ТАМЫЗ ТОҒЫСЫ ҺӘМ РӘМIЗ МӘСЕЛЕЛЕРI

ТАМЫЗ ТОҒЫСЫ ҺӘМ РӘМIЗ МӘСЕЛЕЛЕРI

ТАМЫЗ ТОҒЫСЫ ҺӘМ РӘМIЗ МӘСЕЛЕЛЕРI
ашық дереккөзі
295

Қырғызстанның тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын белгiлеуге бiр ай қалғанда, құрылысшылар бiр түнде Бiшкектiң орталық "Алатау" алаңындағы "Еркiндiк" ескерткiшiн асығыс опырып, орнынан алып тастады. Бұл шұғыл iстiң жоспары ешкiмге беймәлiм едi, тiптi шiлдеде екi айға демалыс алар алдында Жоғарғы Кеңештiң отырыстарында да қаралған емес. Тамыздың басында президент Роза Отынбаева да демалысқа шыққан. Алаңдағы қауырт iстерге президенттiң кеңесшiсi, экс-мәдениет министрi Сұлтан Раев алаңдап, араласып жүргенiне қарағанда, "Еркiндiктiң" "құлатылуы" мемлекет басшысының мақұлдауымен болған сияқты. Сондай-ақ мәдениет саласын үйлестiрiп жүрген вице-премьер-министр Ибрагим Жүнiсов жаңа ескерткiштердi орнату жөнiнде көпшiлiкке мәлiмдеме жасады. "Еркiндiктiң" орнына бiр айдың iшiнде, тәуелсiздiк күнi – 31 тамызға дейiн алып Манастың атқа мiнген ескерткiшi тұрғызылмақшы.

Ел тәуелсiздiк алғанда "Алатау" алаңы деген атқа ие болған орталық алаң Қырғызстанды 24 жыл басқарған, мамандығы құрылысшы-инженер, Қырғызстан КП ОК-ның бiрiншi хатшысы Турдакун Усубалиевтiң тұсында оның тiкелей нұсқауымен салынған. Республиканың "архитектор басшысы" кеңес мезгiлiнде ақшыл көк мәрмәр тастан қазiргi жетi қабатты зәулiм "Ақ үйдi" де салдыртып үлгердi. Т.Усубалиевтiң жетекшiлiгiмен "Ақ үйдiң" шығыс қапталындағы жаңа алаңның солтүстiк бетiне В.И. Ленин музейi салынып, даңғыл көшенi қиып өткен алаңның оңтүстiк бетiне дөңгелентiп, төбесiн шатыр iспеттi шығыс үлгiсiнде жапқан әкiмшiлiк және өндiрiстiк үйлердiң тұтас бiр кешенi салынған. Алаң үшiн арнайы кеңейтiлген осы Ленин даңғылындағы (қазiр Шу даңғылы) музейдiң алдында қолымен күннiң батар тұсын нұсқап, "шеруге шыққан халыққа жол көрсеткен" Лениннiң ескерткiшi тұратын. Жаңа заманның тегеурiнiмен Лениннiң орнын "Еркiндiк" иелендi. Бiрақ "Лениннiң" бақыты бар екен. Сол кезде ескi Үкiмет үйiне орналасқан, экс-депутаттар "Лениннiң тағдырын" талқылап, көпшiлiк дауыспен ескерткiштi ғимараттың алдындағы ескi алаңның шетiне, Лениннiң бетiн өздерiне қаратып орнаттырып алған. Бiр ғана айырмасы, ендi Ленин оңтүстiктен солтүстiк тарапқа қарап, тек "депутаттарға жол көрсетiп" қалған едi. Лениннiң "бақылауындағы" ғимаратта қазiр жаңа парламенттiң "кiндiгiнен жаралған" жаңа Үкiмет жұмыс iстеп жатыр.

Әлгi шығыс үлгiсiндегi ғимараттардың дәл орта иiнiнде ескерткiш қоюға өте лайық орын бар. "Сабақты ине сәтiмен" деген, бұл жерде әлемге әйгiлi жазушы Шыңғыс Айтматовтың мүсiнi 31 тамызға дейiн бой көтермек. Сол күннен бастап қырғыз арқа тұтқан алатаудай екi алыптың – мың жылдық алшақтықты асып өткен дархан Айкөл Манас пен дара тұлға Шыңғыс Айтматовтың рухтары "Алатау" алаңында тоғыспақшы.

Қырғыз билiгi екi ескерткiштi тұрғызу арқылы үш мәселенi шешкелi отыр. Бiрiншiсi, бұл ескерткiштердi мереке күнi ашу арқылы тәуелсiздiк күнiнiң мерейiн асырмақшы. Екiншiсi, "Еркiндiк" мүсiнiне байланысты талас-тартыстар ол тұрғызылған күннен бастап-ақ еш толастамай келген. Бұған нүкте қойылмақшы. Үшiншiсi, Шыңғыс Айтматовтың дүниеден өткенiне үш жыл өтсе де, оған әлi ескерткiш тұрғызылмаған.

Қолына түндiк (шаңырақ) көтерген қанатты әйелдi бейнелеген "Еркiндiк" ескерткiшi туралы сөздер айтылып келдi. "Бәдiзшi Тұрғынбай Садықов (Қырғыз Республикасының батыры) арнайы осындай идеяны ойлап тапқан. Ол жағымпазданып, түндiк көтерген әйелдi сол кездегi президенттiң жұбайы Майрам Ақаеваға ұқсастырып жасаған". Кейбiреулер бұл болжамды одан әрi тереңдете түскен: "Бұл – жағымпаздық емес, астарлы символ, түндiктi әйелге көтерткенi, мүсiншiнiң "Майрам Дүйшенқызы, Қырғызстанды болашақта сiз басқарасыз" дегенi".

"Еркiндiктiң" пошымына қарсы болғандардың тағы бiр парасы мәселеге халықтық дәстүр тұрғысынан келген. Қырғыздар боз (киiз) үйдi тiккенде оның түндiгiн еш уақытта әйел адамға көтертпейдi екен. Шаңырақты көтеруге қолданылатын бақанды ер адамдар болмай қалса, жас та болса ер бала көтеруге тиiс. Қырғыздың аңыздарында олармен үш ғасыр жауласқан қалмақтардың "Ерлерiн өлтiрiп, әйелдерiне түндiк көтерттiремiз" деген ұран iспеттi сөзi сақталыпты. Қырғыз әйелдерiнiң өзара ұрыса кеткендегi сөздерiнiң ең жаманы: "Өлiк-тiрiгiңдi көрейiн, түндiгiңдi өзiң көтерiп қал!" деген қарғыс екен. Осындай қанатты еуропалық "перiште" әйелдiң тәуелсiздiк атрибуттарының бiрi ретiнде тұрғызылуына сол уақытта зейнетке шыққан Турдакун Усубалиев те наразы болғаны белгiлi.

Тәуелсiздiк күнi жақындаған сайын жиырма жылдықтың ықпалымен Бiшкек қаласының атын Манас деп өзгертейiк деген бастама қайта жанданды. Өткен жылдың тамыз айында Кырғыз Республикасының батырлары, әрi ел ақындары, Ұлы Отан соғысының ардагер сардарлары Сүйiнбай Эралиев және Сооронбай Жусуев бас болған қайраткерлер "Бiшкектi Манас қаласы деп атайық" деген ұсыныспен президент Роза Отынбаеваға хат жазған. Сооронбай ақсақал мәселенi тағы да қабырғасынан қойды. Сонымен бiрге, бұл кiсi жоғарыда аталған екi ескерткiштiң эскиздерi жабық түрде тез арада бекiтiлiп, асығыс тұрғызылып жатқанын жақтырмай отыр.

Қырғызстанның Конституциясы бойынша он мың адамның қолын жинап, қаланың атын өзгертуге болады. "Сәуiр батырлары" деген қоғамдық бiрлестiктiң мүшелерi "Бiшкектi Манас деп атау керек" деген мақсатпен қол жинауға кiрiстi. Бұл мәселеде де екi аша ойлар бар. Қырғыз демократиясы аталарының бiрi Топшыбек Тұрғыналиев: "Манас деп атау үшiн миллиондаған сом шығын тартамыз деп кейбiр саясатшылар қарсы шығуда. Бiз ол ақшадан мың есе артық рухани пайда көремiз",– десе, экс-мемлекеттiк хатшы Дастан Сарығұлов: "Мен қарсымын. Мұхаммед және Иса пайғамбарлар сияқты қасиеттi адамдардың есiмi қалаларға қойылған емес. Бiшкектi Манас деп атасақ "Манас қаласында ереуiл болыпты, Манас қаласында кiсi өлiмi болыпты" деген жаман хабарлар Манас атамыздың әруағына да барып тиедi. Сондықтан оның киелi атын әр жерге қолдана бергенiмiз дұрыс емес,"– деп пiкiрiн сабақтайды. Д. Сарығұловтың сөзiнiң де жаны бар. Қытайда Манас өзенi, Индияда Манас тауы бар. "Манастың атын көтере алмайды, баламыз шаршап (шетiнеп) қалады" деген түсiнiк ежелден өмiр сүрiп келген. Бұл салт-дәстүрдi бiлмей қалғандар ғана ұлдарының аттарын Манас қойып, жай-жапсарды бiлген соң кешiрiм сұрап жүретiн болған. Талас облысындағы Манас шоқысы және Манас ауданы – Манастың ата мекенiн дәрiптеуден қойылған атаулар.

Тарихқа үңiлсек, Пiшпек қаласын Верный (Алматы) бекiнiсiнен кейiн орыс патшалығы салдырып, жергiлiктi елдi мекеннiң атымен Пишпек (Пiшпек) деген. Бұл жерде бiрнеше ғасыр бұрын Бiшкек деген батыр өмiр сүрiп, елдi жаудан қорғаған деген бiр-екi тарихшының қисындамасына лайық, Қырғызстанның алғашқы егемендi халық қалаулылары қаланың атын Пишпекке жақындатып, Бишкек деп қалыбына келтiрген.

Бiрақ кiм де болса, ұлтымның мерейi биiгiрек болса екен деп, кейде көрiнеу нәрсенi көмескiде қалдырып, қаузай бермейдi. Қырғызстанның Шу өңiрiндегi қалалардың атауларын салыстырсақ, Бишкек "пiскек, пiспек", Тоқмақ "тоқпақ", Сокулук "соғуға, жаншуға жарайтын ағаш" (келсаптық ағаш) деген мағыналарды бiлдiредi. Бұлар – дәндi дақылдарды өңдеуге, яғни бидайды тоқпақтап ұрып сабағынан, жүгерiнi собығынан ажыратуға, оларды түйiп майдалауға және қымыз пiсуге не айранды күбiге құйғаннан кейiн пiсiп-пiсiп, майын ажыратуға арналған ағаш бұйымдары.

Қырғызстан тәуелсiздiгiне ие болғаннан берi мемлекеттiң дербестiгiн танытушы белгiлерi мен рәмiздерiнiң төңiрегiнде дау-дамайлар тоқтамай келедi. Негiзгi үш рәмiздi – қырғыз туын, әнұранды және ентаңбаны "патриот" азаматтар жиi-жиi тоқпаққа алуда. Қырғыз туын және әнұранының мәтiнiн өзгерту туралы Жоғарғы Кеңеш шешiм шығарып, қазiр бұлар бойынша комиссия жұмыс iстеуде. Комиссияға депутаттардан тыс халық өкiлдерi, қолданыстағы тудың авторлары тартылған.

Халықтың бiр бөлiгiне және елдiң төбелдерi – депутаттардың көпшiлiгiне қырғыз туының түсi қызыл болғаны ұнамайды екен. Олар қызыл түс қанның белгiсi деп есептейдi және олардың пiкiрiнше, Қырғызстанда революциялар болып, қанның да көп төгiле беруi осы қызыл түске тiкелей байланысты-мыс. Туды да, әнұранды да 1992 жылы құрамы 320 қырғыздың ығайлары мен сығайларынан тұрған депутаттары қабыл алған. Сонда ту қызыл бола ма, көк бола ма деген қызыл шеке талқы жүрдi. Төрелiгiн айтуға Қырғыз Ғылым академиясынан ең мықты манастанушы, өмiрiнiң алпыс жылын Манасты зерттеуге бағыштаған ғылым докторы Самар Мұсаев шақырылған. Депутаттар оған "Манастың туы көк болған ба, қызыл болған ба? Осыны нақ айтыңыз. Сiз көк десеңiз туымыз – көк, қызыл десеңiз – қызыл болады" деген. Самар Мұсаев көп ойланбастан "қызыл" деген. Сонымен iске нүкте қойылған. Уақыт өте келе кейбiр азаматтар тудың ортасындағы шашақты күннiң кескiнiн күнбағысқа ұқсастырып, әр мемлекетке басымызды ие бергенiмiз, сол – туымыздағы күнбағысқа байланысты болуда деп шықты. Шынтуайты, күнбағысқа ұқсаңқырап қалған қырық шашақтың мәнi зор. Ол – қырық ру қырғызды бiр өзекке бiрiктiрген белгi. Сосын Қырғызстандағы кейiнгi кездердегi қанды оқиғаларға байланысты ел тудың қызыл түсiнен жерiне бастады. Келеңсiз оқиғалар жұрттың ырымшылдығын арттырған сияқты. Бүгiнгi күнде қырғыз қоғамында Мемлекеттiк ту қызыл емес, жасыл көк немесе ақ, көк және жасыл жолақты болсын деген ұсыныстар басым. Самар Мұсаевтың көзi дүниеден өттi, жаңа манастанушылар қызыл ту – Манастың хандық туы, былайша айтқанда штандарты, оны өзi соғысқа аттанғанда көтерген, жалпы қырғыздың туы – көк асаба болған деп айтуда.

Әнұранның әуенiне ешкiмнiң дауы жоқ. Гәп – мәтiнiнде. Мұндағы " Байырғыдан бiткен мiнез елiме, Достарына даяр дiлiн беруге, Бұл ынтымақ ел бiрлiгiн ширетiп (дәнекерлеп), Бейқұттықты берер қырғыз жерiне" деген шумақтағы "дiлiн беру", "бейқұттық" дұрыс емес екен. "Дiлiн беру деген – жан- тәнiн, жан-жүрегiн берiп, болмысынан айрылу – сондықтан қырғыз елi күштi бола алмай жүрмiз. "Бей" бұл – "жоқ, емес" деген жұрнақ, сондықтан жерiмiзде құт (бейбiтшiлiк) болмай жатыр" дейдi сын тағушылар. Әнұранның авторлары – белгiлi ақындар Жалил Садықов және Шабдан Қулуев болатын. Қырғызстанның халық ақыны Ж.Садықов былтыр дүниеден өттi. Ш.Қулуев мәтiндегi даулы сөздердi оңдауға комиссиядан тапсырма алыпты.

Ентаңба бойынша да әр түрлi пiкiрлер аз емес. Бiрақ Жоғарғы Кеңеш қазiрше оған "тиiспей қоя тұруды" ұйғарды. Мемлекеттiк ту авторларының бiрi, жаңа комиссияның мүшесi Сабыр Иптаров: "Мемлекеттiк рәмiздердi қабыл алғанда, оған қоса оны қадiрлеу, қорғау шараларын бекiткен заңды қабыл алған жөн. Заңдарда рәмiздердiң қандай жағдайларда өзгерiлетiнi нақты жазылуға тиiс, әйтпесе бес жылдан кейiн жаңа парламент оларды өзгертiп жiбермейдi деп кiм кепiл болады",– дейдi.

Манастың және Шыңғыс Айтматовтың ескерткiштерiн орнатуға қажеттi 28 миллион (17 млн + 11 млн) сом елдiң және кәсiпкерлердiң, мемлекеттiк емес мекемелердiң ықтиярлы қаражатымен жиналуда. Мысалы алтын өндiрушi "Құмтөр Оперейтинг Компани" – 4 миллион 459 мың сом қаржы аударса, премьер-министр Алмазбек Атамбаев 1 млн. сом, Жоғарғы Кеңештiң депутаттары: Өмiрбек Текебаев 30 мың сом, Равшан Сабиров 25 мың сом, Ош мемлекеттiк университетiнiң мұғалiмi Асқар Ақаев және кiшкентай манасшы бала Мақсат әрбiрi мың сомнан өз жандарынан ақша қосқан.

16 тамызда Орталық сайлау комиссиясы президенттiкке үмiткерлердiң құжаттарын қабыл алуды тоқтатады. Қазiр бәсекелестердiң саны қырықтан асты. Олардың тоғызы саяси партиялардан, қалғандары өздерiн өздерi көрсетiп жатқандар. Кейбiреулерi – жұмыссыз жүргендер. Соңғы уақытта тiркелгендердiң iшiнде Қырғызстанның Қазақстандағы елшiсi, 62 жастағы Жаныш Рүстембеков те бар.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның"

Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

11 тамыз, 2011

Серіктес жаңалықтары