КӨБЕЙТУГЕ ҰМТЫЛҒАН "МАКСИМУМ"

КӨБЕЙТУГЕ ҰМТЫЛҒАН "МАКСИМУМ"

КӨБЕЙТУГЕ ҰМТЫЛҒАН "МАКСИМУМ"
ашық дереккөзі
328

Оңтүстiк Қазақстан облысында соңғы екi-үш жылдың көлемiнде кәсiпкерлiк нысандардың саны артып келедi. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша нақ осы салада Оңтүстiк өзге өңiрлерден оқ бойы озық шығып, рейтингтiк көрсеткiште алғашқы орыннан көрiнген болатын. Облыста кәсiпкерлiк нысандардың саны қаржы дағдарысы кезiнде де тұрақты артып, қалыпты дамумен келедi. Бұл сарапшылардың өздерiн де таңғалдырған едi. Кәсiпкерлiктi дамытудың бiр жолы – қаржыландыру екенi белгiлi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қаржы дағдарысы кезiнде банктердiң беретiн несиесiнiң өсiмi жоғарылап, ол көптеген кәсiпкерлердi шарасыздыққа тiредi. Өзiнiң жеке бизнесiн ашқысы келгендерге мемлекет тарапынан берiлетiн жеңiлдетiлген несие де бар. Осыған орай өңiрлерде мемлекеттiк қаржы құрылымдары да құрылған. Бiрақ олардың жұмыс сапасы, нақты жеткен жетiстiгi қандай?

Оңтүстiк Қазақстан облысында кәсiпкерлердi қолдау мақсатында құрылған "Максимум" аймақтық инвестициялық орталығы (АИО) 2009 жылдың тамыз айынан бастап iске кiрiсе бастады. Бiрақ "Максимумның" ол кезде бары-жоғы бiлiнбейтiн. Несiбесiн несиеден iздеген кәсiпкерлер де ондай мекеменiң құрылғанынан бейхабар едi. Қайта жергiлiктi баспасөз беттерiнде "Максимумның" басшылары айына пәленбай мың доллар жалақы, тоқсан сайын өзге шенеунiктердiң түсiне де кiрмеген сыйақы алады екен" деген әңгiмелердiң желдей ескенi бар. Мекеме басшыларының тек жалақы алып, өзге шаруаға бас қатырмағаны бәлкiм рас та шығар. Өйткенi о баста алдына қадау-қадау мақсат қойып, шаруаны да, кәсiпкердi де қарық қыламын деген "Максимум" еселеп пайда табудың орнына қарызға белшесiнен батып, тарап кетудiң алдында тұрды. Бiрақ бұл кешегi жағдай. Ал бүгiн ше?

Облыс әкiмдiгiнiң тiзгiнiн қолға алған Асқар Мырзахметовтiң алдында "Максимумды" шын мәнiнде шаруалар мен орта шағын бизнес өкiлдерiне қызмет көрсететiн қаржы институтына айналдыру мiндетi тұрды. Ол мақсат қазiргi таңда жүзеге асты деп сенiмдi түрде айта аламыз. "Максимум" облыстағы кәсiпкерлiктi дамытудың айнасына айналды. Әр аудан әкiмiнiң атқарған жұмысы "Максимумнан" сол ауданнан қанша кәсiпкердiң несие алғанымен, оған тапсырылған жобалардың сапасымен өлшенетiн дәрежеге жетiп отыр. "Максимум" аумақтық инвестициялық орталығы облыстағы ең сәттi жоба, Қазақстан бойынша теңдесi жоқ қаржы институты", – дейдi қазiр сарапшылар.

Аталған қаржы ұйымының атқарған жұмыс ауқымы қандай? "Максимумның" мүмкiндiгi толық пайдаланылып отыр ма? Осы сауалға жауап iздеп, аймақтық инвестициялық орталықтың директоры Мәлiк Шыныбаевқа жолыққан едiк.

– Облыс әкiмдiгiнiң қаржылық институты есебiнде құрылған "Максимум" орталығынан жалпы құны 10 млрд. теңгенi құрайтын 4235 жоба қанат қақты. Облыстық бюджеттен бөлiнген 9 млрд. 300 млн. теңге толық игерiлдi. Ал 700 млн. теңге несие қайтарымы қайта қаржыландырылуға жiберiлiп жатыр, – дейдi АИО басшысы.

Директордың айтуынша, ауылдағы кәсiпкерлердiң 63 пайызы несиемен қамтылып отыр. Қарапайым халық мемлекеттiк қолдауды жете сезiнуде. Ең алдымен ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге басымдық берiлгенi рас. Бала-шағасын асырап, күнкөрiспен нәпақа табу үшiн "Максимумның" еншiлес кәсiпорны -"Ырыс" микрокредиттiк ұйымы арқылы 1 миллион теңгеге дейiнгi ұсақ жобалар ең төмен пайызбен (3 – 7 жылға дейiн) қаржыландырылса, ал құны 1 миллион теңгеден 10 миллионға дейiнгi қанатқақты жобалардың тұсауын "Максимум" АИО-ның өзi кестi. Кейде өзге де қаржы институттарымен бiрiгiп, көптеген кәсiпкерлерге несие ұзатқаны да өз алдына бөлек бiр тақырып. Нәтижесiнде 7 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Бұл көрсеткiштi 10 мыңға дейiн жеткiзуге меже белгiленген. Салық түсiмдерi 76,2 млн. теңгеге артты. Несие қайтарымы 99 пайызды құрайды.

Сонымен екi жылда "Максимум" қандай жетiстiктерге жеттi? Талдау жасап көрелiк. Алғашқы жылы 111 млн. теңгеге жуық қарызды жауып, өзiн-өзi ақтауға шықты. Сөйтiп, салыққа 39 800 000 теңге төлендi. 87 800 000. теңге таза табыс тапты. 33400 000 теңге мемлекеттiң үлестiк қатысуына дивиденд төледi. Ал 2010 жылы 236 708 000 теңге таза табыс түсiрiп, салыққа 55,5 000 теңге қаржы құйды. Биылғы 6 айдағы таза табысы 82 млн. теңгеге таяу. 2009 жылы келiп түскен 1550 жобаның 561-i мақұлданып, оған барлығы 1,7 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Игерiлуi 36 пайызды құраған. Былтыр ұсынылған 2916 жобаның 1866 -сы өмiрге жолдама алып, оған 4,9 млрд. теңге бөлiнген. Жобаның қамтылуы 64 пайызға тең болды. Ал биылғы жартыжылдықта қолдауға ие болған 1808 жүзеге асырылу үстiнде. Яғни қамту көрсеткiшi алғашқы 6 айдың өзiнде 81 пайызды құрап тұр. Осыған қарап, өсу динамикасын айқын аңғаруға болады.

2011 жылдың бiрiншi жарты жылдығында мақұлданған жобалар саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 185 пайызға (3 есеге) артқан. Биылғы бiрiншi жартыжылдықта қаржыландыру мөлшерi 10 млн. теңгеден асатын 34 iрi бизнес жобасы қуатталып, осы мақсатқа 1,6 млрд. теңге бөлiндi. Ал 816 кiшi және орта бизнес жобасын қаржыландыру үшiн 1,3 млрд. теңге қаражат қарастырылды.

"Максимумның" тәуекелшiлiгi тәнтi етедi. Банктер сияқты көптеген "шенеунiктiк кедергiлерге" қарамастан шаруалармен тығыз байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс iстеуге көштi. Былайша айтқанда, шаруаны ауылға өзi iздеп барған банк десек те болады. Несие алу үшiн тапсырылатын құжаттардың тiзiмiн анағұрлым азайтты. Тiптi әдiстемелiк көмек көрсеттi. Мәселен бордақылауға қандай мал алу қажет, оған қандай күтiм жасалады, қандай жемшөппен азықтандырылуы тиiс, аурудың алдын алу, кеселдерге қарсы қандай шаралар қолданған дұрыс деген мақсатта пайдалы кеңес беруге ұмтылды. Тiптi жобасын да өздерi жасап бердi.

Нәтиже жаман емес. Халық нағыз қамқорлықты жете сезiнiп қана қоймай отбасымен бiрге сатып алған малына күтiм жасады. Бордақылап семiртуде. Кейбiреулерi мал басын көбейтуге ұмтылды. Осылайша ауылда отбасылық шағын бизнес өркен жайды. Жалпы, үй шаруашылығын жүргiзудегi отбасылық бизнесте жобалар саны 958 -ге жетiп, 523, 4 млн. теңге бөлiндi. Тұрғындардың өздерiне деген сенiмi артып, игiлiктi жасау қолдарында екенiн жақсы түсiндi. Әрине, нарық талабына сай 10 миллион теңгенi бiр адамға несие ретiнде беруге болар едi. Алайда оны 20 адамға 500 мың теңгеден бөлiп берудiң пайдасы анағұрлым артық. Өйткенi осынша адам жұмысбасты болады. Бұл – бiр. Екiншiден, қорланып, әл-ауқатын ептеп түзетiп алғандар әрi қарай әрекетiн жасайды. Бәсекелестiктi туғызу дегенiмiз осы. Сонда 500 мың теңге алған кәсiпкер негiзгi борыштан бөлек, үш жыл iшiнде небәрi 61 мың теңге өсiм төлейдi. Оны әр жылға шаққанда, 4,8 пайыздан келедi. Ай сайын төлейтiнi – 2912 теңге. Қиналмай құтылуға әбден болады.

"Максимум" АИО биыл несие көлемiн 500 мыңнан 700 мың теңгеге көтердi. Өйткенi мал өнiмдерi қымбаттап жатыр. Мұның бәрi сайып келгенде, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы жемiстi жұмыс екенi даусыз.

Ауылдық жерлерде өндiрiстi өркендетуге, шикiзатты өңдеуге кешендi түрде шешу қажет. Атап айтқанда, елдi мекенде зауыт салынды делiк. Ендi оның жұмысшыларын азық-түлiкпен қамтамасыз ету үшiн сол жерде жылыжай салуға жәрдемдесу – "Максимумның" мiндетi. Ол ол ма, ауылда қанша адам тұрады, оның қаншасы еңбекке жарамды, нешеуi мектепте оқиды, балабақшаға қанша сәби мұқтаж…Мұның бәрi аймақтық аталған мекеменiң болашақта "бас қатыратын" мәселесi. Демек проблема төменнен түбегейлi түрде шешiлуi тиiс. Осыған байланысты ауыл әкiмдерiнiң рейтингiсi бағалануы керек. Түпкi мақсат– инвестиция саясатын жасап, оны жүйелi жүргiзу, қаржының өз мақсатында жұмсалуын, несиенiң уақтылы қайтарылуын қадағалау.

Алғашқы жартыжылдықта өмiрге жолдама алған жобалардың iшiнде ауыл шаруашылығының үлесi 77 пайызды, қызмет көрсету саласы 19 пайызды, өңдеу саласы бойынша 4 пайызды құрады. Сараптамаға сүйенсек, мақұлданған жобалардың 41 пайызы егiн шаруашылығының, 36 пайызы мал шаруашылығының үлесiне тиедi екен.

Тиiмдi жобаларды жүзеге асыру нәтижесiнде үй малын асырау 20 мың басқа көбейдi, ал, құс саны 5 мыңнан асты. "Максимум" аймақтық инвестициялық орталығының қызметi барысында жалпы ауқымы 40,2 гектар жылыжайлар игерiлдi. Биылғы алты айда соның 10,7 гектары iске қосылды. Тамшылатып суару тапсырмасы бойынша жалпы сомасы 263 млн. теңгенi құрайтын 13 жоба қолдауға ие болды.

Қаладағы күрмеулi мәселенiң бiрi балаларды мектепке дейiнгi мекемелерге кеңiрек қамту мақсатында шағын орталықтар ашуда да "Максимумның" мүмкiндiгi тиiмдi пайдаланылып жатқандығын айтып өткенiмiз жөн. Бүгiнге дейiн 762 балаға арналған 10 осындай орталық пайдалануға берiлдi. Лизингке 21 ауыл шаруашылық техникасын алуға 63 млн. теңге аударылып, 17 жоба қаржыландырылды.

– Бiздiң орталық серпiндi жобаларға да жол ашады,– дейдi директор. – Мәселен Шымкенттегi жүн өңдеу зауытының тамырына "қан жүгiрту" үшiн 69 млн. теңге қаржы бөлдiк. Соның арқасында жұмысы өрге басты. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, өндiрiстi ұлғайтты. Қазiр олар "Оңтүстiк" еркiн экономикалық аймағында екiншi зауытын салып жатыр. Жылына 20 мың тонна ақ қойдың жүнiн өңдеуге қабiлеттi. Бастапқыда әр келiсiн 5 теңгеден қабылдады. Ендi құнын 35 теңгеге көтерiп отыр. Бұл жобаға Шығыс Қазақстан облысынан келген делегация қызығушылық танытты.

Отырар ауданындағы "Гүлмайра" шаруа қожалығы шұбатты бөтелкеге құйып сатуды жолға қойыпты. Шипалы сусынға Алматы, Астана және өзге аймақтардан тапсырыс түсiп жатыр. Шардарада күрiш зауыты жақында пайдалануға берiлмек. Шағын қант зауытының игiлiгi үшiн қаржы бөлiнiптi. Май-жем комбинаты да осы өңiрде ашылады.

Иә, "Максимумның" маңызды мақсаттарға бағытталған жұмыс жоспарлары мұнымен шектелiп қалмақ емес. Қолдағы қаржыны ел игiлiгi жолында кәдеге жаратудың тың тәсiлдерi де өмiрге келе бермек. Лайым солай болғай!

Қали РАҚЫМЖАНОВ

22.09.2011

Серіктес жаңалықтары