СТАМБУЛ — ТҮРКИЯНЫҢ ЖҮРЕГI

СТАМБУЛ — ТҮРКИЯНЫҢ ЖҮРЕГI

СТАМБУЛ — ТҮРКИЯНЫҢ ЖҮРЕГI
ашық дереккөзі
3647

Биылғы демалыс мен үшiн өзгеше болды. Еуропа мен Азияны байланыстырып жатқан алып шаһар – Стамбулда демалудың сәтi түстi. Алматыдан 6 мың шақырым қашықтықта жатқан, тек қана әуе жолы арқылы қатынау мүмкiндiгi бар Стамбулға бұған дейiн тек транзит жолаушы ретiнде соққаным болмаса, қалада арнайы кiдiрiп, өз көзiммен көрудiң сәтi осы жолы түстi. Демалыстың барлығын алып шаһарды қыдыруға, осындағы қазақ қандастарымыздың тұрмыс-тiршiлiгiн танып бiлуге арнадық. Стамбул мен Алматы арасындағы сағат айырмасы жаздың күндерi – үш сағат, қыс мерзiмiнде – 4 сағат екен. Субтропикалық белдеуде орналасқан қала тамыз-қыркүйек айларында қатты ыстық. Қысы жылы, аязсыз.

ТЕҢIЗДЕН ЕСКЕН САМАЛ
 

Стамбул – ескi шаһар. Мәрмәр теңiзiнiң жағалауында, Босфор бұғазын жағалай орналасқан қалада үнемi теңiзден самал есiп, жан жүрегiңдi жадыратып тұрады екен. Ежелгi гректер мекен еткен Константинополь мәдениетiнiң қалдықтары мұнда әлi де кездеседi. Ая София храмын айтпаған күннiң өзiнде Мәрмәр теңiзiнiң жағасында салынған ұзыннан-ұзақ созылған қорғанның қалдықтары да Византия дәуiрiнен сыр шертедi екен. Географиялық орналасуы геосаяси тұрғыдан аса тиiмдi, Еуропадан бiрден Азияға жол салған кәрi Стамбул арқылы Қаратеңiзден Мәрмәр теңiзiне, одан Жерорта теңiзiне сапар шегуiңiзге мүмкiндiк бар. Бұнда әйгiлi Суэц каналы Африка құрлығына бастайды. Мәрмәр теңiзi мен Қара теңiздi жалғап жатқан әйгiлi Босфор бұғазы Стамбулға туристердiң келуiне мұрындық болуда. Азия мен Еуропа құрлығын жалғастырған аспалы көпiрдi тек көруге ғана келетiндерде сан жоқ. Екi бiрдей алып империяның – Византия және Осман империясының жүрегi болған шер көкiрек кәрi қаланың геосаяси тиiмдiлiгi де осында.

1923 жылы Түркия Республикасы жарияланғаннан кейiн елорда дәрежесiн Анкараға тапсырып, елдегi iрi портты және сауда-өнеркәсiп қаласы дәрежесiн сақтап қалған Стамбулдың жан саны 1945 жылы миллионнан сәл ғана асқан екен. 2000 жылғы ресми халық санағы бойынша Стамбул тұрғындарының саны 10 миллионнан асқан. 2008 жылғы мәлiмет бойынша халықтың саны 16 миллионнан асып жығылады. Стамбул қаласы Түркияның ұлттық жалпы iшкi өнiмiнiң 23 пайызын бередi. Қаланың ел бюджетiне қосар жылдық үлесi – 40 пайызға жетедi. Оның 7-8 пайызы Стамбул қаласының өз еншiсiне тиедi. Жекеменшiк банкiлердiң орталық кеңсесi және Түркия банкiлерi филиалының 21 пайызы осында орналасқан. Сондай-ақ, Стамбулдағы сауда Түркия экономикасынан ойып орын алады. Iрi портты қала Стамбул – Түркия үшiн экспорт пен импорттың қақпасы. Қаладағы экспорт – Түркия экспортының 46 пайызына тең болса, импорт – 40 пайызды құрайды. Сондай-ақ, көне шаһар туристердiң миллиондап саналатын ордасы. Демек, Стамбул – Түркия экономикасының жүрегi. Мұнда шағын өнеркәсiп өте дамыған. Кез-келген дүкенге бас сұқсаңыз, оның шағын шеберханасы бар. Сол жерде астыңғы не жоғары қабатта орналасқан. Жалпы, Стамбул халқының басым көпшiлiгi өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз етедi екен. Әсiресе жеңiл өнеркәсiп жақсы жолға қойылған. Көбiнiң жеке кәсiпорны бар. Бiздегiдей "түрiктiкi", "қырғыздiкi", "қытайдiкi" деген тауарлар мүлдем кездеспейдi. "Мен өзiм тiгем, сол үшiн сапасына өзiм жауап берем", – дейдi көбi. Олар аяқ киiмдi де, терi бұйымдарын да өз шеберханасында жасай бередi. Жалпы, Түркияда жеңiл өнеркәсiптi дамыту 1930 жылдан бастап қолға алынған. Тiгiн өнеркәсiбi елдi индустриаландырудың жетекшi күшi ретiнде қарастырылды. Осы мақсатта елдегi бiрнеше тiгiн фабрикасының басын қосқан "Сюмербанк" атты мемлекеттiк өндiрiстiк холдинг құрылды. Алда құрал-жабдықтарды жаңалау, қазiргi заманғы өндiрiстi жолға қою, қажеттi мамандарды даярлау мiндетi тұрды. Жүздеген жас мамандар тiгiн өндiрiсi дамыған елдерге тәжiрибе алмасу үшiн жiберiлдi. Мемлекет осы саланы өз қамқорлығына алды. "Сюмербанк" Түркияның тiгiн өнеркәсiбiнде 30 жылдай жетекшi рөл атқарды. Тiгiн өнеркәсiбiн дамыта отырып, Түркия iшкi рынокты қамтамасыз етудi және импортты шектеу мақсатын алға қойды. Тiгiн өнiмдерi мен дайын киiмнiң көптеп дайындалуы әсiресе Стамбулда жанданды. Шағын және орта фирмалардың базасында тiгiн өнеркәсiбi компаниялары өсiп шықты. Олар әуелi тiгiн өнiмдерiн сатумен айналысқан болатын. Осының арқасында Түркия сонау алпысыншы жылдардың басында-ақ дайын киiмдi импорттаудан бас тартады. Бүгiнде қалада сол үрдiс, сол дәстүр үзiлмеген. Зейтiнбұрны ауданындағы орталық бульварды жағалай орналасқан жүзге жуық киiм дүкенi мен қаз-қатар тұрған асханаларды көрiп қайран қаласың. Ары-берi сабылған адамнан аяқ алып жүргiсiз. Күз маусымы басталуға жақын болғандықтан дүкен иелерi жаздық бұйымдарын сатып, күздiк киiмдердi шығаруға дайындық жасауда. Сол үшiн де жаздық тауарлардың барлығы төменгi бағалармен сатылуда екен.
ҚАЗАҚТАРДЫҢ НЕГIЗГI КҮНКӨРIСI – ҚОЛӨНЕРШIЛIК БОЛДЫ
 

Бiз қаланың Зейтiнбұрны, Гүнешлiкөй, Бакыркөй, Баязит және Лале аудандарында болдық. Баязит пен Лале аудандары ТМД-лық туристердiң сауда-саттық жасайтын мекенi. Бұнда келгенде Ресейге немесе посткеңестiк елдердiң бiрiне келгендей күй кешесiң. Онда барлық хабарландырулар орыс тiлiнде жазылған. Алдыңнан асқан инабаттылықпен емпеңдей шыққан әрбiр сатушы орысша тiл сындырған. Араларында ТМД елдерiнен нәпақа iздеп келген азаматтар да жеткiлiктi. Қажеттiлiк пе немесе мәжбүрлiктiң салдары ма, бұнда келгендердiң барлығы түрiк тiлiне ағып тұр. Қазақша тiл сындыруға 20 жылда мойын бұрмаған орыстар түрiк тiлiн жетiк меңгерiп алған. Бiз болған етiк салонының сатушысы украин екен.

– Түрiк тiлiн үйрену аса қиынға түскен жоқ. Өйткенi күнкөру қажет қой. Менiң иелерiм түрiктер. Мен мұнда ТМД-лық туристерге сауда жасаймын. Көбi түрiкше бiлмейдi, орысша жақсы тiл табысамыз. Соның арқасында табысым да жаман емес, – дейдi ол. Туристер көп келетiн аудан болғандықтан, мұнда өзге аудандармен салыстырғанда баға әжептәуiр жоғары. Оның үстiне мұндағылар жалғыз жарым затты саудаламайды. Топтап сатады. Көбiне саудагерлерге арналған. Баязитте қазақтан шыққан iрi кәсiпкер Дервиш Қылыштың iрi терi бұйымдары дүкенi орналасқан. Жергiлiктi қазақтардың айтуы бойынша, Түркияға келiсiмен, жанбағыстың қамына кiрiскен қазақтар мұнда көбiне терi өңдеумен айналысады. Терi шаруашылығы өткен ғасырдың 60-90 жылдарында жақсы өрiстеген екен. Тек 90-шы жылдардағы әлемдiк өзгерiстер терi бұйымдарын жасаумен айналысатын қазақтардың шаруашылығын шатқаяқтатып жiберiптi. Өйткенi шетелден, әсiресе, бүкiл әлемнiң рыногын 1980 жылдан берi қарқынды жаулап келе жатқан Қытайдың арзанқол дүниелерi Түркияға да жеткен. Соның салдарынан, әлдеқайда сапалы бiрақ бағалы түркиялық терi бұйымдарына деген сұраныс азайған. Сөйтiп шағын ғана қолөнер бизнесiмен айналысып отырған көптеген отбасылардың шаруалары керi кеткен. Бiрақ ол дағдарысты да жеңе бiлген кәсiпкерлер де жетерлiк. Соның бiрi – Дервиш Қылыш. Дервиш Қылыш Стамбулда экономика мамандығы бойынша бiлiм алған. 7-8 жылдай Стамбулда Қазақ мәдени орталығының жетекшiсi болған. – Мен Түркияда өмiр есiгiн ашыппын. Балалығым, жастығым осында өттi. Армия қатарында болдым. Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiн, сонда сапар шектiм. Онда бiраз жыл бизнеспен айналыстым. 1996 жылы Стамбулға қайта оралып, "Burak Leder Collection" фирмасының жұмыстарын ары қарай жүргiзе бастадым. Бұл фирманың негiзiн 1963 жылы менiң әкем қалаған. Оның филиалдары қазiр Астанада, Екiбастұзда және Шымкентте жұмыс iстейдi. Негiзгi айналысатын iсiмiз – терi, текстиль және туризм, – дейдi ол. "Burak Leder Collection" ТМД елдерiне жүк тасумен, ұшақ ұшырумен және терi бұйымдарын экспорттаумен айналысады. Дервиш Қылыштың айтуы бойынша, фирманың жұмысы өте сәттi жүрiп жатқанға ұқсайды. Мұнда да ТМД-лық клиенттермен жұмыс iстеу мақсатында екi түркiмен әйелi қызмет етедi. Зейтiнбұрны мен Гүнешлiде қазақтар мол мекен етедi. Алтайдан басталып, Такламакан шөлiн басып өтiп, Гималайдың күн сүйген жоталарын еңсерiп, азапты көшпен Үндiстан, Пәкiстанға жеткен 1500-дей қазақ 1953 жылы Түркияны барып пана тұтқаны мәлiм. Содан берi 60-қа жуық жыл өттi. Түркияда Алтай атты ауыл құрып, өсiп-өнген қазақтың баласы бүгiнде бүкiл Еуропаға тарады. Еуропа мен Түркияда жиыны 20 мыңға жуық қазақ бар. Ел мен елдiң арасы жақындап, шекаралар ашылғаннан кейiн, бөлiнген ел артта қалған туған-туысын iздеп, Қазақстанға, Қытайға және Моңғолияға барып, қауышқан көрiнедi. Түркиядағы қазақтың көбi Қазақстанға келiп, кемiнде екi-үш жыл тiрлiк кешкен. Тiптi кейбiреулерiнiң қолында қазақ төлқұжаты бар. Бiрақ неге екенiн кiм бiлсiн, көбi жерсiнбей Түркияға қайта оралған. Келген қазаққа Түркия үкiметi жылы қабақ танытады. Зейтiнбұрны ауданында екi жыл тегiн бағады. Сосын еңбек ету мақсатында Стамбулдан 800 шақырым жерде Алтай ауылын салады. Атамекен Алтайды ұмытпау үшiн және келешек ұрпақтың санасына құю мақсатында қазақтар салған бұл ауыл "Алтай" аталады. Бұл ауылдың негiзiн қалаған, 30 жыл аттан түспей басқарған Әтейхан Бiлгiн ақсақал екен. Кезiнде Пәкiстанда тарыдай шашырап жүрген қазақтардың басын қосып, Түркияға көшiру үшiн де марқұм Халифа Алтай ақсақалмен бiрге көп игi iстерге мұрындық бопты. Қазақтар Алтай ауылында шоғырлана орналасқан. Дегенмен қазiр онда халық аз қалыпты. Жұрт қала жағалауды жөн көрiп, Стамбулды сағалаған. Олардың айтуынша, 1953 жылдары бұл ара иесiз жатқан екен. Жерге иелiк ету де тым қымбатқа түспеген. Қазақтардың басым көпшiлiгi, сол ауданда орналасқан Қазақ-мәдени орталығының төрағасы Әбдуақап Қылыштың мәлiметi бойынша, 10 мыңға жуығы осы Зейтiнбұрны ауданында тiрлiк етедi. Қазақ мәдени орталығының басшысы Әбдуақап Қылыштың айтуына қарағанда Түркияға келген қазақтар өткен ғасырдың 50 жылдарының ортасынан бастап, күнi бүгiнге дейiн негiзiнен қолөнершiлiкпен айналысады. Ол – текстиль, терi бұйымдарын өндiру, пластик бұйымдарын жасау. Түркияға келiп өмiр есiгiн ашқан жастардың көбi Түркияда, Еуропаның жетекшi оқу орындарында бiлiм алған. Зейтiнбұрныдағы алғашқы бас сұққан үйiмiз – Азанбай Шаһин ақсақалдыкi болды. Азанбай ақсақал Түркияға келгенде, 29 жаста екен. Алтайдан бастап, Анадолыға жеткен көштiң барлық азабын кешкен. Азанбай ақсақал алғашқы кезде әркiмге жалданып қара жұмыс iстегендiгiн айтады. Алғашқы кезде тiл бiлмеудiң де салдары қатты батыпты. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын Түркия мен Қазақстан арасында қатынас жаңа жолға қойыла бастаған кезде Алматыда бiр жиын өттi. Сол жиында түрiктен келген өкiлдiң сөзiн тiлмәш қазақшаламақ болғанда, бүкiл зал өре түрегелiп, "Аударма, түрiк пен қазақтың тiлiнде қандай айырма бар?" деп тiлмәштi сөйлетпей тастады. Бiрақ ешкiм әлгi түрiктiң сөзiн түсiнбеп едi. Арадағы ғасырлар бойғы шекара туыстас, төркiндес екi тiлдiң бiрiн-бiрi түсiнбейтiн халге жеткiзгенiн ол кезде түйсiнбеген едi зал. Түрiктер қазақ қардешiлерiн құшақ жая қарсы алғанымен, олардың аузына үнемi ас салып бермегенi айқын. Сол үшiн екi қолға бiр күрек, күн көру қамымен айналыса бастаған. Азанбай ақсақалдың жары Шәмсиябану Шаһин ең алғашқы айналысқан iсi – балалардың жөргегiн тiгу болғанын айтады. Бұл өнiмдердi саудалау үшiн базардан арнайы дүкен ашқан. – Кейiн уақыт өте келе, бiр түрiктен балалардың алжапқышын тiгетiн цехын сатып алдық. Сөйтiп өткен ғасырдың 80 жылдарының басында қазiргi шеберханамызды аштық. Онда бүгiнгiдей технология жоқ. Барлығын қолмен жасаймыз. Арасында терi бұйымдарының қиқымынан да киiм тiгiп көрдiк. Бiрақ терi өндiрiсi құлдырап кеткеннен кейiн ол жұмыспен айналысуды қойдық. Осы отыз жылдай уақыт бiздi асырап келе жатқан алжапқыш шеберханасы, – дейдi Шәмсиябану қажы. Бұл шеберханада Азанбай ақсақалдың екi ұлы, бiр қызы еңбек етедi. Екi үйлi жанның күнкөрiс көзi де осы. Стамбул қазақтары 1950 жылдары қаладан жер телiмдерiн арзан бағаға сатып ала бастаған. Ие болған жерлерiн түрiк бизнесмендерi тегiн қалап алады екен де, ең төменгi екi қабатын өзiнiң кәсiбiн жүргiзу мақсатында пайдаланып, жоғары қабатына жер иесiне қанша қабат қажет болса, сонша қабатпен пәтер салып бередi екен. Азанбай ақсақалдың Зейтiнбұрныда екi жер телiмi болған. Бiрiнде өзi бала-шағасымен мекен етедi. Астыңғы қабаттағы пәтерiн дүкеншiге жалға бередi. Екiншi жер телiмiне кәсiп иесi бес қабатты үй тұрғызуда. Оның астыңғы екi қабатын өзi алады. Қалғаны жер телiмi иесiне бұйырады. Бұл да жан бағыстың жақсы тәсiлi.
СТАМБУЛ – ҚЫМБАТ ҚАЛА

Стамбул – әлемдегi қымбат қалалардың қатарынан орын алады. Әуежайға табаны тиiсiмен, жолаушы екi нәрсенiң қымбаттығын түйсiнедi. Ол – такси мен қоғамдық көлiктердiң қымбаттығы. Қоғамдық көлiктер үшiн бiртұтас төлем картасы қолданылады. Ол – трамвайға да, қала iшiндегi пойызға да, автобусқа да, кемеге де жарамды. Тек төлем көлемi ғана әртүрлi. Дегенмен қоғамдық көлiкте жүру құны – шамамен 150 теңге.

Мұнда жанар-жағармай бағасы тым қымбат. Бiр литр бензиннiң бағасы – 4 түрiк лирасы яғни 2.30 АҚШ доллары. Дизель отынының бағасы – 3.75 түрiк лирасы, яғни 2 АҚШ доллары. Соған сай қызмет көрсету түрлерi де қымбат. Тек арзаны – өзi өндiретiн тiгiн бұйымдары ғана.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ Алматы-Стамбул-Алматы 22.09.2011

Серіктес жаңалықтары