ТАҢ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ТУЫ ЖЫҒЫЛҒАН КҮН

ТАҢ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ТУЫ ЖЫҒЫЛҒАН КҮН

ТАҢ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ТУЫ ЖЫҒЫЛҒАН КҮН
ашық дереккөзі
1038

«Атлах-Талас» шайқасына 1260 жыл

Қазақ тарихшылары бүгiннiң биiгiнен өткендi пайымдаудың орнына, тарихты бүгiннiң саясатымен шатастырып алған сияқты. Осы бiр методологиялық ауытқудың қауiп-қатерiн анық аңғарған тарихшының бiрi – профессор Iлияс Әйтiмбет: "Тарих идеология емес, ол – ғылым, яғни идеологияның аясына сыймайды. Ол кешегi Кеңестiк жүйе қалыптастырған көзқарас… Тарихтың идеологияға айналуы оның ғылым болуының бiткенi деп бiлген жөн, сондай-ақ тарих бiзге ұнай ма, ұнамай ма, ол – болған факт, шындық. Бiзге ұнамайтын жайлардан да сабақ алу – заңдылық. Олай болмаған жағдайда сенiң жаманшылыққа қарсы тұратын иммунитетiң болмай қалады", – деп тарихшыларға ескерту жасайды. Сонда тарихты кiм, қалай жазу керек деген даулы сұрақ алдымыздан тағы да көлденеңдей шығары сөзсiз. Осыларды саралай келе Лев Гумилев: "Тарихты қалай жазу туралы мәселе әлi шешiлмеген және ол ешқашан да шешiлмейдi. Ол ол ма, тiптi оны шешудiң де ешбiр қажетi жоқ. Өйткенi бұл арада рецепт беру iске пайдасынан гөрi зиянын көбiрек тигiзедi", – деп жазғаны белгiлi.

Ақылға қонымды жауап осы болса керек.

Бiрақ Мәскеудiң қатаң цензуралық бақылауында, Кеңес өкiметi тұсында жазылған бес томдық "Қазақстан тарихында" қазақ тарихының қалай бұрмаланып жазылғанын бiле тұра, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында маман кадрларымыздың әлi дайындалмағанына, жаңа деректемелiк базамыздың жасалмағанына қарамай бес томдық "Қазақстан тарихын" жазуға апай-топай кiрiстiк те кеттiк. Осы екi бес томдықты салыстыра оқып шыққанда "Қазақтың мемлекеттiлiгi тарихы" жөнiнде жүйелi бiр зерттеудiң болмағанына көз жеткiзу қиын емес.

Бiр ғана мысал келтiрейiн. Бүгiнгi Қазақстан аумағында құрылып, ғасырлар бойы салтанат құрған Үйсiн, Қаңлы, Батыс Түрiк, Түркеш қағанаты мен Қарлұқ-Қарахан хандықтары жөнiнде сөз болғанда олардың этникалық тек-тамыры мен мемлекеттiк дәстүр жалғастығы мүлде айтылмайды, ал айтыла қалғанда орыс тарихшылары әр кезде жазып кеткен дәлел-дәйексiз болжал пiкiрлерi бұлжымас заңдай қайталана салады. Әсiресе Ерте заман және Ерте орта ғасыр кезеңi жөнiнде жазылған тараулар мен параграфтар мүлде сын көтермейдi. Соған қарамай күнi бүгiнге дейiн қазақ тарихы жөнiндегi оқулықтар мен оқу құралдары сол жаңсақ бағдарламаға негiзделiп оқытылып келгендiктен жас ұрпақтың тарихи жадын шатастырып жүргенiмiз өкiнiштi-ақ.

Әлемдiк ұлы державалардың ұлттық-мемлекеттiк тарихына назар салған адам Жоңғар хандығы мен Алтышаһар хандығын талқандап, миллиондаған моңғолдар мен ұйғырларды қанға бөктiрген Чиң патшалығының Орда естелiгiнiң 464-465 топтамасында Шиян Лұңның зұлымдығын паш ететiн мына бiр сөзiнiң тарихи шындық екенiне көз жеткiзе алар едi. Ол былай дейдi: "…Тарихты мәңгi жеңiмпаздар ғана жазады. Бiр адамды өлтiрген кiсi өлтiрушi қылмыскер деп аталады. Егер бiз адамдарды түмендеп, миллиондап өлтiрiп, олардың жерiн басып алсақ, ұлы жеңiмпаз болып, тарихта даңқымыз қалады, әрi мемлекетiмiз iргесiн кеңейтiп, қыруар байлыққа ие боламыз.

Әр iстiң бiр сәтi болады. Әзiр Батысқа жорыққа аттанудың орайы келiп тұр. Осы орайды пайдаланып, Батысқа жорыққа аттанғанда ғана жоңғарларды тып-типыл жоғалтып, Жоңғарияны иемденуге, онан кейiн дереу Қашқарияны қоса, бүкiл Орталық Азияны басып алу мақсатына жетуге болады. Бұл дегенiмiз шынымен де бiр таяқпен екi қоян алғандық болмай ма?

…Ешқандай рақымшылдық болмасын, жабайы-жаттар ер-әйел, кәрi-жас демей түгел қырып тасталсын! Бiзге адамсыз Жоңғария, адамсыз Қашқария керек."

Бүгiнге дейiнгi қытай тарихы, сол қатарда Шығыс Түркiстан (Шинжияң) тарихы залым патша Шияң Лұңның айтқанындай жазылып келедi. Патшылық Ресей мен Кеңестiк Ресей тарихы қалай жазылып келгенiне сөз арнау тiптi де қажет емес шығар.

Ал осыдан тұп-тура 1260 жыл бұрын, яғни 751 жылдың шiлде айында Тараз қаласына iргелес жатқан шағын ғана Атлах бекiнiсi аумағында болып өткен бес күндiк қанды шайқастың Ұлы жеңiсi туралы Қытай тарихынан да, Ресей тарихынан да Қазақстан тарихынан да толық бiр сөйлем кездестiре алмайтынымыз қалай? Бұл бiр кездейсоқтық па, әлде жорта жасалған бiлместiк пе? Орталық Азия түгiлi бүкiл әлемдiк тарих доңғалағын шыр айналдырып жiберген "Атлах-Талас" шайқасындағы арабтар мен қарлұқ-түркеш жауынгерлерiнiң жанкештi ерлiгiмен келген Ұлы жеңiс неге атаусыз, елеусiз қалуға тиiс? Ол туралы бас қатырып жатқан қай тарихшы, қай мемлекет қайраткерi бар? Бiздiң орыс пен еуропаны бағдаршам етiп ұстанатын зиялыларымыздың "Литературная газета" беттерiнде жарияланып, күллi орыс оқымыстылары iлiп ала жөнелген Юри Алябьев дегеннiң "Мономахова оружие (900 лет назад, русского войско Владимир Мономаха разгромило половецкого орды на реке Сал" деген мақаласында былай деп лепiредi:

"Разгромив в завершающем решительном сражении 27 марта 1111 года главные силы половцев на реке Сал, русские войны на многие годы избавили Киевскую Русь от постоянных набегов хищных и алчных степняков.

Нелишним будет напомнить о том, что именно пример Владимира Мономаха вдохновлял на подвиги ратников Александра Невского и Дмитрия Донского в черные для русского народа годы монголо-татарского ига, на которые пришлись победоносные для русского оружия Ледовое и Мамаево побоища", – дей келе автор: "…Думаю будет справедливым внести и в перечень днем воинской славы еще один день, прибавив к Ледовому и Мамаеву побоищам еще более древнее-Половецкое сражение Владимира Мономаха весной 1111 года."

Орыстың тарихқа, ғылымға адал азаматтарының бiрi, белгiлi тарихшы, Ресей мемлекеттiк гуманитарлық университетiнiң президентi Юрий Афанасьев ондай сыңаржақ шовинист отандастарына былай деп жауап бергендей болады.

"Кез келген адамнан Дмитрий Донской кiм болған деп сұраңызшы. Куликово шайқасы, татар езгiсiнен құтылу деп жауап бередi… Егер "татар езгiсiнен құтылу" деген сөздi Дмитрий Донскойдың өзiне айтса, ол есiнен адасып кетер едi. Себебi ол мойындайтын патша татар патшасы ғана болатын. Ал, Мамай өзiн хан жасағысы келген көлденең көк аттының бiрi болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. "Татарлардан азат болу" деген сандырақты ол қабылдамас едi. Бiрақ қазiр осылай сөз саптау бiздiң тарихи қағидамызға айналып кеттi".

Әлi есiмде, 1972 жылы Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсерде тарих пәнi бойынша маған түскен билеттiң 2-сұрағы "Дмитрий Донской кiм болған?" болып шыққанда дәл солай жауап берiп жоғары баға алған едiм.

Тарих қалай-қалай бұрмалана бередi десеңшi.

Бүгiндерi орыстың ұлы державашыл тарихшылары мен жириновскийшiлдерiнiң ашықтан-ашық араңдатуға негiзделген сөз сараптауы бiздi ойландырмай тұра алмаса керек.

И.Н. Михеев "КССРО-ның құлауы, – орыс халқының ұлы қасiретi, ата-бабадан қалған ұлан-байтақ ел мен жерден айрылып қалдық. Ендi оны тез арада қайтарып алмасақ "бiздер орыстар антикалық римдiктердiң тағдырын қайталайтын боламыз" деп аһ ұрады. Ол "Литературная газетаның" 2011 жылы 26 сәуiрде жариялаған "Время собирать камни и уклоняться" атты мақаласында тағы да былай дейдi:

"В свое время небольшое почисленности Яицкое казачье войско держало под строгим русским контролем громадную территорию на юго-восточных рубежах России. Еще в 19-м даже в начале 20-го века один уральский и сибирский казак строил роты и наводил страх на сотню вооруженных китайцев… Теперь потомки тех удальцов не смеют даже поднять голос против утеснений новых казахских баев, под которыми они оказались в результате распада СССР, поэтому, …русским "необходимо уклоняться от объятий" утративших пассионарность народов в ближнем и дальнем зарубежье и "собирать свои русские камни" К последним относятся территории, которые веками осваивались русским этносом".

Қадiрлi отандастар, мiнеки, бiздiң құдай қосқан Аю көршiмiз сiздер мен бiздер туралы, ақ бiлектiң күшiмен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған қасиеттi қазақ жерi туралы осылайша аузына келгенiн айтып, басынан бағы тайып, құлдырауға бет алған жерлестерiн қайта шақырып жатыр. Бiр өкiнiштiсi, бұл Михеев пен Алябьевтердiң ғана желбуаз сөзi болмастан, Ресей президентi Д.Медведев пен В.Путиндердiң басамашылдығымен қабылданған орыс тарихын бұрмалауға жол бермеу шараларына байланысты қаулы-қарарлардан күш алып бара жатқан ұлы державалық астамшылыққа айналып кету қаупi белең алуда.

Осыны көрiп, бiлiп отырып бiз қалайша қайдағы бiр абстрактiлi достық пен ынтымақтастықты малданып жүре бермекпiз? Бiз неге жас ұрпақты елiмiздiң шынайы тарихымен таныстырып, ата-бабамыздың ерлiк даңқын асқақтатпаймыз?

Елiмiз тәуелсiздiгiн алғалы 20 жыл болса да ұлттық идеология негiздерi, мемлекеттiк саясат толық қалыптаспай, оның есесiне қайдағы бiр "қазақстандық ұлт", "үш тұғырлы тiл", құлдық пен ездiктiң баламасындай болған "толеранттық" дегендер неге ұрандала бередi?

Отарлық бұғаудан құтылған барлық елдер сияқты бiзде неге отарсыздандыру жөнiнде заң қабылданбайды? Бiз 300 жылдық орыс отаршылдығының зардаптары туралы неге батыл сөз айта алмадық? Бiз неге 1616 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi туралы тарихи шындықты әлi толық айта алмадық? 1920-21 және 1930-32 жылғы қолдан жасалған қазақ халқына қарсы Кеңестiк геноцидтi айыптауға неге бара алмадық? 1937-1938 жылғы репрессияның шын мақсаты мен зардаптарын неге ашып айта алмай жүрмiз? Екiншi дүниежүзiлiк соғыс туралы айтылар тарихи шындық, нақты анықтама қашан айтылады? 1949-1952 жылғы қазақ халқына қарсы жасалған қаралау мен жазалауға берiлер баға толық неге берiлмедi? 1954 жылдан басталған "Тың, тыңайған жерлердi игеру" деген желеумен Қазақ мемлекетiнiң аумақтық тұтастығы мен ұлттық бiрлiгiне қарсы жасалған ұлы орыстық шовинизм мен ассимиляциялық озбырлық неге әшкереленбей, ол керiсiнше мемлекеттiк iс-шаралар тiзiмiнен түспей келедi?

1986 жылғы желтоқсан көтерiлiсiне күнi бүгiнге дейiн баға бере алмай, қан майданда қыршын кеткен қазақ жастарының рухы неге аяқ асты болып келедi?

Жауапсыз сұрақтар сансыз.

Осындайда орыстың ұлы ойшылдарының бiрi – П.Я.Чаадаевтың "…Отанға мейлiнше пайдалы болудың әрi төте, әрi жалғыз жолы – оны қапысыз тану. Менiң ойымша, көзжұмбай құштарлықтың заманы өткен. Барды жоқ деме, әсiресе жоқты бар деме. Менiң ойымда бiз алдыңғы толқындардан кейiн қарға адым болса да iлгерiлеу үшiн келгенбiз, олардың кеудемсоқты көрсоқырлығын қайталамау үшiн келгенбiз. Ел тарихына адамзат ойының ұшар биiгiнен қарамайынша түк те шықпайды."

Көзi қарақты қазақ баласы бiздiң әр замандағы, әр түрлi орыс азаматтарының сөздерiнен көбiрек үзiндi ала отырып, тарих қойнауына үңiлгiмiз келгенiн түсiнген болар. "Отанды қапысыз тануға" деген құлшынысымыз, бiздi осыдан 1260 жыл бұрын ата-бабамыз қасық қаны қалғанша жан алып, жан берiскен "Атлах-Талас шайқасындағы" даңқты жеңiс күнiн еске алып, оның қалай-қалай болғанын, бiздiң тарихымыздан, тiптi әлемдiк тарихтан алар орны қандай болғанын зерттеп-зерделеуге жетелеп едi.

Ендеше, ендiгi сөздi алдымен осы алапат шайқастың қалай аталып, қалай жазылып келгенiнен бастаймыз.

Осыдан тұп-тура 1260 жыл бұрын, яғни 751 жылдың шiлде айында Тараз (Талас) қаласына iргелес жатқан шағын ғана Атлах бекiнiсi маңында күллi Азия мен Қазақ жерiнiң тағдырына түбiрлi өзгерiс әкелген орасан зор қанды шайқас болған едi. Зерттеушi ғалымдар оны бiрде "Талас шайқасы" деп жазса, бiрде "Атлах шайқасы" деп жазып келдi. Бiз шайқас алаңының ауқымын, екi жақтан соғысқа қатынасқан әскердiң қимыл-қозғалысын ескере отырып, бұл алапат айқасты "Атлах-Талас" шайқасы деп атауды жөн көрдiк. Елiмiздiң тарих оқулықтарында өз жерiмiзде болып өткен осынау аса маңызды тарихи оқиға туралы мардымды ешнәрсе жоғы өкiнiштi. Алдымен Атлах туралы жазба деректерiмiз не дегенiне назар аударып көрелiк.

Атлах – VI-ХII ғ.ғ. Талас-Шу бойындағы аты шартарапқа мәлiм болған түрiк қалаларының бiрi. Академик Әлкей Марғұлан Атлахты – Отлых деп жазыпты. Араб тарихшысы Әль-Макдиси 985 жылы: "Атлах үлкен қала, көлемi жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биiк дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзiм мол өседi. Мешiтi орталығында, базары – рабатта (қала шетiнде) болған" деп жазады. Махмұт Қашқари болса "Атлұқ-Отлұқ Талас (Тираз) маңындағы бiр қаланың аты" деп қысқа қайырады. Орыс тарихшысы А.Н.Бернштам өзi ашқан археологиялық айғақтарға сүйене отырып: "Атлах қаласының орны Тараз қаласына таяу жердегi Жуантөбеде, оның үйiндiсiнiң айналасы 280/140 метр аумақты алып жатыр" деп нақтылай түседi.

Ендеше"Атлах – Талас" шайқасы дегенiмiз қандай шайқас? Оған қай елдерден, қанша әскер қатысты? Соғыстың алғашқы төрт күнiнде Таң империясына одақтас болған Қарлұқ, Түркеш қолы, бесiншi күнi нелiктен арабтар жағына өтiп кеттi? Қытай армиясынан қанша адам өлiп, қаншасы тұтқынға түстi? Соғыс аяқталғаннан кейiнгi геосаяси жағдай қалай өзгердi? Бұл шайқастың тарихи мән-маңызы қандай болды?" деген сұрақтар төңiрегiнде тарихшылар алуан түрлi ой-пiкiр айтып келгенi белгiлi.

Алдымен, "Атлах-Талас шайқасы" қарсаңындағы геосаяси, әскери жағдайға кысқаша тоқталуға тура келдi. VIII ғасырдың ортасында, нақтылап айтқанда, 750 жылы араб халифатындағы ұзаққа созылған тақ таласы қырқысы аяқталып, "қара киiмдiлер" аталған Аббасшылдар толық жеңiске жеттi де, осыған дейiн бақылаудан тыс қалған бұрынғы Орта Азиялық иелiктерiне бақылауды күшейте бастады. Бұған дейiн Тибет пен Шығыс Түрiк қағанатына және iшкi қырқыстан әбден әлсiреген түркештерге әлденеше жеңiстi жорықтар жасап, Жетiсу мен Мәуренахрға сұғына кiрген Таң империясы армиясы халифат иелiгiне тiкелей қауiп төндiре бастаған болатын. Осы дәуiр туралы жан-жақты зерттеу жүргiзген Қытай тарихшысы Шуе Зұңжың мырза екi империяның мүдде қақтытысын былай түйiндейдi: "Бұл аймақтағы билiк үшiн болған текетiрес, қарулы қақтығысқа таяп келдi. Бiр ғасырға созылған саяси ықпалдастықтың күшейiп-әлсiреп отыруына орай, ақырғы тоқайласар алаң, бұрынғыдай "тәңiрi қағанның батыс қақпасы атанған Амудариясы емес, Суябқа жуық Талас аңғары болып қалған едi". Бұл жолдарда тарихи шындық бар екенiн атап айтуымыз керек. "Атлах-Талас шайқасы" алдындағы Орта Азиялық елдердiң геосаяси жағдайын төмендегiдей топтастыра айтуға болады.

1. 737 жылы түркештердiң құдiреттi билеушiсi атанған Сұлұқ қаған қастандықпен өлтiрiлгеннен кейiнгi он жыл бойы қағанатты құраған бес дулат пен бес нүшбе арасындағы тақ таласы түркеш қағанатын бiржола тұралатып тастаған едi. Түркештердi Таң империясы тағайындаған қуыршақ қағандар билей бастады.

2. 744 жылы яғма, қарлұқ, ұйғырлардың тегеурiндi соққысынан талқандалған соңғы

түрiк қағанаты тағы үшiн болған iшкi соғыстар барысында ұйғырдан ойсырай жеңiлген қарлұқ, яғмалар Жоңғарияға, Тұрпанға, Жетiсу өңiрiне қарай жөңкiлдi. Iшкi соғыстан, Таң империясының әлденеше реткi тегеурiндi соққысынан әлсiреген түркештер қарсылық көрсете алмады. Таң империясы ендiгi жерде қарлұқ жабғуын барынша қолдауға кiрiстi. Қарлұқтардың қолымен түркештердi ықтырып, араб халифатының iлгерi жылжуын тоқтатуды көздедi. Таң империясы бiр мезгiл ол мақсатына жеткендей де болды. Қытайдың өркөкiрек генералы Гау Шиянжы халифаттың айбынды қалың қолына қарсы шеру тартқанда дәл осы қарлұқ жабғуы мен, Ферғана ханының қуатты әскери қолдауына сенгенi белгiлi.3. Генерал Гау "Атлах-Талас шайқасы" болардан бiр жыл бұрын 750 жылы қалың қолмен Тобанға, Шашқа шабуыл жасап, хандарын тұтқындап, Таң ордасына апарды. Дәл сол кезде Қытайдың тағы бiр генералы түркештер ордасы-Суябты басып алған болатын. Түркеш қағанын да тiрiлей қолға түсiрiп, Қытай астанасына жөнелтедi.

Зерттеушiлердiң назарында болар бiр жағдай – генерал Гау Таң ордасы тағайындаған Шаш ханын нелiктен тұтқындап әкеттi. Арабтар Таң ордасымен одақтас болған Ферғана иелiгiнен аттап өтiп, Талас бойына қалай шабуыл жасайды? Бұл сұраққа былайша жауап беруге болады: Шаш иелiгi әсiлi түркеш қағанатына қараушы едi. Оның билеушiсi Баһадүр тұтұқ (Мохо дуо тудун) түркеш қағаны тағайындаған өкiл әкiм болатын. Алғашқы кезде ол Таң ордасының да тағайындауын қабылдап, тарту-таралғы да жiберiп тұрады. Алайда Шаш ханы бiр жағынан қытайлардан қорлық көрiп жүрген қара түркештермен туыстастығынан, тағы бiр жағынан арабтарға әлдеқашан одақтас, дiндес болып кеткен соғды ықшидымен құдандалығынан арабтармен де жақсы қарым-қатынас жасап тұрды. Тiптi, хандық атақты халифатты заңдастырып берген болатын. Сөз жүзiнде қытаймен, iс жүзiнде арабпен одақтас болған Шаш ханына генерал Гаудың өшiге шабуылдауында өзiндiк сылтау бар едi. Әйтсе де, генерал Гау бiрден шабуылға көшпей, "келiссөз арқылы ұғысуды" сылтауратып, Шаш ханын соғыссыз-ақ қолға түсiрiп әкетедi де, опасыздықпен өлтiрiп тастайды. Шаш ханының баласы аман қалып, арабтардан және көршiлес елдерден көмек сұрайды.

"Көне таңнамада" мынадай дерек бар: "Ол арабтармен тiл бiрiктiрiп, төрт қалашыққа шабуыл жасайды деп қорыққан Гау Шиянжы 20 мың әскердi бастап жабайылар жерiне өтiп кеттi де, Таласта арабтармен соғысты".

Екi генерал бiр мезгiлде екi бағыт бойынша жорыққа шыққандығы байқалады.Таң әскерi "Әнши бекiнiсi қалашығындағы" қытайдың таңдаулы жаяу, атты әскерiн негiз еткен, ферғана, қарлұқ атты әскерi толықтырған қалың қол едi. Бiрақ оның нақтылы саны қытай деректерiнде анық көрсетiлмеген. Халифаттың Хорасандағы өкiл әкiмi Әбу Муслин Бұхара мен Самарқандағы көтерiлiстердi тез тыныштандырысымен өзi Самарқанда тұрады да, Зияд Ибн Салих бастаған қалың қолды Атлах-Талас бекiнiстерiнде қорғаныста тұрған араб қолбасшысы Сайд Ибн Хумайд әскерiне көмекке шұғыл аттандырды.

Талас соғысы жөнiнде арнайы зерттеу жүргiзген О.Т.Большаков Аль Макдиси дерегiне сүйене отырып, Тараз бен Атлах бекiнiсiнде қорғаныс жүйелерiн қалпына келтiрiп, жаңа дуалдар тұрғызумен айналысып жатқан араб гарнизоны болғанын растайды.

Осынау құнды дерек күнi бүгiнге дейiн жұмбақ болып келген Атлах-Талас шайқасының соңғы – бесiншi, шешушi күнi шайқаста қарлұқтардың Таң империясынан бет бұрып, арабтар жағына шығып кетуiнiң сырын ашуға сәуле түсiретiн сияқты.

Орыс ғалымы А.М. Мандельштам түрiк халықтары, оның iшiнде қарлұқ, шығыл, шуйе, шумй тайпалары VII ғасырдың басында-ақ Шаш пен солтүстiк Ферғана өңiрiне дендеп ене бастағаны, соғдылармен, сол арқылы арабтармен де әртүрлi деңгейде қарым-қатынаста болғанын атап көрсетедi. Демек түрiк халықтары, оның қатарында қарлұқтар арабтарды көптен берi жақсы бiледi деп айта аламыз. Оның үстiне қытайлардан талай теперiш көрiп келе жатқан түркештер мен қарлұқ ябғуы түпкi мақсаттары жағынан жақын одақтастар болып үлгiргенi байқалады. Шаш ханымен туыстық қатынасы бар қара түркештер арқылы арабтардың қарлұқ ябғуы мен тiл табысқаны, өрлеу, iлгерiлеу үстiндегi Ислам әскерiнiң күш-қуатына сенiм артқаны тарихи шындық болатын.

Қытай дерек көздерi араб әскерiнiң құрамы мен күш-қуаты жөнiнде мынадай жалпы сипаттама бередi: "Арабтар жағында Зияд бастаған хорасан, парсы армиясын негiз еткен қалың қол және Орта Азиялық Соғд бiрлестiгiне жататын елдер әскерлерi болды. Бұл өңiрдегi халықтар көптен берi-ақ арабтарға бағынып, Ислам дiнiн қабылдаған болатын. Араб армиясында атты әскер, жаяу әскерден басқа, түйелi қосын, найзалы қосын, отпен шабуылдаушы арнайы топ бар едi. Қару-жарақ жағынан арабтар әлдеқайда үстем болатын". Ал Қытай жағы өздерiнiң жат жерде, артқы саптан қол үзе, жазалау жаныштау жорығында жүргенiн мойындайды.

Сонымен 751 жылдың зұл-хиджа (шiлде) айында, Атлах – Талас жерiнде әйгiлi қанды шайқас басталды. Қытай-дерек көздерiнен мынадай хабарларды көремiз: "Екi жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып кеттi де, арабтарға болысып, екi жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиянжыны (Гау Шиянжыны – Ә.Д.) ойсырата жеңдi.

Таң әскерi бiрiн-бiрi таптай, түн жамыла қашады: "Жол тар, адам мен ат көлiк жолға кептелiп қалды. Ферғаналық қалың әскерлер алдымен қаша жөнелдi, қаптаған ат пен түйе адамдарға жол бермедi. Гау Шиянжының бiр генералы Лй Сыие қолына жуан таяқ алып, алдыға шығып, адам мен ат көлiктiң өлiгiнен тазалап, жол ашып отырды. Гау Шиянжыға ерген қалың тобырдың өтiп кетуiне жағдай жасады. Генерал Гау аздаған адаммен Ән Ши бекiнiсiне аман-есен жеттi".

Атлах – Таластағы масқара жеңiлiстiң Таң империясы үшiн қандай ауыр соққы болғанын тарихшы Шуе мырза былай бағалайды: "Төрт қалашықтың таңдаулы армиясы түгелдей дерлiк жоқ болды. Осы соғыстан кейiн Таң патшалығының абыройы түстi, бұрынғы құдiретiнен айрылды. Сөйтiп, Таң патшалығының дәуренi өтiп, құлдырауы басталды". Таң патшалығын осыншама орасан зор апатқа ұрындырған генерал Гау бұл ұрысқа 20 мың қытай армиясымен ғана қатысты деу ақылға сыймайтын сияқты. Араб-қытай дерек көздерiне сүйенген әр ел тарихшылары бұл шайқастың қалай болғаны, қанша әскер қатысып, қанша адам өлгенi туралы әртүрлi болжамдар жасап келдi.

В.В.Бартольд араб-қытай деректерiн негiз етiп: "Гау Шиянжы 30 мың әскермен арабтарға қарсы аттанды. Шамамен 700 ли алаңға жайыла сап түзеп iлгерiлеп, Тараз маңында олармен қару түйiстiрдi",– деп жазады. Ал Ибн Әлъ-Асыр болса: »Қытай жағы жүз мың әскер шығарды, соғыс Тараз өзенi, Талас маңында, зұл хиджа айыңда, 133-хиджыра (751 жылы 29 шiлдеде – Ә.Д.) болды. Қытайлар өлiлей 50 мың, тiрiдей 20 мың адамынан айрылды", – деп нақтылайды.

X ғасырдың алғашқы жартысында жазылған Әль-Байхакидiң "Кiтаб Әль Махасин Вуа Л.Масауй" деген кiтабында жорық жасаған қытай армиясының саны 70 мың едi, бiрақ арабтардан күйрей жеңiлiп, көп әскерi тұтқынға алынғаны, қытай армиясының арқышы (обозын) олжалағаны, әрi қытай қолбасы ғажайып асыл жүзiгiмен қолға түскенi аңыздалды. АТ.Малявкин болса, қытайдан 50 мың әскер өлiп, 20 мыңы тұтқынға түскен деп шамалайды.

Аталған деректердi салыстыра қарағанда және Таң империясының жаулаушы армиясын тек Жетiсу мен Сыр, Амудария бойынан ғана емес, күллi Орта Азиядан бiржола шегiнiп кетуге мәжбүр еткен Атлах – Талас шайқасында шынымен-ақ жетпiс, сексен мың адамынан айрылғанына шүбәланудың орны жоқ сияқты.

Әр ел тарихшылары әрқалай жазып, түрлiше пайым жасап жүрген мәселенiң бiрi – осы соғыста тiрiдей қолға түскен қытай әскерiнiң кейiнгi тағдыры, тұтқындардың қолымен қытайдың қағаз жасау өнерiнiң Мауереннахр мен Арабияға таралуы…

Ең алдымен, бiз генерал Гау бастаған қытай армиясының санының қанша болғанына қарамай, оның Таң империясының Қытай қорғанының сыртындағы барлық бағынышты елдердi қарудың күшiмен ұстап тұруға мiндеттi "төрт қалалық бекiнiстегi" таңдаулы әскерлерi екендiгiн, олардың арасыңда қару-жарақ, құрал-сайман жасай алатын шеберлер болғанымен, қағаз жасау өнерiн меңгерген мамандардың болғаны күмәндi деп қараймыз. Оның үстiне қытай тарихшыларының өздерi жазғанындай, дәл сол тұстағы халифат әскерiнiң жарақтануы Таң армиясынан әлдеқайда артық бола тұра арабтар мен соғдылықтар қару-жарақ жасаудың озық технологиясын қытайлық тұтқындардан үйрендi деудiң де жөнi жоқ. Ал әскери тұтқындарды армияның түрлi қажеттерiне қарай, тiптi кару-жарақ жасауға пайдалануы әбден мүмкiн.

Тарихи деректер Орта Азия мен Мауереннахрда қағаз жасаудың тарихы тым ертеден басталғанын меңзейдi. О.Г. Большаков Әль-Марузидiң жазбаларына сүйене отырып, қағаз жасау өндiрiсi Самарқан мен Ферғана қалаларында мұсылмандыққа дейiнгi дәуiрде жақсы жолға қойылғандығын жазған болатын.

Тарихи жазбалардың айғақтауынша қытай армиясынан мыңдап тұтқынға түсiру бұрын да болып тұрған жағдай. 628 жылы Жетiсу жерiн басып өткен әйгiлi қытайлық кезбе-монах Шуэн заң Талас аңғарындағы бiр шағын жабық қалашықта қолөнерiмен айналысатын жүздеген қытайлық отбасылар бар екенiн жазған болатын.

Солай бола тұра, қолға түскен қытай әскерiнiң бәрi шетiнен өнерпаз, шетiнен әлдебiр жаңалық ала келушi ретiнде дәрiптелуi де тарихи шындықка сай келмейдi деп қараймыз.

751 жылғы Атлах-Талас шайқасында қолға түскен Гау Шиян Жы сардарларының бiрi – Ду Хуан Таласта бiраз тұрған соң, айдаумен Арабияға дейiн барады. Тұтқында ауыр тауқыметтi бастан кеше жүрiп, көрген-бiлгендерiн қағазға түсiре жүредi. Ақыры, амалын тауып, сауда кемесiне iлесiп, теңiз арқылы 762 жылы Шығыс Қытайға қайтып оралады. Ол көзiмен көрген барлық оқиғаларды, ел мен жер жағдайын, шаруашылығын, сауда жолдарын тәптiштей жазып, "Жиң Ши жи" (саяхатнама) деген бiрнеше томдық кiтап шығарған. Бiрақ "Саяхатнамада" қытайлық тұтқындардың арабтарға қағаз жасап бергенi жөнiнде ешбiр дерек айтылмаған. Жетiсу мен Мауереннахр және кiшi Азия жөнiнде кұнды мәлiметтер онда баршылық.

Бiздiңше, Атлах-Талас шайқасында қолға түскен қытайлық тұтқындар қолымен қағаз жасалғаны жөнiнде нақтылы дәлел жоқ. Тұтқын қытайлардың саны да ешбiр тарихи жазбаларда анық көрсетiлмесе де, оның он мыңдап саналатынына күмәнданбаймыз.

Атлах-Талас шайқасының тарихи маңызы неде? Бiздiң төл тарихымыздан оның алар орны қандай болмақ? Тарихшылар мен қоғамтанушылар үшiн Атлах-Талас шайқасының жеңiсiн танып, бағалай бiлу үлкен сын деп бiлемiз. Бiз бұдан 1260 жыл бұрын Қазақстан мен Орта Азия және күллi мұсылман әлемi тағдырына шешушi ықпал еткен ұлы Жеңiске қол жеткенiн мақтанышпен әрi борыштарлықпен атап өтуге тиiспiз. Ендеше, бiз осы ұлы жеңiстiң тарихи маңызын былай атап көрсеткiмiз келедi:

1. Сонау екi Хан дәуiрiнен (б.з.д.206 – б.з.д.220) берi Қытай қорғанының сыртына шыға бастаған Хан патшалығы Таң дәуiрiне (618-907) дейiнгi сегiз жүз жылда шамамен он мың ли (5000 км) Батысқа жылжи отырып, 751 жылы Атлах-Талас түбiне жеткен қытай экспансиясының қанды жолы бiржола, мәңгiлiкке кесiп тасталды. 751 жылдан бергi 1250 жыл бойы бiрде-бiр қару асынған қытай шерiгiнiң осынау касиеттi аймаққа аяқ баса алмағаны тарихи шындық едi. Мiне, сол үшiн де Атлах-Талас түбiнде шаһит кеткен құрбандар әруағы алдында күллi мұсылман-түрiк әлемi тағзым етуге тиiс деп қараймыз.

2. Атлах-Талас шайқасының ұлы жеңiсiне араб мұсылман әскерi қарлұқ, түркеш түрiктерiнiң қолдап, қуаттауы мен жанқиярлық ерлiгi арқылы қол жеттi. Көтерiлiс жасаған қарлұқ әскерi жағында қытайлардан қорлық көрген түркеш қағандарының сардарлары бастаған едәуiр қосынның болғаны белгiлi. Қанмен бекiген түрiк-араб достығының ғұмыры ұзақ болды, берекелi болды. Түрiк халықтары Алланың хақ дiнi Исламмен ертерек қауышты. В.В. Бартольд әдiл айтқандай "Турки были одними из первых народов, среди которых Ислам, отказавшись от пропаганды оружием, имел успех путем убеждения" болғаны тарихи шындық. Түрiктер Исламды 751 жылдан былай қарай негiзiнен бейбiт жолмен қабылдап, ислам мәдениетiмен ертерек танысып, оны игеруге барынша құлшынды. Соның нәтижесiнде түрiк дүниесi Ислам әлемiмен рухани тұтастыққа қол жеткiздi. Адамзат мәдениетiне Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұн, Әбу Насыр Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгiнеки, Ибн Сина қатарлы ұлы тұлғалардың данышпандық iлiмдерiн бере алды.

3. Түрiк халықтары бiртұтас рухани, мәдени бiрлiкке қол жеткiзу арқылы ұлт ретiнде ұйысып, кiрiгу барысында едәуiр тұрақты, гүлденген мемлекеттерге ие болды. Исламды мемлекеттiк дiн ретiнде мойындаған Карлұқ-Қарахан мемлекетi кейiнгi қыпшақ, қазақ хандықтарының шаңырағын көтерiскен қазақ ру-ұлыстарын бiрiктiрген алғашқы қуатты мемлекетi ретiнде танылып, мойындалуға хақылы. Ол жөнiнде тарихшыларымыз Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжанов сонау 60 жылдарда-ақ батыл ойлар айтқан болатын.

Қорыта айтқанда, "Атлах-Талас шайқасының" ұлы жеңiсi жөнiндегi ғылыми еңбектер Отандық тарихымыздың жарқын беттерiнен орын алуға, әлемдiк тарихи маңызға ие ұлы оқиға ретiнде бағаланып, мемлекеттiк, еларалық деңгейде аталып отырылуға лайық деп қараймыз. Атлах-Талас шайқасына 2011 жылдың 29 шiлдесiнде 1260 жыл толды.

Осынау даңқты дата тәуелсiз Қазақстанның мемлекеттiк мерекелерi қатарынан ойып орын алар мүбәрәк күндерге де жетермiз. Бiз әлi-ақ түрiк халықтары адамзат өркениет тарихына Ислам дiнi ала келген Ислам-түрiк өркениетi дейтiн жаңа өркениет басқышын "Атлах-Талас шайқасындағы" Ұлы жеңiс арқылы аттағанымызды танып бiлуге тиiспiз. Өйткенi ислам тарихшылары мен түркi тарихшылары тұтас адамзат тарихын Исламиятқа дейiнгi және Исламияттан кейiнгi дәуiр деп бөлiп қарастырады. Ал жаңа эра дегендi "Ғайсаға дейiнгi және Ғайсадан кейiнгi дәуiр" деген атаумен сипаттайды.

"Атлах-Талас шайқасы" жеңiсiнiң тарихымыздағы орнын анықтау дегенiмiз бiздiң Отандық тарихшылар алдына аса зор ғылыми iзденiстерге жұмыла кiрiсу дегендi бiлдiредi. Бiз сол арқылы, тiптi бүгiнге дейiн еуроцентристiк өктемдiкпен қалыптастырылған адамзат тарихын формациялау догмасын да қатаң сын тезiне алу сияқты аса зор, әрi әлемдiк тарих шытырманына бойлай ену мiндетiн орындауға өз үлесiмiздi қоса алар едiк. Чаадаевша айтқанда, "Ел тарихына адамзат ойының ұшар биiгiнен қарау" дегенiмiздiң мәнiсi де сол болмақ.

Әлiмғазы ДӘУЛЕТХАН,

тарих ғылымдарының кандидаты

08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары