АХАҢ МЕН АЛЕКСАНДРА

АХАҢ МЕН АЛЕКСАНДРА

АХАҢ МЕН АЛЕКСАНДРА
ашық дереккөзі
3006

Ұлтымыздың бетке ұстары, Алаш лидерi Ахмет Байтұрсынов өткен ғасырдағы Торғай уезiне қарасты Тосын болысының 5-ауылында, Сарытүбек деген жерде 1873 жылы 28 қаңтарда дүниеге келдi. Ақынның өзiнiң көзi тiрiсiнде шыққан өмiрбаяндық әфсанада туған жылы 1873 деп жазылған, ғалымның 50 жылдық мерейтойы 1923 жылы өткен, әрi Бутырка абақтысының тергеу хаттамасында осылай көрсетiлген. Бұған қарап Байтұрсыновтың туған жылы бәзбiр мақалаларда жазылып жүргендей я 1870, я 1872 жыл емес, 1873, қазақша мешiн жылының аяғы. Ахметтiң әкесi Байтұрсын Шошақұлы орта шаруа болған, ол арғын Үмбетей батырдың немересi. Шошақтан Байтұрсын, Ақтас, Ерғазы, Данияр есiмдi төрт ұл туған, бұлар шетiнен қайсар, iрi мiнездi, бiрегей болып өседi.

Ауылына келiп, кедей шаруаның басына қамшы үйiре берген орыс оязының озбырлығына шыдамаған Байтұрсын оны аттан аударып, басын жарады. "Жабайы киргиздiң" бұл қылығын сұмдық санаған сары ояз iстi сотқа тапсырады. Қазаннан шақырылған аймақтық әскери сот Ақтас пен Байтұрсынды суыт келiп жауапқа алып, ақырында 15 жыл Сiбiрге каторгiге айдайды. Әкесi айдалған кезде Ахмет 13 жаста болатын. Бұдан былай немере ағасы Ерғазының панасында өседi. Бала жастан зейiндi, алғыр, талапшыл мiнездi. Ахмет әуелi ауылдағы жәдитше сауатты кiсiлердiң алдына барып талаптанып жүрiп хат таниды. Сосын Ерғазы ағасы Торғайдағы екi кластық орыс-қазақ училищесiне бередi, осынау училищеге 1886 жылы түсiп, 1891 жылы бiтiрiп шығады. Болашақ ғалым, алғыр ақын 18 жаста едi. Орыстың оязынан, сотынан әбден зәрезап болып, қорлық көрген ағалары Ахметтiң қайтсе де орысша аса жетiк бiлгенiн қалап, тек орысша оқуға жетелегенi мәлiм. Училищеден кейiн зерек жас әрi қарай тағы бiлiм iздейдi. Орынбор асады. Сол қалада баяғы Ыбырай Алтынсарин ашқан мұғалiмдер школасына түсiп, төрт жыл оқып, 1895 жылы, 22 жасында үздiк бiтiрiп шығады. Орысша аса сауатты жазумен қатар, сол кездегi Европа ғұламаларының тарих, тiл бiлiмi туралы еңбектерiн түгел оқып, зерделеп шығады. Ағартушылық жолға тұтастай бет бұрады. Ахмет 1895 – 1909 жылдар аралығында Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездерiнде ауылдық, болыстық мектептерде бала оқытып, екi кластық училищеге дәрiс бередi. Талай қазақ баласы алдынан бiлiмге сусындап, дүниеге өз көзiмен қарауға үйренедi. Байтұрсынов өз өмiрiнде 5 рет абақтыға отырған, 2 рет жер аударылған, ақыр аяғында Алматы абақтысының жер асты подвалында атылып, қала маңына жасырын көмiлген. Бiрiншi рет жазушы ақ патшаға қарсы терiс пiкiр таратып жүр деген жаламен ұсталды. Ол жаланы бiрге iстеген татар мұғалiмдерi жазған, 1907 жылы Қарқаралы абақтысында бiраз отырып шығады. Бұл қаламгердiң алғашқы қамалған қараңғы үйi едi. Семейге ауысқан кезiнде көп ұзамай сол Семей губернаторы Тройницкийдiң шұғыл пәрменiмен 1909 жылғы 1 шiлдеде тұтқынға алынады. Байтұрсыновтың үстiнен ақ патшаның Шыңғысов Тәттiмбет бастаған жергiлiктi тыңшылары арыз түсiрiптi. Ол арыз азамат басына екi үлкен айып төндiредi. Бiрiншi айып: Ахмет Байтұрсынов мемлекеттiк бiрiншi думаның мүшесi, аса бiлiмдi саясаткер Бөкейханов Әлиханмен бас қосып, үкiметке қарсы жасырын ұйым құрып, терiс үгiт өрбiтiп жүр дейдi. Екiншi айып: ол басшылық еткен училищеде бiр де бiр орыс баласы жоқ, ол өзге отырықшы ұлттардың балаларын шеттетiп, тек қана қазақ балаларын оқыту керек деген көзқарас ұстап отыр дейдi. (Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн, 1987 жылдың көктемiнде әмiршi-әкiмшiлердiң "қазақ балалары жоғарғы оқу орнында көбейiп кетiптi" деген процент қуушылығы ғасырымыздың басында-ақ көтерiлген). Осы екi ауыр кiнәнi азаматтың басына үйiп-төгiп, ұлтшылсың деген жаланы жапсырып абақтыға жабады. Семейдiң еденi сыз, жылусыз, тор көз терезелi абақтысы ақын басына қаратүнек үйiрген екiншi қараңғы үйi болды. Бұл абақтыда ешбiр жауапсыз, тергеусiз сегiз ай бойына сарылып отырады. Жоғарыда тiзбеленген айыпты мойындата алмай, бостан-бос шығарып жiберуге тағы ыңғайын таппай сот төрағасы екi жылға "Қазақ өлкесiнен тыс жерге" жер аударады. Бұл үкiм 1910 жылғы 21 ақпанда шығады. Ресейге қарайтын Орынбор қаласына Ахмет 1910 жылғы 9 наурызда келiп, 1917 жылдың аяғына дейiн сонда тұрып қалады. Бұл Байтұрсыновтың бiрiншi рет жер аударылуы едi. 1929 жылғы мамыр айының аяғында Байтұрсынов сол кездегi Қазақстан астанасы Қызылорда қаласына сапармен келедi. Негiзгi қызметi мен үйелменi Алматы қаласында қалған. Алматыдағы ең көне оқу орны, сол кезде Қазақ мемлекеттiк университетi аталып тұрған, кейiнгi жылдарда Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту ордендi Қазақ педагогика институтына айналған бiлiм ордасында қазақ тiлi мен әдебиетiнiң профессоры болып жұмыс iстеп жүрген. Отбасы бұрынғы Университетская 83-үйде (Ахметтiң қызы Шолпан Байсалова – Байтұрсынова "Нарынская, 83 үй" деп жаңсақ айтады), қазiргi Ш.Уәлиханов 60-үйде тұрған болатын. Ахаң маусымның басында Қызылордаға екi түрлi шаруамен келгенi мәлiм. Бiрiншi шаруасы: өлкелiк атқару комитетi ұйымдастырған өлкетанушылардың құрылтай кеңесiне қатынасуға шақырылған, екiншi шаруасы Қызылордада шығып жатқан екi бөлiмдi "Тiл жұмсар" атты кiтабының жай-күйiн бiлуге, сатылу, тарату жағдайын жүргiзуге әдейi арнап соққан болатын. Голощекин отырған кеңсе үйi әлi сақталып қалды. Бұл күндерi облыстық жүйке аурулары ауруханасы орналасқан. Жазушыны Қызылорда қаласында жиыннан шығып келе жатқанда кенеттен ұстайды. Қамауға жазылған ордер №143, жарлықты орындаған сол кездегi Бiрiккен саяси Бас басқарманың Қазақстан бойынша өкiлеттi өкiлi Саенко. Осынау Саенконың қолы қойылған ордер №78754 сот құжатының 3-шi томының 54 бетiне тiгiлген. Ахмет Байтұрсыновтың соңында қалған, асырап алған көзi тiрi перзентi Шолпан Ахметқызы Байсалова – Байтұрсынова "әкемдi Алматыда, Нарынская 83 үйде тұрғанымызда ұстаған секiлдi едi" деп жаңсақ айтады. Өзге де зерттеу мақалаларында ғалымның ұсталуына байланысты мәлiметтер әрқилы берiлiп жүргендiктен, оқушы қауым оқиғаны дәлме-дәл айнадан көргендей анық елестету үшiн бiздер №78754 iс қағазының сот құжаттарының кәмпескелеу, абақтыға жабу, тергеу хаттамалары арқылы сөйлеймiз. Жоғарыдағы Байтұрсыновты ұстауға жазылған №143 ордер "1929 жылғы 28 маусым" деп кейiнгi күн есебiмен толтырылған. Шындығында ғалымды 2 маусым күнi Қызылордада ұстаған. Қызылорда абақтысына әкелiп жабады. Жазушының зайыбы туралы бүгiнгi таңға дейiн айтылып жүрген екiұшты пiкiрлерге мына зерттеуiмiз түбегейлi жауап бередi. Алдағы уақытта тергеу хаттамасында, әсiресе оныншы тергеу хаттамасында есiмi аталатын кiсiлердiң есiмiн алға тарта отырып сауалға жауап беремiз. Сонымен Байтұрсыновтың шаңырағын ұстаған, отын түтеткен зайыбы туралы толғау төмендегiше. Сөз басында Байтұрсынов 1907 жылы Қарқаралы абақтысында бiраз отырып шыққан едi дедiк. Ғалым сол Қарқаралыда жүрiп Александра есiмдi орыс қызымен танысты деген дәйегiмiз бар. Александра Жоғарғы Оралда туған. Әке-шешесiнен ерте айрылған. 1878 жылы туған. Ахаңнан 5 жас кiшi. Болашақ жұбайлар Қарқаралыда танысқан кезде Ахаң 34 жаста, Александра 29 жаста едi. Бiр ескеретiн жәйт: бiздер бұл деректердi Қаралдина Данабике Байқадамқызы, Дулатова Гүлнәр Мiржақыпқызы, талантты ғалым, физик, Тарту университетiнiң түлегi Әбдiсадықов Төкен (қайтыс болған) секiлдi кiсiлердiң айтқандарына сүйенiп, бiр жүйеге келтiрiп жазып отырмыз. Алғашқы таныстық кезiнде Қарқаралыда iстi болып жүргенде Ахаң "осынау орыс қызы қалыңдығым болады" деп ойламаған. Әуелде арада жылы, сыйластық сезiмi ғана өрбiген. Александра сол Қарқаралыда қамалып қалған ғалымның артынан барып, азаматтың хал-күйiн бiлiп тұрады. Сыйластығы өрiстейдi. Жалпы Ахаң тумысында көп сөйлемейтiн, тұйық, қайыңдай сүйектi, доғал кiсi болыпты. Әсiресе әйел баласының алдында өзiн епетейсiз, қораш, ыңғайсыз сезiнiп, "үстiнен бөзi, аузынан сөзi түсiп" тұрады екен. Бозбала кезiнде, елде Iңкәр деген қызға ғашық болып "Аққұм" әнiн шығарады. Iңкәрдан кейiн көз жазып қалады. Ғашық болып сөз айтқан, ән шығарған сұлу бойжеткен жүре-бара жiгiттiң оқтау жұтқандай жүрiсiне, оралымсыз әзiлiне үйренiсе алмай жүргенде майлы қасықтай жылпылдаған өзге жампоз жiгiттер алдын орап кете берiптi. Аса дарынды адам өмiрге, қызға икемсiз. Өстiп жүргенде қызметi ауысып, дәм жазып жазушы Семейге келедi. Мұнда қаланың iрi байы, саудагерi, Мұхамедсадық деген татар кiсiмен танысады, үйiнде қонақта болады. Әлгi саудагердiң үйiнде бой жетiп толысқан, сәл дiмкәстi Бәдрисафа есiмдi қызы бар екен. Үйiне келiп-кетiп жүрген әрi реңдi, әрi бiлiмдi, ақылды жiгiт мына саудагердiң көзiне баяғыдан көктен iздеп жүрген болашақ күйеу баласы болып елестейдi. Қазақ оқығандары жазушының қызметiн көре алмай, басқан iзiн аңдып, арыз жазып, сүркiл салып тағы соңына түседi. Мұхамедсадық Ахаң келсе болды сыйлап, құрақ ұшады. Дастарқанынан дәм татқызады. Қызымен таныстырады. Өстiп жүргенде болашақ күйеу жiгiтiмiз "ұлтшыл-жiкшiл" деген жаламен iстi болып, Семей абақтысына жабылады. Ояздық жандарм бастығы қай-қайдағы пәле-жаланы қоздырып iс қозғайды, жазушыны осы жолы қайтсе де бас көтерместей ғып жазалы етудi ойластырады. Баяғы Қарқаралыда танысқан Александра қыз Ахметтi Семейге iздеп келедi. Қарадай iстi болған сойқанның үстiнен түседi. Ахметтi сұрастырып жүрiп қаланың қиыр шетiндегi абақтының тор көз терезелi, сыз еден камерасынан табады. Жолығады. Жазушының айтуымен жалғызiлiктi қыз татар байы Мұхамедсадықтың үйiне барып, күтушi, ас пiсiрушi, алып кел, барып келi, қызметшiсi болып орналасады. Үй иесiнiң пәрменiмен жазушының артынан барып, тамақ апарып, кiр-қоңын жуып, жақсылық жасап тұрады. Өстiп жүргенде мына жұмыр дүние дөңгелегеннен дөңгелеп күрт өзгередi. Мұхамедсадық саудагердiң науқас қызы дүние салады. Ояздық жандарм бастығы сарыала шекпенiн жамылып, көшенi дүбiрге толтырып, қала ортасындағы татар байының үйiне сау етiп келiп түседi. Аяғын шешпей төрге өтедi, жүзiн суыққа салып, жiлiгi майлы Мұхамедсадық саудагердi алдына келтiредi. "Сен неге абақтыдағы ақ патшаға қарсы қылмыскерге үйiңнен астыртын кiсi жiберiп, тамақ, киiм жеткiзiп тұрғансың? Бұл бассыздығыңды орысқа жасаған қырың деп түсiнiп, өзiңдi де қараңғы үйге қамаймын",– деп қатты қыр көрсетiп, кәрiн төгедi. Байдың зәресiн ұшырып, қырына алып зiркiлдеп ұрсып шығып жөнеледi. Ұлықтың кәрi Мұхамедсадық үшiн Алланың қаһарымен бiрдей. Үйiндегi қызметшi орыс қызы Александраны шақырып алып, кейiс бiлдiре сөйлейдi. "Көзiмнiң ағы мен қарасындай қызым көз жұмды, о дүниелiк болды, ана бел көрiп көмектесiп жүрген жiгiтiмiздiң түбi шикi екен. Ұлықтар сау қоятын емес,– дей келiп қызметшi қызға қатты тапсырыс бередi,– ендi абақты жаққа аттап басушы болма… Көрмегенiм сол жазушы болсын…" Осымен iс бiттiге санап, татар саудагерi базар аралап кетедi. Өмiр өз ағысымен жылжып өтiп жатады. Ахмет Байтұрсынов Семей абақтысында 1909 жылғы 1 шiлдеден 1910 жылғы 21 ақпанға дейiн отырған. Байға жалданып, отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген Александра қараңғы үйде шерменде болып отырған азаматтың "тегiн кiсi еместiгiн" iшкi бiр алтыншы түйсiгiмен сезiп бiледi. Саудагерден жасырынып, iзiн бiлдiрмей абақтыға келiп-кетiп жүредi. Ас-ауқат әкеледi, кiрiн жуады, түбiнде мына аққұба, ақ шашты орыс қызын соңына көлеңкеше iлестiрiп қойған ұлы тағдыр екенiн Ахмет те сезедi.Әйел баласының қиындыққа мойымас қажыры мен адамгершiлiгiн түсiнген Ахмет тағы бiр келгенде Александраға: "Осыдан аман шықсам, сенiмен тағдырымды қосақтаймын" – деп уәдесiн бередi. Бұл туралы тiлшi ғалым Рабиға Сыздықова былай деп жазады: "А.Байтұрсыновтың жұбайы Александра атты орыс әйелi ешкiмi жоқ пәтерде жүрген жетiм қыз болатын (тiптi фамилиясы де белгiсiз едi). Ахмет түрмеде жатқанда, тамақ тасып, кiр-қоңын жуып оған қызмет көрсетедi. Ар-ұяты, адамгершiлiгi зор азамат мұндай қайырымдылықты, адал көңiлдi аттап кетудi ар санап, түрмеден шыққан соң, сол жетiм қызға үйленедi. Ол кезде өзге дiндегi әйелмен мұсылманның некесiн киғызу қиын iс болғандықтан, Александраға Бадрисафа деген мұсылманша ат берiп, татар қызы едi деп некеге отырады. Ахаңмен бiрге көп қиындық кешiп өткен Бәдрисафа 1940 жылдары кайтыс болған" (Р.Сыздықова. "Ахмет Байтұрсынов", Алматы, 1990 жыл, 17-бет). Осы анықтамада екi неғайбiл ой бар. Ол қыздың "тiптi фамилиясы да белгiсiз едi" деген сөзi, әрине 19 жастағы Александра сол кезде аздап сауатты болған, қай жерде туғанын, әке-шешесiнен қалай айрылғанын бiлетiн. Семей абақтысынан босап, қазақ сахарасынан тыс жерге аударылған Ахаң баяғы берген уәдесiнде тұрып, Александрамен некеге тұрарда бұрынғы пана тұтқан татар саудагерi Мұхамедсадықтың алдынан өтедi, жақында ғана ауыр дерттен қайтыс болған бойжеткеннiң төлқұжатын пайдалануға рұхсатын алады. Александраның есiмiн өлген қыздың құжатына ауыстырып, "Мұхамедсадыққызы Бәдрисафа" деп жазғызады, некеге тұрады. Тiлшi ғалымның екiншi дүдамал тұсы: Бәдрисафаның қай мезгiлде, қай жерде өлгенiн анық айтпай, әйтеуiр 1940 жылдары қайтыс болған дей салуы. Зерттеуiмiзде бұл жәйтке кеңiрек жауап беруге тырысамыз. Сонымен кейiнгi тұрағы Орынборға Ахаң мен Бәдрисафа ерлi-зайыпты кiсiлер болып келедi. Осы тұста жазушының кейiн асырап алған; "балам" деп бауырына басқан iнiсiнiң қызы Шолпанның шешесi туралы естелiгiн бере кетелiк. "Бәдрисафа апам аса реңдi, бойшаң, қазақшаны тұтығып сөйлейтiн, көгiлдiр көздi, ақ шашты, төгiлдiрiп көйлек киетiн кiсi едi. Көйлегiнiң етегiне бiр белдеу бүрме салатын. Басына ылғи шет-шетiн суыртпақтап кесте жүргiзген мережкелi ақ бәтес орамал салатын. Орамалына, көйлегiнiң омырауына жiбек жiптен өрнек жүргiзiп қоятын iсмер кiсi едi. Бiзге кесте тiгудi, мережке салуды үйрететiн. Гүлнар екеумiзге (Мiржақыптың қызы) ине-жiптi қалай ұстауды сол Бәдрисафа апам үйреттi". "Бал қосып пiсiрген шакшагiн әкем ылғи мақтап, "бiздiң Сафа сұлу пiсiрген",– деп ауызға шымшып салып, шайды сораптап отыратын". "Апам әкемдi қатты сыйлап "Төре" деп отыратын… Төре демалып жатыр… Төре жазу жазып отыр… деп аяғымыздың ұшымен жүргiзiп, үстiне кiргiзе бермейтiн. Өзi де алдынан кесе-көлденең өтпеушi едi". Шолпан Байсалова – Байтұрсынова апайдың үйiнде осы жолдар авторы Бәдрисафаның жалғыз суретiн көргенi бар. Шекесi толық, танауының ұшы сүйiр, көтерiңкi, үшкiл жүздi, көз жанарының үстiнде аздаған дөңесi бар, астыңғы ернi көпсiген, иегi сүйiр сұлу келiншек қиырға қарап қалыпты. Мына суреттегi көз жанары, керме қасы тәкаппар пандықты елестеткендей. Қопсыған мол шашы орамал астына әзер сыйыпты. Шолпанның айтуынша Бәдрисафа үйелменiнiң барлық билiгiн жұбайына берiп, өзi тек қана әйелдерге тән үй шаруасымен айналысады екен. Нешеме қиын iстiң шешуiн "төре бiледi" деп Ахаңның төрелiгiне жүгiнiп, содан әдiлет күтiп отыруды әдетке айналдырыпты. Тәуiр сыбағаны соған сақтайды екен. Ахаң да өмiр бойы зайыбын сыйлап, жан сырласы ете бiлiптi, дауыс көтеpin шәй деспей өтiптi. Байтұрсыновтың үйелменi Торғайда тұрған кезiн суреттейтiн мына бiр естелiктi келтiре кетейiк. Данабике Байқадамқызы Қаралдина өзiнiң "Бүгiнге жеткен белгi бар" деген мақаласында былай деп жазады. "Соңғы кездерi жiгiттер "атаң үйiне барып ойна" деп жұмсауын жиiлеткен едi ("ата"дегенi Байтұрсынов – Д. Д. ). Сiрә, менiң жиi баруым Бәдрисафа шешеме күдiк туғызса керек. Мен келсем Қазиқан қақпаны ашпайтын болды. "Жiбермедi" деп үйiме боздап жылап келемiн. Бiрде Әмiрәлi: "Апа,– дедi шешеме,– абысыныңыз "баласын үнемi құрқол жiбередi" деп үйiне кiргiзбейтiн болыпты. Қыстан сақтағаныңыз болса қайнағаңызға сыбаға жiберудiң қисыны келiп-ақ тұр,– деген iнi сөзi қамшы болды да, шешем жарты қазы, бiр шұжықты орап, қолтығыма қыстырып жатып: "Нақ атаңның терезе көзi алдына тұрып ал; атаң көрсiн сыбаға жiбергенiмдi",– деп ескертiп үлгердi. Ақас (Ахмет Байтұрсынов, Д.Д.) атаның кабинетiнiң терезесi көшеге қарайтын, нақ терезе алдына келiп, қақшиып тұрмын. – Атасы, атасы, әне кептерiң келiп тұр,– деп атамды қаратты да Бәдрисафа апа: "Кiр, кiре ғой",– деп шақырды. Қуанғаннан жүгiре кiрдiм. – Атасы, кептерiң сыбаға әкептi, – деп шешем көрсетiп тұр, өзiм нақа бiр түйе азық әкелгендей мәзбiн. Атам ақ дастарқан жапқан үстел басында қалбырлы стаканмен шәй iшкелi отырған. Саусағының басымен шақырып алды да, дастарқан үстiндегi екi шағым қанттың бiрiн маған қарай жылжыта койып: "Қолың жетiп ала алсаң ғана сенiкi",– деп күлiмдей қарады". ("Лениншiл жас", 1991 жылғы 12 маусым). Данабике Байқадамқызы Қаралдинаның тағы бiр естелiгiн келтiрейiк. Бұл естелiк Ахаңның айдаудан Алматыға оралып келген кездегi хал-күйiн елестетуге септiгi тимекшi. "1935 жылдың маусым айы болатын. Халық ағарту наркомында iстейтiн кезiм едi,– дейдi Данабике Байқадамқызы,– бастығымыз Жұбанов Құдайберген болатын. Ол 1899 жылы туып, 1937 жылы зұлматқа ұшырап, атылып кеткен қазақтың тұңғыш тiл бiлiмiнiң негiзiн салушы, фонетикасын жасаушы, етiстiк құрылымын зерттеушi аса iрi ғалымы осы Құдайберген Қуанұлы. Құдекең маған келiп: "Осы сендер Ахмет ағаның үйiмен араласып тұрасыңдар ма?" – деп сұрады. "Араласып тұрамыз",– дедiм. "Онда мына бiр кiтапты Ахаңның өз қолына апарып бершi, не айтқанын келген соң айтарсың",– дедi. Қалың кiтап қағазға ораулы екен. Курьер болып iстейтiн Мотя есiмдi қыз бола тұра маған сенiм бiлдiргенiнде бiр гәп болғаны ғой деп жүгiрiп ала жөнелдiм. Ахаңдардың верандалы особняк үйi ол кезде Кастекская деген көшеде болатын. Ауладан енiп барсам, Ахаң бiлегiн сыбанып еден жуып жатыр екен, ыңғайсызданып, өз-өзiмнен ұялып қалдым. "Ә, кептер, келдiң бе,– дедi белiн жазып, – әжең ауру, үйдi өзiм жинаймын, тамақты өзiм пiсiремiн". Meн ораулы кiтапты ұсындым. Ахаң сұқ саусағымен ернiн басып, көршi есiктi нұсқады, "пәле болды бiр",– дедi, сөйткенше болған жоқ, есiк сықыр ете қалды. Аңдушы болып жүрген көршiсi екен. Ахаң кiтапты алып бөлмесiне енiп кеттi де бiраздасын қайта шықты. "Мұндай қалың кiтапты аудара алмаймын, бұрынғыдай саушылығым жоқ",– дедi. Кiтапты қайтарып бердi. Қайтып келе жатып: жанашыр кiсiлер, Құдекең бас болып ақша жинап, кiтаптың арасына салып мен арқылы берiп жiберген-ау деп ойладым. Болған оқиғаны баяндап, Құдайберген ағаға кiтабын қайта әкелiп бердiм", – дейдi. Ахаңның зайыбы Бәдрисафа Томскiнiң жел гулеген барагiнде, Батыс сiбiрдегi Кривошеийн ауданына қарасты Жуково деревнясында айдауда жүрген кезiнде денсаулығынан айрылып, елге жүдеп, аурулы болып оралған едi. Алматыға келген соң бұрынғы ауруларына жүрек дертi қосылады. Ұзақ-ұзақ төсек тартып жатып қалады. Баяғыдай Ахаңа адал жәрдемшi болуға жарамайды, үй иесiнiң күйi болмайды. Үйдiң барша ауыртпалығы бұл уақытта төрт перзенттi болған (екеуi ертеректе шетiнеген), өзiнше үйелменi бар Қәтездiң мойнына түседi. Әр кезде шаруаға көмектесуге Самырат келiп-кетiп жүредi. Шолпан болса бұл кезде күйеуге шығып кеткен. Өзiнше үйлi-жайлы. Белгiлi себептермен Ахаң үйiмен араласа қоймапты, "бiздi де ұстап әкетедi" деп үрейленiп, ата-анасынан шеттеп кетiптi. Өстiп жүргенде 1937 жыл жетедi. Бәдрисафа өмiрiнiң соңғы кезеңi туралы түрлi әңгiме айтылады. Дүдәмал болмау үшiн бiздер сол екi жобаны да келтiрудi жөн көрдiк. Ахаңның қолындағы қызы Шолпан Ахметқызы Байсалова – Байтұрсынова төмендегiше сөйлейдi. "Әкемдi 1937 жылғы 8 тамызда iшкi iстер наркомының қызметкерлерi келiп ұстап алып кеттi. Үш күннен кейiн, яғни 11-шi тамызда Бәдрисафа шешемдi ұстады. Шешемдi қамауға алып кеткен кезде мен перзентханада едiм, Болат есiмдi ұлымды босанып жатқанмын. Әкем мен шешемнiң ең соңғы сапарларын көре алмадым. Кейiн әкемнiң "атылды" деген қағазын алдым. Шешем туралы ешқандай дерек жоқ, әлде атып тастады ма, әлде көз көрмес, құлақ естiмес жаққа айдап жiбердi ме, ешқандай дерегiн бiлмеймiн". "Бәдрисафа шешем 37 жылғы 11 тамыздан кейiн, iз-түзсiз жоғалып кеттi",– дейдi. Ендi екiншi әңгiменi келтiрейiк. Мұны айтатын Данабике Байқадамқызы Қаралдина, Сағадат Едiгеұлы Абдулғафаров (бұл баяғы Кәтезден туған Едiгенiң баласы, Ахаңның шөбересi), Самырат Кәкiшев есiмдi азаматтар. Әбдiғапаров Рүстем 1900 жылы туған, Орынбор рабфагiн бiтiрген, "Қызыл партизан" болған, 1937 жылы сталиндiк зұлматқа ұшырап атылып кеткен азамат. Ахаңның қызы Кәтезбен 21 жылы, Торғайда қосылады. Кейiн Алматыға ауысады, Красноармейская, 100 (қәзiргi К.Байсейiтова) көшесiндегi екi бөлмелi шағын үйде тұрған, 34 жылы айдаудан оралған Ахаң мен Бәдрисафа ең әуелi осы үйге келiп түседi, алғашқы адамшылық жәрдемдi күйеу баласы мен қызы Кәтезден алады. 1937 жылғы 8 қазанда Ахаңды қайта ұстайды, аурулы Бәдрисафа жападан-жалғыз қалады. Рүстем де ұсталады. Кәтез бен Бәдрисафа бiршама уақыт тұтқындағы кiсiлердiң артынан барып, тамақ апарып тұрады. Өздерiнiң жағдайлары кете бастайды. Кәтез Қостанайға барып, қолында қалған перзенттерi Серiк пен Едiгесi бар (Едiге 28 жылы, Серiк 35 жылы туған) үй салғыза бастайды, көп ұзамай астанаға қайта келiп, шешесi Бәдрисафаны алып кетедi. Алғашқы кезде Бәдрисафа Кәтездiң қолында тұрады. Өзi ауру, жүйкесi тозған, "капризный кiсi" болады. Бiр жылдан соң болар, Қостанай маңында Алексеевка деген селода Бәдрисафаның туған iнiсi тұрады екен, сол орыс iнiсi келiп, "апама өзiм қараймын" деп алып кетедi. Ахаңның жан серiк зайыбы Бәдрисафа сол Қостанай түбiндегi орыс iнiсiнiң қолында қайтыс болады. Кәтездiң өзi туберкулез ауруына шалдығып, қиын өмiр, тұрмыс тауқыметiнен дертi қайта қозып 1940 жылы Қостанайда көз жұмған. 1916 жылы Орынбор гимназиясын үздiк бiтiрген, кейiнгi төңкерiс дауылына ұшырап аласапыраны шыққан кедей елдiң баласын оқытып, сауатын ашып, жарыққа, жақсылыққа сүйреген көзi ашық қазақ қызы Кәтез арманда кеттi. Қиын жылдарда Ахаңның қасынан табылып жәрдемiн берген, қарлығаштың қанатымен өртке су сепкендей шырылдап араға түскен, аяулы жар, ғалымның адал перзентi туралы әлi талай әңгiме жазылары хақ. Кәтез Ахметқызы 1920 жылы Торғай уездiк атқару комитетiнiң мүшесi болып сайланды. Көп жылдар бойына Торғайда, Қостанайда бала оқытып, шәкiрт тәрбиеледi. Ең ғанибетi, ғалым әкесiнiң қолжазбасын көшiрiп, ретке салып, баспаға әзiрлеп, айтуы жоқ қолқабысын тигiзген. Ахаңның iстi болу сот құжаттарында қызы Кәтез бен күйеу баласы Рүстем Әбдiғапаровтың қайта-қайта ұшырасып, тiлге тиек бола беретiнi тегiн емес. Бiрiккен саяси Бас басқарма тергеушiлерi Рүстем мен Кәтездiң үйiн бiрнеше рет тiнтiп, көптеген құжаттарын алып кеткен, баспаға әзiрлеп қойған Ахаңның "Мәдениет тарихы" деген қалың қолжазбасын осы үйден тауып алған, өртеп құртқан. Алматыда, өмiрiнiң соңғы кезеңiнде Кәтез экономист-жоспарлаушы болып iстеген. Сөз түйiнi – Ахаңның адал жары Бәдрисафа Қостанай түбiндегi Алексеевка селосында дүние салған. Мұны айтып куәлiк берушiлер Рүстем мен Кәтез маңайындағы кiсiлер, Кәтезден тараған үрiм-бұтақ жұрағаттары едi. Осы тұсқа Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң 60 жылдан астам жабылып келген архивiнен алынған екi құжаттың көшiрмесiн келтiре кетудi жөн көрдiк.
АНЫҚТАМА

"30 – 40 жылдар аралығында және 50 жылдар басында орын алған зұлмат құрбандарының әдiлет табуына бағытталған қосымша шаралар туралы" ССРО Жоғарғы Советi Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы бұйрығы бойынша ССРО Кiндiк Төрағасының жанындағы Бiрiккен саяси Бас басқарма коллегиясының 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынова Бәдрисафа Мұхамедсадыққызы, 1878 жылы туған, Жоғарғы Орал тумасы, татар, ССРО азаматы, партияда болмаған, үй шаруасындағы әйел, жер аудару туралы үкiмi бұзылсын.Байтұрсынова Бәдрисафа Мұхамедсадыққызы ақталды.Казақ ССР-i прокурорының аға көмекшiсi Б.3. Ашитов, 1989 жылғы 5 қазан".

Келесi құжат төмендегiше:
АНЫҚТАМА № 12 – 18
"Байтұрсынов Ахмет пен Байтұрсынова Бәдрисафаның қызы 1929 – 1933 жылдар аралығында ата-анасымен бiрге айдауда болған және 1950 жылы РСФСР Қылмыстық кодексiнiң 58 статьясымен сотталған Байтұрсынова Шолпан Ахметқызы ақталды. Жоғарғы Сот төрағасының бiрiншi орынбасары М. Малаховтың қолы, 1990 жылғы 25 маусым".Қорыта айтқанда, Ахаңның бұл күнде көзi тiрi екi мұрагерi бар: бiрiншiсi – Байтұрсынов пен Бәдрисафа қиналып, айдалып, өмiр тауқыметiн көрiп жүргенде ақтық кезеңге дейiн қастарынан табылып, қол ұшын берiп, жанына медеу бола бiлген қызы Кәтез, сол Кәтездiң жалғыз ұлынан туған немересi – Сағадат. Екiншi мұрагерi – заң тiлiмен айтқанда, Ахаңның асырап алған қызы Шолпан, мұрагерлiк правосы, ерiк-құқы юристiк құжатпен сөйлегенде Кәтезбен бiрдей. Әйтсе де Ахаң мен Бәдрисафаның өмiрiнiң соңғы кезеңiнде қасында болмаған шындығы тағы бар…Бәдрисафаның өмiрiнiң екi түрлi аяқталуы турасында айтылып жүрген әнгiмелердi жоғарыда келтiрдiк. Ендiгi шындықты уақыт көрсетедi, төрелiктi оқушы қауым өзi айтады.
22.09.2011

Серіктес жаңалықтары