МАХАББАТ ХАУЫЗЫ

МАХАББАТ ХАУЫЗЫ

МАХАББАТ ХАУЫЗЫ
ашық дереккөзі
159

Оның аңсап, сағына күтiп жүрген махаббаты көп-көп өкiнiш, мұң-зар болып шықты. Онан кейiнгi төрт қыз тұрмысқа шығуға әзiр екен де, бұл олардың жолын байлап жүрiптi. Шешесi: «өзiм ұзатпасам кәрi қыз болып отырып қаласың қу тiзеңдi құшақтап, би де, ән де саған бала болмайды», – дедi. Ол сезiм әлемiнiң құпиясын iздеп жүргенiнде, апасы күрделi мәселенiң шешiмiн оңай тауып қойыпты. Көршiнiң баласына бермекшi.

– Орыс сыныбында оқыған ана бiр сүйкiмсiз баласы болмаса, мейлi, – дедi табан астында өксiк қысып, бұрқ етпе ашуы көтерiлiп тұрды да, шешесiн шарасыздықтан құтқарғысы келiп жылышырайлана қалды. Көршiнiң Құлан деген баласының әйтеуiр қылығы ұнамайды. Кекiрейетiн секiлдi ме, мұрнын шүйiретiндей ме… Аралас мектепте оқығандықтан ба, бiрде бұлар бiрлесiп кеш өткiзiп, соңынан бiр оқушының үйiне барып бас қоспақшы болды. Қыздар жағы улап-шулап ұйымдастыру жұмысына бiлек сыбана кiрiсiп кеткен. Сонда бiр арқын-жарқын шақта Құлан:

– Қазақ сыныбының қыздарын қоспай-ақ қояйық, – деп қойып қалған.

– Неге? Неге? – деп аңтарыла сұрағандарға:

– Ертең бар көрген-бiлгендерiн ата-аналары мен мұғалiмдерге айтып барады да, әке-шешелерi таяқ сүйретiп келiп, кешiмiздiң шырқын бұзады.

Балалар бiраз даурығып барып, бұлардың бетiне қараған. Гүлсара қып-қызыл болып кеттi. Өткен жолы бiр жиналыста отырғанда шешесi құрық ұстай келiп, өткен-кеткен оқушыдан: «Гүлсара жиналыстан тез шықсын. Түн болып барады» деп сәлем айтып, өзi кезекшiнiң жанында отырып, қызу әңгiмеге кiрiскен. Бұл жиналысты тастап сыртқа шыққан. Ызадан жарылардай болып шешесiнiң жанына келген: «Мiне, балаларыңыздың тәртiптi болғаны сiздiң арқаңызда, осында отырғандардың көбiнiң әке-шешесi балаларының дәл қазiр қайда жүргенiн бiлмейдi де» деген кезекшiнiң сөзiне имандай иланған шешесi оқушылар дуылдап сыртқа лап қойғанда ғана орнынан көтерiлген. Онысымен қоймай бiр-бiрiне әзiл айтып, иықтарымен қағып, қыздардың қолын ұстай қалғандарына зекiп:

«Тәйт әрi, әкесi қылжақбастың баласы ыржақбас» деушi едi, әкесiне аумай тарта қалуын қарашы» деп, ендi бiрiне «селтитiп кекiл кесiп алғанын қара, жарасса, кәне» деп сөйлей жүре құрығын жерден алғанда орыс сыныбының балалары дүркiрей бiр бұрышқа ығысқан. Апасы оларға бiртүрлi болып көрiнген. Гүлсара қараңғы көшеге атып шыққан.

– Ей, қайқаңдамай қатарымда жүр, – деп бұған да зекiген.

– Апа, қызыңызды қасқыр алып кетедi дедiңiз бе? – Бұны естiгендер көшенi басына көтере ду күлген.

– Қасқыр не қылсын, сен секiлдiлер болмаса. – Апасы қыржия жауап берген.

– Бiзге де «мамина дочкалар» қажет емес. – Жаңағы бала апамды тықсырып барады.

– Тiл мен жағыңа сүйенбей аулақ жүр. – Апасы құрығын сiлтеп қалды. Балалар жағы ду күлген. Сол Құлан ғой. Гүлсараға содан кейiн мазақтай қарайды. Жанынан өте қалса «апаң шақырып жатыр» деп тiлiн шығарып кетедi. Гүлсара да оны көрсе жиырыла қалады. Содан екеуi сөйлеспей кеткен. Ендi…

– Арада күн өтпей дәл сол сөйлеспек түгiл бетiне қарағысы келмейтiн сүйкiмсiз бала келiп тұр.

– Менiң саған үйленуiм керек екен, – дейдi.

– Кiм айтты?

– Үлкендер солай шешiптi.

– Маған да айтқан.

Содан кейiн не айтарларын бiлмей үнсiз қалды. Тiл қатысудың өзi қиын. Айтатын сөздi айтқан соң ендi не десем екен дейдi. «Сенiң жүрiп жүрген қызың жоқ па?» деп сұрауға оқталды да, одан тез айныды. Айтатын да ештеңе жоқ. Түк те түспейдi ойына. Мүшкiл халдерiн елемеу үшiн үнсiз отыр.

– Паспортыңды бер.

– Оны не iстейсiң?

– Некеге тұруға өтiнiш беремiн.

Ол қолына құжатын ұстатты.

– Жақсы, онда! – дедi де шығып кеттi. Оның дидарында да, мұның жүзiнде де ешқандай ұшқын байқалмады. Шамасы, кетiп бара жатып ол күрсiндi, бұның iшiнен ешкiмге, ешнәрсеге жұбанбайтын ащы өксiк көтерiлiп келе жатты. Көз алдына қыл арқанмен қосақтап қойған малдардың мүләйiм түрлерi келдi. «Әй, не болса сол болсын» – деп ойлап студиядағы жұмысына келдi.

– Ертең қырғыз елiне гастрольге барамыз, – деп ұжым сапарға шығудың жұмысымен абыр-сабыр екен. Гүлсара бүгiн кетуге әзiр. Өзiн шырмаған ойдан құтылатындай ма, әйтеуiр сырттан бiр жеңiлдiк табатындай. Бұл «Айжанқызды» билейдi. Айжандай өжет, тапқыр, талай саңлақ күйшiлермен күй жарыстырған дарынды қыздың еркiн бейнесiн би арқылы сахнадан көрерменнiң көңiлiне құяды. Күй атасы Құрманғазы мен дауылпаз күйшi Айжанның айтпай ұғысқан жан дүниесiндегi сарындар едi. Гүлсара оны әсем қимылымен өрнек сала, берiле билейтiн. Көрерменiн ғажап күйге бөлейтiн. Ендi осы «Айжанқызды» билемеймiн деп әлек салды.

– Мен секiлдi болбыр, өзiндiк ой-пiкiрi жоқ адамдарда махаббат болмайды. Махаббаты, сезiмi жоқ адамдар «Айжанқызды» бар бұрауымен, шырқ үйiрiлiп билей алмайды, – Гүлсара өз-өзiнен булығып, шәт-шәлекейi шығып, айналасындағылардың апшысын қуырып жiбердi.

– Сен халыққа «Балбырауын», «Былқылдақ», «Келiншек» билерiмен танылғансың. Арындаған қалпыңмен, өрекпiген көңiл-күйiңмен қимыл поэзиясын тудырдың. Ендi ойламаған жерден неге сынықсып қалдың? – Хореография жетекшiсi солқылдақ шыбығымен ауаны тiлiп өттi. Гүлсара денесi дiрiлдеп, бойын билей алмай, көзi жасаурап терiс бұрылды.

– Онда «Тоты құс» пен «Бөртенi» орында.

– Жо-жоқ. Мен бұл жолы «Кеме апатын» орындауға ғана шамам келетiн шығар.

– Менен өзге бiр де бiр хореограф сенi бұлай өбектемес. Көңiл-күйлерiңдi көтерiп, жұмысқа кiрiсiңдер. Ауыр болды дегендерiңмен қоштасамыз. Бiттi, болды. – Жук та қатулана қалды. Гүлсара бойын жиып алды.

«Кеме апатында» теңiздiң қимылдық образы жасалады. Күн нұры теңiзге құйылғанда толқын суды тербейдi. Ол теңiз асты жанартауларын оятады. Олардың атылуы бiздiң сезiмдерiмiздiң аясынан шығып кетедi. Ендi теңiз симфониясына толқын шуылынан басқа балық қимылынан туындаған әуендер қосылады. Бидiң жаны осы әуен. Оған толқынмен ойнаған мұң сәуленi өрнектеп қосқанда көңiл шабыты бәсең, мамыражай толғаныспен тербелiп жүресiң. Теңiз дауылы соққанда төңкерiлген кеме, өмiр үшiн арпалысқан адам. Қимылы шалт бұрылыстарға толы. Қолы, иығы, мойны, кеудесi – бәрi-бәрi осыны айтуы керек. Құстай қалықтап жүрiп, оны әлдебiр қуат ағынымен көрерменiне жеткiзуi тиiс, өзiнiң көңiл-күйi де осы қираған кемедей. Жанының үнi би әуенiмен астасып, үндесiп, зiл батпан ауыр үн өзiн де, көрермендi де езiп жiбердi. Музыка тоқтағанда ол сол жерде қалт тұра қалды. Күрделi қимыл бәрiне түсiнiктi болған секiлдi. Көрермендер орнынан ду көтерiлiп, көздерi жасаурай қол соғып тұр. Әсiресе алдыңғы қатарда отырған қара торы, кең жанарлы жiгiт мұның өнерiне риясыз сүйсiнгенiн iшкi сезiмнiң әсерiмен аңғарғандай, әлде ауаға сiңiп жатқан мол-мол қошеметтiң iшiнен от кеуденiң жалынының бiр түйiрi жүректегi сағыныштың шоғын үрлеп жiбердi ме… Әйтеуiр осыдан сәл бұрынғы жабырқаған көңiлi жадырап, оты бәсеңдеген жүректе үркектеген құмарлықтың қаны тулады. Байқаусыз, ойламаған жерден жанына махаббаттың ақ мамық ұшқындары келiп қонып жатты, қонып жатты.

– Мен сiздi адамдардың арасында жүрген перiште ме деп қалып ем, – сахна сыртындағы бөлмеде отырғанда жаңа ғана жанарымен жанары түйiскен жiгiт алдына келiп, осылайша үн қатып тұр. Гүлсара ерiк, шамадан айырылып, киiмдерiн қолына құшақтап жылап отырған. Жақсы билеп шыққанда асау аттай екпiндеп, тасқындап кететiн. Бойындағы азын-аулақ мұңды қимылмен сiлкiп тастайтын. Бұл жолы көңiлсiз ой ырқынан шыға алмай тұр.

– Перiште дегенiңiз шайтан болып шықпасын. – Бұл сөзi екеуiне де жаман әсер қалдырды. Осындай доғал айта аламын дегенге сенбес едi. Дөрекi сөзден өзi де шошыды.

Құрманның бұйра шаштары жылт-жылт етедi. Гүлсараның бiлуiндегi, санасындағы ең әдемi, ең жақсы жан осы адам секiлдi. Күлгенде қызыл ерiндерiнiң арасынан көрiнетiн аппақ тiстерi қандай. Жанары бүкiл жан-дүниеңнiң үп еткен өзгерiсiн қалт жiбермей қабылдайтындай. Құрман – опера әншiсi екен. Концертiне шақырды. Тарғынның ариясын орындады. Гүлсара берiле тыңдады. Шындығында, ол қазiргi бiз өмiр сүрiп жатқан кезеңнiң таланты емес, басқа, басқа бiр жақтан келгендей. Ғажап! Бiрде ол айқын, анық көрiнiп тұрса, бiрде түрлi-түстi реңге боялады, одан соң от секiлдi лапылдап, сахнада мәңгiлiк деген ұғымды оятып, алыстайды. Гүлсара бойында бiр өзгерiстiң болғанын сезiндi. Кеудесi күйге толып дүбiрлейдi. Әуенге құлақ түрiп, қимылымен оны әсем бейнелеуге бейiм тұратын жан Құрманның талантына да, өзiне де ессiз елiтiп кеткендей.

– Тарғынның ариясын мүлде басқа дауыспен айту керектiгiн сенi кездестiрген соң барып ұғындым. Сен болмасаң бұлай шықпас едi. Менiң табиғи даусыма жақсы көру сезiмi қосылғаннан кейiн барып, ол осылай шарықтау шегiне жеттi. Сен менiң махаббатымды оятып, дарынымды аштың, қасымда жүрсең, мен сөзсiз атақты әншi боламын.

Одан кейiн өз партияларын қандай дауыспен айтатынын қайталады. Гүлсара ара-арасында өз бiлгендерiн қосып қояды. Көңiлi өскен, өнерге берiлген сәттердiң шуағы күздiң келiп қалғанын аңғартпапты.

* * *

– Екi аптадан кейiн тойың болады, қайт, – деген хабар келдi. Шешесiнiң ұзатқалы жатқанын есiне алып, ұнжырғасы түсiп кеттi. Мүлде ұмытып кетпеген, бiрақ болмай қалатын секiлдi ме, әлде шешесi мұның ырқына көнетiндей ме, әйтеуiр iшi солқылдап, бекемдiкке бел бумаған. Көз жасы лықсып келiп, ал келiп еңiресiн. «Не болды, не болды?» деп үрпиiскен әрiптестерiнiң сұрағын жауапсыз қалдырған, бiр шама уақыттан кейiн ғана барып:

– Күйеуге шығатын болыппын, – дедi.

– Е, оған қуанбайсың ба?

– Қуанып тұрмын, – деп ол жалтара жауап бердi.

– Онда неге жылайсың?

– Киетiн көйлегiм жоқ. – Жауабы күлкiлi шықты.

– Оны өзiмiз тiгiп-ақ беремiз. – Қыздар шуылдасып кеттi. Лезде қуанышқа арнап дастарқан да жайып жiберiптi. Гүлсара бұрын аузына алмаған арақтан тартынбай iштi. Iштi де ағыл-тегiл ақтарылды. Құрман деген әншiнi жақсы көрiп қалғанын, бiрақ үй-iшi көршiнiң шахтер баласына ұзататынын ебiл-дебiлi шыға отырып айтты.

– Жiгiтiңнiң бар екенiн айтпаймысың?

– Ендi кеш, некеге тұрып қойдық.

– Елдiң қызы үндемей екi жiгiтпен қатар жүредi, ал бiзде бiреу де жоқ, – деп өзiмсiне әзiлдегенiмен, «бiр қыз тұрмысқа шықса қырық қыз түс көредiнiң» керiн келтiрiп, әзiрше өздерiне бұйырмай тұрған бақытқа тамсанады. Тойын өткiздi. Абыр-сабыр басылып, екеуден екеу бетпе-бет қалды. Жат адамдар секiлдi. Әңгiме де, сезiмге берiлу де болған жоқ. Екеуiне ортақ нәрсенi таба алмады.

– Сен маған тиiспе, мен сенi бiлмеймiн. – Гүлсара кеше ғана әйелi болуға келiскен адамына жақтырмай қарады.

– Тиiспек тұрмақ қасыңа жоламаймын да. – Дiк-дiк басып сыртқа шығып кеттi. Күнде осылай, үйге бiрi кiрсе, екiншiсi шығып кетедi. Бiр-бiрiн елемеуге, бiр-бiрiн iздемеуге екеуi де iштей бекiнiп алғандай. Анда-санда бiр жалт-жалт етiп қарасып қалады. Көзқарастарынан ыза ұшқындап келе жатты.

Гүлсара бұлай iштей ырғасуға шыдамай, үйiне келген.

– Неге келдiң? – дедi атасы мұның сазарған жүзiнен әлдеқандай салқындықты аңғарып.

– Үйiм ғой, үйiме келуге болмай ма?

– Бұл сенiң үйiң емес.

– Қалай сонда, мен сенiң балаң емеспiн бе?

– Иә, сен ендi өзгенiң баласысың, шаңырағың, қазаның бөлек.

– Қашаннан берi?

– Күйеуге шыққанан бастап.

– Менi мүлде балаларыңның тiзiмiнен сызып тастадың ба?

– Иә, иә! – атасының даусы саңқ еттi, – жолың әнi, – деп шығар жақты иегiмен аңғартып, өз бөлмесiнiң есiгiн тарс жапты. Гүлсара селк ете түстi. Атасы, күнi кешеге дейiн бiр ауыз қатты сөз айтпаған атасының жүрегi қара тас болып қалған ба?! Бәрiн түсiнетiнi, қас-қабағынан аңғаратыны қайда? Қалай өзгерiп кеткен? Менiң жанымның күйзелгенi, қиналғаны қабырғасына батпай ма?! Жақсы көретiнi де өтiрiк болғаны ғой. Әлде апасы осылай қайрап қойды ма? Гүлсараның онсыз да көз жасы дайын тұратын, бұл жолы тiптен көл болды. Оған iшкi мұңы қосылып, көшенi басына көтердi. Жер түйгiштеп, қолына түскен нәрселердi оңды-солды шаша бердi, шаша бердi. Тарс жабылған есiк қайта ашылмады. Жұбататын, көзiнiң жасын сүртетiн де ешкiм көрiнбейдi. Шешесi мылқау болып қалғандай. Бiр кезде, өкiрiп жылағаннан сiлесi қатқан кезде ауыл шетiнде тұратын ағасы келдi:

– Не болды сонша, бүкiл ауылды басыңа көтерiп? – дедi жанына жайғасып отырып жатып.

– Ешнәрсе! – Бұл жұлқына орнынан тұрды.

– Онда үйiңе бар, Құлан жұмыстан бүгiн ерте келiп қойған. – Соны айтты да, – мен өзiм шығарып салайын, сен тағы Бiшкекке өтiп кетерсiң, – деп машинасын от алдырды. Гүлсараның iшкi солқылы, iштей өртенуi, ашуы басылған ба, әлде үлкеннiң сөзiн жерге тастамайтын ыңғайға көнгiш мiнезiне басты ма, ағасына ләм-мим демей бетiн жуып, домбыққаны басылғанша бiраз отырды. Өз үйi аз уақыт iшiнде бұған сондай суық, бөтен болып қалғандай. Ешкiмге керексiз, ешкiм мұны iздемейтiнiне көзi жеттi. Сөлбiрейiп ағасына ердi. Құлан үйде екен. Шам жарқырап жанып тұр. Қазан да қайнатып қойыпты. Мұның кешiккенiне елеңдеп отырғаны аңғарылды.

– Ой, сенiң келгенiң қандай жақсы болды? – Тұңғыш рет қуана тiл қатты. Гүлсараның үндемей томсыраюға дәтi бармады. Бетiне қарап жымиды. Құлан күндегiсiнен мүлде өзгерiп кеткен секiлдi. Бiр ай уақыт iшiндегi сөз қатыспау, үнсiздiктiң жек көрушiлiкке айналып бара жатқандығы ендi сезiммен бүркемеленiп, сүйiспеншiлiкке айналып кеткендей.

– Сенiң келгенiң қандай жақсы болды! – Тағы қайталады. «Сенi жақсы көремiн!» – дегеннiң баламасындай естiлдi. Iшкi арпалысы атасының үйiнде қалып қойғандай. Жаман ойдан жан дүниесi тазарып, Құлан не айтса соны сiңiрiп жатқандай. Жүзi жылып, көзқарасы өзгергендей. Не деген өмiр. Тәп-тәттi болып татуласты. Көңiлде де дық қалмағандай. Гүлсара ендi атасының үйiне бармаспын деп iштей тас-түйiн байламға келген.

Iле-шала Гүлсараның айтқаны қате деп қабылданып, Құлан екеуiнiң арасында араздық қайта туды. Гүлсара үйден жаңа қалта телефон тауып алды. Бiреуге сыйлау үшiн алынғаны анық. «Кiмге?». «Әскерден келетiн iнiме!» дейдi Құлан жайбарақат. «Маған айтуыңа, көрсетуiңе болмас па едi? Мен осы үйдiң адамы емеспiн бе?». «Ондай ұсақ-түйектiң бәрiн әйелдiң бiлуi мiндеттi емес». «Неге?» «Сол». Бұл жолғысы – ерлi-зайыптылардың ұрысуы болды. Екеуiне де жаман әсер қалдырды. Кәкiр-шүкiр үшiн қызыл кеңiрдек болған қырқысу. Басқа отбасында мұндай болмайтын шығар. Ендi не де болса жұртқа бiлдiрмеу керек. Атасы сөзiн сөйлемегенде қаймана қазақтың емешесi езiлер ме? Қалай дегенмен де өмiрiм дұрыс басталмады-ау деп ойлады. Құлан есiктi тарс жауып шығып кеткен. Адам ашуланғанда өмiр күңгiрттенiп кетедi ғой. Гүлсараға солай көрiндi. Өзiн өзгелердiң әйелiмен, күйеуiн өзгелердiң күйеуiмен салыстырды. Басқалардiкi түсiнiктi, күйеулерi үй-iшiлiк кемшiлiктi сылап-сипап болдырмауға тырысатын секiлдi де, Құлан бұған жоқ жерден ашу шақырып, ұрыс iздеп тұратындай. Өз iшiн де бiрнәрсе тырналайтындай. Не қажет екенiн анық бiлмей аласұрады. «Осы кеткеннен мол кетсе екен» деп үлгергенше Құлан бiр құшақ қызғалдақ көтерiп үйге кiрдi. Осының алдында ғана екеуi ұрыспағандай, араларында ешнәрсе болмағандай, бетiне қарап жымиды. Гүлсара самарқау болуға тырысып тұрып, iле-шала жылышырайлана қалды. Қайта татуласты. Өзара жеккөру, өзiн-өзi жерге тығатындай кiнәлау болмағандай, қайта жаймашуақтанды. Ендi ренжiспейтiндей сүйiспеншiлiк басталды. Мұндайда ойлары да, көзқарастары да, жымиыстары да ортақ бола қалатыны бар. Қайдан шығатын ренiш, қайдан келетiн сүйiспеншiлiк? Кеше бiр-бiрiне ең жексұрын сөздердi айтып алып, бүгiн жымыңдаса екеуiнiң де жанына жағатын әңгiменi соғып отырғандары. Ендi бұлай болмайтын шығар деп ойлап үлгергендерiнше, тағы керiс басталады.

– Бiздiң өмiрiмiз «Екi молданың» мысал әңгiмесiндей болды ғой. Бiлушi ма едiң? – дедi бiрде Құлан қылдай нәрседен тайып, жанжал бұрқ ете түсiп, зығырданы қайнап, қайта басылып отырған шақта.

– Билеймiн деп жүрiп ешнәрсенi бiлмей қалыппын. – Гүлсара қиястана қалды. Құлан бұл жолы сөзге шырт етпей, басынан асырып жiбердi де, әңгiмесiн айта бастады. «Екi молда бiр бас қосқанда шариғат айтысып, шәлкем-шалыс келе бередi. Қызыл кеңiрдек болып әбден қызып алған екеуi мәмiлеге келе алмайды. Содан бiрiншi молда екiншiге бiр саусағын шошайтыпты. Екiншiсi оған екi саусағын шошайтады. Бiрiншiсi алақанын жайып бес саусағын көрсеткенде, екiншi молда жұдырығын түйiптi. Маңайындағылар әйтеуiр екеуi бiрiн-бiрi түсiнiстi деген жорамалмен тарқасады. Жол үстiнде келе жатып бiрiншi молданың жанындағы ақсақалдар бағанағы жайды сұрасқанда бiрiншi молда: «Менiң бiр саусағымды көрсеткенiм Алланы бiлесiң бе дегенiм, ол екi саусағын көрсетiп Алланы да, пайғамбарды да бiлемiн дедi. Менiң бес саусағымды көрсеткенiм, намаздың бес уақытын қаза қылмаймысың дегенiм. Оның жұдырығын көрсеткенi, тап мына түйiлген жұдырықтай тас-түйiнмiн дегенi» – дептi. Сол кезде екiншi молда да қасындағыларға жаңағы қылықтарының мән-жайын былайша түсiндiрiп бередi: «Оның бiр саусағын шошайтқаны көзiңдi шұқып алайын ба дегенi, мен онда сенiң екi көзiңдi ойып аламын деп екi саусағымды шошайттым. Жағыңнан тартып жiберейiн бе дегендей оның алақанын жазуына орай мен төбеңе бiр қойып қылжита саламын дегендi жұдырық арқылы көрсеттiм», – дептi. Гүлсара, түкке тұрғысыз нәрселер үшiн бiр-бiрiмiздiң жарамызды шұқып, ушықтыратынымыз не?

– Бiр-бiрiмiздiң пiкiрiмiзге, көзқарасымызға мойынсұнсақ құл боп қалардай қорқамыз, – Гүлсара тiкесiнен кеттi, – отбасылық билiкке таласу деген осы шығар.

– Бұрын кiм үйленiп көрген? – Құлан әзiлдемек болды. Әңгiмелерi байыпты, бiрсыдырғы жөндемдеу болып шықты. Бiр-бiрiне сыйластықпен, емiрене қарады. Бұрынғы ұрыс, жек көру ойламаған жерден, байқаусызда болып жатқандай, оның ақыр-тақыры осымен бiтердей көрiндi. Мысалдағы бiрiншi молданың пайымдылығындай парасат бере гөр деп тiлестi де. Гүлсара Алматыға киноға түсуге аттанды да, Құлан Жайықта қалды.

* * *

Гүлсара көрермен назарын өзiне байлап қоятын. Әр қозғалысы – әдемiлiк. Табиғи дарын оның әр қимылына құдыреттiлiк дарытып, әуездi өң бередi. Құстың қалай ұшатынын, теңiз толқынының шуылын, қатты дауылдағы ағаш жапырақтарының дiрiлiн музыкамен қосарластырып алып жүргенде, адам емес басқа, өзге құбылыстай көрiнетiн де, көрермен аһ ұратын. «Қазақ вальсiн» биледi. Буынсыз бiлек ширатылғанда үзiлiп кетердей болатын құмырсқа бел өмiр философиясының мәнiн ұқтыратын. Әуен оны, жоқ ол әуендi жетелеп қалықтайтын. Сәлден соң ауаға жұтылып, жоқ болып көрiнбейтiн де, көздi ашып-жұмғанша әуендi сiмiрiп қалт тұра қалады. Әуен келiсiмi өмiрмен үйлесе кетiп, суреткер мiнезi ашылады. Би өнерi туралы кино түсiргендер дән риза. Ойындағылары орындалған сыңайлы. Кино түсiрiп жатқан жерге Құрман да келген. Бойында бiр өзгерiс пайда болыпты. Үлкен рольге дайындалып жатқандықтан да шығар деп ойлап қойған. Өз бойын да бiр ауырлық билеп, өткен жолғы сезiм ұшқындары момақансып қалғандай. Өзiн-өзi түсiнбейтiндей бiр халде.

– Сен бiздiң оперныйда қал! – дедi ол мұның жағдайын үстiрт сұрап болысымен. Гүлсара тұрмысқа шыққанын айтпады. Құрман өзi туралы айта берген соң, бұл тыңдаушы болды да отырды. Тым-тым өзiмшiл екендiгiн де осы жолы аңғарды. Бiр кезде:

– Сен бiздiң оперныйда қал! – дедi ол тағы да кесiп-пiшiп.

– Мен мұнда не iстеймiн? – Гүлсара таңдана бетiн бұрды.

– Ложада орның болады, ойынымды көресiң, жұмысыма көмектесесiң. Әйел адамға одан өзге не керек? – Құрман шытынай қалды.

Гүлсара өзiнiң Ақжүнiстiк рөлден кеткенiн ұқты. Ынтызарлық, сағыныш бар едi жүрегiнде. Құрманның салқындығынан ба, әлде кешегi кеудесiн нұрға толтырған сезiм дегенi нәпсi болып шықты ма, әйтеуiр көңiлi жердей болып күңгiрттендi. Алла тағала адамзаттың денесiнде төрт түрлi зат пайда етiп, ақылды топырақтан алып, миды соның реңiндей еттi дейдi ғой. Көңiлiнiң күңгiрттенуi ақылға келуi ме екен, бәлкiм. Оттан алынған нәпсiнiң тұтанбағанына қуанды.

* * *

Бiр ауылды Тана өзенi екiге бөлiп жатыр. Әлiмсақтан солай. Мектеп, кеңсе, дәрiгерлiк пункт бiр жағада да, тұрғындардың көпшiлiгi екiншi жағада. Көпiр жоқ. Қайық бұл жердiң ерттеулi атындай. Өзеннiң ауыл тұсынан өтетiн аңғары кең емес, осы тұстан өте салысымен батысқа шұғыл бұрылады да, шатқалдан өтiп, кең далаға жайылып кете барады. Көкек айында су деңгейi көтерiлгенде екi ауыл арасының қатынасы қиындап, бiраз әбiгерленетiнi болмаса, барыс-келiс тиылып көрген жоқ.

Оқушылардың көктемгi каникулы бiтiп, сабақ басталатын күн. Су көтерiлiп, кең аңғарға жеткенше долдана жұлқынуда. Мұндайға көз де, ет те үйренген. Сөмкелерiн иығына асынған 16 оқушы қайыққа дуылдаса отырып, жүзiп кете барған. Жағадан көп ұзамай-ақ өзеннiң басынан лықсыған судың екпiнi қалтылдаған қайықты әй-шайға қаратпай төңкердi де жiбердi. Дүйiм жұрттың алдында. Жағадағы әйелдер шыңғырып, еркектер сiлейдi де қалды. Қозғалыссыз. Жиен iнiсiн қайыққа мiнгiзген Құлан түйе өркешiндей болып жұмырланған дауылды толқынның құшағына киiмiмен қойып кеттi. Бiр баланың етегiне қолы iлiндi, екiншiсiнiң сөмкесi…

Құлан ағыс кеңейген тұсқа дейiн он үш баланы осылайша құтқарып үлгердi. Шекенi қарып өтетiн мұздай су қасарысып, жуасымады. Үш оқушыны көбiктенген толқын құшағынан жiбермей ағызып кете барды. Әл-дәрменi қалмаған Құлан жағаға сүйретiле шығып, тәлтiректей барып құлаған. Балалары тiрi қалғандары «ақсарбас» айтып, құр денесiн тапқандары өкiре жылап ауылға қайтқанда ессiз-түссiз жатқан Құланды есi кеткен ел ұмыт қалдырды. Үйлерiне барған соң, үрейлерi басылып, жүректерi орнына түскенде барып өзенге қайта жүгiрдi. Құлан содан ауруханада жылдап жатты. Гүлсара оған барған сайын, аман қалған балалар мен олардың әке-шешелерiнiң Құланды аялап отырғандарының үстiнен түседi. Оның дидарында ерекше бiр ұшқын пайда болған секiлдi, айналасына емiрене қарайды. Жаны тазарып, биiктеп кеткендей. Ендi Гүлсара өз-өзiнен төменшiктеп, осы жiгiттiң адамгершiлiгiнiң деңгейiне жете алам ба деп күйгелектенетiн болды. Бiрде түс көрдi. Дүкенге барыпты. Сөренiң арғы жағында түрiн, кескiн-келбетiн көрмесе де әулиенiң өзi тұр екен деп ойлайды, санасымен солай ұғынады.

– Әулие, сенен не сатып алуға болады? – деп сұрайды бұл.

– Бәрiн де.

– Онда маған денсаулық, бақыт, табыс, мейiрiм бершi.

Санадағы кескiн жымиды да, кетiп қалды. Аз уақыттан соң титтей қорапшамен оралады.

– Бар болғаны осы ма? – Көңiлi толмағандай даусы бәсең шықты.

– Иә, осы, менде бар жақсылықтың ұрығы ғана бар, қалғанын өзiң өсiресiң, – деп санадан ғайып болды. Гүлсара шырт ұйқыдан оянғанда таң атып қалыпты. Түсiне қайран қалды.

– Өмiрге екiншi келуiме арнап ағайын-туыстарға дәм берейiк, – дедi Құлан үйге келiсiмен, – бiрақ сен ұйымдастыру жағына араласпай-ақ қой.

– Неге? – деп шап ете қалуға дайын тұрғанымен кеше ғана «ендiгi жерде ұрыс бастамаймын» деп iштей өзiне берген сертi оралды.

– Әдемi көйлек тiктiр! – Құлан бұған өтiне қарады. Бишi адам онсыз да киiмдi талғап кимей ме… Айтқаны болсын.

Гүлсара мейрамханаға кiргенде, сән-салтанатқа қайран қалды. Жас жұбайлардың үйлену тойы секiлдi. Керемет жиынның мәнiн асқақтатып өлiмнен арашалаған он үш бала, олардың әке-шешелерi, туыстары жайраң қағады. Дүйiм жұрттың алдында:

– Менiң өмiрiм ендi басталғандай. Гүлсараға әке-шешемнiң айтуымен қосылғандықтан оны жақсы көрмеймiн деп ойлаушы едiм. Некенi Алла қосады деген рас екен. Мен оны жақсы көремiн. Арадағы кикiлжiңдер үшiн ауырып жазаландым. Махаббатты түсiну үшiн аман қалдым, – деп тiзерлей отырып, Гүлсараның қолын сүйдi. Гүлсара тосын қуаныштан күле бердi, күле бердi. Кенеттен «Кеме апаты» биiн ендiгi жерде билемейiншi деп ойлады. «Махаббат хауызы» биiнiң тұтас композициясы елестедi. Жан дүниенiң айтпай ұғысар сарындары естiлдi.

Жаратушы махаббат дәнiн ендi ғана бергендей…

Дiлдәр МАМЫРБАЕВА

28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары