ШЫНДЫҚ! ТЕК ҚАНА ШЫНДЫҚ КЕРЕК!

ШЫНДЫҚ! ТЕК ҚАНА ШЫНДЫҚ КЕРЕК!

ШЫНДЫҚ! ТЕК ҚАНА ШЫНДЫҚ КЕРЕК!
ашық дереккөзі
257

Нью-Йоркте үлкен жиын өттi. Әлемнiң барлық мемлекеттерiнiң назарын аударған БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясына Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, өзектi мәселелер бойынша пiкiр бiлдiрдi. Ал БҰҰ аясында талқылауға түскен өткiр мәселелер баршылық: Палестина тәуелсiз мемлекетiнiң құрылуы, ғаламдық қауiпсiздiк мәселелерi, ядролық терроризм, экологиялық түйткiлдер.

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың белсендi бiр мүшесi ретiнде Палестинаның тәуелсiз мемлекет болып жариялануын қолдайды. "Осы күндерi түйткiлдi Палестина мәселесi жан-жақты талқыға түстi. Қазақстан Палестина мемлекетiнiң құрылуын қолдайды. Тарих таразысында – күрделi мәселе. Мұны АҚШ президентi Барак Обама айтты. Алайда тәуелсiз Палестина мемлекетiнсiз Таяу Шығыста баянды бейбiтшiлiк орнату мүмкiн емес", – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Жарыссөзге шыққан Қазақстан басшысы ядролық қаруы бар мемлекеттердiң үстемдiгiне қатысты көптiң көкейiндегi ойды ашық айтты: "Бүгiнде әлемде қарама-қайшы жағдай қалыптасты: кейбiр елдерге ядролық қаруды жасауға және жетiлдiруге рұқсат бар да, басқалардың оны зерттеу жұмыстарын жүргiзуiне үзiлдi-кесiлдi тыйым салынған. Бұл әдiлетсiздiк, ойға сыйымсыз, адалдық емес. Халықаралық құқықтың осындай ережелерiн қайта қарау керек". Осындай мәлiмдеме жасаған Н.Назарбаев барлық елдердi ядролық қаруды таратпауға деген жауапкершiлiктi арттыруға шақырды.

Бүгiнде ядролық клуб мүшелерi мен ядролық қаруы жоқ елдердiң терезесi тең емес. Атом қаруынан бас тартқан мемлекет ретiнде Қазақстан үшiн ядролық қауiпсiздiк идеясын кең тарату маңызды. Оның үстiне, соңғы жылдары бұл салада қару жарыстыру, айбат көрсету әрекеттерi белең ала бастағаны жасырын емес.

"Жаңа әлемдiк тәртiптiң "пiсiп-жетiлуi" кикiлжiңдер санының артуына ұласты. Бүгiнде қару-жараққа жұмсалатын қаржының жалпы мөлшерi "қырғи-қабақ соғыс" кезiндегiден екi есе тез өсуде – жыл сайын 6 пайызға артып келедi. Жалпы көлемi 1,5 триллион долларға жеттi", – дедi Назарбаев әр сөзiн нығырлап. Осы орайда, Қазақстан Президентi он тоғыз жыл бұрын айтқан идеясын еске салды: БҰҰ бейбiтшiлiк орнату қорын құрып, ұйымға мүше әр мемлекеттi әскери бюджеттiң 1 пайызын осы қорға аударып отыруды мiндеттеу.

Осы сессияда Қазақстан БҰҰ 2017-2018 жылдарға Қауiпсiздiк Кеңесiнiң өтпелi мүшелiгiне өз кандидатурасын ұсынды. Ұйымға мүше болғанына 19 жыл болған жас мемлекет бұл бастамасының аяқсыз қалмайтынына үмiттi.

Елбасы Қазақстанның тәуелсiз мемлекет болғалы жеткен жетiстiктерiн БҰҰ мiнберiнен сарапқа салды. "Биыл бiздiң мемлекетiмiз Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын атап өтуде. Осы уақыт iшiнде Қазақстан БҰҰ Жарғысына сай өмiр сүрiп келедi. Бiрiншiден, бiз Семей полигонын жауып, әлемде жаңадан пайда болған мемлекеттердiң iшiнде атом қаруы жоқ алғашқы ел болдық. Бұл – менiң елiмнiң ғаламдық бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан қомақты үлесi. Екiншiден, мен он тоғыз жыл бұрын бастама етiп көтерген Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақырдық. Бүгiнде оның жұмысына 29 мемлекет атсалысуда, бұл мемлекеттерде Жер шарының жартысына жуық халқы тұрады. Былтыр Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнде алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық еттi" деген Елбасы Қазақстанның iшкi және сыртқы саясаттағы, экономика мен әлеуметтiк саладағы жетiстiктiктерiне тоқталды.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның арнайы шақыртуымен Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi жоғарғы деңгейдегi кездесуге қатысқан Қазақстан басшысы осы жиналыста да әрiптестерiн Жалпыға ортақ атом қаруынан ада әлем туралы декларация қабылдауға үндедi. Бұл салада халықаралық қауымдастық қол жеткiзген келiсiмдер баршылық. Соның бiрi – АҚШ пен Ресей арасында қабылданған ядролық арсеналды бiртiндеп қысқартуға байланысты келiсiм-шарт. "Ендi осы процеске ядролық клубтың барлық мүшелерi қосылуы тиiс", – дедi Н.Назарбаев.

Жоғары деңгейдегi кездесуге АҚШ, Ресей, Қазақстан, Франция, Корея Республикасы, Жапония мемлекет басшыларының қатысуы бұл жиынның саяси салмағының басымдығын байқатса керек. Сондай-ақ бұл жиын келесi жылы Сеулде өтетiн Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммитке дайындық болып саналады.

Елбасы өз сөзiнде Қазақстанның әлемдегi ядролық қаруды шектеуге қосқан үлесiн тағы бiр рет еске салды. "Осыдан жиырма жыл бұрын – 1991 жылдың 29 тамызында – мен әлемдегi аса iрi Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым. Семей полигонының жабылған күнiн Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет ету күнi деп жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшiн БҰҰ Бас Ассамблеясына ризашылығымды бiлдiремiн. Бiздiң елдегi барлық ядролық нысандар толықтай МАГАТЭ-нiң бақылауында және оның кепiлiне ие", – дедi Н.Назарбаев.

Президенттiң айтуынша, ядролық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде әскери-саяси себеп-салдарға, болжалды ядролық терроризмге қарсы тұруға және атом энергетикасының қауiпсiздiгiне назар аудару қажет.

Ядролық қаруы бар елдердiң оны қарусыз мемлекеттерге қарсы қолдануына тыйым салынатын конвенциялар қабылдау өзектi мәселе. Адамзатты ажал атомынан қорғаудың бiрден-бiр жолы осы екенiне дау жоқ.

Бұған дейiн әлемде ядролық терроризм оқиғалары әлi тiркелген емес. Дегенмен ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiм-шартты сақтау керек.

66-сессияда Қазақстан бейбiт атомды дамытуға қатысты бiрқатар ұсыныстар енгiздi. Бiрiншiден, жалпыпланеталық масштабта атом қуатын дамыту саласындағы процестердi басқару механизмдерiн жақсарту керек. Атом қуаты нысандарының қауiпсiздiгiне байланысты халықаралық деңгейде мойындалған қатаң талаптарды ойластыру қажет. Осы талаптарды орындамаған ешбiр АЭС iске қосылмауы тиiс.

Екiншiден, атом қуатын өндiру саласындағы төтенше жағдайлар кезiнде дер кезiнде әрекет етудiң жалпыға ортақ қағидаларын қалыптастыру керек. Соңғы кезде әлемдегi түрлi табиғи апаттар техногендiк сипатқа ұласуда. Жапониядағы соңғы табиғи апат осының бiр мысалы. Елбасы жер бетiндегi табиғи және антропогендiк процестердi қадағалап отыратын Ғаламдық жүйе құру жөнiнде ұсыныс жасады. Басқаша айтқанда, әлемнiң барлық аймақтары үшiн жергiлiктi жер бедерiнiң, логистикалық, демографиялық карта ерекшелiгiн ескере отырып, дағдарыс жағдайында әрекет ету сценарийiн жасау керек.

Үшiншiден, ядролық нысандағы кез келген, тiптi ұсақ-түйек қолайсыздықтар туралы әлемдiк жұртшылықты дер кезiнде құлақтандырып отыру қажет. Нұрсұлтан Назарбаев шынайы да ақпарат беру арқылы әлем халқының атом қуатынан қорқынышын сейiлту жөнiнде салиқалы ой тастады.

"Атом қуаты саласында байырғы құқықтық қағидаға сүйену керек – шындықты, тек шындықты және бар шындықты айту", – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Қанша ащы болса да, ақиқат айтылуды тiлейдi. Қырық жылдан астам ажал атомынан зардап шеккенде, оның не екенiн бiлмеген қазақ халқының тағдыры – осының анық айғағы.

29.09.2011

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары