Юрий БУНАКОВ: Мен қазақ тiлiн қолданбаймын

Юрий БУНАКОВ: Мен қазақ тiлiн қолданбаймын

Юрий БУНАКОВ: Мен қазақ тiлiн қолданбаймын
ашық дереккөзі

Қазақ тiлiнiң мәртебесiн өсiруге байланысты қандай да бiр шара қолға алынса, елiмiздегi әсiреұлтшыл орыс ұйымдары өкiлдерiнiң өре түрегелетiнiне етiмiз үйренген. Мәдениет министрлiгi "Тiл туралы" Заң жобасына мемлекеттiк тiлге қатысты бiрқатар өзгерiстер мен толықтырулар енгiзгенi сол-ақ едi, бұл жолы да "Лад" славян қозғалысы мен "Орыс қауымдастығы" тағы да үнсiз жатпады. Осы тұрғыда бiз "Орыс қауымдастығының" төрағасы Юрий Бунаковтан тiл мәселесiне қатысты пiкiрiн бiлгендi жөн көрдiк.

– Сiздiң "ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасындағы қазақ тiлiнiң қадiрiн арттыратын кейбiр талаптарға қарсы шыққаныңызды бiлемiз. Сiз мұны айқайлатып жасамасаңыз да, iшiнара жақтастарыңыздың басын қосып жатқандығыңыздан жұрт хабардар.

– "Тiл туралы" Заң жобасына өзгерiс енгiзiп жатқандар ұлтаралық қақтығысты өршiтiп отыр. Олар қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтерудi саясиландырып, орыс тiлiнiң аясын тарылтуға бағытталған әрекет жасауда. Дәлiрегiнде, арандатушылар Президенттiң сенiмiнен шықпай, жарға жықты. Бұл қоғам арасына iрiткi салумен пара-пар.

– Сонда сiз қазақ тiлi бұрынғыша дәрменсiз бола берсiн дейсiз бе? Тәуелсiздiк алғанымызға 20 жылға аяқ басты. Бiздiңше, қазақ тiлi өз мәртебесiн алуға лайықты сияқты.

– Бұлар қоғамда, дәлiрегiн айтқанда қазақ пен орыстың арасында тепе-теңдiк барын ұмытып кеттi. Көптеген орыстар қазақ тiлiн бiлмейдi. Бiлсе де, тек 5 пайызы ғана бiлетiн шығар. Демек заң жобасын жасаушылар "Кетiңдер! Қазақ тiлiн бiлмесеңдер, бiзге керек емессiңдер!" деген емеурiн танытып жатқан сияқты. Бұдан кейiн орыстардың билiкке деген қарым-қатынасына сызат түсуде. Неге бұлай жасайды? Мысалы мен 75 жастамын. Бiрақ қазақ тiлiн үйренген жоқпын. Тiптi 50-де болсам да, менiң аудармашы ұстауым керек пе? Айтыңызшы, бiзге неге бұлай iстейдi? Мұның бәрi уақыт өте келе реттелуi керек. Ендi бiр 15-20 жылдан соң қазақ тiлi жаппай сұранысқа ие болғанда, орыс ұлтының жас буыны қазақ тiлiн меңгергенде ғана бәрi өз орнына келедi. Ал қазiр бiздi тiзеге басып отыр. Бұл қоғамда ұлтаралық қақтығыстың тұтануына, ыңғайсыз жағдайларға әкеледi. Елiмiздегi орыстар: "Қазақстан билiгi орыстарды – екiншi сортқа теңеп отыр" дегендi айтуда. Олар бұдан кейiн "бiзге тек шабаданымызды жинап, кету ғана қалды" деп жатыр.

– Расында да, орыстар кетiп жатыр ма?

– Әрине. Егер билiктiң орыстарға деген көзқарасы дұрыс болса және егер бiз титулды ұлт – қазақпен тепе-тең өмiр сүрсек, орыстар ешқайда да кетпейдi. 1995 жылы 2 млн. орыс қоныс аударып едi ғой. Ендi соның екiншi толқыны басталады. Менiңше, бұл Қазақстанға жақсылық әкелмейдi. Қазақстанға, қазақтарға еш пайда келе қоймайды. Тiптi менiң балаларым да кетуге дайындалып жатыр. Маған қандай қиын екенiн түсiнесiң бе? Олар "Әке, бұл жерде бiзге ештеңе қалмады. Мұнда бiзге орын жоқ", – дейдi. Жүрегiң ауырмай ма?

Оның үстiне Ресей өзiнiң отандастарын қабылдауға дайын емес. Сiздерде, қазақтарда да оралман бар ғой. Олардың бiрi келiп, екiншiсi кетiп жатқанын да бiлемiн. Неге кетiп жатыр? Өйткенi жағдай жасалмады. Қазiр ендi оралмандардың келуiне ақшаны көп бөлiп, баспанамен қамтамасыз етiп, жағдайын да жақсартайын деп жатыр екен.

– Ресейде ше?

– Ол жақта бұл мәселе бойынша жағдай нашар. Мәселен мен барсам, жұмыс жоқ, баспана жоқ, балаларға беретiн ештеңе жоқ. Ол жақта мұндай жағдайға қол жеткiзбеген жергiлiктi орыстар маған қандай қарым-қатынаста болады? Әрине, жаман. Себебi олардың тауып отырған бiр үзiм нанын тартып алуға барып отырмын. Алматыда өмiр-бақи тұрып, жұмыс iстеп келемiн. Осы уақыт iшiнде байқағаным, жергiлiктi қазақтар да оралмандарға өте жаман көзқараспен қарайды. Неге? Өйткенi оларға салып берген баспананы оралманға алып бердi. Сол кезде жергiлiктi қазақтар: "Бiз өмiр бойы колхозда жұмыс iстедiк. Мұнда 40-50 жылдан берi тұрып келемiн, еңбек етiп келемiн. Нелiктен, сырттан келген оралманға менiң баспанамды алып беруi керек?" – дедi. Осындай оқиғалар болды ма? Әрине, iшiнара болып тұрды.

"БАЛАБАҚША ТӨРТ ЖЫЛДА НЕМЕРЕМЕ ТҮК ҮЙРЕТПЕДI"

– Сiз "маған қазақ тiлiн үйренуге кеш" деп ақталасыз. Ал балаларыңыз неге бiлмейдi? Шындап ден қойса, үйренiп те кетер едi ғой.

– Олар ересек боп кеттi ғой. Сол үшiн немеремдi 3 жасында қазақ балабақшасына бергем. Оның өзi қазiр 25-те. 3-4 жыл бойы балабақшада болса да, оған қазақ тiлiн үйреткен жоқ. Мұндай кезде не айтуға болады? Оған кiм кiнәлi? Бұл негiзiнен баланың тiлдi қалыпты деңгейде меңгеретiн уақыты едi. Керiсiнше, түк те үйренбей шықты. Ал бiрақ балабақшадағы тәрбиешiлердiң бәрi қазақтiлдi болған. Егер бала екеш баланың өзi үйрене алмаса, онда менен не талап етуге болады? Сондықтан да "орыстар жаман адамдар, олар қазақ тiлiн үйренгiсi келмейдi" дегенше, алдымен осы сұрақтарды шешiп алу керек сияқты. Ештеңе де күш арқылы жасалынбайды.

Өзiм бiршама жасқа келген адаммын. Менен қазақ тiлiн бiлуiмдi талап етпеңiздер. Мен оны қолданбаймын. Егер қолданбайтын болсам, тiлдi де бiлгiм келмейдi. Өйткенi тiл үнемi тұтынуды қажет етедi. Сенсеңiз, қазақ тiлi мен өмiр сүретiн ортада қолданылмайды. Кезiнде ағылшын тiлiн 10 жыл бойы оқыдым, бiрақ сөйлей алмаймын. Себебi ағылшынтiлдi ортада өмiр сүрмеймiн. Ал Оксфордқа барсам, бәлкiм жарты жылдың iшiнде ағылшынша сайрап кетер ме едiм. Сол сияқты ауылға барсам да, қазақ тiлiнде сөйлейтiн шығармын. Сондықтан да орыстарға тиiсе беруге болмайды. Ол ешқашан мәжбүрлеп, күштеген нәрсенi iстемейдi. Бұл орыс адамының табиғи болмысы. Бiзге арнайы орталық ашу керек. Ақша сұрадық. Неге десең, бiз сияқты ұлттық қоғамдық ұйымға шенеунiктен гөрi халық көбiрек сенедi. "Бiзге ақша берiңiздер, бiз тiлдi тереңдетiп үйрететiн орталық ашамыз. Бұл орталық бастапқы кезде әр облыс орталығында, сосын ауданда, қалада болсын" дедiк. Әрине, түлектер бiтiрiп шыққанда тек бiр тiлдi ғана бiлiп шықпайды. Президент "үш тұғырлы тiл" саясатын да айтып жүр ғой. Соған орай, бағдарлама жасақтап, орыс жастарына алдымен қазақ тiлiн үйретiп, орыс мәдениетiн бойына сiңiруi керек. Жәй ғана өлең айтып, оқып қана қоймай, Достоевскийдiң, Карамзиннiң, Соловьевтiң, т.б. орыс философиясына терең үңiлуi тиiс. Мiне, орыс жастары осыларды оқу керек. Бүгiнде орыстiлдi мектептер қазақ тiлiн де, орыс тiлiн де, тiптi қазақ мәдениетi мен орыс мәдениетiн де бiлмейтiн жастар тәрбиелеуде. Орта бiлiм беру деңгейiнiң төмен түсiп кеткенi соншалық, оны ендi қайта қалпына келтiру қиын. Кеңестiк кезеңде бiз әлемде сапа, бiлiм жағынан жоғары болдық. Бiлiм тек Кеңестiк одақ кезiнде ғана сапалы болды.

Есiңiзде болса, "Ұлт тағдыры" қоғамдық қозғалысы "Орыс әдебиетiн" оқу бағдарламасынан алып тастауды ұсынып, ашық хат жазған едi.

– Онда мүлдем сауатсыз ұрпақ келедi.

"Орыс әдебиетiнiң" орнына "Әлем әдебиетiн" оқу ұтымдырақ емес пе?

– Онда оқыңдар, оқыңдар! Сонда ештеңе бiлмейтiн боласыңдар. Орыс әдебиетiн де, қазақ әдебиетiн де, әрбiрден соң әлемдiк әдебиеттi де. Оқыңдар! Бұл деген әсiреұлтшылдық! Ұлтшылдықтың да дұрысы, жақсысы болады. Өзiнiң мемлекетiне, халқына деген махаббаты, сыйластығы бар адам, басқа да халықтарды құрметтейтiн адам келе-келе жанындағы халықты, ең алдымен орыс ұлтын жек көре бастайды. Өзiң айтшы, шындығында орыс халқы Қазақстан тарихы үшiн аз жұмыс iстедi ме? Қазақ мемлекетiнiң құрылуына, экономикасының дамуына, мәдениетiнiң өркендеуiне еш үлес қосқан жоқ па? Бұл деген қайырымсыз адамдар! Жаңа сiз айтқан Дос Көшiм де солардың қатарында. Орыс әдебиетiн алып тастаңдар! Не шығады? Егер расында солай жасаса, орыс жастары сауатсызданып кетедi. Қоғам да құриды. Осындай iстерге барып отырған адамдардың өзi мемлекеттiң құрдымға кетуiне алып келедi!

– Қазiр бiзде қазақ тiлiн үйрететiн сөздiктер, оқу құралдары жарық көрiп жатыр ғой. Оған мемлекеттен қаржы да бөлiнiп келедi.

– Демек бұлардың сапасыз болғаны да. Бұл құралдар 20 жылдың iшiнде ештеңе үйретпесе не керегi бар?! Мұғалiм болмасам да айтайын, оқулықтар, қосымша оқу құралдары өте сапасыз. Егер пайдасы болса, орыстiлдi орта қазақ тiлiн аздап болса да, меңгерер едi ғой.

"Қазақстан – менiң де туған жерiм"

– Орыстiлдi интернет сайттарында "Егер орыс тiлiн ығыстырса, бiз пикетке шығамыз" деген арандатушы пiкiрлер көп. Сiздiңше, iрiткi салушылар солар емес пе?

– Мен пикет туралы, басқа туралы айтқым келмейдi. Бiр айтатыным, билiктiң беделiн түсiрiп жатыр деп ойлаймын. Билiк 4 млн. 600 мың адамның құқығын шектеп отыр. Қазiр орыстiлдi қазақтардың да мазасы қашып отыр. Олар қалай уайымдап жатқанын бiлесiз бе? Сол сияқты аралас миграцияның да сол базынаны кешiп отырғаны түсiнiктi.

– "Русские в Казахстане" (russianskz.infо) сайтында жарық көрген Максим Акимовтың "Орыстар, ояныңдар!" атты мақаласын оқыған шығарсыз. Ол тiптi қазақтарда жер де, шекара да жоқ болған дептi. Бұл ендi шектен шығу емес пе?

– Акимовтың не жазғанын бiлмеймiн. Бiр бiлетiнiм, ол орыстардың елден кетпеуi үшiн үндеуге шақырды. Бiз өз туған жерiмiзде тұрып жатырмыз. Шын мәнiнде, бұл бiздiң де туған жер. Егер бұл жерде атам өмiрге келсе, әкем өмiрге келсе, мен өмiрге келсем, немерем өмiрге келсе, туған жерiм болмағанда не болады?!

Мен қазақ тiлiнiң мәртебесiнiң өскенiне қарсы емеспiн. Ол үшiн балаларды, оның iшiнде басқа ұлт өкiлдерiне кiшкентайынан қазақ тiлiнде үйрету керек. Салыстырмалы түрде айтсам, Балтық елдерiне қарасаңыз тiлдi үйрету өте жоғары деңгейде. Қазiргi кезде эстон, латыш тiлiнiң қолданыс аясы кеңейiп келедi. Қандай әдiстi қолданатынын кiм бiлсiн, бiрақ олар сапалы үйретуде. Ал 20 жылдың iшiнде бiздiң балаларға ештеңе үйреткен жоқ. Бәрi қағаз жүзiнде. Орыс тiлiн құртқаннан ештеңе өнбейдi. Қазақ халқы орыс тiлiнен бәрiн алды. Абайдың орыс тiлi туралы не айтқанын бiлесiз бе? Шоқан Уәлиханов не жазды? Кейбiр қазақтар менi дұрыс түсiнедi, ал түсiнбейтiндерiнiң ақыл-есi дұрыс емес. Сол себептен де қазақ тiлiнiң мәселесi шешiмiн таппай отыр. Орыс тiлi бұрын қалай сұранысқа ие болса, қазiр де, ертең де осы биiгiнен түспейдi.

– "Лад" славян қозғалысының сайтында ұлт арасына от жағатын материалдар жиi жарық көредi. Оған арагiдiк өзiңiздiң де атсалысып тұратыныңыз бар…

– Иә, ылғи да мақала жазып тұрамын. Бiрақ сен қайта -қайта қазақ тiлiне қарсысың деп айта бересiң. Ұлтаралық қақтығыстың тұтануына "Лад" емес, Мәдениет министрлiгi септiгiн тигiзiп отыр деп ойлаймын. Бiз Мұхтар Құл-Мұхамедтiң алдында министр болған Ертiсбаевпен ортақ тiл табысқан едiк. Бiрлесiп жұмыс iстеу үшiн келiсiм-шартқа қол қойдық. Бұл құжат әлi күнге жұмыс iстеуде. 4 жыл болды, орыс жастары арасында қазақ тiлiнен байқау өткiзiп келемiз. Сiздi шақырамын, өзiңiз көресiз. Ал екiншi байқау – қазақ мектеп түлектерiнiң орыс тiлiн қай дәрежеде бiлетiнiн анықтау. Кәдiмгiдей мереке болады. Мұның бәрi тұнып тұрған әдемi қойылым. Сонда өзiм әдiлқазы төрағасымын. Жастар орыстың ғұламаларының шығармалары туралы қазақ тiлiнде айтып бередi. Қазақ мектептерiнiң түлектерi орыс классиктерi – Лермонтовтың, Пушкиннiң шығармаларын жатқа айтады. Олар орыс мәдениетiнiң өмiр сүрiп жатқандығын паш етедi. Министр ауысқан кезден бастап көзқарас та өзгердi. Мұндағылар қоғамдағы бұрыннан келе жатқан дәстүрдi үзгiсi келедi.

Президенттiң өзi маған: "Юрий Захарович, орыс тiлi бұрын қалай жоғары деңгейде болып келсе, солай қала бередi. Ешқандай өзгерiс болмайды" деп айтқан болатын. Ал қазiр Конституцияға өзгерiс енгiземiз деп шарқ ұрып жүр. Бұл не деген сұмдық?!

– Көптеген депутаттар мен ұлт патриоттары Конституциядан орыс тiлiнiң ресми мәртебесiн алып тастау туралы мәлiмдеме жасады. Бұған қалай қарайсыз? – Бәрiн бiлемiн. Сол кейбiр қазақ патриоттарының есi ауысқан ба деймiн. Оларға басқаша не деуге болады? Менiңше, олар бiздiң орыс тiлiнде сөйлегенiмiздi көре алмайды. Сен Шахановты бiлесiң ғой. Ол үнемi орыс тiлi қазақ тiлiн ығыстырып жатқандай сөйлейдi. Оны көп жылдардан берi бiлемiн. Бiрақ ол бiздi бiр де бiр есiне түсiрмейдi. Бiз жаңа айттым ғой, Тәуелсiздiк күнiне орай, орыс жастары арасында қазақ тiлiнен республикалық байқауын өткiземiз. Республиканың барлық қалаларынан мыңдаған орыс-қазақ ұл-қыздары қатысып, жеңiмпазы анықталады. Шаханов мырза бiр рет болсын "Мiне, молодцы" деп айтқан жоқ.

Сонда әлгi шараларға ақшаны министрлiк бөлiп келдi ме? – Бiзде ақша жоқ. Кешегi күнге дейiн Мәдениет және ақпарат министрлiгi бөлiп келдi. Олар ақша бөлдi, бiздiң жұмысымыз – ұйымдастыру.

– Сiз Шахановқа неге ренжiлусiз?

– Неге десеңiз, ол да қазiр сiз айтып отырған сөздi айтып жүр. Бiрде Парламентке бiр шараға барған едiм. Бiз екеумiз жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлестiк. Бiр кезде Шаханов лифтiде кетiп бара жатып, жанындағы жас қазақ жiгiттерiне "Неге қазақ тiлiнде сөйлемейсiңдер?!" деп ұрсып барады. Ал Ресейге барғанда олай емес. Олардың баспасөзiнде, "Литературная газетаға" берген сұхбаттарында орыс тiлiне қызығатын адам сияқты көрiнедi. Қазақстанда жүргенде мүлдем қарама-қарсы пiкiр айтады. Неге? Өйткенi бұл – олардың жеп отырған наны. Кешке дейiн саясатта бiздi жерлеп жатады. Егер де елiмiздегi барлық орыстар қазақ тiлiнде сайрап кетсе, бұл олар үшiн трагедия. Неге десең, олар айналысатын түк таппай қалады. Олар объективтi адамдар емес. Пушкиннiң "Страшен русский бунт, бессмысленный и не беспощадный" деген сөзi бар. Шынымен де солай. Бiз, орыстар қазақтармен 100 жыл бойы бiрге өмiр сүрiп келемiз. Ал басқа халықтар тек соғыс тұсында, депортация кезiнде ғана пайда болды. Дұрыс па? Ғасыр басында, тiптi өткен ғасырда бұл жерде қазақ пен орыстан басқа кiм тұрды? Бiзде бөлiсетiн ештеңе жоқ.

– Қазақ тiлiн қолдайсыз ба?

– Әрине, қолдаймын. Бiздiң жексенбiлiк мектептер қазақ тiлiн үйренуге күш салып жатыр. Азын-аулақ бөлiнген ақшаға әр қаладан жексенбiлiк мектеп ашып жатырмыз. Мысалы Алматыда "Орыс қауымдастығының" жексенбiлiк мектебiнде жыл сайын 20 шақты адам оқиды. Оның iшiнде балалар, жастар, егделер де бар.

– Жалпы, ұлтаралық, дiнаралық татулықты сақтауға негiзделген саясат жақсы жемiсiн берiп келедi ғой. Алайда кейбiр диаспора өкiлдерi "бiзге қысым жасалып жатыр" деп жиi шағымданады…– Әрине, олар жаман тұрмайды. Солардың бiреуi қазақтарға: "Билiк – сiздердiкi, ал жер – бiздiкi" деп айтқан жоқ па? Орыс ұлтының өкiлi ретiнде мен солай айттым ба? Жоқ. Дегенмен Солтүстiк Қазақстан облысындағы жерлер туралы айтуға болар едi. Сондықтан да қазақтар орыстарды бағалай бiлiңдер!

15 қыркүйек

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы