АТА ЗАҢ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПIЛI
АТА ЗАҢ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПIЛI
Биыл тәуелсiз Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 16 жыл толып отыр. Бұл жылдар iшiнде мемлекетiмiз демократиялық даму жолымен жүрiп келедi, экономикада, әлеуметтiк салада зор жетiстiктерге жеттiк. Қазақстан Республикасы азаматтарында ертеңгi күнге деген сенiмдiлiк пайда болды. Мемлекеттiк институттың дамуы басқарудың бiрыңғай жүйесiне алып келдi, қоғамның дамуы саяси белсендiлiктi оятты, Қазақстан халқы мемлекеттi басқару iсiне араласып, өзiнiң құқығын толық меңгердi.
Қазақстанның Конституциялық тарихына көз салсақ, мемлекетiмiздiң бiрнеше жазба Конституциясы болған екен. Соның бiрiншiсi – 1926 жылғы 18 ақпандағы Қырғыз Советтiк Социалистiк Республикасының Конституциясы (Негiзгi заңы); ол кезде қазақтарды қырғыз деп атағаны тарихтан мәлiм. Ал одан кейiнгi Конституция 1937 жылғы 26 наурыздағы Қазақ ССР-нiң Конституциясы болып табылады. Үшiншiсi – 1978 жылғы 20 сәуiрдегi Қазақ ССР-ның Конституциясы болса, төртiншiсi – 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы екендiгi белгiлi. Қазiр қолданыстағы 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР Конституциясы Ата Заң ретiнде тарихқа нық енiп отыр.
Қазақстанның мемлекеттiк-құқықтық құрылысының өткен кезеңдерi 1995 жылғы 30 тамызда бүкiлхалықтық референдумда қабылданған бiздiң мемлекетiмiздiң Ата Заңы Қазақстанның қарқынды саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуының сенiмдi құқықтық iргетасына айналғанын көрсеттi.
Қазақстан Конституциясы – мемлекет пен қоғамның қызмет етуi үшiн қажеттi шарттарды анықтайтын негiзгi нормалар мен институттар бекiтiлген елiмiздiң рәмiзi және басты саяси-құқықтық құжаты.
Бұл Конституция бойынша Қазақстан өзiнiң президенттiк басқару түрiндегi зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде бекiтiп отыр.
Негiзгi Заң – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы ең басты тетiк болып саналады. Конституцияның 1-бабында: "Қазақстан Республикасының ең басты құндылығы адам, оның өмiрi, құқығы және бостандығы" делiнген. Осыған сәйкес ешкiм де адам өмiрiн, бостандығын шектей алмайды.
Елiмiздегi және шетелдiк сарапшылардың пiкiрi бойынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы алдыңғы үлгiдегi, демократиялық принциптерге сай жаңашыл Конституция.
Әлемдiк қауымдастықтың толыққанды мүшесi болу, өркениеттi елдер қатарына қосылу, елiмiздегi шын мәнiндегi азаматтық қоғам құру – халықтың және мемлекеттiң алдында тұрған мақсаттардың бiрi және негiзгiсi.
Қазақстанның осы жылдар iшiнде қол жеткiзген жетiстiктерi егемен елiмiздiң қалыптасуы жолындағы қиындықтарды еңсеруге ғана емес, сонымен қатар оның халықаралық-құқықтық беделiн айтарлықтай күшейтуге мүмкiндiк бердi.
Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегi саяси бастамаларын тиiмдi жүзеге асыруы, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi бiздiң мемлекетiмiздiң әлемдiк қауымдастықтағы жоғары беделiнiң салмақты дәлелдерiнiң бiрi болды.
Ата Заңның ережелерiн iске асыруда мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау жүргiзетiн прокуратура органдарына ерекше рөл берiлген. Мұндай жағдайда Қазақстан прокуратурасы құқықтық қатынастың әртүрлi субъектiлерiнiң құқықтарын қорғауды жүзеге асырып, сондай-ақ осы бағыттағы құқық қорғау органдарының iс-әрекетiн үйлестiре отырып, заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажеттi шараларды қабылдауда. Сонымен қатар адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокурорлық қадағалаудың басым бағыты болды және осылай болып қала бередi.
Конституция рөлiнiң және маңызының нығаюы – құқықтық дамудың заңды беталысы. Мемлекеттi қалыптастыру мен нығайту iсiне өзiмiздiң үлесiмiздi қоса отырып, Конституцияның әлеуетiн, мемлекеттiң құқықтық саясатының негiзгi бағыттарын iске асыру жөнiндегi жұмысты жүйелi және мақсатты түрде жалғастыру қажет.
Осы айтулы күн қарсаңында қазақстандықтарды Ата Заңымыздың мерейтойымен құттықтаймын және барлығына зор денсаулық, мол бақыт, амандық тiлеймiн.
Тәуелсiз Қазақстанымыз өркендеп, гүлдене берсiн!
25.08.2011