КӨПТЕН КҮТКЕН МЕТРО
КӨПТЕН КҮТКЕН МЕТРО
Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының басында жер жәннаты Жетiсу жерiнен орын тепкен әсем қала Алматы халқының саны миллионға жеткен. Ол кезде Алматы республика астанасы едi. Ал республика Мәскеуге тәуелдi. СССР Министрлер Советiнiң халық саны миллионнан асқан қалаларға метро салу жөнiнде арнайы қаулысы болатын. Соған байланысты Алматыға метро салу "Госплан" жоспарына ендiрiлдi. Бұл iс сексенiншi жылдардың бел ортасында қолға алынған едi. Ресейдiң Новосiбiр қаласынан бес жүзге жуық мамандар келiп, метро құрылысын әне-мiне бастаймыз деп отырғанда М.С.Горбачев СССР-дiң билiк басына келiп, қайта құру саяси бағдарламасын өмiрге ендiрдi. Соның салдарынан СССР-дiң қаржылық әлеуетi мүлдем төмендеп кеттi. Қалыптасқан жоспарлы экономикаға да көп керi әсерiн тигiзiп, Одақтағы жоспарға енген iрi құрылыстарға қаржы бөлiнбей қалды. Солардың бiрi Алматы метросының құрылысы едi. 1988 жылы 7 қыркүйекте Фурманов және "Октябрдiң 50 жылдығы" атындағы көшелер қиылысынан экскаваторшы Ромсан Топаев "Октябрьская" деп аталынған бiрiншi стансаның жер асты топырағын қаза бастаған. Метро КСРО салалық министрлiктер мен республикалық бюджеттiң орталықтандырылған қаражаты есебiнен жүргiзiлiп жатты. Содан КСРО тараған кезде метро құрылысы қаражат тапшылығына байланысты тоқтатылды.
Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары, яғни тоқсаныншы жылдар бедерiнде республикалық бюджеттен қаржы аз бөлiнуiне байланысты метро құрылысы бiр жүрiп, бiр тұрды. Бiрқатар нысандар жұмысы мүлдем тоқтатылды. Тек қала астындағы ұңғымалардың үстiңгi қабаты құлап кетпеуi үшiн доғаланған қалқандармен бекiтiп, қауiпсiздiк шараларын жасады. Орталық Астанаға қоныс аударып, экономикамыз дамып, ел етек-жеңiн жиған соң Алматы метросы қайта қолға алынды. Әуелi шет елдерден өз ұлттық мамандарымыз оқу даярлықтан өткiзiлдi. Дамыған елдерден жер асты қазу жұмыстарына арналған инновациялық техникалар мен технологиялар сатып алынды. Жұмысшылар жергiлiктi тұрғындардан жасақталды. Солай оңтүстiк астанада метро құрылысы қайта басталып та кеттi. Жолаушылар тасымалдауының алғашқы екi бағыты Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай пайдалануға берiлмекшi. Бұл – екi миллионға жуық халқы мен бiрнеше жүз мыңдаған қонақтары бар Алматы үшiн үлкен мерекелiк тарту. Елiмiздегi тұңғыш метро. Х Х Х Қазiргi уақытта Алматыға метро не үшiн керек? Тек қала халқының саны екi миллионға жеткенi үшiн бе? Жоқ! "Казгидромет" агенттiгiнiң бақылау нәтижелерi бойынша қала ауа бассейнiнiң ластануы жағынан елiмiз қалаларының iшiнде бiрiншi орында тұр екен. Ал дүниежүзi бойынша алғашқы жиырма қаланың iшiне енедi. Әлемнiң 20 миллионнан астам тұрғыны бар Мехико, 17 миллионға жуық халық өмiр сүретiн Тегеран мен Шанхай, 10 мен 15 миллион аралығында тұрғындары бар Нью-Йорк, Лос-Анжелес, Лондон, Ыстамбұл, Токио және Мәскеу секiлдi қалалардың алдында тұр. Бұл өте жоғары деңгейде деген сөз. Ал ауа бассейнiнiң ластануына не себеп? Оған ең басты себеп – автокөлiктер. Қазiр қала тұрғындарында 540 мың жеңiл әрi жүк көлiктерi бар. Сондай-ақ қалаға күн сайын жан-жақтағы елдi мекендерден, облыстардан 200-ге таяу әр алуан автокөлiктер келiп, кетiп жатады. "Казгидромет" пен экология саласы қызметкерлерiнiң деректерiне сүйенсек, әрбiр мың автомобильден күнiне 3000 кг. көмiртек окситтерi бөлiнедi. Бұл жанар-жағар майдың толық жанбауынан пайда болады. Бұлар жыл сайын 280 млн. тонна шамасында көмiртек тотығын, 56 млн. тонна көмiрсутек, 28 млн. тонна азот тотығын ауаға қосады. Бұл газдардың құрамында 200-ден астам өте күрделi заттар қосындылары (ауыр металдар, түрлi газдар – бензапирен, альдегидтер) бар. Олардың iшiнде зиянсыздары – азот, оттек, сутек, су булары. Ал зияндылары – көмiртек, азот тотығы, этилен, бензол, этан, метан, толуол, бензапирен, күйе, күкiрттi түтiн. Бұлар ауамен тыныс алатын адамдар мен жан-жануарларға өте зиян. Таңертең автомобильдердi қыздырғанда және аз жылдамдықпен жүрген кезде зиянды элементтер ауаға тез тарайды. Кептелiстерде тұрып қалғандары көмiрсутегi мен көмiртек оксидi, ал жүрген кезде азот оксидiн шығарады. Дизельдi моторлы машиналардың бензиндi пайдаланатын автокөлiктерге қарағанда зияны көптеу. Өйткенi түтiндi көп шығарады. Жалпы ауа бассейнiне көлiктерден бөлiнген газдардың құрамында 25-27 пайыз қорғасын болатыны анықталған және оның 40 пайыз диаметрi 5 мкг-ге дейiн жетедi. Ауада ұзақ уақыт сақталатыны, адам ағзасына тыныс жолдары арқылы түсетiнi анық. Ең бастысы, адамдардың тыныс алу жүйесiнiң бұзылуына, өкпе ауруына шалдығуына және өмiрге кемтар бөбектердiң келiп жатуына бiрден бiр себепшi болуда. Өсiмдiктер әлемi де лас ауадан әрқалай ауруларға шалдығып, жапырақтары химиялық күйiкке ұшырауда. Аса сезiмтал құс қарлығаштың да баяғыдай қала үйлерiне ұя салмағанына да он жылдан асып барады. Мiне, Алматыға метро экологиялық жағдайын жақсарту үшiн керек. Қаланың ауа бассейнiн тазартуға бола ма? Экологтар болады дейдi. Олар мұны ауадан алып айтып отырған жоқ. Әлемдегi iрi қалалардың тәжiрибесiнен, нақты жағдайдан алып отыр. "Мәселен Шанхайды алайық, – дейдi олар. – Өткен тоқсаныншы жылдары қала ортасындағы ағып жатқан Сучжоу өзенi "өлi өзенге" айналған едi. Жағасындағы қоқыстардан көз аша алмай келген тұрғындар оны "Шанхайдың соры" деп атап кеткен болатын. Қала тұрғындары күн сайын қоршаған ортаға 10 мың тонна қоқыс төксе, 700-дей өндiрiстiк кәсiпорын қалдықтары Шанхайдың экологиялық жағдайын адам айтқысыз күйге түсiрген. Шанхайлықтар бұдан әрi төзуге болмайтынын сезiп, қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргiзедi. Тек қоқыстан тазартып қана қоймай әлемдегi ең таза қалалар қатарына қосуға белсене кiрiскен. Көшелердегi, өзен бойындағы лас қоқыстарды шығарып, ескi үйлердi құлатып, үлкен алаңдар жасап, жасыл желектi талдар отырғызып, алаңдардың бәрiн көгалдандырады. Сол жасыл-желек қала көлемiнiң 35 пайызын құраған. Бұл қала тұрғындарының әрбiрiне 9,2 шаршы метрден келсе керек. Барлық автокөлiктердi жанар-жағар майдан таза жанатын газға көшiрген. Өндiрiс орындарына бақылауды күшейтiп, қоршаған ортаға зиянын тигiзетiн лас қалдықтарды қала маңына тастағандарын байқап қалса болды, өздерiне қайта тазалатып қана қоймай өте көп мөлшерде айып салған екен. Қала басшылығы бұл игi iстерге бiрнеше миллиард доллар жұмсапты. Өйткенi адам денсаулығы мен табиғат тазалығынан артық ештеңе жоқ екенiне көздерi саналы түрде жеткен. Қала халқы да тазалыққа тез үйренгенi соншалық, арнайы орындарда ғана шылым шегуге әдеттене бастапты. Мiне, осындай игi шаралардың арқасында қала әлемдегi ең таза шаһарға айналып отыр. 17 миллион халқы бар Шанхай осындай жетiстiкке қол жеткiзiп отырғанда, бар жоғы 2 миллион ғана тұрғыны бар Алматыны неге таза ұстамасқа деген ой көкейге оралады. Сол Шанхайдың тәжiрибесiнен үлгi алсақ қанекей. Рас, қала тазалығы үшiн азды-көптi iстер атқарылып жатыр. Оның үстiне биыл маусым мен шiлде айларында табиғат тосын мiнез танытып, жиi-жиi жел тұрып, қаланың ауа бассейнi едәуiр тазаланып қалған едi. Ендi метроның алғашқы бағыттары пайдалануға берiлсе, сол бағыттағы жолаушылар тасымалындағы автокөлiктер саны қысқартылып, ауаның ластануы бiраз болса да тазаланары сөзсiз. Оның үстiне метро – жылдамдық тасымалы. Қала жүргiншiлерi жұмыс орындарына тез жетiп, уақытты тиiмдi пайдаланары анық. Алматының метро салу құрылысы үш кезеңге негiзделiнген. Бiрiншi кезеңiнде "Райымбек батыр", "Жiбек жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Тұлпар", "Алатау" стансаларын iске қосу. Бұл желiнiң ұзындығы 8,56 шақырымға созылады. Екiншi кезең екi бағытта жүргiзiледi. Батыстық бағыт – "Сайран", "Молодежная", "Сайн", "Яссауи", "Қалқаман" стансалары. Жалпы ұзындығы 8,62 шақырымды құрайды. Солтүстiк бағыт – "Жансүгiров", "Үлкен Алматы каналы", "Стадион", "Жұмабаев", "Буденный", "Алматы – 1" стансалары. Жалпы ұзындығы 8,76 шақырымға есептелiнiп отыр. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылы 19 желтоқсанда Алматы қаласын жан-жақты дамыту жөнiндегi Бас жоспарына қаулы қабылдады. Осы жоспар бойынша метрополитен негiзгi нысандардың бiрiне саналды. Жалпы ұзындығы 45 шақырымға созылатын метрополитеннiң құрылысын үш желi бойынша кезең-кезеңмен жүзеге асыру нақты қарастырылған. Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев орталықты Астанаға ауыстырғанымен Алматыны назарынан тыс қалдырған жоқ. 2005 жылы ол Үкiмет мәжiлiсiнде "Алматы қаласының 2010 жылға дейiнгi даму бағдарламасын" бекiттiрiп, Республика Парламентiнiң қос палатасы отырысында жария еттi. Содан бастап сақалды құрылысқа айнала бастаған метрополитенге жан бiтiп, құрылысы қарқынды жүре бастады. Метро жобасына шетелдiк компаниялар да қатыстырылды. Солардың арасынан Оңтүстiк корейлiк "Хюндай" корпорациясының үлес салмағы басым. Жуырда корпорация президентi Монг-Хек Чонг Алматыға арнайы достық сапармен келiп, метро құрылысымен танысып, қала әкiмi Ахметжан Есiмовке құрылыстың сапасына көңiлi толатынын, алдағы кезеңдер жұмыстары жөнiнде де пiкiр алысып кеттi. Метро мамандарымен тәжiрибе бөлiстi. Бүгiнде метроның бiрiншi кезеңiнiң жетi стансадан тұратын құрылысы аяқталуға жақын. Алматы таулы өңiрге орналасқандықтан жер сiлкiну қаупi жұртты алаңдатып келедi. Осы жағдайды ескерген метро жобалаушылары күрделi тау-геологиялық жағдайлар мен сейсмикалық күтпеген жағдайларға төтеп беретiн қауiпсiздiк шараларына баса көңiл бөлген. "Алматыметроқұрылыс" АҚ бас директоры Мұрат Өкшебаевтың айтуына қарағанда, мұндағы құралы 9 балдық жер сiлкiнiсiнде қалыпты жұмыс iстей алады. Ғалымдар терең жер асты тербелiс күшi үстiндегiге қарағанда әлдеқайда кем болатынын дәлелдеуде. Ұңғымалардың әр 25-30 метрi сайын жер асты дүмпулер тербелiсi кезiнде метро құрылысын толығымен сақтайтын деформациялық-техникалық ұстап тұратын ең озық жабдықтар орнатылған. Сонымен бiрге барлық стансаларға, тасымал вагондарына, эскалаторларға орталықтан бақылап тұратын бейнебақылау құрылған. Алматы қаласының Iшкi iстер департаментi қызметкерлерiнiң кезекшiлiк пункттерi бар. Олар қоғамдық тәртiптi бұзушыларды сол бойда ұстап, қашан iсi анықталғанша сондағы арнайы орынға уақытша қамауға алады. Кез келген күтпеген жағдайларда құтқарушылар дер кезiнде көмекке келедi. Осыдан бiраз уақыт бұрын Алматы метросы жаңа электропоездарға ие болды. Вагондарды Оңтүстiк Корея компаниясы жасап шығарды. Олардың салондары жолаушылардың жүрiп-тұруына өте қолайлы. "Хюндай" корпорациясының атқарушы президентi Ким Енг Нам: "ТМД елдерiнiң арасында Қазақстанда тұңғыш рет бiздiң компанияның жерасты көлiктерi жүйткитiн болады. Бұл бiздермен қоса, сiздер үшiн де зор қуаныш деп ойлаймын",– дедi жадырай күлiп. Бiлiктi мамандардың пiкiрiне ден қойсақ, бұл вагондар қазiргi өмiр талабына сай етiп жасалынған. Бiр-бiрiне бөгетсiз жалғасқан вагондарда бейнебақылау орнатылған. Жүргiзушi солар арқылы бар вагондағы жолаушылар жағдайын жiтi бақылап, бiлiп отырады. Олардағы байланыс құралдары да соңғы жетiстiктермен шығарылған. Метроның осыдан бiраз бұрын өткен тұсаукесерiнде төрт жылжымалы құрам көпшiлiк назарына ұсынылды. Жылжымалы құрам "Райымбек", "Абай", "Жiбек жолы" және "Алмалы" стансалары арсында еш кiдiрместен жүрiп өттi. Бұл стансалардың жанама рельсiн салу жұмыстары шiлде айының соңына таман толық бiттi. Рельстердi орнату монолиттi темiр араласқан бетоннан құйылған табанға орнату тәсiлi қолданылған. Бұл жылжымалы құрамның қозғалысы кезiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз етедi. Сондай-ақ жолдың үстiңгi қабатының қолданыс мерзiмiн ұзартады. Бұл жаңашыл инновациялық технология қазiргi уақытта Еуропа елдерiнiң бiрнешеуiнде ғана қолданылады екен. Ал ТМД көлемiнде тек бiзде ғана. Ендi аз күндерден соң Оңтүстiк Кореядан тағы да дәл сондай 12 вагон жеткiзiлмек. Әр құрамада төрт-төрттен 16 вагон бар. Бұл желi бойынша тәулiгiне 300 мың жүргiншi тасымалдау жоспарлануда. Райымбек-Фурмановтағы стансадан бастау алған электр пойызы Абай-Гагариндегi соңғы аялдамасына дейiн 12 минутта жүрiп өтедi. Өкшебаев журналистерге метроның бiр жақты тасымал ақысы 75 теңге болатынын, жолаушылар саны көбейген сайын бұл бағаның төмендейтiнiн де жеткiздi. Мұрат Өкшебаев журналистермен кездесу кезiнде: "Алдағы 2012 жылға қарай метро құрылысын ары қарай жалғастыруды көздеп отырмыз. Келешекте оны Абай даңғылының бойымен "Қалқаман – 3" ықшам ауданына дейiн созу қарастырылуда. Оның сыртында екiншi кезектегi жолды "Думан" ықшам ауданынан бастап, Алматы орталық саябағы арқылы Төле би көшесiнен Орбита ықшам ауданына дейiн салу жоспарланған", – деп хабарлады. Алматы метросының ТМД елдерiндегi метролардан бiр артықшылығы мүмкiндiгi шектеулi жандарды өздiгiнен көтерiп, түсiретiн арнайы автоматтандырылған механизм қондырғылары орнатылған. Сондай-ақ екiншi кезектiң жер асты ұңғыма жұмыстары да басталып кеттi. Баса айтатын бiр жайт, оларда жұмыс iстеп жатқандардың көбiсi өз мамандарымыз. Ендi аз уақыттан соң "Метрополитен" МКК-ның ашылуы болады. Осы мекеме жанынан толық жарақтандырылған оқу орталығы жұмыс iстейдi. Соған байланысты қазiрдiң өзiнде келешек метрода жұмыс iстейтiндердi iрiктеп, оларды қажеттi мамандықтарға оқыту, үйрету мәселелерi қарастырылу үстiнде. Орталық машинистер мен басқа да мамандықтарды оқытып қана қоймай, өндiрiстiк дайындықтардан өткiзiп нағыз маман етiп шығарады. Орталыққа шет мемлекеттерден оқытушылар шақырып қана қоймай жастарды дамыған басқа елдерге оқуға жiберудi де мақсат етiп отыр. Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы сәуiр айында Алматыға келiп, қаланың даму барысымен, оның iшiнде метро құрылысын көруге арнайы ат басын бұрған едi. Сонда ол: "Алматыны аялап, сүйiп, жақсы көрiп жұмыс iстеңiздер",– деген болатын. Журналистерге қазiргi жаһандық қаржы дағдарысының қиыншылықтарына қарамастан өткен жылы метроның бiрiншi кезегiн аяқтауға өз тапсырмасымен республика бюджетiнен қомақты қаржы бөлгенiн жеткiзе келiп: "Елiмiздiң экономикалық жағдайы бiрте-бiрте түзелуiне байланысты бiз метро құрылысын қайтадан бастадық. Жағдай әрине, әлi де қиын. Бiрақ соған қарамай қаржы тауып берiп отырмыз. Бiрiншi сәуiрден бастап елiмiздегi барлық бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң айлық жалақысын 25 пайызға көбейту үшiн мемлекет 53 млрд. теңге бөлдi. Ол болмағанда бiз, әрине, мына құрылысты бiтiретiн едiк. Құдай бұйыртса, жақындап қалдық. Кеңес Одағы кезiнде қалып қойған құрылыс. Алматыға керек құрылыс. Былтыр дәл осы кезде Алматыға келгенiмде тапсырма берiп, қаражат бөлгiзiп, жұмыс iстеткiзгенмiн. Мiне, биыл жетi станса толық аяқталатын болды. Тек қондырғылар ғана қалды. Ол жұмыстар да келесi жылы бiтiп, тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы iске қосылады деп отырмыз. Метро қаланың көлiк жағдайы мен экологиясын жақсарту үшiн өте қажет. Демек, Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы мерекеленетiн 2011 жыл сонымен бiрге Алматы метрополитенiнiң жылы болып, алматылықтарды үлкен қуанышқа кенелтемiз деп ойлаймын. Метрополитен құрылысының бiрiншi кезеңiн аяқтаған соң оның келешектегi дамуы туралы да ойлайтын боламыз, – дедi Назарбаев. Елбасының Алматыға 3 тамыздағы сапары да толымды iстермен танысудан басталды. Метроның жолаушылар қабылдауға толық дайын болып қалған "Райымбек батыр" стансасымен танысты. "Абай" мен "Жiбек жолы" стансалары аралығындағы бағытта жүрiп өтiп, қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың қауiпсiздiк шаралары секiлдi мәселелерге көңiл аударды. Елбасына "Алматыметроқұрылыс" АҚ бас директоры Мұрат Өкшебаев метродағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен таныстырды. Оның айтуынша метро құрылысы басталғаннан берi 117,3 млрд. теңге игерiлсе, соның 79 пайызды құрайтын қомақты бөлiгi соңғы бес жылдың үлесiне тиген. Ал 2010 жылдың басынан берi республика бюджетiнен 19,6 млрд. теңге бөлiнсе, өткен 1 сәуiр айына дейiн соның 8,57 млрд. теңгесi игерiлген екен. Бүгiнге дейiн метрополитеннiң жер асты ұңғу жұмыстары түгел аяқталған. Жолдың жоғарғы бөлiгiндегi 7,4 шақырым жол бетондалған. Жолға рельс төсеу жұмыстары жүрiп жатыр. "Райымбек батыр", "Жiбек жолы", "Алмалы", "Абай" және "Алатау" стансаларында негiзгi және iшкi құрастыру әрi сәулет-көркемдеу, әрлеу-безендiру жұмыстары бiту алдында тұр. "Байқоңыр" мен "М.Әуезов драма театры" стансаларының басты жұмыстары аяқталды. Республика Президентi "Райымбек батыр" стансасының құрылысшыларына ризашылығын бiлдiрдi. Ол: "Мынау Мәскеудегi метрополитеннен ешбiр кем емес. Нысанды жеделдетiп қатарға қосу қаланың тынысын кеңейтiп, көптеген басқа да проблемалардың шешiмiн табуға көмектеседi", – дедi. Алматы қаласының ел экономикасына қосып отырған үлесi зор. Соңғы он жылда жалпы өңiрлiк өнiмi номиналды түрде 8 есеге артқан. Ал өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi осы жылдар iшiнде 3,6 есеге ұлғайды. Осы мерзiм iшiнде мемлекет қоржынына Алматыдан түскен түсiм 6 есеге көбейiп, 127 миллиард теңгеден 757 миллиард теңгеге дейiн артып отыр. Алматылықтар қазiр аса маңызды саналатын мемлекеттiк үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын iске асыруға белсендiлiкпен кiрiсуде. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 3 кәсiпорын iске қосылды. Екiншi жарты жылдықта тағы да 3 кәсiпорынды iске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ осы мерзiм iшiнде қалада құны 205 миллиард теңгеден астам өнеркәсiп өнiмi өндiрiлдi. Бұл өткен жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 21,5 пайызға көп. Биылғы жылы Алматы қаласының бюджетi 246 миллиард теңгенi құрап отыр. Қала келбетi осыдан жиырма жыл бұрынғысынан мүлдем өзгерген. Ендi мiне көп жылдардан берi күткен қала метросының алғашқы кезеңi республика Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы мерекесiне қарай алматылықтар мен қонақтарына тарту етiп, бәрiн қуанышқа бөлендiрмек. Алматы метросының құрылысы 1988 жылы күзде басталып, КСРО-ның ыдырауына байланысты тоқтап қалды. Республика Тәуелсiздiк алған соң 2005 жылы "Алматы қаласының 2010 жылға даму бағдарламасы" қабылданып, инвестициялық жобалар қатарында метро құрылысын қайта жандандыру қолға алынды. Метрополитен құрылысы үш кезеңмен жүргiзiлуде. Бiрiншi кезеңiне 7 станса кiредi. Жер асты жолының қашықтығы – 8,56 шақырым. Екiншi кезеңiне 4 станса жоспарланған. Жол қашықтығы – 8,62 шақырым. Үшiншi кезеңiне 6 станса құрылысы жоспарланып отыр. Қашықтығы – 8,76 шақырым. Электр пойызы мен вагондар Оңтүстiк Кореяда жасалынған. Жүру жылдамдығы "Райымбек батыр" стансасынан "Гагарин" стансасына дейiн 12 минут. Метроның бiр бағыттағы жол ақысы әзiрге 75 теңге деп белгiленiп отыр. Жолаушылар санының көбеюiне қарай бұл баға төмен түсуi де мүмкiн.Көлбай Адырбекұлы