “Жас Алаш”) газетiнде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956–1959 жж. “Пионер” журналында әдеби қызметкер, 1959–1971 жж. “Жазушы” баспасында редактор, аға редактор болған. 1971–1973 жж. “Балдырған” журналында жауапты хатшы, 1973–1984 жж. “Жалын” альманахында бас редактор, 1984–1986 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында хатшы болып қызмет жасаған. Өмiрiнiң соңына дейiн “Балдырған” журналының бас редакторы болып жемiстi еңбек еттi.

Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы “Студент дәптерi” деген атпен жарық көрген. Содан бергi уақыт iшiнде ақынның қырықтан астам кiтабы оқырман қолына тидi. Орыс және батыс классиктерiнiң, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерiн ана тiлiмiзге сәттi аударды. 1968 жылы “Жаңа дәптер” жинағы үшiн Республика комсомолы сыйлығының, 1982 жылы “Жүректегi жазулар” кiтабы үшiн Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанған. 1957 жылы “Тың жердi игергенi үшiн”, 1970 жылы “Еңбектегi ерлiгi үшiн” медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Грамотасымен марапатталған. 1992 жылы Бүкiл Түркi дүниесi ақындарының Физули атындағы сыйлығына ие болды. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы. «Парасат», «Достық» ордендерiнiң иегерi. Нұрғиса Тiлендиевтiң, Шәмшi Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтiң, басқа да танымал композиторлардың “Құстар әнi”, “Құстар қайтып келедi”, “Бақыт құшағында”, “Әнiм сен едiң”, “Шақырады көктем”, т. б. жүздеген әндерге өлең жазған. 2007 жылы «Құстар қайтып барады» атты ән текстерiнiң жинағы жарық көрдi. Ақынның қаламынан туған «Студент дәптерi», «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақырады жаз менi», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қашанда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейдi», «Мен де жиырма жаста едiм», «Құстар қайтып келедi», «Таудан түскен сәуле», «Жиырма бесiншi көктем», «Жүректегi жазулар», «Тынық мұхит дәптерi», «Сарыала күз келгенде», «Туған елiм — тiрегiм», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа менi» сияқты жыр жинақтары – ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауымның жүрегiне жол тапқан, әдебиетiмiздiң алтын қазынасына айналған өлмес шығармалар. 2002 жылы жарық көрген ақынның 14 томдық шығармалар жинағы осы сөзiмiздiң айқын дәлелi. Қазақ жырының ары мен абыройын арқалап, ұлттық поэзиямызды әлемдiк биiкке көтерген, санаулы саңлақтарымыздың бiрiне айналған көркемсөз шеберiнiң өзгеше бiтiмi мен өрiстi поэзиялық әлемi туған халқымен бiрге жасары даусыз. Ақынның тұмадай тұнық жыр жаратқан ұлтжанды болмысы мен ақжарқын бейнесi ел жүрегiнде мәңгi сақталады. Қазақ әдебиетiнiң көрiктi бiр дәуiрiндей болған Тұманбай Молдағалиевтiң шынайы классикалық үлгiдегi поэзиясы халқымен бiрге жасай бередi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi.
Өлең боп өрiлген өмiр

Өмiрдiң заңы неткен қатал едi. «Адамдар келедi бұл өмiрге, түбi бiр өлу үшiн» деп, бiр ақын жырлағандай, аға болып, үнемi алдымызда жүре берердей көрушi едiк. Ендi Тұмаш аға, елiнiң ерке ақыны Тұманбай Молдағалиев та бұл пәниден баз кешiптi. Еңiреп, етегiңдi жасқа толтырсаң да, басыңды тауға, тасқа соқсаң да бақиға, мәңгi бақиға аттанған жан қайта оралмас. «Дүние – жалған!» деп, пәлсапашы халқым осы ақиқатты мойындаған соң айтса керек.

Құрдасы Қадыр Мырза Әлiнi соңғы сапарға шығарып салып тұрып, жалғыз қалғанын айтып, тыңдаушы көпшiлiктiң көңiлiн босатып едi. Бәлкiм, бәлкiм сол досын, оған дейiн де өмiрден тым асығыс аттанған, өзi жиi айта беретiн достары – Шәмiл, Сағи, Мұқағалиларды көп тостырмайын дедi ме екен, бәлкiм, бәлкiм, «Жалықтырса жердегi күйкi тiрлiк, Туған жердiң көгiнде ұшып жүрем» деп өзi жырлағандай күйкi тiрлiктен жалықты ма екен? «Туған жерiнiң көгiнде ұшып жүрер»… Тұмаштың рухының туған жерiне, өзi мәңгi жырлап өткен Алатауына «Қайтқан құспен бiрге келе жатарына» сенемiз. Бiрақ ол кiсiнi азды-көптi ғұмырында «күйкi тiрлiктен жалықты» деуге ауыз бармас. Өйткенi ол халқының сүйкiмдi ұлы ғана емес, сүйiктi ақыны бола бiлдi. «Тұманбай» демей, жас-кәрi «Тұмаш» деп, «Тұман» деп, «Тұмеке» деп аялап, алақанға салды. Бар атақты алып, бар абыройға ие болды. «Жалын» дейтiн жастарға арналған альманахта ол кiсi – бас редактор, мен – орынбасар болып табаны күректей он жыл бiрге қызмет iстеппiз. Қанымыз туыспаса да жанымыз қиысқан ағалы-iнiлiдей болып кеттiк. Нөмiрге жiберетiн материалдарды өзi оқып бередi, басқа шаруаға бастық болып көп араласа бермейтiн. Тек қана «Пәленшекеңнiң шығармасын жариялаймын деп уәде берiп қойып едiм. Соны тездетiп оқышы» дейтiн. Тiптi кейде оқылмаған дүниеге «нөмiрден орын тапшы» дейтiнi бар. Бұл «берiп қойған уәделе рiнiң» соңында көңiл жықпастық дейтiн ақын мiнезi тұрғандығы маған түсiнiктi едi. Алды кең, басшымын деп қызметкерлерiне қабақ шытуды бiлмейтiн. Тым еркелетiп жiбергеннен бе шағын ұжымымыздың құрамдас бiр саласы саналатын «Жалын» баспасының қызметкерлерi сағат 9 бен 6 ны жаңылмай санап жүргенде, альманах қызметкерлерi ұйқыларын қандырып, асықпай жетер едi. Тiптi, бiрде бiр қызметкердiң себепсiз екi-үш күн жұмысқа келмей қалғанының себебiн сұраған бас редакторға жаңағы жiгiттiң: «Тұмаға-ау, өзiңiз де жас болып көрдiңiз дегендей»… – дей бергенде, бастығымыздың: «Ой, енеңдi (он жылда он шақта рет қана естiген жалғыз балағаты соңы жоқ осы жалғыз сөз болатын)… болды-болды, бар жұмысыңа» – дегенi әлi көз алдымда. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей мен бiлетiн Тұмаш ақын болып туып, ақын боп өттi өмiрден. Түн iшiнде тұрып алып, бiр өлеңдi жазып тастау, шабыты келген шақта ешбiр жайлы жағдай iздемей-ақ, Поэзия дейтiн мәңгi ғашығымен сырласу – Тұмаш ағаның ақындық жаратылысы. Лирик ақын, арнау жырлардың да теңдессiз шеберi едi.
Кәдiрбек Сегiзбаев, жазушы
Қош, ағатай! Құба қырдың жұлынып боз жусаны, Қатер төнбей тұра ма тоздырғалы. Тұман аға көктемде туған едi, Суық күзде бұл қалай көз жұмғаны?! Дүниенiң бәрiне жыр ұқтырған, Ақын едi қайғыны ұмыттырған. Тұман аға секiлдi ғалам бар ма, Тұла бойы сезiмге тұнып тұрған. Жұртын ойлап, жүгi ауып қырда жатқан, Мүмкiн кезi көп шығар мұңға батқан. Бiрақ ақын болатын кеудесiнде Жетiсудың жетi өзенi тулап аққан. Өрiс ашып жас өскiн түлегiне, Замананың айналған нұрлы өңiне, – Тұман аға, шынында, ақын едi, Тәңiр өзi жыр құйған жүрегiне. Бүкiл нұрлы әлемi көктем-арай, Арлы ақынға айтасың өкпе қалай. Ақ сұңқардың жармасып қанатына, Рухы ұшып жөнелген көкке қарай. Төбiренiп тереңге мың бойлаған, Тұмағаның көзiнде нұр ойнаған. Алатауы болатын жауhар жырдың, Құлайды деп жалғанда кiм ойлаған. Қош, ағатай! Бақыл бол, Тұман аға, Сәби халқың жылап тұр жұбана ма! Қазақтың бар қатыны толғатса да, Сендей ұлы ақынды туа ала ма?! Қош, ағатай!
Рафаэль Ниязбек
Қазақ әнiнiң ғашық жүрегi тоқтады

Алматы Мемлекеттiк консерваториясының ән факультетiнiң студентiмiн. Үш жыл бұрын Шәмшi ағамен танысып, туған бауырымдай араласып жүргенiмде «Әнiм сен едiң» дүниеге келiп, тұсауын кесiп, бiрiншi рет орындауы маған бұйырған едi. Содан бастап, менiң әншiлiк әлемiмнiң төрiнен жан сезiмi нәзiк, көңiлi мәңгi көктем, иiрiмдерi пәк ләззатқа толы назды жырдың дүлдүлi Тұманбай аға берiк орын алды.

Мiне, жарты ғасыр бойы ел алдына шығарып шашбауын көтерiп, ән әлемiнде томағасын сыпырған мыңдаған әндерiмнiң iшiндегi Тұмекеңнiң жүздеген ән сөздерi, өлең жолдары қазақ аспанында қалықтап, менiң жүрек тебiренiсiммен дүниеге қайта туып жатты. Тұмекеңнiң маңызы терең, мазмұны парасатқа толы поэзиясы мен орындаған әндердiң құдiретiне күш бердi, әсер берiп ауқымын кеңейттi. Тұманбай ағаның сазды өлеңдерi, өткен жарты ғасыр iшiнде көптеген жас автор-композиторлардың әнге құштарлығын туғызып, ән жазушы композиторлардың ұлттық сазгерлiк бағытта өсiп-өнiп, қазақ әндерiнiң жаңа бағыттағы авторлары болып қалыптасуына орасан зор септiгiн тигiздi. Кезiнде Әсет Бейсеуов марқұм «Тұмаш көкемнiң өлең жолдарынан оқыған сайын соны шабыт аламын» деушi едi. Сондықтан да болар, Әсет Тұманбай ағасының 50 ден аса өлеңдерiне ән жазды. «Шақырады көктем», «Ақ гүлiмнен» басталатын бұл әндер қазiр ел аузында. Сондай-ақ Нұрғиса ағамыздың өзi де Тұмекеңнiң 30 дай өлеңдерiне ән жазды. Ел аузындағы «Құстар әнi», «Куә бол», «Сағындым ғой», «Жүрегiм менiң» тағы басқалары жұртқа аян. Бiздiң 50 жыл бұрынғы таныстығымызға мұрындық болған «Әнiм сен едiң»-нен кейiнгi Шәмшi ағамыздың «Талдықорған – әнiм менiң», «Шығыстың шолпаны», «Бақыт құшағында» әндерiнен басқа 11 әнi ел игiлiгiне қызмет етiп келедi. Осы күндерi аттары авторлар қоғамына тiркелген жүздеген композиторлар бар елiмiзде. Солардың бәрiнiң шығармаларында Тұмекең өлеңдерi бар. Мен қазақ ән өнерiнiң өткен ғасырдағы айшықты еңбектерiмен қазақ музыка мәдениетiнiң тарихи қабырғасын қалаған, үш АЗАМАТТЫҢ ғана творчествосын ойыма арқау еттiм.
Нұрғали Нүсiпжан