ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ және бiртұтас Алаш идеясы
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ және бiртұтас Алаш идеясы
Кешегi сейсенбi күнi, Астанада "Нұр Отан" Халықтың демократиялық партиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетi және Азатық радиосының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына арналған "Алаш мұраты және Тәуелсiз Қазақстан" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өттi. Белгiлi алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Құдагелдiұлы Жұртбайдың осы конференцияда жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.
Бүгiнгi бейныспылы алмағайып дүниеде ұлт – азаттық қозғалыс пен ұлт көсемдерi туралы пiкiр айту – онша сүйкiмдi iс емес. Алайда соған қарамастан, Алаш көсемi туралы арнайы ғылыми конференция ұйымдастыру – Қазақстанның саяси партияларының қуат алып келе жатқанын дәлелдейдi. Бұл – үлкен ұлттық жұбаныш.
Мен оппозиционер емеспiн, қазақ мемлекетiне ешқашанда оппозиционер болмаймын, бiрақ өз Отанымның тағдырына қатысты, оның iшiнде "Алашорда" мен Әлихан Бөкейхановты "рушыл", "жүзшiл" етiп көрсетуге тырысып, сыпсың таратып жүрген қасиетсiздiкке төзгiм де келмейдi. Сол пiкiрдi оңаша пыш-пыштап айтып, интернет арқылы таратып жүргендердiң өзi нағыз "сасық рушыл", ұлттық идеяны аздырушылар және кезiнде айтылып жүрген: қазақ өзiн-өзi билей алмайды, оларды ру арқылы таластырып, тәуелсiздiгiн әлсiретiп, қайтадан Ресейге тәуелдi ету керек – деген тоқсаныншы жылдардағы Кеңестiк одақты жақтаушылар жасаған 950 әскери-саяси доктринаның жемiс бере бастағаны деп санаймын.
Саяси күрес нәтижесiнде 1905 жылдан бастап аса ықтияттылықпен жасалған, 1917 жылы "Алаш" партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттiк жүйенiң негiзiн қалаған БIРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫНДА – мұқым Алаш жұртының, исi Алаш қайраткерлерiнiң демi мен аңсары бар. Ал ол идеяның ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят Сенi мен Махатма Гандиi – Әлихан Бөкейханов болатын. Мен бұл арада Сәлiмгерей Жантөриннiң "Автономия" атты еңбегiнен басталатын ұлттық тәуелсiз сана туралы тарихи тәпсiрлердi қазбалап жатпаймын, өзiме жақын, өзiм қырық жыл бойы зерттеген ұлттық идея – Алаш идеясы және Бөкейханов деген мәселеге ғана қысқаша тоқталып өтемiн.
Сiздерге жақсы таныс, 1917 жылы шiлде-тамыз айларының өлiарасында Жалпықазақтық I құрылтай шақырылып, "Алаш" партиясы тарих сахнасына шықты. "Алаш" партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлi тұжырымға негiзделдi.
Бiрiншi ұстаным: жер, жер және жер. Жерсiз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: "Қазақтың байырғы жерiн қашан қазақтар өз бетiнше ғылым мен техникаға сүйенiп толық игермейiнше, жер жеке меншiкке де, қоныстанушыларға да берiлмейдi".
Яғни бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншiкке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшiн әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың терi мен қаны төгiлген – деген тұжырымға саяды.
Екiншi ұстаным: жердiң астындағы, үстiндегi, аспанындағы барлық игiлiк қазақ мемлекетiне қызмет етуi керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: "Оның әр бiр түйiр тасы әр қазақтың өңiрiне түйме болып қадалу керек" болатын.
Яғни бұл – өз жерiнiң игiлiгiн – әуелi өз елi игiлiгiне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат – деген емеуiрiндi танытады.
Абай данышпанның:
Өздерiңдi түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң
ендi өз ырқың, –
дегенiндегi "ырық" – осы ырық.
Жердiң астына, үстiне, аспанына иелiк ете алмасаң – ырықтың кеткенi сол емес пе?!.
Үшiншi ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, "Қазақтың жерiнде өндiрiлген "бiр уыс жүн сол мемлекеттiң азаматтарының үстiне тоқыма болып киiлуi" керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсiздiк пен бiрлiкке қол жеткiзуге ұмтылуы тиiс едi.
Тағы да сол Абай:
"Бiрлiк – ақылға бiрлiк, малға бiрлiк емес. Малыңды берiп отырсаң: атасы басқа, дiнi басқа, күнi басқалар да жалданып тiрлiк қылады. Бiрлiк сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бiрлiк қылса керек", – дегендегi бiрлiк – осы экономикалық бiрлiк.
Ал бiздегi сатылмайтын құндылық – тек "жалданып тiрлiк құру" ғана болып қалды.
Төртiншi нысана: қазақ мемлекетiнде мемлекет құрушы ұлттың тiл, дiн, дiл үстемдiгi болуы керек, яғни Х.Досмхамедовтiң пайымдауына жүгiнсек, "ұлттық мәдениет үстемдiгi сақталуы" тиiс болатын.
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнiм,»
– деп Сара ақынның сал Бiржанға қарата айтқанындай, бұл үш мәселеге келгенде, бiздiң де үнiмiз шықпайды.
Егер қоғамның дамуы осы бетiмен кете берсе, күнi ертең бiз "Құранды" да орыс тiлiнде оқитын боламыз.
Бесiншi, түпкi мақсат: тәуелсiз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негiзделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгiсiндегi ұлттық-демократиялық мемлекет құру едi.
Яғни тағы да сол Х.Досмұхамедовтiң пайымдауына жүгiнсек: "тәуелсiз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететiн одақтық қағидаттар (заң) жасалады".
1990 жылғы "Қазақстанның суверенитетi" туралы мәлiмдемеде қамтылған осы бес түрлi ұлттық ұстаным бұтақтала келiп, 2002 жылғы жердi сату туралы заң жобасынан кейiн қазақ мемлекетi ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттiң құрылымына көштi. Соншама азап шеге жүрiп аңсаған тәуелсiздiк идеясынан нағып соншама тез жерiндiк? Ал "Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру керек" – деген ұстаным үшiн анық емес деректерге сүйенсек, 60 мыңдай адам "жапон шпионы" ретiнде ату жазасына кесiлiптi.
Жоғарыда айтылған ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол ұзақ әңгiме. Саясат, экономика, қоғамдық даму дегендi былай қойғанда, бiз өзiмiздiң тәуелсiз рухани тәрбиемiздi қадiрлей алмадық.
1.Қазiр дәстүрсiз ұрпақ қалыптасып келедi. Бұл – үлкен рухани апат.
2. Тәуелсiз экономика мен тәуелсiз ғылым жоқ. Ал тәуелсiз ғылымсыз – тәуелсiздiк те, зиялы да, болашақ та жоқ. Тағы да сол "сорлы" Абай: "… малды сарып қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де – жоқ. Ғылымсыз – оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбiр ғибадат орнына келмейдi", – дейдi.
Бiз сол ғылымды "малдың", яғни бизнестiң құрбандығына шалып отырмыз.
3. Ұлттық ұйытқының, мектептiң, соның iшiнде бастауыш мектептiң ұлттық мәйегi ұйымаған. Ботаника пәнiнен – Қазақстанның шөптерiнiң түрi мен атауларын, зоологиядан – Қазақстанның жан-жануар мен хайуанаттар дүниесiн, жағырапиядан – жер мен су атауларын, жер қыртысының аттарын, астрономиядан – "он сегiз мың ғаламның" қазақша атауларын, тарихтан, өзгенi былай қойғанда, қазақ хандығының құрылған жылы туралы нақты мәлiметтi таба алмайсыз (Бұл ретте тарихшылар әлi бiр тоқтамға келген жоқ).
4. "Саудасы – ар мен иманы" – деп Абай айтқандай, дiн – саясат пен бизнестiң құралына айналды. Ұлттың өз дiнiн өзiне жиiркенiштi көрсету ұстанымы жүргiзiлiп отыр (Дiн туралы қабылданбай қалған ескi заң жобасы мен қолға алынып жатқан жаңа заңның сұлбасы солай деуге негiз қалайды).
5. Мемлекеттiк Тiл – мемлекеттiк қолданымнан шеттетiлiп отыр. Мысал керек пе? "Кiтап шығарудың қажетi қанша. Оны кiм оқиды. Электрондық нұсқа бар" – дейтiн министрлер мен ректорлар пайда болды.
6. Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуiнiң ойы екi басқа. Ендi олардың басы қайта бiрiге ме, жоқ па? Әй, қайдам.
Бұның барлығы ненi танытады? Жоғарыда атап өткенiмдей, бiздiң тәуелсiз мемлекетiмiзде қарама-қарсы бағыттағы екi ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазiр мемлекет пен халық басқа: "Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзi реттейдi", – деп өзеурегендер, ендi бiрер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзiп, тағы да сол Ленин айтқандай, "халық бұрынғысынша өмiр сүргiсi келмейтiн, ал билiктегiлер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға" душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкiн болжам, биыл, шындыққа қарай бетiн бұрып отыр.
Мiне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан Алаш идеясының негiзгi мәйектерi осындай.
Қазiр ерiнбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың дiлiне сiңiруде. Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазiргi Бельгия сияқты Үнсiз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын үнемi санада ұстаған дұрыс сияқты да көрiнiп кетедi. Осы орайда Әлихан Бөкейхановтың саяси көзқарасына қатысты, оны "массонға", "шоқыншыға", еуропашылдыққа, "рушылға" теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдiгөйлiкке сәл ғана түсiнiк бере кеткiм келедi.
Бiрiншi уәж: Әлихан Бөкейхановтың массондық идеяға қатысы қандай?
Әлихан Бөкейханов – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсiздiгi жолында ықпалы тиетiн барлық мүмкiндiктi пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсiру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға – нәсiлiне, дiнiне қарамастан азаттық беру, өзiнiң даму жолын анықтауға ерiк беру мәселесiн кiм көтердi? Кадет партиясы көтердi. Ендеше, "бұратана ұлттарға – нәсiлiне, дiнiне қарамастан азаттық беру, өзiнiң даму жолын анықтауға ерiк берудi" мақсат етiп қойған саяси партияның құрамына Әлихан Бөкейханов неге кiрмеуi тиiс? Конституциялық демократия партиясы өзiнiң күрес жолына: адамға адам – бауыр, дос, бiрiң – бәрiң үшiн, бәрiң – бiрiң үшiн, нәсiлдiк, ұлттық, дiндiк, әлеуметтiк теңдiк, азаматтық қоғам сияқты тура өзiмiз ұрандатып өскен коммунизмнiң принциптерiн негiзгi етiп алды. Мiне, сол мақсатқа жету үшiн Әлихан Бөкейханов кадет партиясына өттi. Бұл мақсатқа жету жолында бауырлас түркi халықтарының ұлт зиялылары да топтасты. Соның нәтижесiнде Ресей мұсылмандарының бiрiншi құрылтайын ұйымдастыруға мүмкiндiк алды. Сол құрылтайда көтерiлген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен I Бүкiлресейлiк мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлiбеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана бiрiктiрiп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсiз республика туралы мәселе ашық мiнбеде көтерiлген тұңғыш бас қосу болды.
Ал1917 жылы Керенский:
"Түркiстан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерiнiң отарларына қалай қараса, бiз де оларға (яғни қазақтарға – Т.Ж.) солай қарауымыз керек", – деп мәлiмдеме жасағаннан кейiн, Ә.Бөкейханов ресми түрде кадет партиясынан шықты.
Өйткенi бұл кезде қазақ арасында дербес партия құру мәселесi толық пiсiп-жетiлген едi. Ә.Бөкейханов өзiнiң бұл шешiмiн: кадет партиясының мақсаты – ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендiктен де, оның құрамынан шығамын – дедi.
Мiне, бұл кез-келген саясаткер ұстанатын күрес тәсiлi. Осындайда Аятолла Хомейнидiң өзiнiң күнделiгiне: "Мен дiнiм үшiн (ұлтым үшiн деп түсiнiңiз – Т.Ж.) шайтанмен де жұмыс iстеуге әзiрмiн" – деген сөзi еске түседi. Ә.Бөкейханов та Алаштың азаттығына қол жеткiзу үшiн барлық саяси әдiс-тәсiлден бас тартқан жоқ.
Сол үшiн де азамат соғысы жылдары "Алашорда" үкiметi Құрылтай үкiметiнiң құрамына кiрдi. Ондағы мақсаттарын сұраған түрме тергеушiсiне Х.Досмұхамедов:
"Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгерiссiз құрылтайда бекiтiлдi. Кейiнгi демократиялық өзерiстердiң барысында ол жеке кiтапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бiр халықты екiншi халыққа арандатудың ошағы ретiнде баға бердi. Егер де: барлық халықтардың өзiн-өзi билеуiне ерiк берiлген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкiлдерi ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбiт келiсiм жасауды жақтайтынын мәлiмдедi. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мемлекеттiк заңдық құрылымы ретiнде танылды, өзiнiң санына байланысты әр ұлттың өкiлi мемлекеттiк мекемелерге қабылданатын болсын деп шешiм шығарды", – деп жауап бердi.
Екiншi уәж: Әлихан Бөкейхановқа қаратыла жиi айтылатын "шоқыншы", "еуропашыл", мұсылмандыққа қарсы деген пайымсыз байбаламға байланысты айтарымыз мынау. Кеңестiк жетпiс жылда бiздiң дiни танымымыз толықтай тоқырауға ұшырап, өзiмiздiң мұсылмандық тарихатымыздан айырылып қалдық. Бiзге бұйырылған жол – имам Ағзамның жолы ғой. Бұл туралы Абайдың 17 түрлi тәпсiрлi түсiнiгi бар. Ол Абайдың "Имамсыздық намазда қызылбастар салған жол" – деген түсiнiгiмен тiкелей байланысты. Қадыми дiншiлдердiң кесiрiнен мұсылман әлемi жаратылыстану мен өнеркәсiптiк ғылымнан мүлдем ажырап қалды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрiкмен, тәжiктер әлi де өнеркәсiптiк ғылымды жатырқап келедi. Соның нәтижесiнде, ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырда бүкiл мұсылман қауымы отарланып қалды. Соған қарсы мұсылман және түркi әлемiнде жадидтiк ағым мен саяси күрес басталды. С.Асфандияров: "Алаш идеясының оянуына әсер еткен – жәдидтiк бағыт пен күрес",- деп ашық жазған. Ал Өзбекстан мен Түркменстандағы 1927 жылға дейiнгi созылған басмашылар соғысы – тек кеңеске қарсы соғыс емес, ол қадым мен жәдидшiлердiң арасындағы азаматтық соғыс болатын. М.Тынышбаевтың Қоқан автономиясының премьер-министрлiгiнен бас тартуының өзi сол екi ағымның бiтiспейтiн майданының кесiрi едi.
Үшiншi уәж: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi туралы мына пiкiрдi атап өткiм келедi.
1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегiмбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесiн жеткiздi. Ондағы басты мақсат: қазiргi заманның қару-жарағының тiлiн бiлмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсiздiк туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсiндi. Заманның беталысы ұлттан соны талап еттi. Саналы армиясыз "сәулеттi, еркiн күндi" аңсаудың өзi надандық болатын.
Төртiншi уәж: осы Түркiстан идеясы деген не? Ол Қазақстанның тәуелсiздiгiне кепiлдiк беретiн идея ма, жоқ па? – деген сұраққа тарихшыларымыз тура жауап бермей, бетiн бүркемелеп келедi. Сол идея ны өткiзу үшiн кейбiр "тарихшылар" кешегi алаш ұранды азаматтарды қолдан жiкке бөлдi: олардың қателiг – Түркiстан идеясын бөлiспедi, ана тұлғаға, мына тұлғаға қарсы шықты – дестi. Сонда, 1991 жылы тәуелсiздiк жарияланғанда, оның тәуелсiздiгiн таныған елу төрт ел қандай мемлекеттi, оның қандай шекарасын мойындады? Ол шекара қашан және қалай құрылды, олардың басында кiм тұр едi? Өткен жылы Қазақстанның мемлекеттiк шекарасының бекiтiлiп, автономиялы мемлекет болып жарияланғанына 90 жыл толды. "Одақтас республикалардың кез-келген уақытта дербес мемлекет ретiнде СССР-дiң құрамынан бөлiнiп кетуiне құқы бар" – деген бапты кiмдер кеңестiң конституциясына кiргiзiп едi? Әрине, оның iшiнде Украина мен Грузия өкiлдерi, "Алашорда" үкiметiнiң көсемдерi, оның iшiнде тiкелей осы мәселемен айналысқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х. және Ж.Досмұхамедовтер бар. Егер Түркiстан идеясын қолдаса, онда солтүстiктегi бес облыс – Ресейге, оңтүстiктегi бес облыс – Өзбекстанға қалар едi. "Алашордашылардың" мақсаты – бiртұтас қазақ мемлекетiн құру. Бұған Х.Досмұхамедовтiң түрме дегi тергеушiге берген мына жауабы дәйек бола алады. Онда:
"Қазақстан жағырапиялық жағынан бiртұтас мемлекет ретiнде басқарылуы тиiс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкiметi саяси еркiндiк жариялап, еркiн партия құруға мүмкiндiк берсе, оларға да осы талапты қою керек – дестiк. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеумiз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. "Ұйымның басты құрылымы екi жағдайды ескере отырып қарастырылды: бiрiншi, кеңес өкiметi құлаған жағдайда, екiншi Әнуар паша жеңiлген жағдайда не iстеу керектiгi басты назарға алынды… Бiз ол кезде сiздердiң федерация туралы шешiмдерiңiздi бiлмейтiн едiк, ол кезде Түркiстанды өзбек басшылары билеп-төстейтiн, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, бiз өзбектердiң бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткенi бiздiң басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Бiз тiптi қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздерi мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кiру керек – деп есептедiк. Бұл жоспар сол қиял күйiнде қалды, iс жүзiнде ешнәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгiсiз. Жат жердегiлердiң жағдайы өте ауыр күйде, өмiр сүру дәрежесi төмен, сондықтан да бiрiгуге қарсы бола қоймас деп ойладық", – деп атап көрсеттi.
Мiне, Бөкейхановтың да түпкi мақсаты осы едi.
Бесiншi уәж: бiз, "Алашорда" мен Ә.Бөкейханов туралы сөз еткенде саяси эмиграция мәселесiне баса көңiл бөлiп, кейде жалаң жанашырлыққа дейiн барып жүрмiз. Алайда бiз ұлттық идея үшiн күрескен зиялылардың саяси эмиграция туралы:
"Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкiметiнiң мүшелерi қазақ iшiнде қалуы тиiс. Егерде бiз теңдiкке қол жеткiзгiмiз келсе, онда қазiрден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгiн не ексек, ертең соны орамыз", – деген астыртын уағдаластығын олардың күрес жолындағы таңдауы ретiнде сыйлауымыз керек.
Өмiрдiң өзi көрсетiп отырғанындай, егерде алаш зиялылары жаппай эмиграцияға кеткенде, онда 1920-1930 жылдар арасындағы ағарту және ғылым саласындағы еңбектер дүниеге келер ме едi? Ол еңбектер жазылмаса қазiргi қазақ тiлiнен бастап алгебра, геометрия, биология, физика, зоология, жағырафия терминдерi қалай қалыптасар едi? Сонымен қатар, түпкi күрес мақсатына жете алмаса да, жоғарыдағы бес тұжырым үшiн күрескен С.Сәдуақасов сияқты жас қайраткерлер қалыптасар ма едi, Қазақстандағы саяси ахуал мен саяси күрес қалай бет алар едi?
Мiне, Алаш идеясы мен оның көсемi Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған ұстанымының бiр тарамы осындай. Менiң ойымша, бұл идея – мәңгiлiк және қазақ ұлты өмiр сүрiп тұрған жағдайда күн тәртiбiнен түспейдi деп ойлаймын.
"Отырар кiтапханасы" ғылыми орталығының
директоры, филология ғылымдарының докторы,
профессор