ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ҚАШАН ҚАЗАҚЫЛАНАДЫ?

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ҚАШАН ҚАЗАҚЫЛАНАДЫ?

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ҚАШАН ҚАЗАҚЫЛАНАДЫ?
ашық дереккөзі
323

Әне-мiне дегенше, жаз да өтiп барады бiлiнбей. Жылына бiр мәрте келетiн еңбек демалысын ұтымды пайдалануды алдын-ала жоспарлап жүргенiм бар-тын. Бәзбiреулер сияқты шетел асып кетпей-ақ, елiмiздiң табиғаты сұлу, тарихи қалаларын аралауды құп көрiп, сапарымды Шығыс Қазақстан облысына бағыттадым.

Тарих пен шежiреге толы Семей топырағын басуды талайдан берi армандаушы едiм. Қазақтың маңдайына бiткен Абайдай ұлы ақынының табанының iзi қалған өңiрге кiм-кiмнiң де асығатыны рас. Тiптi Абай салған дана жолды жалғастырушылар – Жүсiпбек Аймауытов, Мiржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезовтiң салған iздерi сайрап жатыр мұнда. Олар Семей қаласын күллi қазақ елiнiң рухани астанасына айналдырған жоқ па едi?! Ұлт көсемдерiнiң мақсат-мүддесi тоғысып, Алаш елiнiң айбынын асқақтатқан Семей шаһары бiздi де жылы шыраймен қарсы алды. Жүйткiген пойыз көптен аңсатқан қалаға кеп тоқтағанда өне бойымды бiр жұмбақ сезiм билеп алғандай болды. Саф ауаны терең жұтып, тыныс алдым. Құдды бiр өркениет пен руханияттың алтын ошағына сап ете қалғандай әсерге бөленедi екенсiң. Қанша дегенмен, қазақтың зиялыларының басы жиi қосылған, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, алғаш қазақ тiлiндегi басылымдардың жарық көрген мекенi емес пе?!

Тарихқа көз жүгiртсек, алапат аштық қарсаңында ұлт жанашырлары күйзелген елге қолұшын беру мақсатымен Семейде "Жанар" атты ұйым құрған. Бұл ұйымның мақсат-мiндетi – қарапайым халыққа көмектесу, ұлт бостандығы жолындағы жастарды қамқорлыққа алып, бiлiмге, саясатқа тарту болды. Сол арқылы қазақ ұлтының көштен қалмай, қазақ тiлiнiң жер бетiнен өшiп кетпеуi үшiн Алаш көсемдерi аянбай тер төккен. 1917 жылы қазақ зиялыларының көшбасшылары бостандық туын көтерiп, "Алашорда" үкiметiн құрып, алғашқы құрылтай да осы қалада өткенi белгiлi. Сол 1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсековтiң редакторлығымен "Сарыарқа" апталығы жарық көрсе, осы жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсiпбек Аймауытов "Абай" журналын шығарды. Бертiн келе, яғни 1925 жылы барша қазақ қауымы "Таң" журналымен қауышқан-ды. "Халықтың көзi, құлағы һәм тiлiне" айналған қазақ басылымдарының ғұмыры қысқа болса да, қазақ ұлтын бiр тудың астына бiрiктiруге сүбелi үлес қосқанына тарих парақтары куә. Онда жарияланған тарихи-этнографиялық, әдеби материалдар әлi күнге құндылығын жойған емес. Мiне, бiз табан тiреген Семейде ұлт зиялыларының бетке ұстар қаймақтары шоғырланғанын, алғашқы қазақ басылымдарының қарлығаштары жарық көргенiн осыдан-ақ аңғаруға болмай ма?!

Алайда сол кездерi Алаш жұртының айбынды, рухани астанасына айналған Семейдiң бүгiнгi бет-бейнесi қалай? Көкейге түйген осы сауалға жағымды жауап алармын деп келген көңiлiм су сепкендей басылып сала бердi. Көңiлдiң қоңылтақситын себебi – қалада қазақи ұлттық нақыштан белгi аз. Әлi күнге көшесiнiң көбi ескi кеңестiк атаудан арылмаған. Қоғамдық көлiкке бас сұғып едiм, тұрғылықты қазақтардың орысша шүлдiрлегенiн көрiп, жүрегiм қан жылады. Бiр байқағаным, қаланың қай мүйiсiне барсаңыз да, қазақтан гөрi басқа ұлт өкiлiнiң салмағы басым сияқты. Бәлкiм қаланың толықтай қазақшаға көше алмай жатқандығы соның салдарынан болар деп түйдiм. Неге екенi белгiсiз, көз алдыма Алматыға алғаш келген 1997 жылдар көлбеңдей кеттi. Сол кезде дәл осындай сезiмде болғаным әлi есiмде. Аялдама атаулары, көше аттары, "жолақысын төле" деп тықақтаған кондукторлар да орысша сайрап қоятын-ды. Қазiргi жағдай мүлдем басқаша. Бүгiнгi Алматы кешегi Алматы емес. Ал бүгiнгi Семей қаласы осыдан он жыл бұрынғы Алматының нақ өзi сияқты…

"ЛЕНИН КӨШЕСIН ҚАЛДЫРУҒА ТУРА КЕЛДI"

Тарихи оқиғаларға куә Семей қаласы – Шығыс Қазақстан облысының батыс өңiрiндегi екiншi орындағы қала. Ол Ертiс өзенiнiң екi жағасына орналасқан. Мұны жергiлiктi халық "Ескi Семей" және "Жаңа Семей" деп атап кеткен. Одан бөлек Семейдi Ертiс үстiндегi қала дейдi. Кезiнде Семей бекiнiсi дами келе Ресей мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сондай-ақ Орта Азия, Батыс Қытай арасындағы маңызды сауда пунктiне айналыпты. Содан ба екен, сауда көпестерi тұрғызған ғимараттар мен татар мешiттерi анадайдан "мен мұндалап" тұр әлi де.

Ал бүгiнде қала халқы 300 мың адамнан асып жығылады. Қолда бар мәлiметтерге қарағанда, тұрғындардың 59 пайызы – қазақтар, 33 пайызы – орыстар. Қазақтың қарасы басымдыққа ие болса да, семейлiктер қазақ тiлiне көшуге келгенде жайбарақаттық танытуда.

Қоғамдық көлiкпен қаланың көшелерiн аралап келем. Әуелi үлкен даңғыл – Ленин көшесiне түстi. Өз көзiме өзiм сене алар емеспiн. Бұрын да баспасөзден "Семейде Ленин атындағы көше әлi бар" дегендi көзiм шалған-тын. Бiрақ Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына аяқ басқан уақытта қала қылышынан қан тамған кеңестiк кезеңнiң белгiлерiнен тазартылған шығар деп ойлаған едiм. Алайда олай емес екен. Әрi қарай Абай көшесiне түсiп, қуанып кеттiм. Ұлы ақынға арналған ескерткiш те осы көшеден орын тепкен. Оқырманына ғасырдан артық уақыт қызмет етiп келетiн Абай атындағы әмбебап кiтапхана да көзге жылы ұшырады. Бiр заманда Семей жерi патшалық Ресей үшiн саяси айыптыларды жазалау мекенiнiң бiрiне айналғаны тарихтан мәлiм. Сондай жер аударылғандардың бiрi Е.П.Михаэлис Абаймен алғаш осы кiтапханада танысыпты. Абайдың өмiрге, дүниеге деген көзқарасының шыңдалуына досы Михаэлистiң септiгi тигенiн М.Әуезовтiң "Абай жолынан" оқығанбыз…

Ескi Семей қаласының өзi де елiмiздiң сол бiр бодандық құрсауындағы тарихи сәттерiн паш ететiн сияқты. Тiптi кейбiр көшелерi Ресейдiң мешеу қалашығында жүргендей әсер қалдырады екен. Мәселен Красин, К.Маркс, Лениногорская, Шубинская, Мичурин, Карагандинская, Чехов, Достоевский, Глинка, Анов, Бесатарная, Линия, т.б. толып жатқан кеңестiк заманнан қалған атаулардан басың айналады. Кеңестiк кезең келмеске кетсе де, соны күнi бүгiнге дейiн көксейтiндер дәп осы қалаға шоғырланған сияқты. Бiз шаһардағы ономастикалық мәселенiң мән-жайын бiлу үшiн Семей қалалық Мәдениет және тiлдердi дамыту басқармасының бөлiм бастығы Айдар Санаев мырзаға хабарластық. Ә дегеннен-ақ, сауалымызды "Ленин көшесiн ауыстырмауға не түрткi болды?" деуден бастағанымызда, берген жауабы төмендегiше өрiлдi.

– Менiң бiлуiмше, Ленин көшесiн ауыстыруға халық көнбедi. Кейбiр азаматтар қалай болғанда да, Лениннiң қазақтарға үлкен көмек көрсеткенiн айтады. Мәлiмет көздерiнде Лениннiң кезiнде қазақтардың автономиясын, қазаққа тиiстi жерлерiн қайтарғандығы туралы деректер бар. Орыстар шекараны Павлодардың тұз көлдерiмен өткiзiп, Солтүстiк Қазақстанның қалаларын Сiбiрге қалдырғысы келген. Сол кезде Лениннiң айтуымен орыстар шекараны жылжытпай, тек Омбы, Орынборды ғана мiсе тұтыпты. Екiншiден, Лениннiң тұсында қазақтар қудаланған жоқ дейдi. Тарихи құжаттарға қарасақ, төңкерiстен кейiн қазақтар аудан, облыс басшылары дәрежесiне көтерiлiп, республиканы басқарып кеткен. Сонда орыстар жиналыс ашып, "Бұл төңкерiс өзiмiзге көмектеседi десек, аз ұлттарға, соның iшiнде қазақтарға көмектесiп жатыр. Қазiр қазақтар губернияны, үкiметтi басқарып отыр…" деп талақтары тарс айрылған екен. Мiне, сондықтан да жергiлiктi билiк Лениннiң қазақ ұлтының көтерiлуiне үлес қосып, жерiн қайтаруға тырысқандығын ескерiп, көшеден атын алып тастауды құп көрмедi. Дегенмен Совет көшесiне Абай атын, Комсомол даңғылына Шәкәрiм, Куйбышевке Қабанбай батыр есiмiн, Горький көшесiне Б.Момышұлының, Ворошиловке Мағжан Жұмабаевтың, "Мир" даңғылына Әуезовтiң атын бердiк. Орыстар: "Чем "Мира" помешала" деп қаншама рет шулады. Оған да қарамадық. Өскеменмен салыстырғанда, Семейдiң бiрталай көшесi өзгертiлдi. Көше ауыстыруға мораторий жарияланғалы берi, бiртiндеп ескi атаудан арылып келемiз. Орыстар бiрдеңе десе, "Ресейде де революционерлердiң атын алып тастады ғой" дегендi алға тартамыз. Дзержинский көшесiне Амановтың аты берiлдi. Глинка деген көше әлi бар. Ол – тек орыстың ғана емес, бүкiл дүниежүзiнiң алып композиторы. Ал Достоевский бiздiң қаламыздың адамы болып кеткен. Алғаш шығармасын Семейде жазып, махаббатын да осыннан тапқан тұлға. Чехов та бекер адам емес. Оның есiмiн де көшеден алып тастауға болмайды деп шештiк".

Таңғаларлығы сол, сонау 1917-20 жылдары қылышынан қан тамған кеңестiк уақытта Семейдiң қазiргi "Жаңа Семей" деп атап жүрген бөлiгiн Алаш қайраткерлерi сол кездегi "Заречная слабодка" атауын "Алаш" деп өзгертiп жiберiптi. Одан берi қилы заманнан өтiп, егемендiгiмiзге де қол жеткiздiк. Өз билiгiмiз өзiмiзге тиiп, Тәуелсiздiк алғанымызға 20 жыл толса да, Ленин, Красин, К.Маркс, Мичурин сынды атауларды көздiң қарашығындай сақтап келуiмiзге не жорық?!

Айтпақшы, тағы бiр өкiнiш ұялатқан тұсы – Алаш қаласында Алаш арыстарына арналған ескерткiш жоқ. Қазақтың маңдайалды зиялыларының мақсат-мұраты тоғысқан Семейде Алаш көсемдерiнiң салған iзiн айғақтайтын бiр белгiнi байқамадық. Ел Үкiметiнiң 2008 жылы Алашорда қозғалысының 90 жылдығын атап өту туралы қаулысында Семей қаласының орталығынан кешендi ескерткiш тұрғызу хақында бастама айтылған болатын. Алайда одан берi үш жыл өтсе де, ескерткiш қою ендi қолға алынып жатқанға ұқсайды.

ӨСКЕМЕН ДЕ "ТIЛIМ" ДЕП ӨЗЕУРЕП ТҰРҒАН ЖОҚ

Семей қаласынан кейiнгi сапарымыз Өскеменде жалғасты. Қала 1720 жылы ұлы мәртебелi I Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекiнiс ретiнде салынған. 1868 жылы ғана Өскеменге қала статусы берiлiптi. Жол-жөнекей қоныс тепкен елдi мекендердiң атауы да көзге түрпiдей естiлдi. Екi қаланың аралығында орналасқан "Таврия" деген ауылдың ата-бабамыз қойған "Мырзабел" деген атын айтпайды екен мұндағылар. Соның салдарынан Таврияда бiр де бiр ауыл аты тарихқа сай өзгертiлмептi. Октябрский, Красина, Ахмирова, Самсоновка, Защита, Прохладная, Аблакетка деп кете беретiн аудан аттары әлi күнге қазақша аталмайды. Ал көшелерге келсек, 600-ден асатын көшенiң он-он бес шақтысынан ғана қазақы иiс аңқиды. Мұндағы жағдай Семей қаласынан да сорақы екен. Атап айтқанда, Энтузиастов, Степан Разин, Революционная, Ворошилова, М.Горького, Бажова, Добролюбова, Наб.Красных Орлов, Михаэлиса, Солнечная, Виноградова, Лермонтова, Ермак, Прибрежная, Амурская, Клара Цеткин, Крупская, Аврора, Коминтерн, Комсомольский, Октябрьский, Советский переулок Западная, Лихарева, Новатрова, Жуков, Правда, Краснознаменный, Краснодонский, Красногвардейский, Краснофлотский, Краснопартизанский т.б. көшелер бiрiнен соң бiрi жалғасып жатыр. Ол ол ма, Өскеменде Центральный, Паравозный деген көше бiрнеше мәрте қайталанған. Ал қала тұрғындарының "Тәуелсiздiк" деген көшеге қол жеткiзгенiне де соңғы екi-үш жылдың жүзi. Оның өзi қаланың картасында орыс тiлiнде "Независимый" деп алыныпты.

Бiз Шығыс Қазақстан облыстық Тiлдердi дамыту басқармасының бөлiм бастығы Самарбек Әбiшев мырзаны сөзге тартқанымызда, қазiргi кезде Өскеменде 557 көшенiң барын тiлге тиек ете келе, үлкен көше атауларын қиындықпен ауыстырып жатқандықтарын баса айтты. "Ұсақ көшелерге Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың, ал үлкен көшелерге Ворошилов, т.б. аттарын берген жағдайлар болған. Қазiр үлкен көшенiң көбi өзгердi. Мәселен Абай, Қазақстан, Мұхтар Әуезов даңғылы, Республика алаңы деген сияқты талайы түзелдi", – деп қанағаттанғандық сезiмiн жеткiздi көңiлге қаяу салып.

Негiзi жер-су, көше атауларын берудегi заң талаптары бойынша, көшеге жаңа атау беру үшiн сол көшеде тұрғындардың 50 пайызы қарсы болмауы керек екен. Осы заң талабының дұрыс еместiгiн алға тартқан Самарбек Әбiшев: "Қалалы жерге бұл тұжырымдама мүлдем келмейдi. Өйткенi қалада тұратын қазақтар 33 пайыз ғана. Егер осы заңға бағынышты болсақ, қаладағы орыстардың барлығы да өре түрегелiп шығады. Бiр үйде 80 пәтер болса, соның әрi кетсе бес-алтауы ғана қазақ. Олар өлiп кетсе де, келiспейдi. Ономастикалық комиссия соған қарамастан батыл шешiм қабылдауы керек", – деп қадап өттi. Ол сондай-ақ Шығыс өңiрiне әкiм боп келген Бердiбек Сапарбаев мырзаның осы мақсатта қолға алып жатқан шаруаларына дән риза екендiгiн де жеткiздi. "Айтары жоқ, Өскемен бiртiндеп болса да қазақыланып келедi. Бұрын көшедегi жарнамалар, ақпараттар орысшадан тiкелей аударыла салатын едi. Қазiр әрбiр билбордтан қазақы иiстiң аңқып тұрғанын аңғарасыз. Қазақтың ұлы даналарының өсиет сөздерiн көше-көшеге iлiп, жастардың бойына патриоттық рух сеуiп жатыр", – дейдi Самарбек Әбiшев мырза.

Расында да, Өскемен қаласында тiл мәселесi күйiп тұрған көрiнедi. Сәтi түсiп, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облысының қылмыстық атқарушы инспекциясы ұйымдастырған шараға қатысуға мүмкiндiк алдым. Баяндама жасаған мамандардың, жиналған қауымның көпшiлiгi дерлiгi өзiмiздiң қазақтар болса да, бәрi ресми тiлде пiкiр алмасып жатты. Семинарды ашып берген басшыдан бастап, ләппайлаған қаракөз ұл-қыздарға дейiн орыс тiлiн туған ана тiлiнен жоғары қойғаны қынжылтты. Бәлкiм, жергiлiктi билiктiң Шығыс Қазақстан облысындағы Верх-Березовский ауылындағы қазақ тiлiнде бiлiм беретiн жалғыз қазақ мектебiн арашалап алуға қауқары болмай жатқаны содан болар, кiм бiлсiн?!

Бұл өңiрге әкiм боп қазақ тiлiне жанашыр азамат Бердiбек Сапарбаев барған кезде жұрт бөркiн аспанға атардай қуанған. "Бұл азамат Шығыс өңiрiн қазақыландыратын болды ғой!" дестi сонда тiлекшi халық. Алайда Бердiбек Сапарбаев әкiм болғалы үш жылға аяқ басса да, қазақ тiлiнiң тасы өрге домаламай тұрған сияқты. Тағы да Абай атамша айтсақ, "баяғы жартас, сол жартас". Кiмге, неге жалтақтап жүргенiмiз белгiсiз.

P.S. Шығыстың шырайын кiргiзiп тұрған Семей мен Өскемен қаласындағы мемлекеттiк тiлдiң жай-күйiмен танысқан бiздiң ұнжырғамыз түсiп, салымыз суға кеткендей күйде қалдық. Өйтпегенде ше?! Алаштың тарихында алтын әрiппен жазылған екi қала да қазақ тiлiне таяу арада көше қоймайтындығы көзге ұрып тұр.

Қаланың сыртқы келбетiн Ертiс өзенi үстiндегi алып көпiрден тамашаладым. Көз алдымда Алаштың ұлт жанашырларының бейнесi көлбеңдей бердi. Шiркiн, ұлты үшiн бастарын бәйгеге тiккен есiл буын Тәуелсiз елiмiздiң бүгiнгi бет-алысын көргенде, қандай сезiмде болар едi?! Айнала үнсiз. Тек менiң шаққан мұңымды Ертiс өзенi ғана үнсiз тыңдап, үнсiз ғана бұйра толқынын жағаға шығарып жатты.

11 тамыз, 2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары