353
ШӘЛКӨДЕДЕ ШАЛҚЫДЫ ӘН менен ЖЫР
ШӘЛКӨДЕДЕ ШАЛҚЫДЫ ӘН менен ЖЫР
"Бүгiн менiң туған күнiм,
Ой, Бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едiм өзiм-ақ, Тәңiрдiң бiр жарытпай-ақ қойғаны-ай".Мұқағалидың өкiнiшке толы осы өлеңiн жырсүйер қауым жатқа бiледi. Иә, ол көзiнiң тiрiсiнде қаламдастарына, халқына туған күнiн тойлап бере алмай кеттi. Өмiрден қырық бес жасында өттi. Алайда өлеңдерiне ғашық халқы оның елу, алпыс, жетпiс жылдықтарын тойлады. Мiне, биыл да Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарасаз ауылы мен Шәлкөде жайлауында екi күнге созылған ұлан-асыр той болды. Бұл – ақын Мұқағалидың сексен жылдық тойы. Сан мыңдаған адамның ойында – ақын өлеңдерi, аузында – ақын есiмi.
Бұл тойда ақынның өзi болмаса да, өлмес өлеңi бар. Қай өлеңiн оқысаңыз да көптен жоғалтқаныңызды тапқандай көкейiңiзге қона кетедi. Оларды жәй ғана оқымайсыз, жан дүниеңiздi бiр түрлi ырғақ тербеп, iштей пайда болған ән-көңiлмен оқисыз. Күпi киген қазақтың қара өлеңiн, шекпен жауып өзiне қайтарғанынан мәртебелi Поэзияға деген адалдығы, тазалығы көрiнiп-ақ тұр. Кiм-кiмдi де қайран қалдырады. Қазақ ақынға кенде емес. Бұқардан бергi ақындар, Абайдан кейiнгi ақындар қаншама. Әр буынның өзгелерден оза шапқан шын жүйрiктерi бар. Қалай десек те сол буындардың арасынан Мұқағали Мақатаевтың шоқтығы биiк. Тұла бойы өлеңнен жаралғандай. Оның өлең-жырлары қазақтың қанымен, жанымен бiте қайнасып кеткендей. Қандай да бiр көңiл күйдiң ауандарын, сезiм пернелерiн тап басады. Жан дүниеңдi елiтiп ала жөнеледi. Халықтың жыл өткен сайын Мұқағали өлеңдерiне ынтығы артып отырғаны да сондықтан болар, сiрә. Көзiнiң тiрiсiнде-ақ ол: «Мен келер ғасырға өтiп кеткен ақынмын»,– деген екен. Поэзиядағы өз бағасын бiлген жан асылық айтпапты. Жаңа басталған жиырма бiрiншi ғасырдың жастары да оның жан дүниеңдi баурап алатын сезiмге толы сырлы өлеңдерiмен сырласып жүргенiн көргенде ақын сөзiне көңiлiңде күмән қалмайды екен. Оның шығармалары сезiмнiң нәзiк пернесiн тап басып қана қойған жоқ, жастарға жалын бердi, ұлттық рухын көтердi. Жас қаламгер Амангелдi Кеңшiлiкұлы «Егемен Қазақстан» газетiнде жарияланған «Қарлығашым келдiң бе?» атты талдау мақаласында былай дейдi. «…Уақыттың дүлей дауылы Мұқағали поэзиясының өмiршең рухын сындырмақ түгiлi, оны шыңдай түсiптi. Қайта бүгiнгi күннiң тiрi ақындарынан гөрi Мұқағали поэзиясының өмiршең рухы ұрпақтың қамын көбiрек ойлап, қамығатын сияқты. Бәлкiм, өңiнен қайғының табы сезiлетiн Мұқағалидың осыдан отыз жыл бұрынғыдай кiтап бетiнен маған мұңайып қарайтыны да сондықтан шығар?! Кiм бiлiптi? Мына рухсызданған әлемде, әлi де оның о дүниедегi жанын баяғы ауыр ойлар жаншып, мазалап жүргендей. Ақынның ақберен жырларын оқығанымда менiң жаным онымен бiрге жылап, күйзелгендей болады». Бұл – жиырма бiрiншi ғасыр жасының Мұқағали жырынан алған сезiмi. Ал ақынның өлеңдерiнен рухани ләззат алып, жатқа оқып жүрген жастар қаншама. Көз көргендердiң, дәмдес-тұздас болған қаламдастардың ақын әлемi туралы тамсана айтқан құнды ойлары, шығармаларына берген биiк бағалары өз алдына бiр әңгiме. Олар мерзiмдiк басылым беттерiнде жыл бойына жарияланып келдi. Ақынның туған ауылы Қарасаз облыс орталығынан шалғайда жатыр. Балалық шағы, аруларға ғашықтық сезiмi оянып, бозқарағанға бозара қараған жiгiттiк кезi сонда өткен. Онда ауыл келбетi мұндай емес едi. Соғыстан кейiн жұтап, жадап кеткен шағы. Бертiнде ғана ақшаңқан үйлер бой көтерiп, тұрмыс түзеле бастаған. Табиғаты қандай әсем десеңiзшi. Қос таудың түйiскен жерiнен көрiнетiн ақбас Хан тәңiрi шыңы, көк орайлы Шәлкөденiң шығыс жақ бетiндегi Шоқан асқан мен Айқайтас бейне қолмен салынған суреттей. Кiм бiлсiн, Мұқағалидың ақын болуына осы туған жер табиғатының да септiгi тиген шығар. Сол Қарасаз бүгiн ерекше түрге енген. Сонау Алматы – Нарынқол күре жолынан Қарасазға дейiн асфальт жол тартылған. Ауылдың орталық көшелерiне де сондай жол төселiнiп, екi қапталынан жүргiншiлерге арналған табан жолдар да салынып, көгалдандырылыпты. Басы иiлген биiк бағандардағы шамдар да кешкiсiн көшелерге нұр шашқандай әсерге бөлейдi. Сол жол ауылдың тау жақ бетiндегi Мұқағали мұражайына алып барады екен. Мұражайдың ерекше талғаммен салынғаны байқалады. Ауласындағы биiк тұғырда ақынның шағын ғана тастан қашалған бейнесi тұр. Жайшылықта мүсiншiлер өнер адамдарын дәл өзiндей, өзiнiң табиғи болмысындай етiп шығара бермейтiнi көрiнiп қалып жататын. Ал мына ескерткiш мүсiн шебердiң ақынға деген зор сүйiспеншiлiгiнен туындағаны анық. Оның қалың ұзын қара шашын артына жатқыза қайырған қырғи қабақ бет бейнесi, тағдырдың талай тәлкегiнен өткен мiнезi, бiтiм-болмысы дәл, асқан шеберлiкпен сомдалған. Мұрағат iшiндегi жәдiгерлер де ақын өмiрiнен сыр шертедi. Мұрағаттың жанынан жаңадан Мәдениет үйi бой көтерiптi. Ол да сәнiмен көз тартады. Мұражаймен ұласып жатқан кең алаңға өрнектi кiрпiштер төселген. Сәл әрiректе жаңадан салынған еңселi мектеп тұр. Осылардың бәрi Қарасазға ерекше көрiк берiп тұрса, қалай сүйсiнбейсiз. Бiз бұларды ақынның туған ауылына деген шапағаты деп бiлдiк. Иә, қиырдағы ауылға осындай игiлiктердi жасауда облыстың бұрынғы әкiмi Серiк Үмбетовтiң еңбегi зор. Оған жиналған қауым ауық-ауық ризашылығын бiлдiрiп жатты. Ақынның мерейтойы өткен шiлде айының 29-ы күнi Қарасазда басталды. Көрерменге лық толған Мәдениет үйiнде ғылыми-практикалық конференция өттi. Оны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, алғашқы сөздi Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының бас мүфтиi Әбсаттар Дербiсәлiге бердi. Ол күллi мұсылмандарды алдағы ораза айымен және онымен қатарласа келген Мұқағалидың сексен жылдығымен жиналған қауымды құттықтап, ақынның туған жерiн көркем тiлмен суреттей келiп, дiн тақырыбына жазған өлеңдерiн талдады. «…Мұқағали Кеңес дәуiрiндегi саясаттың салқындығына қарамай дiн тақырыбына да қалам тартты. Мысалы «Қаймағы бұзылмаған қайран дiнiм, Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгiн?! Құбылаға бет алып, қол қусырып, Сәждеге жығылатын қайда күнiң? Қаны аққан қайран менiң мұсылманым, Осы ма екi ортада қысылғаның. Бiрiгiңдер әлемнiң мұсылманы, Құрбан болсын Құдайың үшiн жаның!!!» деп келетiн өлең жолдары бар. Естерiңiзде болар, сiздер мен бiздер дiндi «апиын» дейтiн заманға куә болдық қой. Мұсылманбыз деп айтудың өзi ұят саналған сол дiнсiз дәуiрде ақын құбылаға қарап, қол қусырып сәждеге жығылатын қайда күнiң деп жүрекжарды сөзiн паш еттi. Мұқағали сол кезде-ақ дiн исламды осылай батыл жырлады. Бұл оның ақындығы ғана емес, нағыз батырлығы деуге болады. Ол өз дiнiне берiктiгiн де жырынан қалыс қалдырған жоқ. Сол зұлмат заманның өзiнде ол: «Сатқан емен, сатпаймын дiнiмдi мен, Өлмейтұғын, өшпейтiн күнiн бiлем, Сатпайтын сүндетiмiн, мұсылман Мұхаммед үмбетiмiн» – деп Мұқағали яғни Мұқамбетәли бауырымыз жырлады. Осыдан-ақ оның дiнiмiздiң барлық құндылықтарын сол кездiң өзiнде қадiр тұтқаны көрiнiп тұр емес пе. Егер ол бүгiн жер басып жүргенде алдағы Рамазан айында сiздер мен бiздердi ауыз бекiтуге шақыратын жыр жазарына, күнәлi iстерден аулақ болуға шақыратынына еш күмәнiм жоқ. Ол «Таппайтын күнде тыным, түнде тыным, Мұсылман Мұхаммедтiң үмбетiмiн» деп күндiз-түнi ғибадатпен еңбекпен айналысатын мұсылмандықты жырлады. «Дiн – ғылымның анасы, Дiн – ғылымның әкесi. Ғылым – бiлiм баласы, Дiн – ғылым көкесi. Ғылымда бар, дiнде бар. …Қол қусырып Құдайға, Ғылым мен Дiн бiрге бар». Шынында да, мен таң қаламын. Қасиеттi Құранның 719 жерiнде ғылым-бiлiм туралы айтылған. Ақын соларды оқыған ғой деген ойға қаламын. Ол тағы бiр шумағында. Ақын бүгiнгi мұсылман елдерiнде қан төгiлiп аласапыран болғанын күнi бұрын сезiнгендей. «Қайран менiң мұсылманым, Осы ма екi ортада қысылғаның, Бiрiгiңдер әлемнiң мұсылманы, Құрбан болсын Құдайым үшiн жаның» –деп әлемдегi исi мұсылмандарды бiрiгуге шақыруда үлгi көрсеттi. Мiне, осылай Мұқағали ақын бұған өз заманында-ақ үн қосып кеттi. Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов қала әкiмiнiң құттықтау сөзiн жеткiздi. Сондай-ақ қалада Мақатаев атындағы көше мен ескерткiшi барын тiлге тиек еттi. Нұрлан Оразалин тойға келген бiрқатар елге танымал ақын-жазушылар мен ғалымдарды атап шықты. «Мұқағали поэзиясындағы ұлт және рух» тақырыбында «Қазақстан» энциклопедиясының бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып баяндама жасады. Ол ақын шығармаларының әр қырынан сөз қозғай келiп: «…Қазақ поэзиясы дегенде Мұқағали есiмi бiрден ауызға iлiгедi. Көз алдымызға тау тұлғалы ақын бейнесi елестейдi. Сонау жиырмасыншы ғасыр қойнауында жазып кеткен мұңды, сырлы жырлары бiзбен бiрге бүгiнгi күнге де жеттi. Халқымыздың тарихында өз жырларымен қазақ халқының рухани әлемiн байытқан ақындар аз емес. Солардың iшiнен қазақтың қара өлеңiн, көш керуенiн қара нардай сүйреген үлкен ақындарымыздың бiрi әрi бiрегейi – Мұқағали Сүлейменұлы ағамыз. …Мұқағали – жалпы халықтық, ұлтшыл тұлға. Әрбiр өлеңiн оқыған сайын оны жазбай танисың және айқын аңғарасың. Жалпы ұлттық құндылық дегенiмiзде талай ғасырлық құндылықтарымызды алға тартар едiк. Бұлар туған жер, өлкемiз, тарихымыз, салт-дәстүрiмiз, дiнiмiз осылардың қай-қайсысы да Мұқағали өлеңiнiң алтын арқауы. «Қазақстан! Пай-пай ардағым-ай! Сен менiң Шолпанымсың, жанған ұдай. Өзiңде өмiр сүрген қандай бақыт, Өлмейтiн махаббатым, арманым-ай!..» деп келетiн өлең жолдары қазақтығымызға қуантып, көкiрегiмiзге мақтаныш ұялатып, ұлттық рухымызды оятады. Ол қашанда халқымен бiрге болды. Ол тағы да Отан туралы былай дейдi. «Құс ұясыз, Жыртқыш iнсiз болмайды. Отансыз жан өмiрiнде оңбайды. Өзiн-өзi қорлайды да, сорлайды. Тiрi адамға – сол қайғы. Бiлесiң бе, Отанның сен не екенiн? (Екi өмiр жоқ, әрине, жоқ екi өлiм.) Екi Отан жоқ. Жалғыз Отан – мекенiң!» деп тайға таңба басқандай жазып кеткен. Бұл – бүгiнгiлердiң бәрiне айтылған нақты өсиет. Отандық сезiмнiң асқақ үлгiсi. Шешен ақынның осымен сабақтас, үндес мына өлеңiн де мысалға ала отырып, тiлiмiздiң туын биiк ұстау әрбiр қазақ баласының парызы екенiн, ол Мұқағали жырында қалай көрiнiс тапқанына тоқтала кеттi. «Және де сиқырлы сөз өнерiн, Оңбайды сөз өнерiн тежегеннiң, …Бұл тiрлiктен бiр күнде кетер едiм… Қасиеттi тiлiмнен түңiлмедiм». …Егер бүгiнгiдей азат заман болғанда, Мұқағали ақын тарих қатпарларын да терең ақтарар дейдi. Оған дәлел сол заманның өзiнде, 1971 жылы «Райымбек!» дастанының жазылуы. Қазақ халқының қиын-қыстау кезеңiн жырлаған тарихи дастан он жылдан кейiн барып «Лениншiл жас» газетiнде жарияланды. Сол поэмада ол: «Ақтабан шұбырынды. Ақтабан шұбырынды… Ақ туың жығылды. Олақ қатын тоқыған алашадай, Өрмегiңнiң арқауы суырылды. Жәннатыңды жамсатып жау орнады, Жатқаны анау өртенiп қара орманың. Туырлығы туралып, тоқым болып, Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың. Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға, Өттi күнiң, сор қатып маңдайыңда. Кеттi қымыз жауыңның таңдайында, Кеттi қызың жауыңның борбайында. Ақыныңа, серiңе, батырыңа, Туысыңа, қимаған жақыныңа, Тұяғымен ор қазған тұлпарларың, Тулап кеттi жауыңның тақымында» деген жыр жолдарының мазмұны шешен сөзiмен ақынның қазақ халқының бастан кешкен ауыр әрi қилы кезеңдерi поэмада көркем тiлмен суреттелгенiн ашып бердi. Баяндамашы ақынның «Дариға, домбырамды бершi маған» атты өлеңiне де тоқтала кеттi. «…Домбырам, жүрегiммен үндес едiң, Сенiмен сырласымдай тiлдесемiн. Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң, Өнердiң не екенiн бiлмес едiм. Өсiрген өнерiмдi Қызыр бабам, Үнiңнен айналайын бұзылмаған! Киелi пернеңе бiр қол соқпасам, Iшегiң жетiмсiреп ызыңдаған». Ол ақынның осы жыр шумақтарының қай-қайсысында да қазақи болмысымыз да, өнердi өрге сүйреген қазақи қасиеттi қара домбырамыз да, ырым-тыйым жоралғымыз да көрiнiс тапқанын сабақтап шықты. Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын жинақтаған алғашқы комиссияның жауапты хатшысы, мұқағалитанушы, шығармаларын зерттеушi, «Жалын» баспасының директоры, көрнектi жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Мұқағали жырларындағы дәуiр ақиқаты» тақырыбында баяндама жасады. Жазушы баяндаманы қағазға қарамай, ауызша жасады. Баяндамашы: «…Әр он жыл сайын ел-жұрттың Мұқағалиға деген ынта-ықыласы артып келедi. Осыған қарап Мұқаң тек кешегi мен бүгiнгi күннiң ақыны ғана емес, болашақтың да ақыны дегенге ешкiмнiң күмәнi бола қоймас. Бiрақ ғылым деген тек адамтанудан ғана тұрмайды. Ғылым шындықты ашудан тұрады. Бiзден кейiнгi ұрпаққа Мұқағалидың таза өзiн жеткiзуiмiз керек. Мұқағалидың боямаланған, әсiреленген, шындықтан алыстаған атақ-абыройын емес, оның бiз сияқты адам екенiн, бiз сияқты адам бола тұрып, соншалық керемет шығармалар тудырғанын бiз ғылым жолымен дәлелдеуiмiз керек. Мысалы ақынның жазып кеткен күнделiктерi бар. Күнделiктiң жартысы қазақша, жартысы орысша. Соның түпнұсқасын кiм көрдi? Сол күнделiктi алғаш жарыққа шығарған бiздiң «Жалын» баспасы. Бiрақ күнделiктiң түпнұсқасын мен де көрген жоқпын. Ол қайда? Ғылым осыны зерттеу керек. Жырларының жарық көргенi мынау, ал жарық көрмегендерi қайда? Жыртылғаны қайсы, бүтiнi қайсы? Ғылымның соны да зерттеуi тиiс. Бұл бiреулердi мадақтау, мақтау емес, бұл ақынның жазғанын түгендеп, тереңiнен талдау. … Мұқағалиды бiреулер көбiрек жазғырады. «Мұқағали iшiп жүретiн едi» дейдi. Мұқағали iшiп жүрген заманда бәрiмiз iшiп жүрдiк. (залдан күлкi естiлдi) Оның неменесi күлкi. Мен ақиқатын айтып отырмын. Ал мынандай дарынмен, мынандай ақылмен Мұқағали неге iштi? Ғылым соны да зерттеу керек. Бұл – әдебиеттi зерттеудiң обьектiсi. Мына ғылыми конференция соған жауап беруi тиiс. Мұқағалидың мұңсыз өлеңi жоқ. Ол қайдан келген мұң? Мемлекет қысты ма, отбасының жағдайы болмады ма? «…Ол өмiрде қиыншылық көрмесе, жақсы мен жаманды тең көрмесе, одан мынандай асыл сөздер шықпайды. Қиыншылықты көрмеген, сезiнбеген адамнан қандай асыл сөз шығуы мүмкiн? Ғылымның осыны да зерттегенi жөн. Тiрiсiнде Мұқағалиды неге бағаламады?.. деген секiлдi сұрақтар көп айтылып жатыр. Баспаларда тақырыптық жоспар деген болады. Келер жылы кiмнiң кiтаптары шығады?» – дей келiп, баяндамашы ақынның кiтаптары баспадан жылда шығып тұрғанын, ондай мүмкiндiк тек ерекше дарынды ақындарға ғана берiлетiнiн, бiрақ басқа ақындардай он, он бес баспа табақпен емес, небәрi екi жарым баспа табақпен шығатынын мысалға алды. «…Мысалы 1967 жылы басқалармен қатар Мұқаңның да кiтабы шықты. Сол жылы Тұманбай мен Қадыр iнiлерiнiң, баспаның Поэзия бөлiмiн басқарып отырған Сағи Жиенбаевтың, «Жазушы» баспасы бас редакторының орынбасары Қайрат Жұмағалиевтiң, сондай-ақ Жұмекен Нәжiмеденовтiң кiтаптары қандай көлемдермен шықты? Мұқағалидың кiтап көлемiн солармен салыстырғанда бiраз шындықтың бетi ашылады. Зерттеймiн дегендерге Орталық кiтапханадан сол жоспарлардың тiгiндiсiн табуға болады. Мұқағалидың неге ренжiгенi содан да байқалады. Адам болған соң, пенде болған соң бұл көңiлге келмейдi ме? Әрине келедi! Оның ренжуi осындай әлеуметтiк әдiлетсiздiктен де болуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты, Қазақстан Ғылым академиясының академигi, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есiм ақын шығармаларының басты ерекшелiктерiне тоқтала келiп: «…Мұқағали – өмiрден өзiн тыс қойып, өмiрге бөгде көзбен қарамаған адам. Мұқағали әлемiн анықтайтын – қазақы болмыс, қазақы рухы. Өлең-жырлары ұлан-байтақ қазақ даласының, ұлтының шөлiн қандырған рухани азығы. Республиканың қай өңiрiне бара қалсаң да алдыңнан Мұқағали өлеңдерi шыға келедi. Бiз көп жерде Мұқағали поэзиясына сүйенемiз. Сөзiм дәлелдi болу үшiн бiр мысал айтайын. 2002 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында Қозы Көрпеш – Баян Сұлу жырының 1500 жылдық мерейтойы болды. Содан сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың Мұқағалидың сөзiне жазылған «Аякөз деген аядай бұлақ деседi. Жұрттарда қалған жұмбақты кiмдер шешедi, Аякөз болып ғасырлар алға көшедi, Ая, көз, ая, – Арулар елi кешегi» әнiн естiгенiмде ерекше әсерге бөлендiм. Мұны Мұқаң Аякөзге барғанда Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесiн көрген соң жазған екен. Сол өлеңнiң әсерiмен Алматыға келген соң «Егемен Қазақстан» газетiне арнайы мақала жаздым. Мұқағали: «Дiн – ғылымның анасы», – дейдi. Мұны қалай түсiнуге болады? Ол дiндi ғылымнан жоғары қойып отыр. Бұл – үлкен жаңалық! Мұқағали өмiр сүрген заманда бұл керiсiнше болатын. Ғылым дiннен әлдеқайда биiк болған. Ол ғылым Жаратушының жаратқанын зерттейтiнiн айтады. Мұқағалидың осы айтқаны тiптен дiнтанудың негiзi болып отыр. Бұл оқулыққа да енгiзiлдi». Жас әдебиет зерттеушiсi Амангелдi Кеңшiлiкұлы: «…Батыстың данышпаны Эмерсон бiр сөзiнде адамды тазарақ, әрi қаһарман ететiн дүниенi ғана поэзияға жатқызуға болатынын қадап айтыпты. Ақиқат солай болса, неге бiз Мұқағали жырларының – сәбидiң көз жасындай шынайылығымен тазалыққа тәрбиелеген, ақындық қуатымен бойымыздағы қаһармандық рухты оятқан заманымыздың ең ұлы сәулесi болғанын айта алмай келемiз? … Мұқағалиға деген сүйiспеншiлiгiмiз күн өткен сайын күшейе бердi. Сүйiншi сұрағандай құлағымыз шалған сол әңгiмелердi бiр-бiрiмiзге жеткiзгеннен де ләззат табушы едiк. Соның бәрiн көрiпкелдiкпен жырлап кеткен ақын өлеңдерiн оқығанымызда Мұқағалидың әулиелiгiн мойындамасқа амалымыз қалмады. Ақын бiр өлеңiнде қырықтың бесеуiнде дүниеден өтетiнiне сәуегейлiк жасаса, ендi бiр жырында өлген соң өзi туралы талай естелiктердiң жазылатынын айтып, толғанады». Филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубеков, мұқағалитанушы Нұрлытай Үркiнбаева ақынның өлеңдерiне жазылған әндер мен дiни тақырыптағы өлеңдерiн талдады. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бiрiншi орынбасары Ғалым Жайлыбай ақынға арналған өлеңiн оқыды. Ақын Мұқтар Шаханов мiнберге шығып, бүгiнгi ақын-жазушыларды, ғалымдарды бөдене таланттар мен Қажымұқан таланттар деп екiге бөлетiнiн, Қажымұқан таланттың iлуде бiреуi ғана кездесетiнiн айта келiп: «Мұқағали Мақатаев – Қажымұқан талант!» деп ой түйiндедi. Ол Мұқағалидың көзi тiрi болса, халқының бүгiнгi жағдайын батыл жырлайтынын, оның өмiрiнiң осы күнге жетпей кеткенiне өкiнiшiн бiлдiрдi. «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы: «Мекен-жайым жер менiң, Жерде жүрген ақын деген пендемiн, …Уақыт бер аздаған, Мен өмiрдi жырлау үшiн келгенмiн»,– дейдi Мұқағали. Ол философпен философ болып сөйлеседi, Мұқағали математикпен математик болып сөйлеседi, дiндармен дiндар болып сөйлеседi. Қандай ойды iздесеңiз де Мұқағалидан табасыз. Өлеңдерiнiң төрт құбыласы түгел жарап тұрған ақын. Мұқағали қазақтың өзi. Мысалы адамның дауысын естуге болады. Бiрақ жан дауысын ести алмайсыз. Ал ендi сол жан дауысыңыздағы толқып тұрған сезiмдi суреттеп айта алмай бұлқынып тұрған кезде Мақатаевтың өлеңдерiн оқып, соңындағы Мақатаев деген фамилиясын алып тастасаңыз ол сiздiң өлеңiңiз, сiздiң жан дауысыңыз болады» – деп ой қорытты. Қытайдағы қазақ әдебиетiнiң жанашыры, қытай тiлiн жетiк меңгерген Ғайша Тәбәракқызы жуырда ғана өзi қытай тiлiне аударған Мұқағалидың «Қаздар қайтып барады» жыр жинағының жүз елу данасын елге тарту ете отырып, сөз сабақтады. «Кiтапты аударып болған соң қытайдың белгiлi ақын-сыншыларына пiкiр айтуға жiбердiм. Солардың бiрi маған былай деп хат жазып жiберiптi. «Қазақтың Мұқағалиын түсiну үшiн үлкен қабiлет керек. Оған әзiрге менiң қабiлетiм жетпей тұр. Бәлкiм бiрнеше рет оқып шығуға тура келер». Аудармашы Мұқағалидың бiр өлеңiн қытай тiлiнде оқып бердi. Ертеңiне Шәлкөде жайлауында той өттi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң iс басқарушысы Серiк Үмбетов салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың тойға арналған кұттықтауын оқып бердi. Содан кейiн сенатор Қуаныш Сұлтанов, ақын Несiпбек Айтов, Тұманбай Молдағалиев, Оразгүл Асанғазы және тағы басқалар сөз сөйледi. Бала Жамбыл ақын атасы Мұқағалиға арналған үш өлең оқып, баршаны сүйсiндiрдi. Тойға келгендер түстен кейiн ұлттық ойындар мен аламан бәйгенi тамашалады.