МАҚТА – ОҢТҮСТIКТIҢ МАҚТАНЫШЫ
МАҚТА – ОҢТҮСТIКТIҢ МАҚТАНЫШЫ
Жуырда Қауiпсiздiк Кеңесiнiң отырысында Елбасы су ресурстарын мейiлiнше тиiмдi пайдалануды тапсырды. Әсiресе, ауыл шаруашылығы саласында агроөнеркәсiп кешенiн өркендету үшiн озық технологиялар мен құрал-жабдықтарды, ғылым жетiстiктерiн жедел енгiзiп, еңбек өнiмдiлiгiн екi есеге арттыру мiндетi қойылып отыр.
Жуырда осыған байланысты Мақтаарал ауданы Атакент ауылында орналасқан Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аудан әкiмдерi мен олардың ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасарларына, шаруа қожалықтар мен өндiрiстiк кооперативтердiң төрағаларына, ауыл әкiмдерi мен мақта тазалау зауыттарының басшыларына арнап семинар өткiзiлдi. Онда суармалы жерлердiң тиiмдiлiгiн арттырудағы инновациялық технологиялардың маңыздылығы, мақта шаруашылығындағы су қорын үнемдеу және нольдiк технологияларды өндiрiске енгiзу, мақта, бақша және көпжылдық жемшөп дақылдарының отандық бәсекеге қабiлеттi инновациялық сорттарын шығару, мақта өндiрушi мен өңдеушiнiң арасында нарықтық қатынасқа сай әлемдiк технологияны ендiру мәселелерi талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков пен аталған институттың директоры Ибадулла Үмбетаев бiрқатар өзектi мәселелердi ортаға салды.
Мақта тек Оңтүстiкте өсiрiледi. Ол өңiрдегi мыңдаған отбасылардың күнделiктi нәпақасына айналған. Ал түсетiн табыс мақтаның бағасына байланысты. Бiрақ елiмiзде мақтаны бағалау, оны сатып алу өлшемдерi ескiрген. Мақта өнiмiн дайындау, оның бағасын белгiлеу осыдан 35-40 жыл бұрынғы кеңес заманы кезiндегi ескi жүйе бойынша жүргiзiледi. Мақта тек талшық үшiн өндiрiледi. Осыған байланысты қазiр дүние жүзiнде мақтаның өнiмдiлiгi оның әр гектарынан түсетiн талшықпен есептеледi. Сондықтан да мақта шикiзатын сатып алушылар шаруалармен шикiзатпен емес талшықтың бағасымен есеп айырысуы керек. Қалған жанама өнiмдер үшiн қаражат өз алдына бөлек төленуi тиiс. Мақта тазалау зауыттары мақта өндiрушi агроқұрылымдарға, диқандарға, мақтасын өткiзген күнi кешкi сағат 23-ке дейiн талшық, шит, линт, сондай-ақ басқа да қосалқы өнiмдерi туралы құжаттарды дайындап, қолдарына тиiстi құжаттарды беруi қажет. Осындай нақтылы құжаттар мен iс-шаралар зауыттар тарапынан уақтылы атқарылып, сапалы жүргiзiлсе, көктемнен күзге дейiн табысын күтiп отырған мақта өндiрушi шаруа-диқандардың мақта шикiзатын өндiруге деген ынтасы артар едi.
– Мақтаның бағасын бiрден белгiлеуге асықпау керек. Бүгiнде шикiзаттағы таза талшықтың мөлшерiн анықтайтын құралдар жетерлiк. Сол құралмен талшық көлемiн анықтап, кейiн Ливерпуль биржасындағы бағамен шаруалардан мақта өнiмдерiн сатып алуы қажет. Сонда ғана мақташының еңбегi әдiл түрде бағаланады. Шаруаның еңбегi, маңдай терi дұрыс бағалануы үшiн "шиттi мақта" деген сөздi де ұмыту керек. Олай болмайынша мақташының еңбегiн бағалау мүмкiн емес. Соңғы жылдары мақтаны өндiрушi емес, мақтаны өңдеушiнiң табысы тартымды болып тұр. Сондықтан да өндiрушi мен өңдеушi арасында тепе-теңдiк заңнамалар болғаны жөн, – дейдi семинарда сөз алған мамандар.
Неге зауыттар шаруалардан өнiмдi мақта талшығы бойынша қабылдағысы келмейдi? Өйткенi зауыттар өз өнiмiнiң сапасына, соңғы нәтижесiне жауап бере алмайды. Мақтаны шикiзат ретiнде қабылдау оларға ыңғайлы және пайдалы. Облыста жиырма мақта тазалайтын зауыт бар болғанымен оның жартысынан астамы тоқтап тұр. Себебi олардың барлығы ескi технологиямен жұмыс iстейдi. Мақта талшығын алу үшiн өнiм өңдеудiң технологиялық регламентi қолданылмайды. Зауыттардың ескi технологиямен жұмыс iстеуiне және құрал-жабдықтарының көне болуына байланысты шаруалар өсiрген өнiмдерiнiң сапасын нашарлатып, талшықтың шығымдылығын төмендетiп жатады.
Мақта тазалау зауыттары, сондай-ақ энергияны үнемдеу технологиясын пайдаланбайды. Қосалқы бөлшектер түрлi жолмен көршi елдерден келедi, бағасы қымбат. Соның салдарынан өңдеу қызметiнiң бағасы да жоғары. Осыған байланысты зауыттардың бәрiн жаңа технологиялық қондырғылармен жабдықтау қажет. Мақта шикiзатын өңдеу бағасы жариялы, ашық болу керек және ол монополияға қарсы комитетте бекiтiлуi тиiс.
Семинарға қатысушылардың пiкiрiнше, суармалы егiншiлiкте әлi шешiлмеген мәселелер өте көп. Үкiмет соңғы жылдары ауыл шаруашылығын оның iшiнде суармалы егiншiлiктi табысты жұмыс жүргiзу үшiн барлық мүмкiндiктердi жасауда. Сондықтан жаңа технологияларды өндiрiске батыл ендiру бүгiнгi күннiң, уақыттың талабы. Ғылыми негiзделген жаңалықтарды, жаңа технологияларды жалтақтамай өндiрiске енгiзу бәсекелестiкке қабiлеттi өнiм өндiрудiң кепiлi екенiн өмiрдiң өзi айқындап отыр.
22.09.2011