ӨТIРIК АҚПАРЛАР ОПЫНДЫРМАСА ДЕҢIЗ...
ӨТIРIК АҚПАРЛАР ОПЫНДЫРМАСА ДЕҢIЗ...
«Дәрiгер адамды, ал ветеринарлар бүкiл адамзатты емдейдi». Қай кезде де өздерiнiң қоғам үшiн қажеттiлiгiн ақ халаттылардан да жоғары қоятын мал дәрiгерлерi, өкiнiшке қарай, осы деңгейден табыла алмай отыр. Барлық нәрсенi қаржының жетiспеушiлiгiне апарып тiреп қоюға болмайтыны сияқты. Мәселе қаржының жоқтығында емес, жауапкершiлiктiң жоқтығында.
Оңтүстiк Қазақстан облысында адамға үй хайуанаттарынан жұғатын құтыру, бурцеллез және сiбiр жарасы сияқты аса қауiптi аурулардың бас көтеруi таңқаларлық жағдай емес. Мәселен, осы жуырда ғана осындай бiр дерек Ордабасы ауданының Тоқсансай ауылында тiркелдi. Ауылдың бiр тұрғыны ауырып тұрған сиырын жергiлiктi мал дәрiгерiне көрсеткен. Ал, ол аурудың себептерiн анықтамастан дерт меңдеген малды өзi бауыздап берген. Осылайша ауру мал сойылып, оның етi 24 отбасыға таратылған. Еттен 121 адам ауыз тиген. Олардың арасында жас балалар да болған көрiнедi. Артынша сиыр союға қатысқан 7 азамат ауруханаға түскен. Дәрiгерлер олардың үшеуiнiң сiбiр жарасын (күйдiргi) жұқтырғанын растап бердi. Қазiр олардың барлығы ем қабылдап жатыр. Науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар медициналық бақылауға алынды.
Бiр айта кетерi, Тоқсансай сiбiр жарасы бойынша республикадағы стационарлық қолайсыз 216 елдi мекендердiң бiрiне жатады екен. Мұны малдәрiгерi бiлмеген бе, әлде немқұрайлылық танытқан ба?!
Жуырда облыс әкiмдiгiнiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың айтуынша, 2011 жылдың 5 айында облыста құтыру ауруының 2 жағдайы Мақтаарал және Сарығаш аудандарында тiркелген. Бұл iндеттiң белгiлерi өткен жылы мүлдем кездеспеген екен.
– Облыста көзi жойылған жануарлардың саны көбейгенiмен, ит-мысықтардың тiстеуi салдарынан жарақат алғандардың азаймағаны байқалады. Мысалы, Қазығұрт ауданында өткен жылмен салыстырғанда жойылған жануарлар саны 676-ға артық, алайда, тiстелiнгендер саны 264-тен 364-ке дейiн көбейген. Осындай жағдай, Ордабасы, Сарыағаш, Отырар аудандарында анықталып отыр, – дейдi облыстың бас дәрiгерi.
Аудан-қалалардағы жан-жануарлардың өлекселерiн тастайтын Беккари шұңқырлары санитарлық талаптарға сәйкес келмейдi. Олардың көпшiлiгi қараусыз қалған. Бiр ғана мысал, облыста көзi жойылған 37 165 жануар өлексесiнiң қайда тасталғаны белгiсiз күйде қалып отыр. Осы жөнiнде мониторинг жүргiзу барысында ветеринарлар өлекселер тасталған орындарды көрсетiп бере алмаған. Мұндай жағдайлар Отырар, Созақ, Түлкiбас, Төлеби аудандарында орын алған.
Биыл облыста конго қырым қанды безгегiнiң 2 жағдайы (Созақ ауданы, Шымкент қаласы) тiркелiп, қауiптi iндеттен 1 азамат қайтыс болды. Рас, бұл көрсеткiш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. 2010 жылдың 6 айында облыста аталған дерттiң 15 жағдайы тiркелiп, оның 3-еуi адам өлiмiмен аяқталған едi. Өткен жылмен салыстырғанда азаматтарды кене шағу жайттары да 2,7 есеге жуық төмендеген.
– Конго қырым қанды безгегiнен емделген адамдарды есепке алып, олардың қан сарысуын келiсiм бойынша тиiстi мөлшерде дайындау және арнайы рибовирин дәрiсiнiң жеткiлiктi қорын қамтамасыз ету жұмысы әрдайым бақылауда тұр. Облыста жеткiлiктi қор қалыптастыру мақсатында бюджеттен 85,1 млн. теңгеге құтыруға қарсы 91 мың доза вакцина және 48 литр иммуноглобулин сатып алынды. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 28,6 пайызға көп. Бүгiнгi таңға, ауылдағы үгiт-насихат шараларына 2,3 млн. тұрғын қамтылып, оларға 384 мың дана ақпараттық әдебиет таратылды. Алайда, тұрғындардың қауiптi iндеттерден сақтану мәселелерiне әлi де болса көңiл бөлмейтiндiгiн көрсетiп отыр, – дейдi Жұмағали Исмаилов.
Аса қауiптi аурулардың алдын алу шараларына жергiлiктi ауыл әкiмдерi де жеткiлiктi деңгейде назар аудармайды. Мәселен, тұрғындарды кене шағу жайттары наурыз айынан бастап тiркеледi. Ал аудандарда малдарды дәрiлеу жұмыстары сәуiр, кейбiр аудандарда мамыр айларында басталады. Мал дәрiгерлерiнiң «100 пайыз орындадық» деген ақпарлары да шындыққа жанаса бермейдi. Айталық, биыл қырым қанды қызбасынан қайтыс болған Созақ ауданының Сызған ауылының тұрғынының дәрiлеуден өтпеген уақ малдардың жүнiн қырқуға қатысқаны анықталған. Ал бұл кезде ветеринарлар аудандағы уақ малдар мен iрi қаралардың 100 пайызға залалсыздандырудан өткенi туралы мәлiметтi берiп қойған екен. Қайғылы жағдайдан кейiн шұғыл тексеру жұмыстарын жүргiзген мамандар аталған өңiрде 180 уақ мал мен 39 iрi қараның дәрiлеуден өтпегенiн анықтапты. «100 пайыз орындалды» деген көзбояу ақпарлардың өзге аудандарда да орын алмағанына ешкiм кепiл бола алмайды.
Мәжiлiске төрағалық еткен облыс әкiмi Асқар Мырзахметов алдағы уақытта аса қауiптi аурулармен күреске бөлiнген қаржылардың тиiстi мақсатта жұмсалуы қатаң бақылауда болатынын айтты.