АҚШ ДЕПАРТАМЕНТIНIҢ АҢДАУСЫЗ ҚАДАМЫ

АҚШ ДЕПАРТАМЕНТIНIҢ АҢДАУСЫЗ ҚАДАМЫ

АҚШ ДЕПАРТАМЕНТIНIҢ АҢДАУСЫЗ ҚАДАМЫ
ашық дереккөзі
402

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Қазiр Қазақстан қоғамында АҚШ-тың Қазақстанды террористiк ұйымдар мен олардың өкiлдерiн қолдаушы ерекше мемлекеттер қатарына қосқаны өте қызу талқылануда. Бұл мәселенiң көптеген қыры бар. Оның бiрi — Қазақстанның сыртқы имиджi болса, екiншiсi Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсiретiндiгi.

АҚШ ҮКIМЕТIНЕН РЕСМИ ЖАУАП КҮТЕМIЗ

АҚШ-тың ұлттық қауiпсiздiк департаментiнiң ресми сайтындағы баяндамаға орай, қазiр мұндай тiзiмде әлемнiң 36 мемлекетi бар. Олардың арасында посткеңестiк елдерден Өзбекстан, Тәжiкстан енген. Ендi бұл тiзiмдi Түркiменстан мен Қазақстан толықтырып отыр. Бұл ақпарат өткен аптаның сейсенбiсiнде, яғни 19 шiлдеде таратылған. Онда Қазақстан мен Түркiменстан АҚШ иммиграциялық қызметiнiң ерекше тiзiмiне енгiзiлгенi айтылған. Бұл тiзiмдегi елдердiң азаматтары АҚШ-қа сапар шегетiн болса, олардың террористiк топтарға қатысы бар ма, жоқ па деген мәселе қатты қадағаланады, ерекше тексерiледi. Бұл тiзiмге қандай критерийлермен енгiзiлетiнi белгiсiз. Осыған орай Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi АҚШ iшкi қауiпсiздiк қызметiнiң бұл әрекетiне алаңдайтындығы туралы мәлiмдеме жасаған едi.

"Бiз АҚШ-тың ұлттық қауiпсiздiк департаментiнiң Қазақстанды терроризм ошағы ретiнде тiзiмге енгiзуiн түсiнбеймiз әрi қатты алаңдаулымыз", – дедi Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөз-хатшысы Ильяс Омаров ресми мәлiмдемесiнде. СIМ өкiлi бұндай тiзiмге мемлекеттер қандай критерий арқылы енетiнiн бiлгiсi келедi. "Қазақстан тәуелсiздiгiн алған күннен 20 жыл iшiнде жаһандық қауiпсiздiкке халықаралық терроризмге қарсы тиiмдi механизмдер құру арқылы аса зор үлес қосуда және оны жалғастырып келедi. Қазақстанды мұндай тiзiмге енгiзу – АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әрiптестiкке түбегейлi қайшы. Бiз американдық әрiптестерiмiзден бұл мәселенi түзететiн жедел шаралар күтемiз", – деген болатын.

Бұл мәселеге орай елдегi басты саяси партия "Нұр Отан" да өз көзқарасын жария еттi. Бұл жайында Астанада шағын брифинг өткiзген "Нұр Отан" партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалды: "Менiңше, мен ғана емес, өзiн саясаткермiн деп есептейтiн адамдардың барлығы бұған бейжай қарай алмайды. Қазақстан тәуелсiздiгiн алған 20 жыл iшiнде ұлтаралық, дiнаралық келiсiмдердi қалыптастыру мақсатында жасап жатқан iсi бiреудiң бағасын алу үшiн жасалып жатқан жоқ. Бұл – iшкi және сыртқы қажеттiлiк. Қазақстанда бейбiтшiлiк пен тыныштық болуы үшiн жасалып жатыр. Бар күшiмiз осы салаға жұмсап жатқан бiздер үшiн берiлген мұндай баға әрине түсiнiксiздiк тудырады. Бұл жеткiлiктi ақпараттың жоқтығының салдарынан туындап отыр. Адам қажетi ақпаратты алмай жатып, осындай қорытындыға келедi. Мәселе бiреудiң берген бағасында емес, мәселе бiздегi тыныштық пен бейбiтшiлiкте", – дейдi Қайрат Сатыбалды.

Осы аптаның басында Қазақстандағы АҚШ елшiлiгi бұған жауап ретiнде ресми мәлiмдеме таратты. Онда: "Ақпарат құралдары АҚШ үкiметiнiң Қазақстан мен халықаралық терроризмге берген бағасы туралы сұрап жатыр. АҚШ үкiметi Қазақстанды қандай да бiр жолмен террорды қолдап отырған ел деп қарастырмайды. Керiсiнше, бiз Қазақстанды террорға қарсы ортақ күрестегi стратегиялық әрiптес деп танимыз. Бiз Қазақстанның 2010 жылы өзi төрағалық еткен ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдарда террорға қарсы күреске қолдау бiлдiрiп жүргенiн жақсы бiлемiз және мұны жоғары бағалаймыз. Жеке ел ретiндегi әрекеттерiне қоса Қазақстан екiжақты негiзде де аймақта және бүкiл әлемде террормен күресте АҚШ-пен тығыз ынтымақтаса жұмыс iстеп және үлкен қолдау көрсетiп келедi. Бұл шаралардың барлығы бiздiң екi ел үшiн де өте маңызды және бiз оларды күшейтiп, әрi қарай жалғастыруға барынша мүдделiмiз" делiнген. Алайда бұл мәлiмдеме Сыртқы iстер министрлiгiн қанағаттандыра алмай отыр. Дипломатиялық ортада АҚШ елшiлiгiнiң қазiр қиын жағдайда қалғаны айтылуда. Өйткенi АҚШ үкiметi әзiрге Қазақстанды аталған тiзiмнен шығарып тастау туралы әңгiме қозғап отырған жоқ. Бiрақ елшiлiк бұл ақпаратты жоққа шығаруға тырысып бағуда. Ал Сыртқы iстер министрлiгi жауапты АҚШ үкiметiнiң өзiнен күтетiндiгiн айтады. www.eurasianet.org сайтында 26 шiлдеде "Казахстан возражает против включения его в "террористический" список, США отстаивают свою позицию" атты Джошуа Кучера деген автордың мақаласы жарық көрдi. Онда автор осы мәселе жөнiнде АҚШ-тың ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң баспасөз-хатшысы Росс Фейнштейнге сауал қойғанын жаза отырып, оның жауабын да келтiредi. Оның айтуы бойынша, бұл тiзiм жетi жылда бiр жасалып отырады екен. Және жетi жыл бойы өзгерiссiз қалады. Демек Қазақстанның аталмыш тiзiмнен шығарылуы екiталай болайын деп тұр. Джошуа Кучера "Демек олардың жауабы "жоқ" деген сөз. АҚШ-тың ұлттық қауiпсiздiк министрлiгi Қазақстанның осы тiзiмнен шығарылмауын талап етедi", – деп аяқтайды мақаласын.

ТIЗIМГЕ КIМДЕР ЕНЕДI?

Сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми өкiлi Ильяс Омаров АҚШ бұл тiзiмге қандай критерийлермен енгiзетiндiгi жайында сауал тастайды. Бiрақ оған жауап жоқ. EurasiaNet сайтының жазғанына қарағанда, АҚШ мұсылманы басым мемлекеттердi осы тiзiмге енгiзетiндiгiн айтады. Бiрақ осы автордың аталған сайттағы 19 шiлдеде жарық көрген "Правительство США: Казахстан и Туркменистан включены в список стран, представляющих террористическую угрозу" атты мақаласында бұл тiзiмге Орталық Азия елдерi арасынан мұсылманы басым Қырғызстан мен Әзiрбайжанның неге енгiзiлмей отырғанына жауап iздеп көредi. Бұл аталған елдердiң АҚШ-пен қарым-қатынасына да байланысты болуы мүмкiн деген болжам жасайды.

– Бұл тiзiмге Тәжiкстан мен Өзбекстанның енуiн түсiнуге болатын шығар. Өйткенi бұл мемлекеттерде аз-мұздап болса да террорлық қызметтер байқалады. Сондай-ақ террорлық ұйымдарға қолдау көрсетiп отырған Арменияның бұл тiзiмге енбеуi де күмән тудырады, – дейдi автор.

ЕКI ЕЛ БАЙЛАНЫСЫНА СЫЗАТ ТҮСУI МҮМКIН

Егер АҚШ ұлттық қауiпсiздiк департаментi бұл тiзiмнен Қазақстанды алып тастауға жедел әрекет етпесе, екi ел арасындағы стратегиялық әрiптестiкке сызат түсуi мүмкiн. Бұл тiзiмге енген елдердiң азаматтары АҚШ-қа сапар шегуi үшiн аса зор шырғалаңнан өтiп, тексерiледi. Қазақстанды алаңдатып отырған да ол емес. Ең бастысы, 20 жыл бойғы бейбiтшiлiк үшiн еткен еңбек, төккен тердiң зая кетуi.

Сол үшiн Қазақстан бұл тiзiмнен шықпайынша, тынбай әрекет ететiн секiлдi.

28 шiлде 2011 жыл

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары