"АҚ ЖОЛ" САЙЛАУҒА АТТАНУҒА ДАЙЫН
"АҚ ЖОЛ" САЙЛАУҒА АТТАНУҒА ДАЙЫН
"Айтпарк" қоғамдық-саяси интеллектуалдық клубына кезектi қонақ ретiнде келген "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев мырза әңгiмесiн ә дегеннен-ақ өзiн жаңа белестегi, өркениеттi партияға келгендiгiнен бастады.
– "Ақ жолмен" келiсiмдер жарты жыл бойында жүргiзiлдi. Шешiмдi билiк шығарған жоқ. Оны "Ақ жолдың" съезi шештi. Ағымдағы жылдың тамыз айында "Ақ жолдың" бұрынғы басшысының өкiлеттiлiгi тоқтады. Сосын "Ақ жол" өз съезiн өткiзуi керек болды. Наурыз айында Әлихан Байменовпен сөйлесiп, "өзiмнiң осы бағытта жұмыс iстеп жатқанымды" айттым. Менiңше, көпшiлiктi "Ақ жолға" келгенiм емес, "Нұр Отаннан" шыққаным таңғалдырған сияқты. Бұл жеке өмiрiмнiң таңдауы емес. Бұл – кiмге, қалай қызмет ету керектiгiн бiлдiредi. "Нұр Отанға" кездейсоқ емес, нақты қадаммен келдiм. Әрине, "Нұр Отан" ХДП-нан шығу маған өте қиын тидi. "Ақ жол" партиясы төрағасы ретiнде айлық алмаймын. Саяси партия ақша табудың көзi емес. Бұл – өз көзқарасың арқылы халқыңа қызмет ету. Былайша айтқанда, мен де жұмыссызбын. Өзiм партияға қатысты бар жауапкершiлiктi мойныма алып отырмын. Ал "Ақ жол" партиясын "Нұр Отанға" оппозиция болады деп айтпас едiм. Мен қазiр өркениет саяси партиясына кiрiп отырмын. Бұл мемлекетiмiзге, Елбасыға емес, жемқорлыққа қарсы, азаматтардың өсу жолындағы кедергiлерге қарсы, өз iсiн адал атқармайтын шенеунiктерге қарсы жұмыс iстемекшi.
"Ақ жол" Парламенттен 20 пайыз дауыс алуы мүмкiн. Бiзге әрбiр бесiншi дауыс берушi сенедi деп бiлем. Өз пiкiрлерiмде "Бiз кем дегенде 20 пайыз дауысқа ие болуымыз керек" дегем. Өйткенi елiмiздiң саяси өмiрiнде "Ақ жолдың" өз тартымдылығы, өз бағыты бар.
– Интернет ресурстарындағы тiл туралы пiкiрлерге қарасам, орыстiлдi оқырмандардың пiкiрлерi өрескел екен. Олар "Бiзге қазақ тiлiнiң керегi жоқ. Тәуелсiздiк бiзге аспаннан тегiн келген" деп жазыпты. Бұл – мүлдем қате нәрсе. Мен бұған түбегейлi қарсымын.
Бүгiнгi таңда қазақ тiлi – тәуелсiздiктiң элементi ретiнде көрiнiп жүр ме? Мен орыстiлдi қазақпын. Орыс мектебiн тәмамдадым. Бұл менiң байлығым десем де болады. Бiрақ та менiң елiмде менiң мемлекеттiк тiлiм тәуелсiздiктiң негiзгi белгiлерi – туы, елтаңбасы, әнұраны сияқты бағалануы керек. Сондықтан да басқа тiлдердiң беделiн арттырып немесе азайтуды айтпағанның өзiнде, мемлекеттiк тiлдiң шынайы қолдану аясын кеңейтудi қолға алу керек. Барлық мәселе – мемлекеттiк тiлдiң беделiн көтеруде жатыр.
Менiңше, елiмiзде орыс тiлi онсыз да лайықты деңгейде. Ал қазiргi кезде осы деңгейге өзiмiздiң ана тiлiмiз жетпей отырғаны қынжылтады. Оған кәдiмгiдей назар аударуымыз керек. Егер мемлекеттiк тiлiмiздiң қолдану аясын кеңейтпесек, қазақ тiлi баяғыдай екiншi деңгейде қалып қояды.
22.09.2011