АБЫЛАЙДЫҢ АҚИҚАТЫ МЕН АМАНАТЫ
АБЫЛАЙДЫҢ АҚИҚАТЫ МЕН АМАНАТЫ
Болып өткен оқиға зор,тарихи тұлға тұғырлы болған сайын оның жұмбағы мол болады.Себебi оның айтылмай қалған тұстарына "аңыз", "ертегi" тор құрады.
Бiздiң арғы-бергi өмiрiмiзде Абылайдай асқақ, Абылайдай терең,Абылайдай қас батыр,Абылайдай көреген қолбасшы,Абылайдай мәмiлегер мемлекет басшысы болған емес.
Осыдан дәл жиырма жыл бұрын, дәлiрек айтсақ 1991 жылдың 2 тамызында "Жер шоқтығы – Көкшетау" қаласында, Ленин атындағы Мәдениет сарайында "Абылай және қазақ халқының ХVIII ғасырдағы ұлт-азаттық күресi" деген ғылыми-теориялық конференциясы болып өттi. Бұл келелi кеңеске қазақтың сөз ұстарларының денi қатысып, өз пiкiрлерiн ортаға салды.
Туған халқының туын көтерген талай тарлан тұлғалар мен небiр ақиық асылдарымызды дүниеге әкелген ежелгi, қасиеттi Көкше жерiнде ұлан даланың ұлы перзентi, исi қазақтың пайғамбардай пiр тұтар айбыны мен айбарлысы, елдiк пен ерлiктi тең ұстаған хан бабасы Абылайдың 280 жылдық мерейтойы ұлан-асыр мереке болып өтiп, шадыман шаттық шеруiне ұласуы да соның айғағы. Жалқының бiрлiгi мен берекесiне, кеңдiгi мен теңдiгiне өзi хандық құрған қырық сегiз жыл бойы қылау түсiрмей, "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама"– зар заманның кезiнде де қаһарман қолбасшы ретiнде ғана емес, кемеңгер мемлекет қайраткерi, дүлдүл дипломат ретiнде де Алты алашты аузына қаратып, шырқау биiктен көрiнген ұлы бабаның торқалы тойы мен асына қазақтың Атырауынан Алтайға, Жетiсу мен Сыр бойынан Арқаға ұласып жатқан байтағының түкпiр-түкпiрiнен, көршiлес Ресей жерiнен оның әруағын сыйлаған бүгiнгi ұрпақтары жиналды. Үш күнге созылған ұлы дүбiрде айтылмаған сөз қалмады деуге болады.
Өмiрзақ СҰЛТАНҒАЗИН, Қазақ КСР Ғылым академиясының президентi, академик:
"Абылай бабамыздың бүгiнгi мерейтойы – тарихи маңызы бар, көптен арман еткен елеулi оқиға. Бiздi бүгiн Абылай дәуiрiнен 300 жылдай уақыт бөлiп тұр. Қазiргi уақыт тұрғысынан қарасақ, Абылайдың қазақ хандығының беделiн халықаралық деңгейге көтеруiне, қазақ мемлекетiнiң шын мәнiндегi тәуелсiздiгi мен бiртұтастығын қорғау iсiне, сондай-ақ Ресеймен байланыс орнатуда үлкен еңбек сiңiргенi бәрiмiзге айқын".
Өзбекәлi ЖӘНIБЕКОВ, бұрынғы Қазақстан Компартиясы
Орталық комитетiнiң хатшысы, тарих ғылымының кандидаты:
"Тарих – дәрiс, өткеннiң өкiнiшiн де, мақтанышын да бойына сiңiрген ұлы мектеп. Атадан балаға қалып келе жатқан тәрбие, өнеге жолы. Есiмiздi ендi ғана жиып, iргелi, егемендi ел бола бастаған қазiргi тұста қиян-қилы заманда халықтың бiрлiгiн, елдiгiн сомдай түсiп, үш жүздiң басын қосып, қазақ елiне ашкөзiн тiге, қанды қолын созған қас дұшпан – Жоңғар шапқыншыларына қарсы бүкiлхалықтық қозғалысты ұйымдастырушыларының бiрi – хан Абылайдың тұлғасы, оның тарихта алған ролi жайында көп айтылып жүр.
"Қазақтың аңыз-жырларында,– деп жазған Шоқан Уәлиханов, – Абылай есiмi өте бiр әсерлi мәнге ие болған. Жұрт Абылай дәуiрiн қазақ қаһармандығының кемелденген тұсы деп сезiнедi. Абылай жорықтары, батырлардың ерлiгi тұрмыстық-салттық дастандардың арқауына айналған".
Абылай жөнiнде белгiлi тарихшы Алексей Левшин былай деп жазған:
"Өзiнiң қадiр-қасиетiн жақсы түсiнген ол – Абылай жұртты ақыл-айласымен, сабырлы салмақтылығымен, маңайына топтастыра бiлдi. Жауын сұсымен де, күшiмен де сескендiре отырып, ол өз қалауымен бiресе Ресейдiң, бiресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен, шын мәнiнде, ешкiмге де бойұсынбаған тәуелсiз басшы болды."
…Иә, жұрт өзiн-өзi тану үшiн де есеюi керек екен. Абылай туралы ақиқаттың ерте ме, кеш пе жарық көретiнiне кәмiл сенген Мұхтар Әуезов:
"Қазақтың дербес ел болуына, әрi-берiден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып ел болуына, бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығаруына ерен еңбек сiңiрген Абылайдан артық адам болмас. Жасымыз болса да келе жатыр, кейiнгiлер түсiне ме, түсiнбей ме, Абылай туралы бiр күрделi ғылыми еңбек жазылса екен, әзiрге баспаға басу қиынға түсер, бiрақ арнайы архивте қалса дұрыс болады!" – “дептi.
Ұлы кемеңгер жазушы мұнан бөлек: "Ең бастысы, Абылайдың жазба деректерге, ғылыми зерттеулерге негiзделген нақтылы өмiрбаянын жасау, оны Қазақстан тарихымен ұштастыра бiлу!",– деп өсиет қалдырыпты.
Чапай ӘБУТӘЛIПОВ, Көкшетау облыстық Кеңесiнiң төрағасы:
"Абылай сөз жоқ, өз заманының озық ойлы азаматы болды. Өзiнiң қас дұшпаны – Жоңғар билеушiсi Қалдан Цереннiң: "Ол заманынан жүз жыл бұрын ерте туды. Бүкiл әлемдi билеу қолынан келедi",– деуi тегiннен-тегiн айтылмаған болар…"
"Абылай хан — бүкiл қазақ жұртының көсемi",– дедi сөзiнiң соңында.
Рамазан СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигi,
қоғамдық ғылымдар бөлiмшесiнiң академик-хатшысы:
"Қазақ халқының тарихына ХVIII ғасыр – Абылай дәуiрi болып енгенi баршаға мәлiм.
"Жоңғар тұтқынында болған жылдардың өзi де Абылай үшiн iз-түзсiз кеткен жоқ. Ол мұндағы хандықтың мықты және осал жақтарын көрдi, ойрат тiлiн үйренiп алды, көптеген жоңғар бекзадаларымен танысты. Абылай тұтқында өзiн мейлiнше лайықты ұстай бiлдi.Ол тұтқында жүрсе де өзiнiң қадiр-қасиетiн жоғалтпай, жоғары ұстауы, жауларын да тәнтi етедi. Жоңғар ханы Қалдан Цереннiң Орта жүзбен бейбiт келiсiм жөнiндегi нақ өз тұтқыны – Абылаймен шарт жасасуы бұл орайда көп жағдайды аңғартатыны сөзсiз болса керек…"
Манаш ҚОЗЫБАЕВ,Қазақ КСР Ғылым академиясының
Тарих және этнология институтының директоры, академик:
"Абылай хан!" Бұл есiмдi атағанда барша қазақ атаулының жадына бостандық, егемендi ел, қазақ халқы, туған жер, Отан, ел бiрлiгi, ел ынтымағы сияқты қасиеттi ұғымдар оралады. Айбынды да айдынды, әруақты Абылай бабамыздың есiмi, рухы өсiп-өнудiң ұрығы емес деп ешкiм де айта алмас!
Абылай ханның даналығы мен көрегендiгi – осы бiр Дала демократиясы мен хандық диктатураны бiр жүйеге сала бiлдi".
Жабайхан Әбдiлдин, Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президентi, академик:
"…шын мәнiнде, Абылай ханның тұсында қазақ мемлекетi – қазақ хандығы өзiнiң iшкi де, сыртқы да саясатын ешкiмге жалтақтамай дербес жүргiздi… Бiр ғана мысал – Ресей патшасы II Екатерина Абылайды хандыққа бекiту, әйтпесе оған әлдебiр нұсқаулар беру үшiн оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртқанын бiз қазiр жақсы бiлемiз. Абылай болса, бұған селт етпеген едi.
"Менi үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бiр куәлiк алудың қажетi жоқ!"– деп, ол мәселенi келтесiнен қайырды".
Ғайрат САПАРҒАЛИЕВ, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент- мүшесi,
Философия және право институтының бөлiм меңгерушiсi:
"Абылай – қазақ халқының өмiрiнде ұзақ уақыт жарқырап жанған жұлдызы. Оның жанған жарығы мен ыстық лебi, шапағаты халқымыздың жүрегiнде мәңгi-бақи сақталатыны сөзсiз!Саяси аренаға жиырмадан ендi асқанда шығып, дүниеден қайтқанға дейiн Абылай қатардағы мемлекет қайраткерi ғана емес, мәртебелi адамдардың, одан қалды патшалардың аузынан түспеген ардагер тұлға болғаны ақиқат! Бұл ғажап таңданарлық жағдай! Қалай да болса олар Абылай басқарған қазақ халқының тәуелсiздiгiн мойындаған, Абылай пiкiрiмен санасқан. Онымен экономикалық қатынастарға түскен. Абылай өлгеннен кейiн де оны тәуелсiз хан болды деп есептеген. Мысалы Шоқан Уәлихановты наградтау туралы өтiнiшiнде Ресейдiң әскери министрi, княз Долгоруков былай деген:
"Уәлиханов есть потомок последнего владейтельного хана Абылая".
Владимир Дальдiң сөздiгiнде "владейтель" деген сөздiң мынадай мағынасы бар: "державный обладатель, верховный правитель, государь". Былайша айтқанда, тәуелсiз мемлекеттiң басшысы, билеушiсi, әмiршiсi!
Осыған байланысты Абылайдың жеке басының қасиеттерi туралы бiр-екi ауыз сөз айту қажет сияқты. Онсыз Абылайдың саясатын, iс-әрекетiн түсiну мүмкiн емес. Абылай туралы бiраз айтылды. Дегенмен де Абылайға саяси мiнездеме беру үшiн кейбiр жағдайларды қайталауға тура келедi.
Бiрiншi – Абылай өжет, ержүрек, ешнәрседен сескенбейтiн, тайсалмайтын тұлға болған. Соғыста болсын, тұтқында болсын, елдi билеп, ел арасында жүрсiн, Абылай айтқанынан қайтпаған. Алдына қойған мақсатына жетпей тынбаған. Мұны дәлелдейтiн көптеген тарихи деректер бар. Ол халықтың жадында да сақталған.
Екiншi – Абылай өткiр ойлы, терең бiлiмдi, шешен адам болғаны айтылады. Түрiк халықтарының тiлiн айтпағанда, Абылай парсы, қытай, орыс тiлдерiн жетiк меңгерген.
Жоңғарияда тұтқында болғанда Абылай моңғол тiлiн де жетiк үйренiп, оқып, жаза бiлген. Бiрiншi кездескенде-ақ Абылай ұмытылмайтын, таңғажайып әсер қалдырып отырған.
Княз Урусов Абылайдың осы қасиетiн еске алып, былай дейдi: "Ханнан гөрi Абылай барлық әңгiмеге араласып, жауапты лезде және орынды қайтарып отырды". Қысқасы, Абылай қазақтың заңдарын, қазақ қоғамының саяси жүйесiн, оның дәстүрлерiн, өте терең бiлген және оларды мемлекеттiң тәуелсiздiгiн сақтауға, қоғамдық тәртiптi нығайтуға қолдана алатын ел басшысы болған…"
Шота УӘЛИХАНОВ, сол жылдарда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлiм меңгерушiсi,жазушы, "Тәуелсiздiк" монументiнiң авторы,Хан Абылайдың тiкелей ұрпағы:
"Көзi тiрiсiнде-ақ аты аңызға айналып, шуақты күн мен боранды аумалы-төкпелi заман ағымына қарамай үш ғасыр бойы елдiктiң, ерлiктiң, тәуелсiздiктiң, ауызбiрлiктiң туындай болып, халықтың сана-сезiмiне ұялады. Разы болған қазақ халқы оны көп жылдар бойы жүрегiнде сақтады! Тұлғасына көлеңке түсiрмедi. Ендi мiне, Абылай ортамызда! Төрiмiзде тұр! Ассалаумағалайкум, мейiрбан баба!"
Владимир МОИСЕЕВ, Ұйғыртану институтындағы Қазақстанның Орталық Азия елдерiмен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi, тарих ғылымының докторы:
"Қырқыншы жылдардың орта шенiнен былай қарай Орталық және Орта Азиядағы жағдай Қазақ хандығының пайдасына шешiле бастайды. Мұнда да Абылайдың дана саясаты үлкен рөл атқарады.
Жоңғарияның өзiндегi оқиғалардың барған сайын шиелене түсуi жағдайында Абылай олардың iсiне белсене араласып, батыс-моңғол феодалдары арасындағы алауыздықтарды пайдаланып, түптiң-түбiнде өзiнiң жақтасы Даваци княздi жоңғар тағына отырғызуға қол жеткiзедi. Сөйтiп Жоңғариядағы аласапыранды сәттi, ұтымды пайдаланып, Орта және
Ұлы жүз қазақтары ойраттарды Жетiсу мен Шығыс Қазақстаннан бiрте-бiрте ығыстыра бастайды.
Сөз жоқ, осының бәрi ғұлама басшы, сан қырлы саясаткер, Абылайханның өз халқы алдындағы баға жетпес ұланғайыр еңбегiн, оның таңғажайып тұлғасын айшықтай түспек!"
Қадiржан ӘБУОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтының доцентi:
"Тарихи тұлғаларды бiр-бiрiмен теңдестiре салыстыруға болмайды. Әйткенмен, Ресей үшiн Петр бiрiншi, Германия үшiн Бисмарк қандай қызмет атқарса, Қазақстан үшiн Абылай ханның еңбегi олардан кем емес!"
Нарбай ЫБЫРАЕВ, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтының доцентi,
филология ғылымының кандидаты:
"Тарихи жырда ежелден белгiлi Қорқыт пен Баяндүр хан, Ұлық пен Шыңғыс, Сыпыра мен Тоқтамыс хан, Асан мен Жәнiбек хан, Жиенбет пен Есiм хан, ақыры жаңағы айтылған айтулы жыраулармен (Бұқар, Үмбетей, Шал) Абылай ханға дейiн ұласқан сабақтастық бар".
… Иә, Хан Абылай туралы айтылған сөздердi, ойларды, пiкiрлердi, жыр-толғаулардағы жақсы сөздердi, өз замандастарының айтқанын бiр жерге жинақтасақ бiрнеше том кiтап болары анық. Бiздiң бұл жариялап жатқанымыз, осыдан жиырма жыл бұрын Көкшетауда ұлық тойда, Хан Абылайдың 280 жылдығында жұртқа жария болған сөздер.
Осыған сүйене отырып, 1991 жылы Хан Абылайдың 280 жылдығы өткiзiлсе, ал биылғы 2011 жылы 300 жылдығы атаусыз қалмас деп тұрмыз.
Жалпы Абылай туралы ең алғашқы деректi Мәшһүр Жүсiп-Көпеев "Көмекей әулие" атандырған Бұқар жырау бередi. Ол белгiлi зерттеушi-ғалым Қайым Мұқамедхановтың "Бұқар жырау" атты мақаласында көрсеткендей 1685 жылдары Бұқар қаласының маңындағы Елiбай деген жерде дүниеге келдi, Бұқарада медреседе оқыды деп куәлiк бередi. Сол аймақта сәбилiк шағы өткен Хан Абылаймен жақын жүруiнiң бiр себебi осылар болуы да мүмкiн.
Мiне, осы Бұқардың Абылайға қарата: "Сен он бiр жасыңда … "деп басталатын толғауы бар. Соған сүйенсек, бұл тарихтың 1722 жылы болады. Бұл әлi "Ақтабан шұбырындыға … " дейiнгi бейбiт заман болатын. Демек Әбiлмәнсүр дәл осы 1722 жылы, 11 жасында "Әбiлмәмбет хандарға, қызметшi боп тұрғаны" шындыққа саяды.
Осыған илансақ, Әбiлмәнсүр мен Ораз қызметшiсi екеуi Үргенiштен еш жерге аялдамастан, үлкен шаһар Түркiстанға келгенi мәлiмденедi. Жамбыл Артықбаевтың "Абылайдың асында шаппағанда …" атты мақаласында көрсетiлген деректер ойға қоныңқырамайды ("Жас қазақ" газет, №16, 29 сәуiр, 2011 жыл). Онда ол хан Абылайды екi жылға жасартып, 1713 ж. дүниеге келдi деп көрсетедi.
Бұлай болған күнде 1713 жылы дүниеге келген Әбiлмәнсүр Түркiстанда 11 жасында, яғни 1725 жылы "Әбiлмәмбет хандарға, Қызметшi боп тұра алмайды … " Ол уақта " ақтабан" басталып, Түркiстан аймағын, тiптi Ташкенттi де қалмақтар басып қалған болатын.
Екiншiден, "Сабалақ" бала Төле биге де бара алмайды. Өйткенi Төле би бабамыз, Мұхамеджан Тынышбаевтың зерттеуiнде, дәл сол кезеңде "Самарқан, Бұқара маңында болатын".
Демек Әбiлмәнсүрге тек бiр-ақ жол– "Қаратаудың басынан көш келедi" дегендей, сол қайғы-қасiрет арқалаған "көшпен"бiрге iлесiп баратын, Арқаның төсi ғана қалады. Өмiрде де солай, ол бiраз жыл Дәулеткелдi дегеннiң жылқысын бағады. Бұл халық дастандарында толық көрiнiс тапқаны белгiлi жайт.
Қалмақтардың бетi 1728-29 жылдары қайта бастайды. "Бұланты", "Қалмаққырылған" шайқастары өтедi. Алда – "Аңырақай". Әрине мұндай, Аңырақай" сияқты шайқас бiр күнде бола салмайды. Шабуыл басы 1729 жылы басталып, жауды Жетiсу жерiнен, Арқадан, Қаратаудан үлкен "шеңбермен" сыра, қоршалай отырып, ақтық арпалыс Балқаш көлiнiң маңында болғаны, сол кездерi Болат хан шейiт болып, жеңiстi жол одан әрман жалғаспай қалғаны көзге ұрады …
Жалпы хан Абылайдың ғұмырнамасында екi қасиеттi дата бар. Бiрi – жиырма жас, екiншiсi– жиырма бес жас.
Оның бiрiншiсiнде "Қанжығаңа бас байлап, "Абылайлап" айғайлап" дейтiн ұлы оқиға болады. (1731 ж. )
Екiншiсiнде – Атығай-Қарауылға сұлтан болады. (1736 ж. )
1939 жылы Әбiлмәмбетпен бiрге бодан болуға ант бередi.
1940 жылы Қытаймен бейбiт келiсiм жасаған жоңғарлардың (Ямышев қамалының комендантының хабарлауында ноян Сыптан) қалың қолы қазақтарды басып қалып, Абылай тұтқынға түседi.
1942 жылы қараша айында Орынбор комиссиясының бастығы И.И. Неплюевтiң жазуында Әбiлмәмбет өзiнiң ен кенже ұлы Әбiлфейiздi жоңғар билеушiсiне "кепiлдiкке" аттандырады. "Ол ұлын аманат үшiн емес, бауыры Абылаймен кездесiп, оның басын арашалау үшiн … " жiбергенiн хабарлайды.
1743 жылғы маусымдағы құжаттан: "Абылай сұлтан жоңғар билеушiсiнен көп олжамен оралды, яғни өз иелiгiне Ташкент, Түркiстан қалаларын және басқаларды еншiледi"( 9 наурыз 1745 жыл. Семей бекiнiсiндегi қазақ саудагерлерiнiң қазақ билеушiлерi мен феодалдары арасындағы өзара қарым-қатынастары туралы хабарынан.)
"…Қырғыз-қайсақ билеушiлерiнiң бiразы Бұқара маңында тұрады. Ал сол жерге жақын орналасқан жоңғар қалмақтары олармен жиi кездеседi. Тiптi олармен алыста тұратын қалмақтар да араласады. Бұрын бұлар бiр-бiрiмен сиыспай, қақтығысып, бiрiн-бiрi тұтқынға алып жататын. Қазiр олардың арасында шапқыншылық та, бас араздық та байқалмайды.
Бес жыл бұрын қалмақ Сыптан әскерiмен қырғыз-қайсақтарға барып, олардың билеушiсi Абылай сұлтанды көп адамымен қолға түсiрген болатын.
Екi жылдан кейiн оны тұтқындағы көп адамдарымен елiне қайтарып, бейбiт қарым-қатынас орнатуы үшiн қалмақтардан да адамдар қосып берген. Содан берi осы кезге дейiн қалмақтармен бейбiтшiлiк орнаған. Олар даладан аң ауласа да бiрлесiп баратын болды.
Сол соғыстан берi өздерi тұтқынға түскендерiн бiр-бiрiмен алмастырды. Мысалы-ересектер үшiн ересек адамдарын, қарттары мен балалары үшiн орнына мiнер ат, сауыт-сайман бередi. Қазiр олар Қалдан Церен қалмақтарымен сыйластық орнатып, бiр-бiрiне келiп-кетiп тұрады…"
Бұл жолдарды ұзартып әдейi берiп отырмыз. Себебi қалмақ пен қазақ арасы, қарым-қатынас түрлерi өте күрделi болыпты. Соның мысалындай Абылайдың арқасында 1742 жылдан қалмақ пен қазақ арасы тыншыған. Тiптi бiр-бiрiмен атысып-шабысып жүргендер "аң аулауға бiрге баратын" жағдайға жеткен…
Осының өзi-ақ Хан Абылайдың ғұмырнамасында "ақтаңдақтардың" аса молдығын байқатады. Тек бiрiн ғана айтайық, өз тұтқынында отырған Абылай сұлтанға Қалдан Церен өз қолымен қосқан Топыш сұлудан ең таңдаулы, қазақтың тәуелсiздiгi үшiн шайқасқан қырғиперен ұлдар дүниеге келген. "Жездесi" ретiнде, әрине саяси мүдде де бар, қалмақ Әмiрсананы қорғады. Сол себептi Хан Абылайдың ақиқатын асықпай-аптықпай зерттеген, зерделеген дұрыс болады.
Ендi бiзге ұлы жаратылыстан қалған көптеген айшықты аманат бар. Кейде мұны "феномендiк" көрiнiс деуге келедi.
Абылайдың ең ұлы қасиетi сол, ол айналасына ақылмандарды, көзсiз батырларды, алмас тiлдi ақын-жырауларды жинаған.
Хан Абылайды көптеген зерттеушiлер "48 жыл хан болған" деуден жалықпайды. Дұрысы – 50 жыл. 1731 жылы "сұлтан" болған, 1736 жылы "Кiшi хан" – 1771 жылы "Ұлы хан" сайланған. 1769 жылы Түркiстан Ордасына оралған. 1781 жылы опат болған … Ал "48 жыл хан болғаны"– Көкшетауда. Бұған Түркiстанға бiржолата қоныс аударған ғұмырының соңғы екi жылын қосу керек…
Абылай феноменiне жататын қасиеттердiң бiрқатары соғыс өнерiне байланысты. Оның жорық жолындағы тiгiлетiн қосы "абылайша" деп аталған. Бұны "Батыр Баян" сияқты ұлы дастанды туғызған түркi әлемiнiң ұлы жыршысы Мағжан Жұмабаев "Табалдырық" ("Алқа") деп аталатын еңбегiнде атап көрсетедi.
Бiрде Абылай бастаған жорықшылар жаудан жеңiлiп, шегiнуге, жан сақтауға мәжбүр болыпты. Кешкiлiк оттың басында отырғанда Абылай жыршыны шақырып алып, ендi елге осы оқиғаны қалай айтасың дегенде: "Хан Абылай қашқан жоқ, Еңкейе бере жылысты" дей салмаймыз ба дегендi естiп, риза болған екен.
Абылай өмiрiнде "Хан қалпақ" деп аталатын тағылым бар. Бiр тойда "iшпей мас, жемей тоқ" болғандар, байқамағансып, хан Абылайдың хан қалпағын қағып түсiредi. Оны iстеудегi ойлары, қайтер екен, еңкейiп алар ма екен дегендiк едi … Абылай болса да "Хан қалпаққа" қайырылмайды. Бiрақ ертесiне-ақ Арқадан Түркiстанға қоныс аударуға шешiм қылады. Бұны Мәшһүр Жүсiп Көпеев жазып қалдырған.
Бұндай "тектiлiктi" бала жасында бiреу байқап, Төле би атамызға жеткiзедi. "Қара жерге отыра кетпейдi, шекпенiн төрт бүктеп, өзiне "тақ" жасап алады" дейдi әлгi адам.
Ұлы би әлгi айтқанға сенiңкiремейдi. Сонда өз бәйбiшесi: "Басқаны қойшы, сол жылқышың сәлем берiп кiрiп келгенде, өзiң орныңнан қалай жылжып кеткенiңдi бiлмейсiң ғой!"– дейдi. Төле би: "Ол мүмкiн емес!"– дейдi. Содан бәйбiшесi баланы бiр күндерi шақыртады да, байқатпай бидiң шапанын жердегi көрпешеге тебен инемен шаншып қояды. Айтқандай-ақ бала "Ассалаумағалайкөм!" деп iшке сәлем берiп кiрiп келгенде, көрпеше де бiрге көтерiлiп, қопсып кеткен екен дейдi.
Хан Абылайда ұлы әруақ болғанын замандастарының бәрi айтып өткен. Мысалы Шарышпен жиырма жасында жекпе-жекке шыққанда, Шарыштың сол шайқасын бақылап, байқап тұрған үзеңгiлес жолдастары : "Анау Шарышқа ұмтылғанда, екi иығында екi қыран бүркiт қанаттары далпылдап келе жатқандай болды. Содан ба Шарышты қара басты ғой!"– дескен екен…
Кей адамдар, Әбiлмәнсүр – "Сабалақтың" ұлы хан болатынын әлдекiмдер әу бастан-ақ бiлген екен, жасырып-жауып жүрiптi – деп аңыз қылады. Бiздiңше, бұл қисынға келмейдi. Себебi ол "дәл жиырма жасына дейiн" "құл"есебiнде болғаны анық. Ол қалмақтарға аттанған қосынға жай жауынгер ретiнде қатысқан.
Тағы бiр есте болатын нәрсе, Әбiлмәнсүр қатысқан шайқастың ойда-жоқта болғандығы. Себебi сол уақыттың заңы бойынша, жай жауынгердiң қолбасшыға қарсы ұмтылуы мүмкiн болмаған.
Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, якут, башқұрт, алтай, өзбек т. б. эпостарындағы батырлар бейнесiн ашуды мақсат тұтқан Р. С. Липец өзiнiң еңбегiнде батырлардың жекпе-жегi кезең-кезеңмен өтетiнiн жазады. Алдымен садақтан атысады, одан кейiн алыстан шауып келiп найза түйреп, аттан жұлып түсiруге тырысады, соңынан қылыш сермеседi. Бойларындағы барлық қару-жарақтары күйреп, сынып iске жарамсыз болып қалған соң қоян-қолтық ұрысқа кiрiседi.
Мұны Қабанбай батыр мен Арқауыл батыр арасындағы жекпе-жектен бiлуге болады. Ұрыс алдында қалмақ батыры: "Менiң атым Арқауыл, бiлмедiм деп қалып жүрме" деп өзiн таныстырып кетедi. Әрине, олар егерде жеңiске жетiп жатса, атағы жер жарып, қырық рулы елге тарап жататын.
Жекпе-жек алдында батырлар бiр-бiрiнен "атыспақ керек пе, шабыспақ керек пе" сұрайтын дәстүр қалыптасқан. Бұл олардың бес қаруын түгел еркiн меңгерiп, қарсыласына таңдау бергенi. Бұған қоса, батырлар жасы үлкен, жолы үлкендерiне де жол ретiнде бiрiншi кезек беретiн.
Хан Абылай, шын мәнiсiнде "ұлттың әкесi" болды, сол себептен де Бұқар, Үмбетей жыраулар Бөгенбай батырдың өлiмiн ең әуелi соған естiрттi.
Ол халық үшiн қабырғасы қайысқан тұғырлы тұлға. Қырғыз жорығында олардың қазақ батырларының бастарынан шыммен араластырып тұрғызған "Келдiмұнараны" көргенде, атынан аунап түсiп, мойнына кiсесiн салып, еңiреп жылағанын көргендер бар.
"Сен Есiмханның түстiгiне де жарамайсың!" деп Бұқар жырау "кемiткенде" күлген де қойған көрiнедi.
Жорыққа аттанарда пәленбай әскердi иiрiп қойып, Батыр Баянды күтiп жатуын не деуге болады?!
Бiр күнi Бұқар жыраудан: "Асан Қайғы бабамыз, "Қарағай басын шортан шалар" дегенi не сөз деп сұрапты дейдi. Иә, осы бiр сұрақтың өзiнен-ақ Хан Абылайдың ойшылдығын, тереңдiгiн, болашаққа алаңдауын көремiз.
Достыққа, жолдастыққа берiк болыпты. Александр Македонский бала жастан серiгi Клиттi найзаға шанышса, Шыңғыс хан жан жолдасы Жамұқаны өгiздiң терiсiне орап тұншықтырып өлтiрген, ал Әмiр Темiр досы, әйелiнiң туған ағасы Хұсейiндi қылышқа байласа, Хан Абылай жанына ергендердiң бәрiне жан жылуын құюмен болған.
Хан Абылай дәулескер күйшi болғанын көп адам бiле бермейдi. Оның оншақты шығармасы бар, "Шаңды жорық" дейтiн күйiн Құмкент шаһарында тұратын, 90-ның төрiне шыққан, Кенесарының қарашаңырағын алып қалған Файзолла Үрмiзов дейтiн қарт әлi күнге дейiн тартады..
Баязит Анкара шайқасында Әмiр Темiрдiң қолына түсiп, көр көкiрегiн жеңе алмай, "Менi тезiрек шаптырып таста!" деп терiс қарап жатып алса, Қалдан Цереннiң тұтқыны болған Абылай онымен өзiн тең ұстағанын көргенде айнала жұрт қатты таңырқаған. Абылайдың ақыл-парасатының "тұтқынына" қайта Қалдан Цереннiң өзi қалай түсiп қалғанын байқамаған. "Шарышты неге өлтiрдiң?"– деп сұрағанда, оның қолында қару болды, менiң де қолымда қару болды, Серумiн (Шарышты қазақ Серу дейдi) деп ол айтпады, не де болса бiр Аллаға аян, дәл сол күнi дәм-тұзы таусылған болар … – деп жауап берiптi.
Тәңiрiм оған 300 жылға созылған қазақ-қалмақ қырғынын жiбек жiптей түйiндеудi тапсырыпты. Жарты әлемдi жаулаған көршiмiздiң жұтқыншағына жұтылып кетпейтiндей етiп ересен асыл рух қалдырыпты.
Бiр ұрпағы – Кенесары қамалаған қалың жауға дес бермей ұлт-азаттық қозғалысын 10 жылға созды, екiншi ұрпағы Шоқан Уәлиханов-қазақ ғылымының жарық жұлдызына айналды, тағы бiр ұлағатты ұрпағы – Шота Уәлиханов – "Тәуелсiздiк" тұғырын ару қала Алматыға орнатты.
Ғұлама тарихшы В. В. Бартольд өзiнiң "История турецко-монгольского народа" деген еңбегiнде "самым могущественным из ханов ХУIII в. был хан Средней Орды Аблай (1771-1781", – деп түйiндедi. (Бартольд В.В. работы по историй и филологий тюркских и монголских народов. М. 1968, с. т. У. стр. 224)
Хан Абылайдың қалай қайтыс болғанын қазақтың ұлы перзенттерiнiң бiрi Мiржақып Дулатов егжей-тегжейлi жазған. 1781 жылы Самарқаннан шығып, жолай Ташкентке тоқтап, Түркiстанға бағыт ұстанған мезетте Арыс өзенiнiң жағасында кенеттен қайтыс болған. Жанында отырып Бұқар жырау айтты дейтiн жыр үзiгi сақталған … 1405 жылы дәл осы маңнан, Отырардан сонау Самарқанға Әмiр Темiрдiң сүйегiн үлкен астау жасатып, iшiне бал толтырып, соған батырған күйi алып барса, ал қазақтар жарты ғасыр ат үстiнде жүрген баһадүр ханды көне түркiлердiң жауынгерлiк үрдiсiмен Түркiстанға бiр-бiрiне айқастырылған шашақты найзаның үстiне жатқызып, кезектесе көтерген күйi жеткiзiп, әулиенiң жатқан жерiне жерлеген … Жыл өткен соң үш жүздiң баласы жиылып, Арқада, Көкшетауда асын берген. Оза шапқан қырық атқа дейiн бәйге берiлгендiктен "Абылайдың асында шаппағанда, Атаңның басында шабасың ба?" деген қанатты сөз қалған …
"Орындалмаған үш арманым қалып барады, бiрiншiсi – жаумен жағаласумен жүргенде елдi отырықшылдыққа үйрете алмадым, екiншiсi – қала сала алмадым, үшiншiсi – егiн егiп, халқыма жер емшегiн емдiре алмадым", – дептi жантәсiлiм етерде.
Бодандықтың тұңғиық тереңiне қаншама ғасыр шым батсақ та, Тәуелсiздiкке дейiн жететiндей етiп кеудемiздi кере жұпар ауа жұтқызған, несiбе боларлықтай iнжу-маржан сүздiрген, тiршiлiк атты көк толқындарды көктей өтуге ықпал жасаған, арман мен үмiт селдiрегенде сәулесi тиген, елдiк пен ерлiк қасиеттердi ынтымақ, береке, бiрлiктi ыстық қанға араластырып жiберген Ұлы Жаратылыс – Хан Абылай әруағы бiзбен бiрге үш ғасыр бiрге өмiр сүрiп келедi. Ол барда қазақ дейтiн халықтың жан дүниесi жетiмсiремей, қайта алға аршындай ұмтыла беретiндiгiне еш күмәнiмiз жоқ…
04.08.2011.