Жеке табыс салығы бойынша салықтық шегерімдер мен өзгерістер

/
Жеке табыс салығы бойынша салықтық шегерімдер мен өзгерістер

Азаматтарды салық салу тәртібі және салықтық шегерімдер туралы ақпараттандыру мақсатында жеке табыс салығына (ЖТС) қатысты негізгі ережелер, сондай-ақ 2026 жылдан бастап күшіне енетін өзгерістер түсіндіріледі.

Салықтық шегерімдердің алдын ала сомасы

Жеке тұлғалар 2025 жылға арналған ЖТС-ты есептеу кезінде өзге де салықтық шегерімдердің алдын ала сомасын қолдануға құқылы. Аталған сома медициналық қызметтерге, оқуға және ипотекалық қарыздар бойынша сыйақыны төлеуге байланысты жоспарланған шығыстарды қамтиды.

Салықтық шегерімнің ең жоғары мөлшері 282 АЕК-ті (2026 жылға 1 219 650 теңге) құрайды.

Салықтық шегерімді қолдану үшін салық агентіне (жұмыс берушіге) өтініш беру қажет. Сонымен қатар 2025 жылы өзге де шегерімдердің алдын ала сомасын қолданған жеке тұлға 2025 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) растайтын құжаттарды қоса отырып, 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

Көпбалалы отбасыларға арналған салықтық шегерім

Көпбалалы отбасылар үшін 282 АЕК мөлшерінде салықтық шегерім көзделген. Аталған шегерім 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 18 жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға қолданылады.

Салықтық шегерім мөлшері ата-аналар арасында мынадай тәртіппен бөлінуі мүмкін: әрбір ата-анаға ай сайын 11,75 АЕК (50 794 теңге) мөлшерінде немесе ата-аналардың біріне ай сайын 23,5 АЕК (101 488 теңге) мөлшерінде.

Салықтық шегерім салық агенті арқылы да, сондай-ақ декларацияны өз бетінше тапсыру кезінде де қолданылуы мүмкін.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген күннен кейін жүзеге асырылатын біржолғы зейнетақы төлемдері жеке табыс салығымен (ЖТС) салық салудан босатылады.

Сонымен қатар 2026 жылға дейін жүзеге асырылған және салықты белгіленген кестеге сәйкес 16 жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен төлеу тәсілі таңдалған біржолғы зейнетақы төлемдеріне де осы босату қолданылады.

Мүліктік табысты айқындау үшін мүлікке меншік ету мерзімі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жылжымайтын мүлік объектілерін өткізу кезінде мүліктік табыс жеке тұлғаның меншік ету мерзімі екі жылдан асқан жағдайда туындайды.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған және аталған күннен кейін өткізілген мүлікке қатысты бұрын қолданылған меншік ету мерзімі — бір жылдан астам мерзім — сақталады.

Мүліктік табыс алған жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) табыс алынған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыруға және жеке табыс салығын 25 қыркүйектен кешіктірмей төлеуге міндетті.

Бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі мүліктік табыс

Бағалы қағаздардың құн өсімінен алынатын табыс оларды өткізу жөніндегі әрбір операция бойынша айқындалады, кейіннен оң және теріс нәтижелерді жиынтықтау арқылы есептеледі.

Жиынтық нәтиже оң мәнге ие болған жағдайда құн өсімінен табыс танылады, ал нөлдік немесе теріс мән болған кезде мүліктік табыс туындамайды.

Бағалы қағаздар оларды сатып алу күніне қарай хронологиялық тәртіппен есептен шығарылады. Брокерлік сыйақы бағалы қағаздардың бастапқы құнына енгізіледі және сол арқылы салық салынатын табысты азайтады.

Аталған нормалар салық салудың ашықтығын арттыруға және салық төлеушілердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары