ОНЫҢ АТЫ – АБДОЛЛА, ЗАТЫ – ТАЛАНТ
ОНЫҢ АТЫ – АБДОЛЛА, ЗАТЫ – ТАЛАНТ
ОЛ – қазақ киносына өзгеше леп, өзгеше сарынмен келдi. ОЛ – қазақ кино өнерiнiң көшiн бастаған санаулы қазақ режиссерлерiнiң қатарындағы оқ бойы озық тұлғалардың бiрi. ОЛ – қазақ балалар киносының негiзiн салды. ОЛ – классикаға айналған «Менiң атым Қожаны» дүниеге алып келген бiрегей режиссер.
«Бiрiншiден, мен тек балалар туралы фильм түсiргем жоқ, үлкендерге де арналған бiрқауым картиналар түсiргенмiн. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшiлiгi балаларға арналған. Сол себептi де менi балалар өздерiне толық еншiлеп алса керек. Оған мен де қуанбасам ренжiмеймiн. Өйткенi, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгiнгi ұрпақпен жұмыс iстеуге соншалықты құштармын» деген екен Абдолла Қарсақбаев өзiнiң бiр сұхбатында. Рас, Абдолла Қарсақбаев балаларға арналған фильмдер ғана түсiрiп қойған жоқ, Тоқаш Бокиннiң өмiрiне арналған «Қилы кезең» де режиссердiң сүбелi еңбегi. Солай бола тұра, қазақ баласы Қарсақбаевты балалар киносының атасы деп санайды. Оның есiмi қазақ киносының тарихында Алтын әрiптермен жазылып қалды. Дүниеге келгенiне қырық жылдан астам уақыт өтсе де, «Менiң атым – Қожа» үш ұрпақтың да сүйiктi картинасына айналған бiрегей туынды. Экранға шыққанына бiрталай жылдар өтсе де, онымен тең келiп, көрерменiн дәл солай баураған көркемфильм әлi күнге түсiрiлген емес. Бұл фильмнiң тұңғыш рет Франциядағы Канн фестивалiнде диплом алғанын ескерсек, «Менiң атым Қожаның» осал болмағандығы. Бiр қызығы, аталмыш фильмнiң Каннда жүлде алғанын сол сәттерде Ұлы режиссердiң өзi бiлмеген де екен. Қарсақбаев кино өнерiне қалай келдi?Бар-жоғы елу алты жыл ғұмыр кешiп, сол аз ғұмырында қазақ киносына елеулi үлес қосқан жан қайда дүниеге келдi? Оның отбасы кiм? Оны тәрбиелеген ата-ана ше? Қайда туды, қайда өстi? Қазақ оқырманын келешек режиссердiң өскен ортасы мен шыққан тегi қызықтыратыны белгiлi. Бiзде сол себеппен Қарсақбаевтың өмiр-жолын парақтап көрдiк.
Абдолла Қарсақбаевтың әуелде азан шақырып қойған аты Әбдiлда екен. Әбдiлда Қарсақбаев 1926 жылы Алматы маңындағы Жамбыл ауданында, Ұзын Қарғалы ауылында дүниеге келедi. Ата мен әженiң көз қуанышына айналған сүйiктi немере әке мен шешенiң де алданышы едi. Кiшкентай бала анасынан ерте айрылады. Көп ұзамай әкесi де төсекке таңылады. Жалғыз сүйенiшi әкесi төсек тартып қалған соң, үйдiң бар тауқыметi жас жеткiншек Абдолланың мойнына түседi. Үйдiң бар шаруасын қолына алған бала Абдолла ерте жастан-ақ тындырымды, өз iсiне жауапкершiлiкпен қарайтын алғыр жеткiншек болып өседi. Балалық еркiндiк пен еркелiк те жолда қалады. Сөйтiп жүргенде әкеден де ерте айрылады. Режиссердiң бала кезден жанына серiк еткенi Жамбыл жырлары болды. Ақын өлеңдерiмен қанаттанып өскен бозбаланың Өнер атты тылсымға енуiне де осы жырлар себепкер болса керек. Бiрде бозбала Абдолланың ауылына қаладан арнайы қонақтар келедi. Орыс-қазағы аралас қонақтарға мектеп жасындағы балалар жырдан шашу шашып, өз өнерлерiн көрсетедi. Олардың арасында он екi жасар Абдолла да бар едi. Абдолла Қарсақбаевтың Жамбыл жырын жатқа айтуы қонақтардың көңiлiн елең еткiзiптi. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Жамбылдың жастық шағы туралы фильм түсiрiлмек болып, соған жас Жамбылдың ролiн ойнайтын баланы iздейдi. Он екi жастағы жалынды баланың Жамбыл өлеңiн жатқа айтқанына сүйсiнген режиссер оны жас Жамбылдың ролiне бекiтедi. Осылайша Абдолла кино әлемiнен бiр-ақ шығады. Өнер атты құдiретке осылай келген жалынды режиссер алғаш рет кино алаңында Сүйiнбай ақынның қолынан ақ батасы мен жыршы домбырасын Жамбыл боп қабылдайды. Сөйтiп Жамбыл-Абдолла көп ұзамай, 1943 жылы Алматыда ашылған киноактер мектебiнiң алғашқы түлегi болады. 1947 жылы аталмыш оқу орнын бiтiрген жеткiншек бiраз жыл хроникалық журналдар мен дубляжда, аударма бөлiмiнде ассистент, әрi актер, әрi режиссер болып жұмыс iстейдi. Сол жылы оны үлкен арман жетелеп, Мәскеуге алып келедi. Жас режиссер Мәскеудегi бүкiлодақтық кинематография институтына оқуға түседi. Мәскеудегi кино институтын бiтiргеннен кейiн, туған жерге қайта оралып, Қазақфильмге жұмысқа орналасады. Қазақфильмде Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин сияқты дарынды режиссерлермен қоян-қолтық жұмыс iстейдi. Қазақ кино өнерiнiң тарихында есiмдерi мәңгi қалған Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов сынды майталмандар Абдолла Қарсақбаевтың да ұлттық кино жасауына көшбасшы бола бiлген жандар. «Менiң атым Қожа» – қазақ киносының классикасы«Менiң атым Қожаның» екiншi режиссерi болған Тұрар Дүйсебаев деген азамат екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi. Сол кiсiнiң айтуы бойынша, Абдолла Қарсақбаевпен екеуiне «Қожаны» түсiру оңай болмаған сияқты. Тұрар Дүйсебаевқа сценарийдi көрсетiп, екiншi режиссер болуды өтiнген де Абдолла Қарсақбаевтың өзi екен. Абдолла Қарсақбаев пен Бердiбек Соқпақбаевты бiр-бiрiне таныстырған белгiлi жазушы Тахауи Ахтанов болыпты. Әуелде жазушы Бердiбек Соқпақбаев өз повесiне сценарий жазуға бата алмаса керек. Бұл туралы ақын Сейфолла Оспан өзiнiң естелiгiнде былай деп жазады.
Бердiбек Соқпақбаев жұмысында отырған кезде бiреу жұмыс телефонына қоңырау шалады. Телефон тұтқасын Тахауи Ахтанов көтередi. Жазушы телефонның ар жағындағы адамға: «Өзiң келсеңшi, мында Бердiбек те отыр. Не нәрсенi де шешуге болады ғой» деп тұтқаны қояды. Содан кейiн жазушы «Менiң атым Қожаның» авторына: «Бердiбек, сен осы ана балаларға арналған шығармаларыңды киноға бейiмдесең қалай болар едi? Мен жаңа Абдолла деген режиссердi шақырып қойдым. Кино жағынан ол үлкен талант. Саған нағыз таптырмайтын адам» дейдi. Осылайша, екi бiрдей тұлғаның, режиссер мен жазушының бiрiккен жобасынан «Қожа» дүниеге келедi. Ал киноның екiншi режиссерi болған Тұрар аға өзiнiң естелiктерiнiң бiрiнде Қожаның қалай түсiрiлгендiгi туралы әдемi сыр шерткен екен. Естуiмiзше, фильм 1963 жылы түсiрiле бастапты. Ташкентте жоғары оқу орнын бiтiрiп, «Қазақфильм киностудиясына режиссер-документалист болып жұмыс iстеп жүрген Тұрар Дүйсебаев аяқ астынан Семей облысына жүрiп кетедi. Мақсат – М.Әуезов туралы деректi фильм түсiру. Семейде жүрген Тұрар ағаға киностудиядан «шұғыл жет» деген телеграмма келедi. Киностудияға келгеннен кейiн оны Абдолла Қарсақбаев қарсы алады. Қарсақбаев өзiнiң жазушы Бердiбек Соқпақбаевтың повесi негiзiнде фильм түсiрiлгелi отырғанын жеткiзедi. Сценарийдi ұнатқан Тұрар аға Абдолла Қарсақбаевпен бiрлесiп, киноны түсiруге бел шеше кiрiседi. Қарсақбаев пен Дүйсебаевтың бiрлескен тандемi «Менiң атым Қожа» сынды классикалық туындыға айналады. Осылайша, қазақ киносының шедеврiне айналған Қожа өмiрге келедi. Әрине, балалардың арасынан нағыз Қожаны таңдау режиссерлер үшiн оңай болмапты. Қожа… кинодағы бiз бiлетiн Қожа сотқар, ойнақы, әрi ақылды тентек. Ондай рольдi кез келген баланың ойнап шығуы мүмкiн емес. Ал кiшкентай баланың қабiлетiн бiрден тауып, бiрден тани қою да қиын. Режиссерлер үшiн осы жағы қатты қиналтса керек. Тұрар ағаның естелiгiнде: «Бiрде қызметтесiм, фильмнiң бас операторы Михаил Аранышев екеумiз киностудияға қарсы беттегi дәмханаға бара жаттық. Алдымыздан екi оқушы қыз жүгiрiп өттi. Олардың соңынан бiр ұл бала қуып келедi екен. Көзiме оттай басылды. Әлгi баланың көзiнде бiр ұшқын бардай көрiнгенi. Ішiмнен «жер-көктен iздеген Қожамыз осы» деп түйдiк. Екеулеп жүрiп, шап берiп ұстай алдық. «Жiбер, жiбер менi» деп қояр емес. «Мен режиссермiн, киноға түсетiн бала iздеп жүр едiм, сенiң түр-келбетiң соның ролiне лайық екен, атың кiм өзiңнiң» деп жөнiмiздi айтып жатырмыз. «Не надо, я не хочу сниматься в кино» деп азар да безер. Аты мен мекен-жайын сұрап қанша әлектенсек те тiс жармады. Қырсық екен өзi. Әлгiнде қашып бара жатқан қыздар бiзге таңдана қарап тұр екен. Аты-жөнi Нұрлан Сегiзбаев екенiн, әкесiнiң қызмет орнын сол қыздар айтып бердi. Тез арада хабарластық. Әкесi Министрлер кеңесiнде iстейтiн қартаң кiсi екен. «Ой, балам көнбейдi, өте бұзық, одан көршiлер де, мұғалiмдер де әбден зәрезап болып бiткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер менi, қойыңдар» деп болар емес. Мекен-жайын сұрап алып, кешкiсiн үйiне бардық. Ақыры отбасымен көндiрiп, кинопробаға шақырдық» деп жазады. Ал Сұлтан ролiне түскен тыриған арық, сары баланы да тапқан Тұрар Дүйсебаевтың өзi. Сұлтан ролiне бекiтiлген Марат Кәкеновты режиссер моншадан кездестiредi. Режиссерге Мараттың бiрден мiнезi ұнапты. Шартпа-шұрт қимылды, арық балаң жiгiттiң дүрсе қоя бергенi де режиссердi бiрден баураса керек. Әуелде Мараттың Сұлтан ролiне түскенiне шешесi қарсы болады. «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар, әрi жалғыз болған соң, еркелетiп өсiрген едiк» деп, шешесi аттай тулағанымен, режиссер жалынып, жалбарынып жүрiп, Маратты киноға түсiруге көндiредi. Тұрар Дүйсебаевтың түйсiгi алдамаса керек. Қожаның ролiн ойнаған Нұрлан Сегiзбаев та, Сұлтан ролiндегi Марат Кәкенов те өз кейiпкерлерiн өте сәттi алып шықты. Бала көңiлi таза, мөлдiр. Ол алдағанды жақсы көредi. Балалық аңғалдық, балалық тазалық болса керек, Қожаның ролiн сомдаған Нұрлан Сегiзбаев та Абдолла Қарсақбаев пен Тұрар Дүйсебаев сияқты режиссерлерiнiң еркелеткенiнiң арқасында, ағалық ақылының арқасында өз кейiпкерiн әдемi алып шықты. «Тұзы жеңiл» Қожаның кейпiнен талай бала өзiн тапты. Бұзықтық жасағысы келмесе де, ерiксiз бұзықтыққа ұрынатын балалық аңқаулық талай баланың бойынан көрiнiс тауып жатты. Бала бiткен Қожадан өзiн iздедi, бала бiткен Қожадан өзiн тапты. «Менiң атым Қожаның» мықтылығы да осында, яғни бала бiткеннiң жүрегiн жаулап, бала бiткеннiң көңiлiнен орын тепкендiгiнде. Қарсақбаев таныған дарындарАбдолла Қарсақбаев мықты режиссер ғана болған жоқ. Ол көреген де бола бiлдi. Фильмiне түсетiн актерлердiң де қарым-қабiлетiн тап басып тани алды. Киноның мықты болуы режиссердiң шеберлiгiнде ғана жатпаса керек. Абдолла Қарсақбаев түсiрген әрбiр фильмнiң мықты болуы – онда ойнаған актерлердiң де шеберлiк деңгейiнiң жоғары болуында болса керек. Мәселен, «Менiң атым Қожа» фильмiнде Қожаны сомдаған – Нұрлан Сегiзбаев, Сұлтан – Марат Кәкенов, Майқанова апайдың бейнесiн сомдаған Рая Мұхамедиярова, Рахманов ағайды бейнелеген Кененбай Қожабеков, Қожаның анасының ролiндегi Бикен Римова сияқты саңлақтардың шеберлiгiнiң арқасында, фильм қазақ киносының тарихында алтын әрiптермен жазылды. Режиссер дарындарды тани бiлсе, дарындар да режиссердiң ойлаған мақсатынан шыға алды. Немесе «Алпамыс мектепке барады» фильмiн алайықшы. Алпамысты ойнаған кiп-кiшкентай бала – Ермек Төлепбаев. Ермек Төлепбаев Алпамыстың ролiне келгенде жасы алтыға толмаған бала екен. Мойылдай көздерi мөлдiреп тұрған кiп-кiшкентай баланың сүйкiмдi жүзi режиссердiң көңiлiн бiрден өзiне аудартыпты. Ал Қалиханның ролi Алпамысқа кереғар мiнездi болуы тиiс. Алпамыс арманшыл бала болса, Қалихан iс-әрекетке бейiм. Ол бiр жағы сотқар, бiр жағы алғыр. Жай жүрмей, жүрген жерiн өртеп жүретiн, бiрақ қанша бұзық болса да, сол сотқарлығынан ар жағында ертеңгi күнi «адам» болып кететiнi көрiнiп тұратын бала қажет болады. Ол баланың рөлiне Ұлан Сарбасовты бекiтедi. Ұлан Сарбасовтың кейiнгi тағдыры өте аянышты өрбiптi. Кейбiр деректерге қарасақ, Ұлан Сарбасов кiсi қолынан қаза табады. Әйтсе де, көпшiлiк Қалихан сияқты сотқар баланың ролiн ойнаған Ұлан Сарбасовтың сол бiр кейпiн жадынан шығармайды.
«Бандыны қуған Хамиттi» түсiрген кезде режиссер Қарсақбаев Хамиттiң ролiне Досхан Жолжақсыновты бекiтедi. Дарынды, талапкер жастың бағын ашқан Хамит ролi болса, Досхандай талантты актердiң дарынын тап басып таныған да режиссер Қарсақбаевтың көрегендiгi болса керек. Күнi бүгiнге дейiн жұртшылықтың өзiн «Хамит» деп танитынын Досхан Жолжақсынов та жасырмайды. Бұл да болса, режиссер мен актердiң бiрлескен жеңiсi деп қабылдағанымыз абзал. Жетпiстiң желкенiне шыққан танымал актер Нұржұман Ықтымбаев та өзiнiң өмiрiнiң өнермен өрiлгенi үшiн режиссер Абдолла Қарсақбаевқа қарыздар. Ауылда мұғалiм болып жүрген бозбаланың өмiрiн әп-сәтте өзгертiп, кино дейтiн Әлемге алып келген Абдолла ағасы туралы актер сағынышпен жиi еске алады. Актердiң Абдолла ағамен алғашқы таныстығы да қызық. Кино түсiру алаңына келген актердi Қанабек Байсейiтов Абдолла ағаға алып келедi. Нұржұман аға: «Қанабек Байсейiтов: «Әй, Абдолла! Сен екi-үш күн бұрын бiр актер iздеп едiң ғой. Мынау деген жанып тұрған жiгiт қой. Осыны көрсеңшi», – дедi. Абдолла дегенiне қарасам, шашын тықырлап алған, өзi қараторы кiсi екен. Бадырайған көзi тура маған қадалып қалды. Жасы отыз беске келген кезi ғой деймiн. Абдолла онша кәрi көрiнбейдi. «Өзiм де байқап отырмын, Қанеке! Ертең көремiз», – дедi. Ертесiне Абдолла аға шақырып алып: «Атқа мiне бiлесiң бе?», – дедi. Сценарийiн оқып отырсам, менiң сомдайтыным құлдың ролi екен. Атты ерттеп алып келдi. «Аға, бұл құл болатын болса, мұнда ер-тоқым қайдан болсын?! Бұл тоқым салып, жайдақ мiнiп жүрген қу ғой», – дедiм. «Е е, мынау дұрыс айтып тұр-ей» деп, ер-тоқымды алдыртып тастады. Жайдақ атқа қарғып мiндiм. Абдолла аға мәз-мәйрам болып жүр. Сценасын ойнап, шауып келiп, айтатын сөзiн айтып бердiм. Тоқтағаным сол едi, бүкiл тұрған елдiң бәрi қол соқты. Сол күнi түсiру алаңы бiттi» дейдi өткен күндердi сағынышпен еске алып. Абдолла Қарсақбаев өте кiшiпейiл, адам баласын жатсынбайтын, ауыл адамдарымен етене жақын жүретiн жан болыпты. Киноларын қай ауылда түсiрсе де, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне барса да, адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, дос болып кетедi екен. Ерте үзiлген ғұмырОл бар-жоғы елу алты-ақ жыл өмiр сүрдi. Егер оның ғұмыр жасы ұзақ болғанда, бәлкiм қазақ киносында әлi де талай ғажайыптар жасар ма едi, кiм бiлсiн?! Өйткенi, киноға келген алғашқы баспалдақтардың өзiнде «Менiң атым Қожа» сынды керемет дүниенi әкелген режиссердiң қолынан одан кейiн де бiрқатар көркем дүниелер туды. «Алпамыс мектепке барады», «Даладағы қуғын», «Бiздiң Ғани», «Жүйрiк болсаң, озып көр» сияқты тамаша көркем фильмдер де режиссердiң жемiсi.
Абдолла Қарсақбаев мықты режиссер ғана емес, адал дос бола бiлген жан. Оның мықтылығы сонда, жiгiт шағынан аяғынан сал болып қалған өнердегi қанаттас досы Кененбай Қожабеков үшiн барын аямаған екен. Талантты актердiң жалындаған жас шағында жауыздардың қолынан мерт болып, мүгедек болып қалуы Абдолладай режиссерге оңай соқпаса керек. Киностудия мен досының үйiнiң екi арасында шапқылап жүрiп, досын баладай мәпелеп күттi. Тiптi, «Менiң атым Қожа» фильмiнде Рахманов ағайдың ролiне бекiткен де Қарсақбаев екен. Ауруханадан жаңа шыққан, балдақпен әзер жүрген досын кинодан шеткерi қалмаса деген достық пейiл болса керек. Ол туралы кейiнiрек, кинодраматург Ольга Бондаренко: «Менiң атым Қожаны» түсiруде Абдолла мектеп директорының ролiне Кененбай Қожабековтi алатынын айтты. Кененбай ол кезде белiнен жарақат алып мүгедек болып қалған. Бiрақ ептеп жүре алатын. Мен қарап тұрмай: «Абдолла, «Қожа» – көңiлдi фильм. Ал Кененбайдың көзiнде мұң бар ғой», – дедiм. Сол кездегi Абдолланың маған қалай қарағанын көрсеңiз?! Ызалана жалт етiп, сұмдық жек көре қарады. Аздан кейiн көзқарасы өзгерiп: «Түсiнiгiң бар ма десем, сен де осындай ақымақ па едiң?» дегендi аңғартып тұрды. Мен ұялғанымнан екi қолыммен бетiмдi бастым. Шынында да, ақымақтың сөзiн айтып тұр едiм. Тағдыр тәлкегiмен мүгедек болып қалған Кененбай барлық фильмдерге бiрдей ойнай алмайтын. Ұлы актер үшiн бұдан өткен азап жоқ. Ал мына жерде Кененбайды ойнатудың сәтi түсiп тұр. «Осыны да түсiнбейсiң бе?» деген көзқарасы едi бұл Абдолланың. Шын талантқа, досқа деген адалдықтың белгiсi едi» («Қазақ киносының құлагерi». «Бiлiм», 2007 жыл) деп жазады. Көрдiңiз бе? Досқа деген адалдық, ұлы өнер иесiне деген құрмет! Егер режиссер актердi тап басып тани алмаса, егер режиссер актердiң өн-бойындағы парасат-пайымын бағалай алмаса, онда ол осындай тамаша суреткер бола алар ма едi. Кененбай Қожабековтiң бойындағы қасиеттi өнерiн сөндiрiп алмау үшiн дарынды режиссер талай-талай кедергiлерге мойыған жоқ. Қарсылық таныта бiлдi. Әрбiр өзi түсiрген фильмдерден досына лайықты кейiпкер таба бiлдi. Бұл да тамаша дарын иесiнiң ерекше қабiлетiн танытса керек. Ұлт үшiн ұлы өнер жасаған адамның бойында мұндай ерекше қабiлет-дарын болмаса, ұлттық дүниенiң шығуы да неғайбыл. Абдолла Қарсақбаевты мықты режиссер еткен де досқа деген адалдық, ұлттық өнерге деген сүйiспеншiлiк. Режиссердiң мерейтойлары неге аталып өтпедi?Осыдан бiрнеше ай бұрын, Мәжiлiс мiнберiнде ҚР Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан депутаттық сауал жолдаған едi. Өз сауалында депутат: «Қазақ кино өнерiнiң iрi тұлғаларының бiрi – Абдолла Қарсақбаев. Егер ол тiрi болса, үстiмiздегi жылдың күзiнде 85 жасқа толар едi. Өкiнiшi көп өмiрдiң ерте сөнген жарық жұлдыздарының бәрi бiрдей еске алына бермейдi. Ол «Ботагөз», «Қилы кезең» фильмдерiнiң екiншi режиссерi болды. Ал «Менiң атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» сынды фильмдерi қазақ кино өнерiнiң алтын қорына ендi. Белгiлi кинорежиссердiң 60, 70, 75, 80 жылдық мерейтойлары да атаусыз қалды. Сондықтан да КСРО халық әртiсi Бибiгүл Төлегенова, еңбек және қоғам қайраткерi Сұлтан Жиенбаев, КСРО халық әртiсi Асанәлi Әшiмов, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртiсi Ескендiр Хасанғалиев, КСРО халық әртiсi, қырғызстандық кинорежиссер Болатбек Шамшиев; Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, Лермонтов атындағы орыс драма театрының көркемдiк жетекшiсi, Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Рубен Андриасян, Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, киноактер Нұржұман Ықтымбаев, жазушы, «Құрмет» орденiнiң иегерi Нағашыбек Қапалбекұлы сынды қайраткерлердiң атақты актердiң мерейтойын атап өту жөнiнде көтерген бастама-үндеуiн қолдаймын. Қарсақбаевтың қазақ мәдениетiне қосқан үлесiн ескере отырып, оның 85 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты үкiметтiк комиссия құрылып, тиiстi ұйымдастыру шаралары өткiзiлуi керек деп есептеймiн» деген болатын.
Рас, Қарсақбаев атында мектеп бар. Қарсақбаев атына кiшентай көшеде берiлген. Қарсақбаевтың ескерткiшi ашылатын күнде алыс емес. Солай бола тұра, қазақ балалар киносының атасына айналған Азаматтың, дарынды Режиссердiң, айтулы Тұлғаның мерейтойын өз деңгейiнде атап өтiп жүрмiз бе? Бiз қаншалықты тұлғаларымызды қастерлей аламыз? Бiз қаншалықты Тұлғаларымызды марапаттап жүрмiз? Марапаттау деген не? Марапаттау дегенiмiз, қастерлеу дегенiмiз, тұлғаның артында қалған ұрпағына үй берiп, сән-салтанат құру ма? Қарсақбаев кинолары топтастырылып, жаңа өңдеумен, жаңа дизайнмен шығарылу қажет емес пе? Республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде Қарсақбаев киноларының күндерi өткiзiлсе, құба-құп. Елiмiздiң шалғай аймақтарындағы Мәдениет үйлерiнде Қарсақбаев түсiрген кинолар тегiн көрсетiлсе, марапаттың көкесi осы емес пе? Режиссерлерiмiз үшiн Абдолла Қарсақбаев атындағы арнайы сыйлық дайындалса, актерлерiмiз үшiн де Абдолла Қарсақбаев атындағы жүлде берiлсе, қандай ғанибет болар едi. Сонда ғана бiз ұлттығымызды ұлықтап, тұлғамызды қадiрлей алар едiк. Үлгi етер едiк, өнеге тұтар едiк. P. S.«Менiң атым Қожа» тұрғанда, «Алпамыс мектепке барады» мен «Даладағы қуғын» болған кезде, Абдолла Қарсақбаев есiмi көрермен жадынан ұмытылмақ емес. Режиссердiң ұлы Тоқтар мен келiнi Майра да әкелерiнiң жолын қуып, бүгiнде кино атты ұлы көштiң бел ортасында жүр. Бiз үшiн Қарсақбаев фильмдерiнiң шыңы «Менiң атым Қожа» екенi белгiлi. Ал кино мамандары Қарсақбаев шығармашылығының шыңы деп «Қилы кезеңдi» санайды. Өкiнiшке қарай, бұл фильм көрерменiнен лайықты бағасын ала алмаған туынды. Оның да өзiндiк себебi бар. Аталмыш туынды цензура атты шырмаудан шыға алмаған. Солай бола тұра, Қарсақбаевты кешегi қоғам, кеңестiк идеология жасыта қойған жоқ. Дарынды тұлға ұлт үшiн өмiр сүрдi, ұлтының кино өнерiн төмендетпеу үшiн ұлттық фильмдер түсiрдi. Бiз үшiн, келешек ұрпақ үшiн Абдолла Қарсақбаев есiмi осынысымен құнды, осынысымен қымбат.
Гүлзина Бектасова