ТӘҢIРТАУДАҒЫ ҚҰЙЫРШЫҚТЫҢ, ШЫЙЫРШЫҚТАҒЫ ТIЛЕКЕНIҢ ТОЙЫ
ТӘҢIРТАУДАҒЫ ҚҰЙЫРШЫҚТЫҢ, ШЫЙЫРШЫҚТАҒЫ ТIЛЕКЕНIҢ ТОЙЫ
Халықаралық сарапшылар Қырғызстанды кедей елдердiң санатына қосады. Олар статистикаға ғана сүйенбей, қырғыздардың нақты тұрмысын сөз етсе, әлгi бағасынан айнып қалуы мүмкiн. "Той десе, қу бас домалаған" заманды ақ қалпақты қырғыз ағайындарымыз да басынан кешiруде. Кешқұрым Бiшкектегi дәмхана, мейрамханалар даңғаза шуға толып, дуылдаған тойдың куәсi боласың. Биыл оразаның тамыз айына тұспа-тұс келгенiне байланысты шiлдеде той көбейдi. Жеке отбасы, ошақ қасында ғана емес, мемлекеттiк тұрғыда да.
Мысқыл сөздiң хас шеберi, шешен, әрi ақын, әрi манасшы, өзi балуан, замандастары айтқандай "жүрегiнде жалы бар" қырғыздың ержүрек батыр ұлдарының бiрi – Құйыршықтың (Құдайберген Өмiрзақұлы) 145 жылдық мерейтойы туған жерi, өлкенiң шығыс тарабындағы Нарын облысының Жұмғал ауданында, теңiз деңгейiнен үш мың метр биiктiктегi Тянь-Шань тауларының ортасында шалқыған Соңкөл деген көлдiң жағалауындағы жайлауда өттi. Кеңес дәуiрiнде Құйыршықтың болашақты болжаған әулиелiк қасиеттерi және жайшылық (жай – найзағай, жайшы – дауыл шақырып, қар, жаңбыр жаудыра алған адам) өнерi айтылмай келген екен, тәуелсiздiктiң шарапатымен бұлар дүйiм жұртқа белгiлi бола бастады. Құйыршықты заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов те жақсы бiлiптi.
Үкiметтiң арнайы қаулысымен өткен бұл тойды Құйыршықтың ұрпақтары қаржыландырып, республиканың бiрқатар аудандары демеушiлiк көрсеттi. Үш жүз боз (киiз) үй тiгiлiп, той үш күн-үш түнге созылды. "Құнан шабыс", "Жорға салу" және басқа ат ойындары ұйымдастырылып, көкпар тартылды. Манасшылардың, ақындардың айтысы, қырғыз сұлу қыздарының конкурсы, киiз үйлердiң сынағы өттi. Қырғыздың ақ таңдай әншiлерiнiң, қомызда қол ойнатқан күйшiлерiнiң концертi болды. Мерекеге Қырғыз Республикасының Президентi Роза Отынбаева, вице-премьер-министр Ибрагим Жүнiсов қатысты.
Құйыршықтың әулиелiгi және шешендiгi жөнiнде, сөзiмiз құрғақ болмау үшiн, бiр-екi мысал келтiре кетейiк. Ол 1940 жылы дүниеден қайтқан. Өлерiне он күн қалғанда алыс-жақынды аралап, туған-туысқандарымен қоштасып, ауылына келiп, бiр ақбоз биесiн сойдырып, ел-жұртынан бата сұрапты. "Е, Құдай, егер сен менi шын құлым деп есептесең, жақында болатын алапатқа қалдырма, алып кет!", – дептi ол қолын жайып. Жұрт не iстерiн бiлмей абдырапты. Сосын боз үйiне кiрiп, боз төсектi салдыртып, құбылаға қарап, төрт күн бойы қозғалмай жатып қалады. Жағдайын сұрап келген досына: "Е, Жаңбыршы, бiлесiң бе? Күн батыстан қызыл өрт шықты. Құдай сол өрттi маған көрсетпей-ақ қойсын. Маған аян бердi", – дептi. Ол кезде таулық қырғыздардың екiншi дүниежүзiлiк соғыстың болып жатқанынан хабары жоқ екен. Мұны кеңес үкiметi жасырын ұстапты. Құйыршық қайтыс болғаннан кейiн бiр жылдан асқан соң Батыстағы соғыстың шарпуы Қырғызстанға да жетiп, әскерге жаппай шақыру жарияланғаны мәлiм.
Ендi шешендiк-тапқырлығына тоқталсақ, қырғыздағы "Жақсы туысқан – жарым ырыс, жаман туысқаның болса, ауылыңда күнiге ұрыс", "Жаман туысқаннан тiрiңде емес, өлгенiңде де құтыла алмайсың.Туысқаны деп жаныңа көмедi" деген сөздер Құйыршықтан қалыпты.
Құйыршықтың тойы тарқамай жатып, өткен сенбiде, республиканың қиыр оңтүстiгiнде, сонау Гималай тауының етегiндегi Алай тауындағы Шыйыршық деген ауылда қырғыздың Тiлеке деген батырына арналып ас берiлiп, оның ескерткiшiн ашу рәсiмi өттi.
Тiлеке батыр Цин империясына қарсы күрескен қырғыздың Тағай би және Әдiгене атты батырларының ұрпағы. Тiлеке 1610 жылы Мағұлстанның Махмуд деген ханын талқандап, оңтүстiк өңiрiндегi қырғыздар азаттық әперген. Ол дұшпандарына қарсы елу мыңға дейiн әскер шығара алған. Қытай және парсы тарыхшылары осылай деп жазады. Әрi батыр, әрi би Тiлекенiң ұрпақтарынан ел басқарған атақты адамдар көп шығыпты. Қазiргi Жоғарғы Кеңештiң бес депутаты осы Тiлеке батырдың тiкелей ұрпақтары екен. Тiлеке батырдың тойы да ұрпақтарының және елдiң қаражатымен ұйымдастырылды. Басы-қасында Ош қаласының мэрi Мэлс Мырзақматов жүрдi. Бұл кiсi батырдың тоғызыншы ұрпағы болып шықты. Мэлс мырза елдi тойға шақырғанда 100 жылқы, 1000 қой сойдыртамын деп жар салды. Дәл қанша мал сойылғанын бiле алған жоқпыз, бiрақ бұл да Құйыршықтың тойынан кем түскен жоқ. Билiктiң жоғарғы өкiлдерiнен iс-шараға Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбеков, вице-премьер-министр Ибрагим Жүнiсов қатысты.
Өткен жылдың 6 сәуiрiнен 7 сәуiрiне қараған түнi ел көтерiлiп, алдымен Талас қаласын басып алғанда, Тiлеке батырдың зираты орнынан қозғалып, бетi ашылып қалыпты. Сөйтiп оны 7 сәуiрде қайта көмуге тура келген. Батырдың ескерткiшiн ашу салтанатында сөз сөйлеген М. Мырзақматов бұл жағдайды кездейсоқтық деп есептемейдi екен. "Тiлеке батыр сол күндерi қырғыз мемлекетiнiң iргетасы босаңдап, жұрттың ынтымағы ыдырап жатқанына көрiнде жатып кейiдi" – деп мэр елдiң оңтүстiгi мен солтүстiгiндегi қырғыздарды бiрлiкке шақырды.
Өлкенiң солтүстiгiнде өткен Құйыршықтың тойына қарағанда, Шыйыршықтағы тойда саяси реңк басымырақ болды. Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбековтiң сөзiнен бұл мәселе айқын аңғарылды. "Қырғызстанда тағы бiр саяси науқан – президенттiк сайлау басталды. Мемлекет басшысын сайлаймыз. Сондықтан үмiткерлердiң арасынан дәл осы Тiлеке би сияқты елбасыға лайықты адамды таңдап алу керек. Президенттiкке әртүрлi адамдар ұсынылуда. Олардың артында әралуан күштер тұр. Көздеген мүдделерi де әр басқа. Арасында арандатушылар да жоқ емес. Сақ болайық. Бiз таңдау және сайлау мәселелерiне өте ықтият мәмiле жасауға тиiспiз. Жаңылыссақ, бiраз жыл тұрмысымыз қиындыққа кептеледi. Ақылға келiп, қалыс болайық",– дедi төраға.
Әлбетте, екi тойда да ет жеп, қымыз iшу арасындағы негiзгi әңгiмелер алдағы президенттiк сайлаудың төңiрегiнде болды. Төраға уайымдағандай, 30 қазанға белгiленген президенттiк сайлау үлкен талас-тартыспен өткелi тұр. Қазiрдiң өзiнде 23 үмiткердiң құжаты Орталық сайлау комиссиясында тiркелген болатын. Бiреуi – "Сергей Родонежский атындағы құқық қорғау орталығы және Айкөл Манас" ЖШС-нiң бас директоры Игорь Трофимов өтiнiшiн қайтарып алды.Тiркеу 16 тамызда аяқталады. Уақыт жеткiлiктi. Кейбiр үмiткерлер мұндай науқандарда әдейi соңғы күндерде тiркелудi әдетке айландырған. Қазiргi тiркелгендердiң арасында бес партияның өкiлдерi, iскерлер және жұмыс iстейтiндер, қызметiнен арнайы босанып алған мемлекеттiк шенеунiктер, әскер және милиция генералдары, журналист және қоғам қайраткерлерi бар.
меншiктi тiлшiсi