МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: НАҚТЫ IСКЕ БЕТ БҰРУ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: НАҚТЫ IСКЕ БЕТ БҰРУ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: НАҚТЫ IСКЕ БЕТ БҰРУ
ашық дереккөзі
390

Астанада Мәдениет министрлiгiнiң жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева арнайы жиын өткiзiп, «ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заңының жобасы төңiрегiнде интернетте жүрген қаңқу сөздерге байланысты түсiнiк бердi.

2013 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ КӨШЕМIЗ!

Интернеттегi талқылауларға қарағанда, жұртшылықтың көңiлiн күптi еткенi – 2013 жылдың қаңтарынан бастап, мемлекеттiк қызметке қабылдау туралы өтiнiш тек қазақ тiлiнде толтырылады, әрi осы жылдан бастап, мемлекеттiк органдар мен жекеменшiк мекемелерде iс-қағаздары тек қазақ тiлiнде жүргiзiлмек, мемлекеттiк қызметкерлер мен полицейлердi, әскерилер мен сот орындаушыларын, мұғалiмдер мен дәрiгерлердi, басқа да бюджеттiк сала қызметкерлерiн және мемлекеттiң қатысы бар компания қызметкерлерi қазақ тiлiнде сөйлеуге мiндеттелмек. Осы мәселелерге түсiнiк берген жауапты хатшы ханым интернетте жария болған заң жобасының бастапқы нұсқасы екендiгiн айтады.

– Бұл соңғы нұсқа емес, аталған заң жобасының негiзгi авторы – Мәдениет министрлiгi. Бiрақ заң жобасын талқылауға Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. Алматыда "Достық үйiнде", Астанада "Ұлттық кiтапханада" ұсыныс-пiкiрлер қабылданатын болады. Сондай-ақ аталған заң жобасына қатысты ойларын көпшiлiк til@mki.kz мекен-жайы-на хат жазу арқылы да бiлдiре алады, – дейдi ол.

Құрманғалиеваның айтуы бойынша, қазақ тiлiн бiлудi белгiлi бiр мамандық иелерiне ғана мiндеттей алады. Қазiр тiл саясатына қатысты бiр заң бабы бойынша мемлекеттiк тiлдi бiлуге тиiстi қызметкерлердiң тiзiмiн жасау мiндеттелген.

– Бұл – мемлекеттiк қызметкерлерден қазақ тiлiнде поэма жазу немесе классиктердiң шығармаларынан үзiндi оқу дегендi бiлдiрмейдi, әңгiме қызмет көрсету саласында жұмыс iстейтiндердiң ең төменгi деңгейде қарым-қатынас жасау мүмкiндiгiне ие болу жайында болып отыр. Бұндай тiзiмдi жасау талабы 2001-2010 жылдарға арналған тiлдердi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасында да көрсетiлген. Алайда ол кезде қоғам бұған дайын болмады да, кейiнге қалдырылды, – дейдi Жанна Құрманғалиева.

Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, бұл тiзiмнiң қатарына мемлекеттiк қызметкерлер, ұлттық компания қызметкерлерi, әскери, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, сот өкiлдерi және халықпен үнемi байланыста болатын өзге де лауазымды тұлғалар енбек. Демек 2013 жылдан бастап бүкiл мемлекеттiк қызметкер мемлекеттiк тiлдi бiлуi шарт, егер мемлекеттiк тiлде сөйлей алмаса, олардың мемлекеттiк қызметпен қош айтысуы мүмкiн. Бiрақ бұл мәселенi бiржақты етуi үшiн "Мемлекеттiк қызмет" туралы Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу қажет болады.

Мәдениет вице-министрi Ғазиз Телебаев:

– Қазақстан тiл саясатын өте либералды түрде жүргiзiп отыр. Барлық мемлекеттiк қызметкерлер мен халықпен жұмыс iстейтiн азаматтық қызметкерлерден мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап ететiн уақыт жеттi, – дейдi.

Әрине, 2013 жылға дейiн де 1,5 жыл уақыт бар. Осы уақытта қаржысы мен ақшасын аямаған адам мемлекеттiк тiлдi үйренiп алады. Бұны шетелге шығуға дайындалатын адамдардың тәжiрибесiнен байқауға болады.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТIҢ МҮМКIНДIГI ҚАНДАЙ?

Осы ретте Мәдениет министрлiгi Тiлдердi дамыту жөнiндегi қоғамдық кеңестiң құрылғандығы жөнiнде мәлiмдеме жасады. Бұл кеңестiң мақсаты – тiл саясатына қатысты өзектi мәселелер жөнiнде қоғамдық пiкiрталас үшiн диалог алаңын жасау, заңнамалық актiлердi жетiлдiру мақсатында ұсыныстар әзiрлеу, мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асырудың тиiмдi жолдарын, тетiктерiн қарастыру. Сонымен қатар, ол әдiстемелердiң "халықтық сараптамасымен", оқытудың инновациялық жүйесiмен, мемлекеттiк тiлдi үйрету орталықтарының жұмысын үйлестiрумен айналысады. Кеңес жанынан креативтi шешiмдер орталығы құрылмақ. Бұл орталық мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiндегi жобаларды, идеяларды жүзеге асырып, орыс және ағылшын тiлдерiнiң курсын ашады. Қоғамдық кеңес мемлекеттiк терминология комиссиясымен бiрлесе отырып, Тiлдердi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын ақпараттық қолдау мақсатында интернет-ресурс жасақтайды. Сонымен қатар, осы саладағы жобаларды жүзеге асыру барысында қоғамдық қаржылық бақылауды да өз қолдарына алмақ. Кеңеске мүше болуға кез-келген адам құқылы.

11 тамыз, 2011

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары