БАСПАЛАРДЫҢ БАСЫ ДАУҒА ҚАЛДЫ
БАСПАЛАРДЫҢ БАСЫ ДАУҒА ҚАЛДЫ
Мерзiмдi баспасөз бен баспа саласының қазiргi халi көңiл жұбатарлық жағдайда емес. Базбiреулер мұның себебiн нарық заңдылықтарына бейiмделе алмаудан да көруi мүмкiн. Алайда нарық сұранысына сай шығып жатқан сарыжағал басылымдар ұлттың рухани құндылықтырын түгендей ме? Жалпы «өркениетке жеттiк» дейтiн елдердiң бәрiнде ақпарат пен кiтап мемлекеттiң өз қанатының астында, тiкелей қамқорлығында. Сондықтан да рухани тозбаудың жайын ойлаған ел ақпарат кеңiстiгi мен мемлекеттiк идеологияның арасын алшақтатпаса керек-тi.
Бұған дейiн газетiмiздiң бетiнде бұқаралық ақпарат құралдарындағы тендер ұйымдастырудың олқылықтары туралы жазған едiк. «Түркiстан» газетiнде «Тендер сөз ертпесе…» (30 маусым, 2011 жыл) атты мақала жарық көрген. Бұдан бөлек «Үш қоңыр» газетiнде «Тендердiң тәлкегi» (29 маусым, 2011 жыл) атты мақала да шықты. Ендi, мiне, баспагерлер де тендер мәселесiндегi олқылықтар туралы ашық наразылық бiлдiруге мәжбүр болды. Осы мәселеге орай кеше Алматыда бiр топ қаламгерлер мен баспагерлер жиналып, баспасөз мәслихатын өткiздi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап кiтап шығару iсiнiң басы-қасында жүрген мамандар осы саладағы келеңсiздiктер туралы ойларын ашық айтып, ортаға салды.
Баспагерлердiң айтуынша, 2010 жылы баспа iсiне бөлiнген қыруар қаржы тендердi өткiзудiң олқылықтары кесiрiнен толықтай жұмсалмай, 47 млн. теңгедей қаражат игерiлмей қалып, 6 бiрдей баспаның басы дауға қалған. Ақпарат және мұрағат комитетi оларды сотқа берсе де, баспагерлер өз абыройымызды қорғап шықтық деп отыр.
Ал «Парасат KZ» баспасы 2010 жылы «История и культура казахского народа 18 – начала 20 вв. в русской периодической печати» в 10 томах» деген еңбектiң 1-3 томдарын шығарғанына қарамастан, аталмыш комитет жұмыстың орындалуы туралы актiлердiң дер кезiнде тапсырылмағанын желеу етiп, 2011 жылы 8 млн. теңге қаражат бөлiп, дәл осы томдарды шығаруға қайтадан лот бөлген. Сонда бiр кiтапты қайта-қайта шығарғаннан не ұтамыз?
«Қазығұрт» баспасының директоры Темiрғали Көпбаев биылғы тендерден 4 лотты жеңiп алса да, келiсiм-шартта көрсетiлген 30 пайыздық авансты әлi ала алмай отырғанын айтады.
Бұлар – баспалардың басындағы даудың шет жағасы ғана. Олардың мұңын тыңдайтын құзырлы органдар осы мәселелердiң түп себебiн қазбалап, зерттер болса, қолда бар деректермен бөлiсуге даяр. Рухани саланы дауға ұшыратқан бұл мәселеде кiмнiң ақ, кiмнiң қара екенiн ажыратар салиқалы мемлекеттiк саясаттың керек жерi осы. Ал баспасөз мәслихатына жиналған баспагерлер «бүгiнде министрлiкте отырған, комитеттi басқарып отырған жас, бiлiксiз басшылар қызметiнен кетпей, жағдай оңалмас» деп, түңiлiп тарасты.
Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Кешегi советтiк заманды көксемеймiн, бiрақ сол қоғамда әдебиеттi идеологияның үлкен қаруы деп есептегенi рас, сондықтан да сол кезде ақын-жазушылардың қаржылық-материалдық жағдайы қазiргiге қарағанда әлдеқайда тәуiр едi. Бiз екi заманды да көрдiк. Тәуелсiздiк алғанымызға, дербес мемлекет болғанымызға шүкiршiлiк етемiз, қоғамымыздың алға басқан тұстары көп, бiрақ кемшiлiктерiмiз де бар. Бүгiнгi қоғам – ауруы асқынған дерттi қоғам. Кең жайылып тарап кеткен жемқорлықтың өзi неге тұрады? Дерттiң үлкенi сол. Осының бәрi неден? Руханияттың құлдырауынан. Қоғамды дерттен айықтыратын, науқасынан жазатын не? Әрине, көркем әдебиет. Қоғам осы бетiмен сырқат бола бермесiн десек, оны емдеп жазатын дәрiсiн беруiмiз керек. Қазiр халық рухани аштықта. Жазушылардың кiтап шығару iсi ақсап қалды. Шыққан кiтаптарды дұрыстап тарата алмай жатырмыз. Мысалы, менiң «Дарабоз» деген романымды екi бiрдей баспа оқырмандар сұрауы бойынша қайта басып шығарды. Барып көрсем, екi баспа да 2000-нан артық дана шығармапты. «Неге молырақ шығармайсыңдар?» десем, «Бiзде бұдан артық шығаруға рұқсат жоқ» дейдi. Ал әр кiтапты 2000-нан асырмау керек дегендi ойлап шығарған кiм?! Арызды кiмге барып айтамыз? Мемлекеттiк тапсырысқа бөлiнген қаржының бар жететiнi 2000 дана кiтап екен. Менiң кiтаптарым бiр кезде 100 000 данамен шыққан. Сол даңқпен жүрген адамбыз. Әдебиет, мәдениет бiр шыбықпен айдауға келмейдi ғой. 1000 данамен, 10000, 20000 данамен шығуы тиiс кiтаптар бар. Қоғамды оңалту үшiн, кiтап шығару iсiн дұрыс жолға қою керек.
Марфуға АЙТХОЖА, ақын, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты:
– Мақтан үшiн емес, мысал үшiн айтайын: бүгiнге дейiн менiң 40 шақты кiтабым жарық көрiптi. Оның 7-еуi орыс тiлiне аударылып, 4-еуi Мәскеуде орталық баспалардан шықты. Осының арқасында шетел тiлдерiне де аударылды. Осылайша бiздi шетел таныды. Ол кезде кiтаптың жарық көруi оңай болған жоқ. Әр кiтаптың қолжазбасы мiндеттi түрде Жазушылар одағында қатаң сүзгiден, ұзақ талқылаудан өтiп, сосын баспаға жiберiлетiн. Осындай цензура болған күннiң өзiнде кiтабымыз жарыққа шығып, оқырманымызға жетiп жатты. Ол кездегi кiтаптардың сапалы болып шығуының бiр мәнiсi де қадағалаудың қатаң болғандығында едi. Бiздiң халыққа кең танымал болғанымыз да сол кiтаптарымыздың көп таралыммен жарыққа шыққанында. Әлi күнге дейiн көзi қарақты оқырмандарымыз бiздi iздеп жатады, журналистерден «бәлен ақын қайда жүр?» деп сұрастырып жүредi екен. Халқымыздың есiнде болғанымыз, оқырманымыздың iздеп жатқаны – бiз үшiн үлкен бақыт. Ал қазiргi жас қаламгерлерге жаным ашиды. Талантты жастар көп. Жақсы ақындарымыз бар, бiрақ олардың кiтап шығарып, елге танылуы қиын. Шыққан кiтаптарының таралымы жаңағыдай. Сондықтан мемлекет үлкен баспаларға көңiл бөлiп, олардың жұмыс iстеуiне жағдай жасауы керек.
Марат ТОҚАШБАЙ, «Президент және Халық» газетiнiң бас редакторы:
– Қазiргi заманда «топ-менеджер» деген ұғым бар. Ақпарат және мұрағат комитетiнiң басшылары идеология, ақпарат саласының топ-менеджерлерi болып саналады. Олар өз жұмыстарын қандай деңгейде атқарып жатыр, оны өздерi бiледi. Бiз олардың жұмысына толықтай баға бере алмаймыз. Бiздiң айтпағымыз, руханият саласына, баспа iсiне, бұқаралық ақпарат саласына жанашырлықтың кемдiгi жөнiнде. Ең әуелi, қаржыландыру мәселесiне байланысты. Қаржыландыру «ҚР Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады. Оқырман сенiмiне ие, абырой-беделi бар, ұлттық мүддеде жұмыс iстейтiн қазақ басылымдары саусақпен санарлықтай ғана. Олардың әрқайсысына «бiр көзден қаржыландыру» жүйесiнде тендер бөлудiң қисыны келмейдi. Сондықтан да бұл орайда қазақ кiтабы мен ақпаратына мемлекеттiк субсидия бөлу мәселесiн көтеру керек.
Темiрғали КӨПБАЕВ, «Қазығұрт» баспасының директоры:
– Мемлекеттiк тапсырыспен шығатын кiтаптардың таралымы 2000-ға түскенi – бiздiң қоғам үшiн қасiреттi нәрсе. Бұрын патшалық Ресейде «дворовой тираж» деген болған екен. Сарай маңындағы ақсүйектер ғана оқитындай 500 дана көлемiнде газет-журнал, кiтаптар шығып тұрған. Бiз қазақ кiтабының деңгейiн сол «сарай маңы таралымы» дәрежесiне түсiрдiк. Қазақ әдебиетiнде әлем әдебиетiнiң көш басында тұруға лайық қаламгерлер бар, бүгiнде де жас талантты ақын-жазушыларымыз баршылық. Бiрақ оларды ешкiм танымайды, оқымайды, өйткенi олардың кiтаптары дұрыс таратылмайды. Жас әдебиетшiлердiң республика көлемiнде танылуына еш мүмкiндiк жоқ қазiр. Кезiнде Қадырлар мен Тұманбайлар жас ақын болып әдебиетке ат қосқанда, олардың тырнақалды кiтаптары 30000–40000 данамен таралған. Осындай көп таралыммен шыққан кiтаптарды бiр аптадан соң шалғай аудандағы алыс ауылдың кiтапханасынан тауып оқуға болатын едi. Осындай саясаттың арқасында бiздiң буын әдебиетпен сусындап, кiтап оқып өстi. Қазiр поэзия алға шықты дегенмен, ақындардың да кiтаптары мыңдаған таралыммен шығып жатқан жоқ, кiтабы халыққа дұрыс тарамағаннан кейiн, ешкiм оның өлеңдерiн оқымағаннан соң, ол ақынның несi ақын? Сондықтан үкiмет мемлекеттiк бағдарлама аясында жас әдебиетшiлерге әлеуметтiк жағдай жасау керек, олардың шығармашылығын насихаттауды өз мойнына алуы керек. 2010 жылы Мәдениет министрлiгi бөлiнiп бөлек кеткен кезде, кiтапханалар осы министрлiктiң құзырында қалды да, ал кiтап шығару iсiн Байланыс және ақпарат министрлiгi жанындағы Ақпарат және мұрағат комитетi қолға алды. Ал осы комитетке тағайындалған жас басшылар әдебиет, мәдениетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тек каржы-қаражат үнемдеу жағына қатысы бар адамдар. Жыл сайын бiр-ақ рет өткiзiлетiн тендердi бiрнеше қайта өткiзiп, «ақша үнемдеумен» ғана айналысып отыр. Олардың бiлiксiздiгiнiң зардабын қалам ұстаған қауым тартып отыр. Шындығында мұндай комитеттi әдеби-мәдени салада беделi бар, одан хабары бар тұлғалар басқаруы тиiс едi.
.