"ТIЛ МӘСЕЛЕСI ақшамен шешiлмейдi", – дейдi депутат
"ТIЛ МӘСЕЛЕСI ақшамен шешiлмейдi", – дейдi депутат
Қоғамда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң қолданыс аясын кеңейту барысында түрлi шаралар қолға алынуда. Соған байланысты тiлдi үйренуге арналған көптеген еңбектер жарыққа шыға бастады. Жақында Мәдениет министрлiгi Тiл комитетiнiң Ш.Шаяхметов атындағы Тiлдердi дамытудың республикалық үйлестiру-әдiстемелiк орталығы "Орысша-қазақша тiлашарлар" топтамасын шығарды.
"Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" аясында мiндеттер мен талаптарды жүзеге асыру мақсатында жасалған кешендi тiлашарлар 10 түрлi кәсiби сала мамандарына арналған. Екi тiлде жазылған тiлашарлар "Мәдениет", "Денсаулық", "Бiлiм", "Сауда", "Спорт", "Саяхат", "Кәсiп", "Шаңырақ", "Қызмет", "Дастарқан" деп аталатын 10 кiтапшадан тұрады. Әрбiр кiтапшаның iшiнде тыңдауға арналған, көркем безендiрiлген әрi қалтаға салып жүруге өте ыңғайлы аудио-дискiсi бар. Әлеуметтiк-тұрмыстық салаларға арналған тiлашарлар тiл үйренушiнiң кәсiбiне, қызметiне бағытталып, күнделiктi ауызекi сөйлеу тiлiнде жиi қолданатын сөздер мен сөз тiркестерiн, сөйлеу үлгiлерiн қамтыған. Айта кету керек, есте сақтауға жеңiл, әрi қазақ тiлiнде жиi көрiнiс табатын сөздер мен сөз тiркестерi тiлдi меңгеруге деген ынтаны арттыра түседi. Әрбiр бөлiмде берiлген тақырыптар түрлi жағдайларға байланысты жүйелi түрде қамтылып, диалог ретiнде өрбiп отырады. Айталық, "Саяхат" саласы бойынша әзiрленген тiлашарға темiр жол вокзалында, әуежайда адамдармен тiлдесуге қажеттi сұрақ-жауаптар жинақталған. Сол секiлдi "Шаңырақ" сериясында адамның өзi туралы, жасы, келбетi, мiнезi, ұлты, отбасы жайлы диалогтар берiлсе, "Денсаулық" тiлашарында салалық сөздер мен сөз тiркестерi жеңiл әрi есте сақтауға ыңғайлы түрде орналасқан.
Министрлiктiң тiлашар кешенiн шығару үшiн бiраз тер төгiп, шығындалғаны белгiлi. Мәселе – қаржыда емес, мәселе – әлгi тiлашардың қазақ тiлiн үйренемiн деушiлерге нақты көмекшi құрал бола алуында. Яғни, тiлашардың сөрелерде шаң басып тұрмауы үшiн не iстеу керек? Бiлуiмiзше, мұндай құралдар бұған дейiн де көптеген данамен жарық көрiп, мемлекеттiк мекемелерге тегiн таратылып жатты. Алайда, сол арқылы қазақ тiлiн үйренiп, қазақ тiлiнде сөйлеп кеткен шенеунiктердi кездестiре қойған жоқпыз.
Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Бекболат Тiлеухан "Нұр Отан" парламенттiк фракциясының отырысында мемлекеттiк тiлдiң қағажу көргендiгiне өз қынжылысын бiлдiрдi. Ол: "Қазақта қарнымның ашқанына емес, қадiрiмнiң қашқанына налимын" деген сөз бар. Бидайдың бағасы бүгiн арзан, ертең қымбат болар. Бензин бүгiн бар, ертең жоқ, дегенмен түбi болады. Бiрақ елдiң намысы болған, рухы, ұлттық айнасы болған – тiл бар. Қазақтың тiлi осы мемлекеттiң Конституциясында жазылған – мемлекеттiк тiл. Сол мемлекеттiк тiлдiң үлесi ең құрығанда осы жерде 5 пайызға жететiн дәрежеде қолданылмауы масқара емес пе?", – дедi. Ол сондай-ақ "Үкiметтiң министрлерi бұрын елдiң көңiлi үшiн "Сәлеметсiз бе!" деп басында қазақша сөйлеп, кетерiнде "Сау болыңыздар!" деп бiздi алдай салушы едi. Қазiр бұған да зар болып қалдық дегендi айтты. "Тiлге миллиард емес, триллион, квадриллион, секстиллион бөлсеңiз де, егер тiлге деген қарым-қатынастарыңыз, қазақ тiлiне деген құрметтерiңiз мынадай болатын болса, бұл ақшамен шешiлетiн ахуал емес. Осыны құлақтарыңызға iлгiм келген. Шамаларыңыз келгенше мемлекеттiк тiлде сөйлеңiздер", – деп түйдi өз пiкiрiн.
Шынында да, тiл – қаржымен шешiлетiн мәселе емес. Ең бастысы, тiлдi үйренуге деген ниет, тiлге деген құрмет болмаса, қалғанының бәрi бос дүние.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ