ҮРIМЖIДЕ ӘЛI ДЕ ҮЗДIКСIЗ КЕЗЕК

ҮРIМЖIДЕ ӘЛI ДЕ ҮЗДIКСIЗ КЕЗЕК

ҮРIМЖIДЕ ӘЛI ДЕ ҮЗДIКСIЗ КЕЗЕК
ашық дереккөзі
416

Жаз басында Дүниежүзi қазақтарының IҮ құрылтайы қазақ елiнiң астанасында болып өттi. Шетелдегi қандастарымыз бұл бас қосуды ерекше ынтамен күттi. Бұл реткi алқалы жиында да Құрылтайдың өзектiлiгi туралы шетелден ат арытып келген ағайындардың мәселелерiнiң оңтайлы шешiлу жайын және көшi-қон саласында алдағы атқарылатын жоба-жоспарлар төңiрегiндегi бiрқыдыру жұмыстарға

Елбасы Н. Назарбаев кеңiнен тоқталғанын, шетелде жүрген әрбiр қазақ баласы ұлттың бiр бөлшегi екенiн, алыста қалған әрбiр ағайынның табанына кiрген шөгiр оның отандастарының да жан-жүрегiн сыздатуы тиiс екенiн атап та айтты. Ақпарат құралдары дүниенiң төрт бұрышына осылай деп жар салды. Өйткенi сыртта тарыдай шашылып жүрген қандастар үшiн бұл жиын өте керек, әрине. Бiрақ ештеңе өзгермеген сияқты. Бiз мұны жақында Қытайдың Үрiмжi қаласындағы Қазақстанның консулдық бөлiмiне барғанда бiлдiк.

Биыл наурыз айында Үрiмжiдегi виза мәселесi қиындап кеткенiн сол жерде жүрген адамдардың барлығы айтып отыр. Олар Құрылтайда бұл мәселе бiр шешiмiн табады деп сенiптi. Шiлде айында Бейжiңнен келе жатып Үрiмжiдегi осы орталыққа арнайы бұрылдым. Мақсатым: әке-шешемнiң төлқұжатын аштыру едi. Таңғы сағат алты мөлшерiнде ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң Үрiмжi қаласындағы паспорттық-визалық қызметiне бардым. Өз көзiме өзiм сенбеймiн. Онда құжынаған адам. Арасында егде тартқан кiсiлер де бар екен. Олар да түнi бойы "күзетте" тұрыпты. Мұны көрiп жүрегiм езiлiп, көзiме ыстық жас келдi.

Алтай аймағының Шiңгiл ауданынан келген сексеннiң сеңгiрiне шыққан Әйнек апамен әңгiмелескенiмде ол кiсi өмiрiнде көрген қиындықтарының бiрi осы екенiн айтты. "Қазақ елiнiң патшасы осы жағдайдан хабардар ма екен?", – дейдi. Қытайда жалғыз қалған апа денсаулығы сыр берсе де, атажұрттағы жалғыз баласына барсам деген бетi екен. Үрiмжiге келгенiне бiр аптаның жүзi болыпты. "Бiр аяғымыз жерде, бiр аяғымыз көрде тұрған бiз сияқты қарттардың мәселесiн тез шешiп бере салмай ма? Өлсек те, өнсек те Қазақ елiне барып бiрақ көрейiн", — дейдi. Бiр-бiрден қойша санап кiргiзiп тұрған күзетшiлердiң жүзi қатулы. Шұбырған елдiң қатарында тұрып мен де шыдамай кеттiм. Алдымда тұрған бiр жүктi әйел аяқ астынан құлап қалды. Жалма-жан су әкелiп, бетiне шаштық. Ұғыса келе Құлжадан келгендiгi белгiлi болды. Тарбағатайдың Дүрбiлжiң ауданынан келген бiр үйлi жанның әңгiмесi аянышты-ақ. Осыдан екi ай бұрын 6-7 төлқұжатты виза ашып беремiн деген бiр жiгiтке берiп, алданып қалғанын айтып отыр. Бiр адамнан екi мың юань ақша алып, iз-түзсiз жоқ болып кетiптi. Құжаттарын зорға тапқан олар ендi үй-iшiмен түгел келiптi. "Iстiң мұндай болатынын бiлгенде мал мен үйдi сатпас едiк. Ендi не шара! Алланың басқа салғанын көремiз. Ең дұрысы үш өлкеден виза ашу орыны болса халыққа тиiмдi болар едi", – дейдi. Мен таңертең сағат алтыда барып, түстен кейiнгi бесте нөмiр алдым. Алған нөмiрiм қарашаның 17-сi күнiне тура келiптi. Iштегi адамдармен сөйлесудiң орайы болмады. Ойлап қарасақ, бұдан қаншама қаражаттың бостан-босқа желге ұшып жатқанын есептеп бiлуге болады. Үрiмжiге келу жол қаражатын, жатқан пәтерiнiң ақысы, тамағының ақысын қосып есептегенде қыруар қаражат шығып кетедi екен.

Осы күнi Үрiмжiде 8мыңнан астам қандасымыз виза кезегiнде тұр. Ал виза берушi бар-жоғы үш-ақ адам. Кейбiреуi қызметiн тастап, осы жұмыспен жүргенiне жарты жыл болыпты. Олар: "Үрiмжiдегi консулдық орынның қызметiн жақсарту керек, визалық қызметте жұмыс iстейтiндердiң санын көбейтiп, Iле, Алтай, Тарбағатай сынды үш өлкеден виза ашатын орын дайындаса екен" деген тiлекте.

Гүлнәр ЛАҚАДЫЛ

04.08.2011.

Серіктес жаңалықтары