УКРАИНА КЕДЕНДIК ОДАҚТАН БАС ТАРТТЫ

УКРАИНА КЕДЕНДIК ОДАҚТАН БАС ТАРТТЫ

УКРАИНА КЕДЕНДIК ОДАҚТАН БАС ТАРТТЫ
ашық дереккөзі

Биылғы жылдың шiлдесiнен бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерi бiрiгiп құрған Кедендiк одақ толығымен күшiне ендi. Содан берi кедендiк процедуралар мен рәсiмдеулер үш елдiң ортақ заңдылықтарына байланысты жүзеге асуда. Алайда, бұл одаққа кiруден Украинаның үзiлдi-кесiлдi бас тартуы Ресейдiң қытығына тиiп отыр.

Бұдан бұрын Украина президентi Виктор Янукович Кедендiк одаққа кiру жөнiндегi ұсыныс хақында ойланатындығын айтқан болатын. Ал мұндай жағымды жаңалықты естiген Ресей бiр бармағын iшiне бүгiп, әр нәрседен дәмелi екендiгiн көрсетiп қалды. Бiрақ та Янукович ұзақ толғаныстан соң Кедендiк одаққа кiрмейтiндiгi жөнiнде соңғы сөзiн ашып айтты. Өйткенi Украина үшiн Еуроодақпен еркiн сауда аймағын құру тиiмдi. Оның үстiне бұл мемлекеттiң Кедендiк одақтағы үштiктен артықшылығы Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) мүше. Ал Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерi ДСҰ-ға әне-мiне мүше боламыз деумен келедi. Сондықтан да Украинаның екi оттың арасында тұрған жайы бар. Айталық, Кедендiк одаққа кiрсе, Еуроодақпен еркiн сауда аймағын құру мүмкiндiгiнен қағылады. Ал керiсiнше үштiк одақтың қатарына енсе, Украина өз бюджетiне жылына 3 млрд. АҚШ долларынан артық пайда түсiретiн көрiнедi. Қалай десек те, Украина әу бастан-ақ Кедендiк одаққа кiру туралы әңгiмеден қашқақтап жүретiн. Тiптi украиндық кәсiпкерлер бұдан ешқандай пайда таппайтындығына да көзi жеткен. Шынтуайтына келгенде, оларға 170 миллион адамдық нарыққа шыққаннан гөрi, 500 миллиондық Еуропа нарығына араласқан әлдеқайда тиiмдi әрi табысты емес пе?!

Бiрақ бұдан соң «сөзiмдi жерге тастамас» деп дәмеленiп жүрген Ресей Киевке газды бұрынғыдай жеңiлдiкпен емес, қымбат бағамен беретiндiгiн айтып, дөңайбат танытты. Десе де, Киев ұлттық газ тасымалы жүйесiн Мәскеудiң қолына ұстатып, қарап отырмақ емес. Онсыз да Украина Ресейдiң Қара теңiз флотында болу мерзiмiн тағы 25 жылға ұзартқан болатын. Ал Ресей көршiсiне газдың сатып алу бағасын 30 пайызға төмендеткенiмен, мың текшеметр көгiлдiр отынның 100 доллардан түспеуiн қатаң қадағалап отыр. Ендi Украина амал жоқ Молдава газына иек артуда. Екi елдiң сауда-экономикалық әрiптестiгi 6 жылдан соң қайта жанданбақшы.

Айта кету керек, бүгiнде сарапшылар Қазақстан, Ресей және Беларусьтiң экономикалық бiрлестiк шекарасын ұлғайтуға ұмтылысын бұрынғы КСРО-ның бiрыңғай экономикалық кеңiстiгiн қайта әкелуге түрткi жасайды дегендi айтып жүр. Мұны тiптi, Ресей премьер-министрi В. Путиннiң «Известия» газетiне берген «Еуразия үшiн жаңа интеграциялық жоба – бүгiннен басталатын болашақ» атты мақаласынан да аңғаруға болады. Ол өз мақаласында «Бұл одақ Кеңес одағының көшiрмесi болмайды» десе де, еуразиялық экономикалық кеңiстiк мәселесiнде ортақ валюта, үш ел азаматтарының еркiн жүрiп тұруы, жұмыс күшiнiң кедергiсiз келуi сияқты маңызды дүниелердi Қазақстан, Ресей, Белоруссия қарым-қатынасының нығаюы және бұрыннан келе жатқан байланыстың жаңа сапада дамуы деп түсiндiредi. Оның пiкiрiнше, үш ел арасындағы көшi-қон, еңбек күшi квотасы, iшкi шекара секiлдi кедергiлер алынып тасталған соң, үш мемлекеттiң кез келген азаматы қай елде тұрамын, қай елде бiлiм аламын, қай елде өсiп өркендеймiн десе де өзi бiледi. Тоқетерiн айтқанда, Путин мырза «Кеден одағы – Кеңес одағына апаратын жол» екенiн ашық бiлдiрiп отыр. Елiмiздiң саясаттанушылары Кедендiк одақ, бiрыңғай экономикалық кеңiстiк, ортақ валюта идеясының бәрi Кеңес одағына әкелетiн алғашқы баспалдақтар дегендi айтуда.

Айтпақшы, Виктор Янукович Ресей газының қымбаттығына байланысты Путин мен Тимошенконың 2009 жылы газ жөнiндегi келiсiмшартын бұзуды табанды түрде талап етiп отыр. Осы аптада Украинада бұрынғы үкiмет басшысы Юлия Тимошенкоға қатысты сот үкiмi шығарылды. Оған 2009 жылы Ресеймен газ жөнiнде келiсiм жасау кезiнде өз қызметiн асыра пайдаланып, мемлекетке аса ауқымды шығын келтiрдi деп айып тағылған болатын. Печерск аудандық сотының шешiмi бойынша экс-премьер жетi жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн. Тiптi оған үш жылдың iшiнде мемлекеттiк лауазым қызметiн атқаруға тыйым салды. Судья Родион Киреев экс-премьерден 1 млрд. 516 млн. гривна, яғни, 189,5 млн. АҚШ долларын тәркiлеуге бұйрық шығарды. Ал соттың шешiмiмен келiспейтiн Тимошенко украиндық сотта ешқандай әдiлдiктiң жоқтығын ашық айтып, ендi ол адам құқығы жөнiндегi Еуропалық сотқа шағым түсiретiндiгiн жеткiздi. Оппозиция өкiлi сондай-ақ бұл үкiм Украинаға 37 шi жылдың қайта келгенiн айғақтайды дегендi қадап айтты.

13.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ