«ТӘУЕЛСIЗДIК КЕРУЕНI» ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

«ТӘУЕЛСIЗДIК КЕРУЕНI» ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

«ТӘУЕЛСIЗДIК КЕРУЕНI» ЖОЛҒА ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі

Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы Оңтүстiк Қазақстан облысында түрлi iс-шаралармен атап өтiлуде. Мерекелiк шаралардан шалғайдағы ауыл-аймақтар да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен облыстық iшкi саясат, мәдениет, кәсiпкерлiк және өнеркәсiп, денсаулық сақтау басқармаларының бiрлесiп ұйымдастыруымен облыстың шалғайда орналасқан елдi мекен тұрғындарына Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында жеткен жетiстiктерiн, Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауын кеңiнен насихаттау мақсатында «Тәуелсiздiк керуенi» үгiт пойызы жолға шықты. Керуен өзiнiң сапарын Шымкенттегi Ордабасы алаңындағы «Жер ана» Тәуелсiздiк монументiнен бастады. Осында облыс әкiмiнiң орынбасары Әли Бектаев, «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева үгiт пойызына сәт сапар тiледi.

– Биылғы жыл – елiмiз үшiн тарихи маңызға ие. Тәуелсiздiгiмiзге 20 жыл толуына орай жыл басынан берi көптеген игi iс-шара өткiзiлдi. Егемендiктiң құндылықтарын әспеттеу мұнымен бiтпейдi. Барымызды бағалап, қастерлi ұғымды ұлықтай бiлсек, бiз үшiн бұдан асқан бақыт жоқ. Осындай азат күнде жолға шыққалы тұрған үгiт пойызы қызметкерлерiнiң бәрiне де үлкен рахмет айтамын. Ақ жол! – дедi Әли Әбдiкәрiмұлы.

Осындай ақ тiлектен кейiн құрамында жоғарыда аталған басқармалардың қызметкерлерi бар арнайы топ аудандарға аттанып кеттi. Олар тұрғындарға негiзiнен төрт бағыт бойынша қызмет көрсетедi. Облыстық iшкi саясат басқармасының қызметкерлерi елiмiздiң iшкi және сыртқы саясатын, Тәуелсiздiк жылдарындағы жетiстiктердi насихаттаса, мәдениет қызметкерлерi ауыл тұрғындарына мерекелiк концерт ұйымдастырады. Ал терапевт, педиатр, уролог, кардиолог сияқты бiлiктi мамандар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жедел жәрдем автокөлiктермен тұрғындарға ақысыз медициналық көмек көрсетiп, кеңес бередi. Сонымен қатар, кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының қызметкерлерi облыста өндiрiлген тауар өнiмдерiн арзандатылған бағамен сату мақсатында арнайы автокеруен ұйымдастыруда.