ҚОРҚЫТТАН ҚАЛҒАН...

ҚОРҚЫТТАН ҚАЛҒАН...

ҚОРҚЫТТАН ҚАЛҒАН...
ашық дереккөзі
187

Адамзаттың ақыл ойы алға жылжыған сайын өткенiне тереңiрек үңiлетiнi – қажеттiлiктен туған заңдылық. Өйткенi оның өткен жолы шыққан тегiне алып барады, тегiн тапса, тамырын iздейдi, тамырын тапса, нәр алып жатқан топырағын таниды. Сол сияқты ұлтымыздың ғасырлар бойы тағдыр талқысында шыңдалып, сана мен сезiм сүзгiсiнен өтiп барып рухани өмiрiнiң бөлiнбес бөлшегiне, ажырамас әдетi мен әдебiне айналған құндылықтарын iздеу, табу, тану және таныту бүгiнгi ұрпақтың басты мiндеттерiнiң бiрiне айналып отыр. Олай болатын себебi, рухы бостан, жiгерi азат ел ретiнде жұмыр жердiң бетiндегi өркениеттi өзге жұртпен иық тiрестiруге ұмтылған қазiргi жаңару мен жаңғыру заманында қазақ деген ұлттың өзiндiк болмысы, дара келбетi болмаса, алпауыт елдердiң "ғаламдастыру үрдiсi" деген желеумен қолдан жасаған құйтырқы саясатының құрбаны болып кетуi – мүмкiн нәрсе.

Ұлтымызды өзгелерге ұқсататын, олардан өзгешелейтiн әрi өзiне ғана тән тұрпатын айқындайтын рухани қазынасының бiрi – сөз өнерi. Оның сөз өнерi сан мәрте зерттелген, зерделенген. Соның өзiнде ашылмаған қырлары әлi де баршылық. Олардың денi бұрынғы патшалық және кеңестiк ұлтсыздандыру саясатының басты бағыты бойынша әдейi еленбеген, еленсе де бұрмаланған. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн жоғалтқанымызды iздеу қолға алынды. Қолға алынған мұраның бiрi – сөз өнерi болса, соның ең елеулi саласы – ауызша публицистика, яғни Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, шешенсөз едi. Шешенсөздiң тамырын тауып, табиғатын тану арқылы бiз ұлтымыздың да өзiндiк кескiн-келбетiн танимыз.

Ғылымның мұраты – ақиқатқа жету, сол жолда барды бағалау, жоғалғанды табу, тапқанды тану, танығанды өзгеге таныту. Шешенсөздiң өзiндiк сипатын танығанда, таныстырғанда бiз ненi көздеймiз?

Тарихтан белгiлi қазақ ұлты берiсi түркi халықтарымен, арысы адамзатпен қоянқолтық араласа жүрiп, тарих пен тағдырдың сан ғасырлық соқпақтарынан өтiп барып ұлт болып ұйысты, дербес мемлекет болып бой көтердi. Жеке хандығын құрып, өз жерiнде өз тiлiмен өмiр сүрдi. Бiрақ дәл ұлтсыздандыру саясатының соққысындай соққыны көрген жоқ. Ол саясат ұлтты ең әуелi тiлiнен айыруға бағытталды. Соның зардабынан өз тiлiнде жазбақ тұрмақ, сөйлей алмайтын ұрпақ өмiрге келдi. Ұлттың тiлi сүттей ұйып тұрған замандарда сөйлеу өз алдына, екiнiң бiрi айту өнерiнiң шеберi деңгейiне көтерiлген болатын. Пiкiрiн өрнектi жеткiзу, астарлы оймен ақылын асыру қабiлетi, бiр-бiрiнiң айтқанына имандай сенетiн өркениеттiлiк, имандылық, мәдениеттiлiк кешегi жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейiн келдi де одан кейiн қағазға қарамаса ойын жеткiзе алмайтын, айтқанға сенбейтiн, ауызша аманатқа иланбайтын деңгейге құлдырады. Қағазбастылық жайлаған әмiршiлдiк-әкiмшiлдiк жүйеде елге тұтқалардың өздерi халықтың алдына шығып қаралы сөзiн қағазға қарап оқып беруге ұялмайтын, соттың сұрағына жауабын қағазға жазып алып барып оқып беруге қымсынбайтын күйге түстi. Мұның бәрi ұлтымыздың ең озық мәдениетi – айту өнерiне қасақана мән бермей, менсiнбей қараудан едi. Қазiр айту мәдениетi қайта бой көтердi. Биiк мiнберден де, ресми басқосуларда да айтар ойын ауызша жеткiзу әдетi мен әдебi ортамызға орала бастады. Ауызша публицистика яғни шешенсөз қайта қарқын ала бастаған дәл осы кезде оның болмыс-бiтiмiн саралап, ғылыми көзқарас жолымен талдап, тарқатып беру-күн тәртiбiне көтерiлдi. Жоғалып бара жатқан өнерiмiз өмiрiмiзге қайта оралса, оны қуана қолдап, жандандыра, жарқырата көрсету, сол арқылы ұлттық мәдениетiмiздiң ең озық үлгiлерiнiң бiрiнiң дамуына жол ашу – кезек күттiрмейтiн мәселе. Шешенсөз арқылы қазақ деген ұлтты өзiне тән болмысымен әлемге танытуға болады. Бұл– жаһандану заманында ұлттық қадiр-қасиеттi жоғалтып алмау алғышарттарының бiрi.

Бүгiнге дейiн қоғамдық санаға қозғау салу өнерiнiң жазбаша түрiн, яғни көсемсөздi сан мәрте зерттедiк. Талай еңбектер жазылды, ғалымдардың бiрнеше буыны алуан-алуан тақырыпқа бөлiп алып, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады. Бiрақ "Сөз әлеуметке дегенiн iстету үшiн ауызша айтылса – шешенсөз, жазбаша айтылса – көсемсөз"(Ахмет Байтұрсынов) деген қағидаға бiржақты қарау салдарынан тек көсемсөздi ғана ғылыми нысан етiп алдық та, оның төлсыңарын – шешенсөздi назардан тыс қалдырдық. Бұдан кейiн де елемесек, Ахаң айтып кеткен шындыққа қиянат жасаған болар едiк. "Қоғамдық санаға тек жазу арқылы ғана қозғау салуға болады екен" деген түсiнiкпен жүре беруге болмайды. Шешенсөздi арнайы зерттеу қажеттiлiгi бүгiнгi буынның алдыңғы ұрпақ аманатына адалдығынан, келер ұрпақ алдындағы жауапкершiлiгiнен көрiнедi.

Қоғамдық санаға қозғау салу өнерiнiң бастау-бұлағын кешегi газет-жорнал шыққаннан, одан асса, жазу мен сызу өнерi тарихынан бастау арқылы да талай-талай шындықтың ауылына ат басын тiредiк. Жалпы, зерттеушi ғалымдар "публицистика" дегеннiң не екендiгiне, оның атқаратын қызметiне, тарихи тамырларына, жанрлық ерекшелiктерiне, тiлдiк-стильдiк сипаттарына, қалыптасу, даму жолдарына уақыт талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттiлiгiне орай өз тұжырымдарын ұсынды, айналымға түсiрдi, кәдеге асырды. Сөйтiп, публицистиканың жазбаша түрiн зерттеу iсiнiң ұлттық мектебiн қалыптастырды. Публицистикатану ғылымының ұлттық мектебi дегенде бiз Ахмет Байтұрсыновтан бастап бүгiнгi публицистикатанушы жас ғалымдарға дейiнгi аралықта әр жылдары әр кезеңде зерттеу еңбектерiмен ел есiнде қалған тұлғаларды айтар едiк: М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Т.Ыдырысов, М. Барманқұлов, Н.Омашев, Б. Жақып, Ә.-Х. Мархабаев, К.Қамзин, А.Бейсенқұлов, Н. Шыңғысова – бұл салада өзiндiк қолтаңбасымен танылған ғалымдар. Солардың ғылыми ойлары осы саланың ашылмаған жаңа қырларына жол ашты. Олардың еңбектерiнiң өмiршеңдiгi де құндылығы да осында. Дей тұрғанмен, публицистиканың бұған дейiн ашылмай келген қыры дегенде бiз мынаған баса назар аударамыз:

Адамзат сызу мен жазу және тасқа басу өнерiн тапқанға дейiн де ақпарат алмасты. Қауымдасты, қоғамдасты, тiршiлiк үшiн күрестi. Әуелi қара басының амандығы үшiн қарекет етсе, кейiн отбасының, одан кейiн тайпасының, сонан соң одағының, елi-жұртының қамы үшiн күрестi. Осының бәрiнде хабарласпай, араласпай, ақпарат алыспай ойын жүзеге асыра алмас едi. Демек, қоғамдық санаға қозғау салу машығының тарихын әрiден бастағанымыз абзал бiзге. Сол арқылы ұлтымыздың да рухани мұраларының тарихын арғы кезеңдерден iздейтiн боламыз. Бұл қазақ деген ұлттың тарихын адамзат тарихымен бiртұтастықта қарастыруға жетелейдi.

Шешенсөздi, яғни ауызша публицистиканы зерттеу арқылы бiз оның табиғатын анықтаймыз. Ауызша ой айту түрлерiн, әдiстерiн, әдеттерi мен әдептерiн бiлемiз. Оның айшықты айтындарын қайта тiрiлтемiз. Халыққа таратамыз. Сол арқылы өшiп бара жатқан өнерiмiздi, салтымызды, ғұрпымызды қайта өмiрге әкелемiз. Сол мақсат орындалса, онда ұлтымыздың ұрпағы кешегi бабалары секiлдi ойын анық та айшықты етiп айтуға көшедi. Ауызша айту өнерi дамыған кезде ойыңды алдыңдағы адамға бетпе-бет келiп, тура қарап дұрыс айту және оны дұрыс түсiну мен қабылдау мәдениетi жанданады. Айту, түсiну мен қабылдау мәдениетi шындыққа жол ашады. Шешенсөздiң құдiретi де осында. Айту өнерi әдебi, әдетi қалыптасқан қоғамда өтiрiк өрге баспайды. Сондықтан да шешенсөздiң бар болмысын анықтап алу, оны пән ретiнде оқыту, үйрету ұлт ұрпағының болашағы үшiн қажет.

Өмiрде болып жатқан оқиғалар туралы шын ақпараттар, нақты мағлұматтарды ауызша тарату арқылы қоғамдық санаға ықпал ету өнерiнiң бiрi – ауызша публицистика, яғни шешенсөз болмысын зерттеу iсi тың жатқан саланың ашылмаған қырларын ашады, бұрынғы таптаурын қағидалар мен түсiнiктерге бүгiнгi уақыт талабы мен талғамы деңгейiнен қайта қарауға мұрындық болады. Тақырыптың өзi жаңа болғандықтан, тың ойлар, тосын пiкiрлер, бұрын айтылмаған атаулар мен аталымдар және солардың астарындағы ұғымдар мен түсiнiктер ортаға салынады. Сол тың таным ғылыми ой-сананың бiр мысқал болса да алға жылжуына түрткi болады. Кезiнде қазақ фольклорының ел iшiнде тарыдай шашылып жатқан нұсқаларын жазып алып ғылыми айналымға қосу арқылы ұлтымыздың ұшан-теңiз рухани мұрасын сақтап қалу iсiн қалай жолға қойсақ, шешенсөздiң яғни ауызша публицистиканың да небiр үлгiлерiн сол сәтте жазып алып, саралап, ел алдында еркiн сөйлеу өнегесiнiң бiр үлгiсi ретiнде ғылыми айналымға қосуды да жолға қояр едiк. Ұлтымыздың ауызша айту арқылы қоғамдық сананы ояту өнерiнiң болмысын анықтап, кейiнгiге үлгi-нұсқа ретiнде ұсынар едiк. Сөйтiп ұлтымыздың жиналмай жатқан төл өнерiнiң тың нұсқалары дер кезiнде хатқа түсiп, тасқа басылып, сақталып қалар едi.

Әдебиет, тiл, журналистика мамандықтарын арнайы оқытатын жоғары оқу орындары небiр тұлғалар тәрбиелеп шығарды. Солардың бәрi газет-журналдарға қоғамдық сананы оятар мақалаларын жариялау арқылы көсемсөзгер ретiнде танылғандар. Яғни бұл оқу орындары да, бұқаралық ақпарат құралдары да жазба публицистика, яғни көсемсөз машығына, жазу шеберлiгiне баулу айла-тәсiлдерiн меңгерген публицистер мектебiн қалыптастырды. Осындай оқу орындары ендi ауызша публицистика, яғни ауызша айту өнерi – шешенсөз арқылы қоғамдық сананы ояту әдiс-амалдарын меңгерген мектеп қалыптастыруына тұғыр болатын ғылыми еңбектер дүниеге келер едi.

Бұл тақырыпты яғни қоғамдық санаға ауызша айту арқылы қозғау салу өнерi туралы алғаш ғылыми ой айтып, айқындамасын жасап, топқа бөлiп көрген бiрден-бiр ғалым – ұлтымыздың рухани көсемi – Ахмет Байтұрсынов болатын. Оның замандастары Халел Досмұхамбетов, Құдайберген Жұбанов, Шамғали Сарыбаев тiлтаным және шешендiк өнер тұрғысынан қарады, публицистикалық мәнiне назар аударуды басты мақсат тұтқан жоқ. Рас, публицистика туралы Х.Бекхожин, Б.Кенжебаев, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, М.И. Фетисов, Ә.Ыдырысов, С. Қозыбаев, Н.Омашев, С.Масғұтов журналистика және жалпы публицистика туралы келелi ғылыми тұжырымдар айтты. Тiл ғылымының қарқарасы Рәбиға Сыздықова ауызекi сөйлеу мен ауызша айту үлгiсiн тiлдiк үрдiс санатында саралады. Тележурналистикадағы ауызша айту пiшiндерi жөнiнде пiкiрлердi М.Барманқұлов, Қ.Тұрсын, А.Бейсенқұлов, өз зерттеулерiнде таңдаған нысандарының ыңғайына қарай атап өтедi. Радиожурналистикадағы ауызша хабар тарату, жеткiзу тәсiлдерi мен ерекшелiктерi туралы ғалым Н. Омашев құнды пiкiрлердi алға тартты. Әрине, тележурналистика, публицистика туралы кемел ойларды өз еңбектерiнде К.Смайылов, Ә.Қалмырзаев, Қ.Сұлтанов, А. Сәрсенбаев, Л.Бекетова, М.Құл-Мұхаммед, Б. Исабаев, Ж.Сейiтжановалар да ортаға салған болатын. Ауызша публицистиканың бұрыннан ұлт өмiрiнде ерекше орын алғандығын және оның бүгiн де өмiр сүрiп келе жатқандығын ғалым Бауыржан Жақып өзiнiң "Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары" деген iргелi еңбегiнде айрықша атап өттi. Қ.Асанов айтыс өнерiнiң шешенсөздiк сипатын арнайы зерттеп, бұл тақырып төңiрегiнде тың ойлар айтты. Шешенсөз айтындарының табиғаты фольклорлық және ауыз әдебиеттiк жанрларға жақын. Тiптi, кейбiр фольклорлық және ауызша әдебиеттiк жанрлар шешенсөз айтындарының орнына жүргендiгiн атап өтер едiк. Мысалы, айтысты фольклортанушылар мен ауыз әдебиетiн зерттеушiлер фольклорлық, кейде ауызша әдебиеттiк жанр дейдi. Бiз оны шешенсөздiң ең ұшқыр айтыны деп есептеймiз. Толғауды, терменi ауыз әдебиетiнiң жанры ретiнде арнайы зерттеген еңбектер де бар. Бiз оларды шешенсөздiң әуездi айтындары деп бiлемiз. Әндi музыкатанушылар музыкалық жанр ретiнде қарастырса, бiз оны қоғамдық ойды пәрмендi жеткiзудiң тәсiлi ретiнде қарастырамыз. Әйтсе де жоғарыда аталған еңбектердiң бiр де бiрi шешенсөздi жеке зерттеу нысаны етiп алған жоқ. Қорқыт бабаға дейiнгi, Қорқыт баба заманындағы және одан кейiнгi тарихи кезеңдерден бүгiнгi күнге адамзатпен бiрге үзiлмей келе жатқан шешенсөздi зерттеу – маңызды да мағыналы iс.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты

22.09.2011

Серіктес жаңалықтары