ЖАДЫМНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ЖАДЫМНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ЖАДЫМНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
ашық дереккөзі
253

Серiк БАЙХОНОВ

Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтың лауреаты, белгiлi жазушы Серiк Байхонов «Жадымның жаңғырығы» атты кiтап жазып бiтiрдi. Өмiрбаяндық элегия жанрында жазылған бұл кiтапта автордың шығармашылық өмiрiнде iз қалдырған қазақтың бiртума азаматтары жайлы әңгiме болады.

«ШЫРАҚШЫ»

«Сенi адам болып, ағаларын асырай ма деп жүрсек…» деп едi Қалдарбек Найманбай ағамыз қарамағында қызмет iстеп жүрген кезiмде. Ренжiткен болуым керек. «Сен бастық болып, кiтабымызды шығара ма деп жүрсек, ауылға қайтып келiпсiң ғой…» деп едi Жақсылық Түменбай ағам, мен оқу бiтiрген жылы. Осыған ұқсас сөздердi қанша рет естiгенiм есiмде жоқ, соған қарағанда, менiң де адам сүйетiн қылығым аз шығар-ау. Бұл дүниеде өзiңе артылған сенiмдi ақтау үшiн ғана өмiр сүруге, тырмысып, тырбанып тiршiлiк жасауға болады ғой.

Үлкендер ұрысса адам болсын, қатарынан қалмасын деп ұрсады. Егер таза шығармашылық жағынан келсем, ұстаздар iшiнде менi бетiң бар, жүзiң бар демей жерден алып, жерге салуға қақысы бар екi адам болса, бiрi – Дулат аға да, бiрi – Әбiш Кекiлбаев көкем шығар деп ойлаймын

Әбекеңнiң жан жылуын сезiнген iнiлерiнiң алды да, арты мен ғана емес болармын. Ауылдан келiп, пәтер алуға талаптанған шағымда, сол кездегi үйдi тез беретiн бiрден-бiр баспасөз орны «Социалистiк Қазақстанға» телефон соғып жұмысқа орналастырды; ол жердегi «жұмыс стажым» бiрер күннен аспады. Артынан қазақ теледидарына Бiрлестiк директоры етiп жұмысқа тұрғызды; көгiлдiр экранның жұлдызы болып кете алмадым. Бұдан да басқа қол ұшын берген кездерi аз емес. Демек мен «адам болып» кете алмасам, ол үшiн Әбiш көкемдi кiнәлаудың қажетi жоқ.

… Сексен сегiзiншi жылдың жазында Ленинградқа жол түскен. Қолым қалт еткен бiр күнi Эрмитажға арнайы бардым. «Арнайы бардым» дейтiн себебiм – Нева жағасындағы қалаға келгендегi мақсатымның бiрi – Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауи нысанынан қолды болған Қазандықты көру. Маған дейiн жетi баласын жер қойнына берiп, әбден аузы күйген анам байғұс: «Сенiң жер басып тiрi жүргенiң – Әзiрет Сұлтанның арқасы екенiн ұмытпа» деп айтудан жалықпаушы едi.

Эрмитаж директорының тiкелей өзiне кiрiп, ол кезде беделi одаққа жүрiп тұрған жазушы куәлiгiн көрсетiп жүрiп, рұқсатын алдым-ау. Қасыма мұражай қызметкерлерiнiң бiрiн қосып бердi. Қазандықты мұражайдың жартылай жертөлелерiнiң бiрiнен таптым. Аяғымның ұшынан тұрып, мойнымды созып қараймын… «қырық қойдың етi сыйып кетедi» дейтiн қазандықты түбiне дейiн көрiп тұрмын. Мұражай қызметкерi кетiп, жалғыз қалған соң, қазандық орналасқан бөлменi қарай бастадым. Мына абажадай қазандықты iшке қалай кiргiзгенiн түсiне алмай дал боламын. Байқасам, жартылай жертөленiң терезелерi машина өтiп кетердей үлкен, демек Қазандықты осы терезе арқылы шығаруға болады.

Қайтадан мұражай директорына кiрiп, қазандықтың мән-жайына қанықпаймын ба. «Егер үкiметтiң рұқсатын алып жатсаңыздар, бұрынғы орнына қайтару қиын емес», – дейдi.Жоғарғы партия мектебiнде оқып жүрген кезiм. Алматыға келiсiмен, бұрынғы бастығым Жүрсiннен жылжымалы телестанция машинасын сұрап алдым. Мектебiмiзге сырттан оқитын тыңдаушылардың бiр тобы келiп жатқан. Шетiнен ығай мен сығай, аудан мен облыс басшылары. Әбекеңнiң тарихи ескерткiштердi қорғау қоғамының төрағасы қызметiнде жүрген кезi едi, партия қызметкерлерi қатысатын хабардың сценарийiн апарып бердiм. Мен де қумын, сценарийде Әбекеңдi «қазақ даласының шырақшысы» деп атағам, өңiнен мына теңеудiң көкеме ұнап қалғанын сездiм. «Шырақшы… Шырақшы дедiң бе?..»

Әбекеңмен бiрге беделдi ел басшылары қатысқан хабарда Эрмитаждағы Қазандық жайы да сөз болды. Сол жолы тарихи ескерткiштерге Әбiш көкем бас-көз болып отырған кезде қымбатты жәдiгерiмiздiң елге оралатынына сенiп едiм. Ақыры солай болды. Көп ұзамай қасиеттi Түркiстандағы әулиелi орынның шырағы бұрынғыдан да жарқырай жанып, сәулесi бұрынғыдан да алысқа түсе бастаған едi…

… Ел азаматтарының ар-ожданы сынға түскен Желтоқсан оқиғасы көкемiзге де үлкен сынақ болғаны өз-өзiнен түсiнiктi. Әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстеп жүрген кезiм, «телеэкраннан Кекiлбаев сөйлейдi» деген хабарды естiген сәтте қатты толқығаным рас. Тiкелей Колбиннiң қарамағында жұмыс iстейтiн көкемдi тiкелей эфирге жiберген адамдардың да бiр бiлгенi, бiр сенгенi бар шығар деп жұбатамын өзiмдi. Тiкелей эфирге бiрер сағат қалғанда қыздар эфирден сөйленетiн сөздiң проспектiсiн әкелiп бердi. Әлi есiмде, тура сегiз жарым бет қағаз. Ақ қағазға қолмен маржандай тiзiлдiрiп жазған мәтiн. «Машинкаға бастырмағаны несi?.. Неге қолмен жазылған?..» деп ойлаймын.

Кешкi эфирге шығатын көкемдi есiктiң алдынан тосып алып, студияға әкелдiм. Өзiм режиссерлiк пультке барып, тағатсыздана тосып тұрмын. Әбiш көкем қоңырқай қаз дауыспен бастап та кеткен. Бiр жерден естiген немесе оқыған сөздерiм. Жалма-жан алдымда жатқан проспектiге үңiлемiн ғой. Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысы кезiндегi ерен ерлiгi мен ерекше төзiмдiлiгi… Батыс Қазақстанға түскен жау бомбасы… «Қазақстан аумағында да соғыс болған…» дегенге саяды. Әбiш көкемнiң сөзiне сенсем, бiздiң қазақ ешқандай да ұлтшыл емес, бiздiң қазақ халқы қонақжай да қарапайым… Жеме-жемге келгенде, Кеңестер Одағының бiраз халқы қазақтарға қарыз… Аз да емес, көп те емес, дәл осылай… Көзiм – алдымдағы мәтiнде, құлағым – студияда. Ең қызығы, Әбiш көкем менiң алдымдағы мәтiндi сөзбе-сөз қайталап отыр. Болса болмаса суфлердiң жоқ кезi, өз көзiме, өз құлағыма өзiм сенбеймiн. Менiң де жадым жақсы дедiм ғой, ал өзгенiң емес, өз сөзiн сөзбе-сөз жаттап алу дегендi тұңғыш көруiм. «Жаны ышқынған кезде адам бойында бұрын-соңды болмаған жаңа қасиеттер бой көрсетедi» деген сөз рас та болуы мүмкiн…

… Тоқсан төртiншi жылдың көктемi. Қазақ теледидарында «Мұрагер» шығармашылық бiрлестiгiн басқарамын. «Өтпелi кезеңнiң» ауыртпалығы қазақ теледидарына да түсiп тұрған кез. Қаржы жоқ, техника жетiспейдi. «Жоққа жүйрiк жетсiн бе…», одан-бұдан құрап хабар дайындаймыз. Сол жылдары Әбекеңе жерлес, қарындас болып келетiн Сара Досниязова ханым бiздiң танымдық редакцияда жұмыс iстейтiн. Ағасының қарындасы дегенде шығарда жаны жоқ екенiн бiлем, шақырып алып өтiнiш жасадым.

– Әбекеңнiң сабағын дайындасақ қайтедi?.. Барлық сабақты бiр күнде жазып аламыз да, әр жетi сайын берiп отырамыз… Әрi – оңай, әрi – арзан…

– Ағаның қолы тимейдi ғой… Өзi бiр елдiң спикерi…

– Қолы тимегенi қалай?.. Демалыс күндердiң бiрiнде үйiне барып, алдына микрофон мен сұрақтарды қоясың да, өзiң жеңешеңнiң қасында отырып алып… әңгiме соғасың… Оп-оңай… Жылы-жұмсақ пiскен сәтте телефон шалсаң, мен де жетiп барамын…

Мен де қумын, айтқаным айдай келдi. Сара ханым телефон шалған кезде жетiп бармаймын ба. Әбiш көкемнiң үйiнен дәм татқысы келген ағайынның басты сылтауы – үлкен анамызға сәлем беру екенiн бiлем, сол қарыздан құтылған соң, залға қарай өте бергем. Төр жаққа жайғасқан «бiр елдiң спикерi» көз алдымда балалар хабарының жүргiзушiсiне айналып, терлеп-тепшiп сөйлеп отыр. Менiң ас үйге қарай өтiп бара жатқанымды байқап қалды да: «… Иә… сол Ақжайқын көлдер жүйесiнде қазiр су бар ма екен?.. Ана сендердiң бастықтарыңнан… Серiктен сұрап аламын ғой…» деп сөзiн жалғастыра бердi.

Бұл Әбекеңнiң «Үркер» романының екiншi кiтабын жазып жүрген кезi едi. Менен сұрағысы келген Ақжайқындағы су мәселесi қалмақ қырғынынан Шу бойына қашып барған қазақтар жайлы тарауға қатысты болса керек. Өзi арнайы барып қайтуға уақыты жоқ, менiң теледидардан берiлген «Бетпақдала – шөл емес» деп аталатын хабарымды көрген болар. Бәрiнен де сондай үлкен қызметте отырып, қазақ теледидарын көруге қалай ғана уақыт табады деп ойлаймын ғой.

Осылайша спикер жүргiзген балалар хабарымен бiрнеше ай бойы эфирдiң кетiгiн толтырып, абыройға бөленiп қалғанымыз бар. Ал бүгiнде елiмiздiң басшылары балалар хабарын жүргiзбек түгiлi, қымбат уақытын бөлiп сол хабарларды қарайтынына да сенiмiм жоқ. Менiң Мамадияр Жақып ағамның: «… Әбекеңнiң… ойланбай-ақ айтып тастаған сөзi тасқа басылып, алдын-ала дайындалғандай ешбiр қатесiз, қайталаусыз болатынын талай көрген едiм…» деп жазғанын кейiннен бiлдiм ғой.

Көркем шығарма жазатын қаламгерлердiң «цитата» қолданылған сөздi ұната бермейтiнi өтiрiк емес. Әбекеңнiң: «…әдебиеттiң мiндетi – әшкерелеу де, дәрiптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды, адамдық тiршiлiктi әуелi өзiң жете түсiнiп, сосын оқушыңды жете түсiндiрiп, оның өзiн-өзi шыңдай бiлуiне түрткi болу деп ұғамын…» деген сөздерi тура бiздiң «Мұрагер» шығармашылық бiрлестiгiнiң «тапсырмасымен» тұспа-тұс келгенiн қарамайсыз ба…

… Астанадағы Әбiш ағаға Еңбек Ерi атағы берiлген жиынға бардым. Бiрер күннен соң алдымен интернеттен, артынан дабырашыл, дақпыртшыл баспасөз бетiнен марапаттау кезiнде ағамыздың Елбасының қолын сүйгенi жөнiнде алыпқашты сөз бұрқ ете түскен. «Қолын емес, жұлдызды сүйгенмiн» деген көрiнедi Әбекең. Дұрыс айтады. Бiр жұлдыздың екiншi жұлдызды сүйгенi қандай жарасып тұр…

… Соңғы кезде үлкен кiсiнiң саясат пен әлеуметтiк мәселелерден бойын аулақ сала бастағаны байқалады. Демек жақын арада «тыңдаушысы түзелген» қоғамның жақсы жаңалықтарын «айтушының» аузынан естiп те қаламыз ба деп үмiттенем.Қазақ елiнiң өткенi мен бүгiнiнiң шырақшысы – тегi жақсы, тегеурiнi қатты Әбiш көкем бiздiң әр қадамымызға сонау жоғарыдан қалт етпей қадағалай қарап отырған секiлдi көрiнедi де тұрады.

ТIРI ЖӘДIГЕР

Ақпарат құралдарының iшiнен радионы серiк етiп ер жеткен ұрпақтың өкiлi ретiнде мен де өнердiң шыңы – сазгерлiк дегенге сенiп өстiм. Жетпiсiншi жылдың жазында Алматыға келгенде алғаш рет жақыннан көрген сазгерiм – әндерi радио толқынынан түспейтiн Әбiлахат Еспаев едi. Әбекең мен Тоқаш Бердияров ақынның жұбы жазылмайтын. Ақын-жазушы қауымымен етене жақын болғандықтан шығар, күн сайын болмаса да, жетi сайын жолығып жүрдiк. Көбiне-көп Панфилов көшесiндегi ел аузында «Гармошка» атанып кеткен шағын дәмханада немесе Алматы қонақүйiнiң бұрышындағы ашық алаң – «Палубада» жолығамыз. Ол кездерi шығармашылық ада-мы ретiнде ақын мен сазгер iшiмдiк iшуге мiндеттi секiлдi көрiнетiн.

Бас поштаның жанындағы бiз оқитын бас корпусқа Алматы консерваториясының ғимараты тиiп тұр. Анда-санда сол консерватория маңынан бiздiң ауылдың әнұраны iспеттес «Сыр сұлуы» әнiнiң авторы Шәкеңдi, «iшiмдiк iшуден алдына жан салмайды» деген атағы жер жарып тұрған Шәмшi Қалдаяқовты көрiп қалам. Қашан көрсең де ине-жiптен жаңа шыққандай су жаңа киiм киiп, жараған сұлуторы аттай болып жүредi. Соған қарағанда Шәкеңнiң «атасынан қалмаған аспен» бiржола қош айтысып жүрген кезi болса керек. Ал сексенiншi жылдың басында қазiргi Достық даңғылындағы «Қазақстан» дүкенiнiң үстiндегi үйiнде болғанымда өзiн көре алмадым. Бұл кезде Қордай жақта үй салып жатқанын кейiннен өз аузынан естiгенiм бар.

… Ұмытпасам, сексен төртiншi жылдың жаз айлары болар, Алматы қыздар институтын бiрер жыл бұрын сырттай оқып бiтiрген жолдасым күтпеген әңгiменiң шетiн шығарды. Сөзiне қарағанда, институттағы бiр қыз оң жақта отырып кiшкентайлы болып қалыпты, барар жер, басар тауы жоқ көрiнедi. «Уақытша бiздiң үйде тұра тұрса қайтедi?» Ол кезде Аэродромный көшесiнде екi бөлмелi аядай үйiмiз, үш баламыз бар. Балалардың үлкенi ауылдағы апамның, ал Алматыдағы екi бөлмелi ескi үйдiң бiр бөлмесi пәтер таба алмай жүрген туыстар мен жолдастардың еншiсiнде. Қазiрге дейiн кездесiп қалған дос-жарандар мен iнi-бауырлар ең алдымен бүгiнде орны да жоқ сол үйдiң жағдайын сұрайтыны қызық.

Ұзын сөздiң қысқасы, үйiмiздiң қыста от жағылатын екiншi бөлмесi құндақтап алған кiшкентай баласын көтерiп келген З. қарындасымыздың меншiгiне өткен. Тәмпiш танау сүйкiмдi сары бөпенiң аты –Төрегелдi. Бәрiнен бұрын бұл кезде ес бiлiп қалған Ажар қызымның құдайы бердi де қалды. Сабақтан келе сала үйiрiлiп кiшкентайдың жанынан шықпайды. Апамның арқасында өмiрi қолыма бала ұстап көрмеген басым сүп-сүйкiмдi сәбиге мейiрiмiм түсiп, жақсы көрiп қалғанымды өзiм де сезбеппiн.

Жолдасым екеумiз жұмыстамыз, сол күннен бастап кештетiп үйге келгенде аядай үйiмiз ұядай болып тұратын болды. Қолымызды ұзартқан қарындасымыз болса тас жұтып алғандай тiс жармайды-ау, тiс жармайды. Басын тұқыртып алып күнi бойы ана шетi мен мына шетi екi аттам бөлменiң сыры кеткен тақтай еденiн су шүберекпен қайта-қайта сүрткiлей бередi.

Күндердiң күнiнде үйiмiзге Төрегелдiнiң әжесi ат басын тiредi. Ауылдан келген апаның келе сала баланы бiржола меншiктеп, асты-үстiне түсiп бәйек болғанын iшiм жақтырмайды. Бiрнеше күннен кейiн «бала бөлiсу» мәселесi күн тәртiбiнде тұрды. Алғашында:

– Бала-шағаңның қызығын көр, айналайын… Жасаған жақсылығың құдайдан қайтсын… – деген сөздерден iш тарта бастап едiм. – Мына тентектi алып-ақ кетер едiм, жағдайды бiлсе, ана үйдегi жынды шал өзiн-өзi өлтiрiп тастай ма деп қорқам, – дегеннен соң iшiмде әлдебiр үмiт оты оянған.

– Бауыр басып қалыппыз, қиналмасаңыз осы баланы маған қиыңыз, апа… Жақын арада үй алып қаламыз ба деп отырмыз. Төрт балаға жеңiлдiк бар екенiн бiлесiз ғой, сiзге де, бiзге де жақсы болар едi.

– Қызымды… қызымды қайтемiн?

– Жаңа оқу жылында қызыңызды оқуына қайта орналастырып беремiн. Бiздiң Ажарға әпке де керек қой… Қызыңыз келiп-кетiп жүредi. Ал қайтып аламын деген күнi қолын қақпаймыз.

Уәде осы болды. Апасын шығарып салған соң сары баланы iштей болса да бiржола меншiктей бастағанмын. Сол жылдары кiтаптарыма алғаш рет тираж алып, оның үстiне теледидарға жұмысқа барғалы қаржы мәселесi де шешiлiп қалған секiлдi едi. Бiр баланың ауыртпалығы жоқ. Оның үстiне бiздiң жақта бала асырап алмаған үй сирек. Асырап алғанда өз үйiндегi қарадомалақтарды азсынғандай, туған-туысқанның бiр-бiр баласын сырттай меншiктеп жүредi.

Күтпеген жерден бөпелi болып қуанып жүргенде, үйiмiзге әлдебiр бейсуат жiгiттiң келгiштеп жүргенi жайлы хабар құлағыма түрпiдей тигенi. Қызымның сөзiне қарағанда, келген сайын қарындасымды сыртқа шақырып алып ұзақ-ұзақ сөйлесетiн көрiнедi. Күндердiң күнiнде өзiне жолықтым-ау ақыры. Бiздiң жақтың жiгiтi екен, менi жақсы танып тұр. Әңгiмемiз қарындас емес, Төрегелдi жайында едi.

– Қыз керек болса рұқсат, ал балаға тиiспеңiз… Әжесiнiң рұқсатын алғанбыз… – деп, төтесiнен тарттым.

– Мәселе менде де, қарындасыңызда да емес… – деп күмiлжидi.

– Күмiлжiмей айтыңызшы, кiм боласыз өзiңiз?..

– Ешкiмi де емеспiн… Мен бар болғаны Төрегелдiнiң әкесiнiң досымын. Сол кiсiнiң тапсырмасы бойынша жүрмiн.

– Әкесi болса… бүгiнге дейiн?.. Өзi келсе тағынан түсiп қала ма?

– Мәселе сонда ғой… Жанұясы бар, оның үстiне елге танымал азамат… Келiншегi мен баласын алып кеткiсi келедi.

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi, баланың әкесiнiң атын бiлдiм-ау сол күнi. Бiздiң Төрегелдiнiң әкесi… иә, кәдiмгi Шәкең, Шәмшi Қалдаяқов болып шықты. Басқаны күтсем де дәл мынаны күтпегем. Теледидар мен киноны төңiректеп шықпайтын иттiң басынан көп сазгерлерден жерiп жүрген кезiм:

– Бiр басын асырай алмай жүрiп, келiншек оның не теңi?! Басқа қатындарын жетiстiрiп алсын… Басқаға берсем де Шәмшiге бермеймiн! – деп жата қап тулайын.

– Бiздiкi ағайынгершiлiк… Қалғанын Шәкеңнiң өзiмен шеше жатарсыз, – деп жiгiтiмiз тайып тұрды.

Көрiнбей кеткен ара ағайын он шақты күннен кейiн қайтадан келiп тұр. Тағы да Шәкең жiберiптi. Бұл жолы екеумiз қарындастың өзiмен сөйлесуiмiз керек екен. Мәселенi баланың әкесi шешпесе, анасы шешуi тиiс қой. Амал жоқ, қарындастың өзiне жүгiнуге тура келген. «Шәкеңнiң өзi… өзi бiледi ғой» деп күбiрлей бередi. Артынан екеумiз оңаша қалған кезде қарындасқа тiл бiттi.

– Ана бәленi қайдан тауып жүрсiң, қызым-ау… Әкеңмен жасты кiсi емес пе?!

– Мектепте оқып жүргенде облыстық олимпиядаға қатысып ән айттым… Сол жолы Шәкең қазылар алқасының төрағасы болған… Артынан арнайы iздеп келдi. Мына музыка факультетiне де өзi түсiрдi…

– Оқуға емес, қақпанға түсiрдi десейшi!..

– Болары болып, бояуы сiңдi, аға… «Кiммен қарайсаң, сонымен ағар» деген ғой… – Үндемес ойнағандай тымпиып жүретiн қарындасым кексе адамдарша сөйлейдi. – Рұқсатыңызды берiңiз… Қалғанын маңдайыма жазылғанынан көрермiн, аға…

– Ал Төрегелдiнi қайтемiз?

– Баласын әкесiнен бөлiп қайтесiз, аға…

Осымен мәселенiң басы ашылып қалған. Қай кезде хабарласып үлгергендерiн кiм бiлсiн, кешке қарай су жаңа «Жигулимен» Шәкеңнiң өзi де жеттi. Баса-көктеп үйге кiрмей, далада тұрып сөйлестi.

– Алдымен ана ауылдағы туыстарының батасын алыңыз, Шәке… Бiздiң жақта қалыңсыз қыз болса да, кәдесiз қыз жоқ екенiн бiлесiз ғой…

– Олардың рұқсат бермейтiнiн бiлем… Не де болса сенiң қолыңнан алайын. Туған-туыстарың бар шығар?.. Келесi сенбiге қарай арнайы келiп алып кетемiн. Отырыстың iшiп-жемiн де өзiммен ала келермiн.

Ол кездерi менiң Алматыдағы туыстарым – бiр жағы жерлес, бiр жағы курстас ақын Байбота Серiкбаев пен жазушы Темiрхан Момбекұлы. Екеуiн отбасымен бiрге шақыртып алдым. Кешке қарай аядай бөлменiң iшiнде «жетiм қыздың» тойындай шағын бастаңғымызды бастап та кеттiк. Байботаның даусы жақсы, ара-тұра өзi де ән шығаратыны бар, атақты сазгердiң алдында шырқатты дейсiң. Ендi Шәкеңдi қолпаштадық. «Мен рояльсыз айта алмаймын ғой» деп, әзiлдеп қойып жеке дауыста ән айтты. Ұмытпасам, «Терiскейiм» атты әнiн айтқан секiлдi. Дауыс дейтiн даусы жоқ өзiнiң. Байқаймын, есiктiң көзiнде шәй құйып отырған қарындасымыздың екi көзi Шәкеңде. Соншалық құрметпен, аялай, тiптен төменшiктей қарайды.

– Рояль болмаса, гармошка бар ғой… – деп, шкафтың үстiнде тұрған «Баянды» алып бердiм.

– Гармошканы ана қарындастарың қатырады… – дедi Шәкең есiк жаққа бiр қарап қойып.

«Баянды» қолына алған кезде қызымыздың бет-жүзi өрттей қызарып кеткенiн байқадым. Дiр-дiр еткен саусақтарымен клавиштердi санамалай басып отырды да, шырқатты дейсiң. Ән айтқан кезде ботқа бет сары қызымды басқа түгiл өзiм де танымай қалғандай едiм. Соншама уақыт бiр шаңырақтың астында отырып әу дегенiн естiмегем, аузым ашылып қалыпты. Неге екенi белгiсiз, көзiн клавиштерден алмай айтса да, әндi Шәкеңе қаратып айтқан секiлденген. Егер қазiр менiң жазып отырғаным новелла немесе әңгiме болса ғана сағыныштан солықтап жүрген келiншектiң көңiл-күйiн дөп басып суреттеп бере алған болар едiм.

Ән шырқау шегiне жеткен шақта бiздiң үйдiң тентегi – алты жасар Руслан төрде маужырап отырған көкесiнiң жанына жүгiрiп барып басындағы тақиясын жұлып-ақ алғаны.

– Өй, көргенсiз, – дедi Оңғар.

– Жездесi екенiн бiлiп еркелеп жатқаны ғой, – деп жуып-шәйдiм.

– Алтыға келгенше ақылы кiрмеген баланы қайта тәрбиелеп қайтесiңдер, – дедi Шәкең тақиясын басына асығыс қайта киiп жатып.

Түн ортасына таман ұбап-шұбап есiктiң алдына шықтық. Төрегелдiнi Шәкең «Жигулидiң» артына салып әкелген бесiкке жатқыздық. Байботамен қайта-қайта төс қағыстырып әрең қоштасқан Шәкең машинасын от алдырған сәтте Ажар қызымның шар еткен даусы шықты. Жалма-жан машинадан атып шыққан қарындасым Ажарды құшақтай алып, ауланы басына көтере дауыстап тұрып жылаған.

– Келiп тұрамын ғой… Iнiңдi әкелiп тұрамын… – дейдi ара-арасында.

Уәдесiнде тұрып, үйге келiп-кетiп жүрдi. Бiр күнi үйге баласыз, жалғыз өзi келдi. Сабағына қайта барыпты.

– Төрегелдi қайда? – дедiм жұлып алғандай.

– Балаңыз ауылда… Атасы асты-үстiне түсiп өлiп отырған көрiнедi…

Бұдан ары әңгiмемiз таусылғанын сезiп, далаға қарай ата жөнелдiм…

Осымен қысқаша әңгiмемiздiң соңына нүкте қоюға да болар едi. Тек мына бiр жағдай…

…Тоқсан жетiншi жылы «Заман-Қазақстан» газетiнiң кассасынан қаламақы алып тұр едiм, жазушы Таласбек Әсемқұлов бауырым жолыға кеткенi. Қояр да қоймай, дәмханаға ертiп барып сыйлап жатыр. Әңгiмемiз әбден жарасқан кезде ерекше бiр сыр айтқысы келгендей бетiме жаутаңдап қарай берген.

– Сiздi неге ерекше жақсы көретiнiмдi бiлесiз бе, Секе?.. – деп бастап, манадан берi көмейiнде кептелiп тұрған ерекше сырын айтты-ау ақыры. Менiң З. қарындасым Таласбектiң туған ағасына тұрмысқа шығыпты. Төрт баласы бар. Жезқазғанның Жаңаарқа ауданында тұрады.

– Төрегелдi қайда?..

– Төрегелдiңiз алтыншы класты бiтiрген, зiңгiттей жiгiт. Қарындасыңыз кездескен сайын сiздi сұрай берушi едi. Болған-бiткен оқиғаны мен кейiннен естiдiм ғой… Iшiме сыймай жүрушi едi, бүгiн қарызымнан құтылғандай бiр жеңiлдеп қалдым-ау…Болған-бiткенi осы. Бүгiнде Шәкең де, З. қарындасымыз да арамызда жоқ. Тағдырдың жазуы солай. Ал Төрегелдi… тiрi жәдiгер… тiрi жүрсек, әлi талай рет кездесетiн шығармыз…

«ЖЕНДЕТ»

… Сексен екiншi жылдың күзi. «Жалын» баспасында жұмыс iстеп жүрген кезiм. Бiр кабинетте Мейрам Асылғазин, Болат Қанатбаев үшеумiз отырамыз. Бастығымыз, яғни редакция меңгерушiсi Болат Бабақов денесi де, мiнезi де молынан пiшiлген кеңқолтық жiгiт. Күндердiң күнiнде сол Бөкең бөлмемiзге келiп, менiң бетiме сыр тарта қарап отырды да:

– Ағаң шақырады… – дедi жұмсақ жымиып.

Ағамыздың қатардағы редакторды тегiн шақыртпайтынын бiлемiн, аяқтың ұшымен басып кабинетiнiң есiгiнен сығаладым.

– Есiктен сығалайтын әдеттi қайдан шығарғансың?.. – дедi Қалдарбек аға өзiмсiне сөйлеп. – Қолыңда не бар?.. Не қарап жатырсың дегенiм ғой?..

– Бердiбек Соқпақбаевтың екi томдығы мен Қарауылбек Қазиевтiң «Кемпiрқосақ» деген жинағын дайындап жатырмын.

– Олардiкi дайын шығармалар ғой… Ал мынаған аздап бас ауырту керек болып тұр…

Қалдарбек аға әй-шәй жоқ қолыма қалыңдығы кере қарыс қолжазбаны ұстата бердi.

– Асықпай, дұрыстап қарарсың… Ағаңның атақ-даңқын былай қойғанда, ана үлкен кiсiмен жақындығы барын бiлесiң ғой… – дедi содан соң даусын қатайтып.

Бөлмеме келе салып қолжазбаны алдыма жайып тастап отырмын. Сол жылдары мен жұмыс iстейтiн «жасөспiрiмдер прозасы» редакциясы – негiзiнен балалар мен жасөспiрiмдерге арналған кiтаптар шығарумен бiрге, ара-тұра үлкендерге арналған шығармаларды да жариялап қоятын. Алдымдағы қолжазба да үлкендерге арналған – Iлияс Есенберлиннiң екi романы. «Махаббат мейрамы», «Маңғыстау мұнаралары» деп аталады. Директордың қатардағы редакторды бекер шақыртпайтынын Мейрам мен Болат та бiледi, бiлген соң менiң столымды торуылдап, алдымда таудай болып жатқан қолжазбаға жаутаңдай қарайды.

– Мынауың ең кемi қырық баспа табақтан асатын дүние ғой… – Мiнезi жұмсақ Мейрам қолжазбаны қайта-қайта салмақтап қарайды. – Осы ағамыз да шаршамайды екен…

– Тағы да бiздiң сорымыз десеңшi! – дедi ойындағысын қашан да бетiң бар, жүзiң бар демей бетке айтатын Болат қабағын шытып. – Биыл тираж алмайтын болдық десейшi…

Мен оны түсiндiм, әрине. Мейрам мен Болат секiлдi баспа жұмысының майын iшпесем де, оны-мұның байыбына барып қалған кезiм ғой, бiр сәт ойланып қалдым.

Бiздiң редакцияның жылдық жоспары жүз сексен баспа табақ екенiн ойладым. Биылғы тақырыптық жоспарда осы отырған үшеумiздiң үш кiтабымыз тұр. Кiтаптың көлемi он баспа табаққа жетпесе, болса-болмаса, тираж берiлмейдi. Ал қаламақы тиражға тiкелей байланысты. Өз басым болашақ қаламақының есебiнен қарыз алып, оны жұмсап та қойғанмын. Жаман да болса үйi бар менi қойшы, үш баласымен сонау қала сыртында пәтерде тұратын Болаттың жайын түсiнемiн, әрине.

Бiр жетiнiң iшiнде екi романды қыртыстап оқып шығып, редакторлық пiкiр жаздым. «Бiз танысқан қолжазба кең тынысты үлкен шығармалардың жоба-жоспары (иә, жоба-жоспары!) екенi көрiнiп тұр…» деп бастап, әлi аяқталмаған қолжазбаның кемшiлiктерiн тiзiп шықтым да, «Осы ескертпелердi жүзеге асырған соң, баспаның тақырыптық жоспарына енгiзуге болады» деп аяқтап, соңына қолды қойдым да жiбердiм.

Көп ұзамай Iлекеңмен директордың алдында жолықтық. Жазушылар одағында екiншi хатшы, «Жазушы» баспасында директор болып жүргендегiдей емес, ағамыздың қабағы түсiңкi, өңi шаршаулы көрiнген.

– Ағаңның классик екенiн бiлесiң ғой… – дедi Қалекең қолыма редакторлық пiкiрiмдi қайта ұстатып жатып. – Бiлсең, бөлмеңе барып ойланып кел…

Дәл солай. Ойланып қайтем. Өйткенi «қайта жазып әкел» деген жоқ. Бөлмедегi жiгiттер бұл жолы да әлдебiр тосын әңгiме күтетiн секiлдi, бетiме жәутеңдей қарайды. Ойланып та үлгермедiм, кабинетке Iлекеңнiң өзi кiрдi. Түрiнен оңаша сөйлескiсi келiп тұрғанын сездiм, екеумiз фойедегi авторлармен сөйлесетiн орынға барып отырдық.

– Менiң жазу стилiмдi бiлесiң ғой, iнiм… – дедi Iлекең. – Кiтапты тақырыптық жоспарға ендiрiп қойып жазатын қашаңғы әдетiм. Өндiрiске дейiн мына шығармалардың сыптай болып тұратынына сене бер…

– Мынандай күрделi шығармаларды «Жазушыға» апармайсыз ба, аға?.. Бiздiкi жасөспiрiмдер редакциясы ғой… – деп күмiлжимiн.

– «Жазушының» биылғы жоспарында «Алтын орданың» үш томдығы тұр емес пе?!

Өңiнен қатты қажығаны бiлiнген ағамыз орнынан сүйретiлiп тұрды да, қоштаспастан кете барды.

Келесi жылы баспаның үш редакторы кiтабымызға толық болмаса да, жартылай тираж алып, тираждың қаламақысына бiр жырғап қалғанбыз. Мен болсам, өзiмнiң сол жолғы батылдығым мен әдiлдiгiм жайлы әр-әр жерде мақтана айтып қойып жүргенмiн. Көп ұзамай үлкен басын кiшiрейтiп алдыма келген ағамыз кенеттен қайтыс болып кеттi де, менiң аузыма құм құйылды. Сол сол-ақ екен, Iлекеңнiң аты аталған жерде iштей мүжiлiп, өзiмдi бiртүрлi ыңғайсыз жағдайда қалғандай сезiнетiн болғанмын.

Дегенмен аты аңызға айналған ағамызбен соңғы кездесуiмiз жайлы ойлаған сайын өзiмдi-өзiм кiнәлай тұра, сол жолы жазушы қолжазбасына қатысты дұрыс та әдiл шешiм қабылдағаныма iштей сенiмдi едiм…

…Арада отыз жылға жуық уақыт сырғанап өте шығыпты. Екi мың он бiрiншi жылдың жазында «Жамбыл» журналында жарияланған Дүкенбей Досжан ағамның естелiгiн оқып отырдым. Естелiк «Өнердiң отына күйiп өлгендер» деп аталады. Естелiк кейiпкерлерiнiң бiрi – Iлияс Есенберлин. Өмiрден өтерiне санаулы сәт қалғанда, аурухана төсегiне таңылған жазушы Дүкеңе мұңын шағыпты. Оқиға былайша өрбидi:

Өмiрiнiң соңғы жылдары шығармашылық жұмысқа бiржола ауысқан Iлекең әдiлдiк iздеп, өзiнiң ескi досы, ел басшысының алдына барады. Ел басшысы көмекшiсiне жолдайды. Көмекшiсi – Орталық комитеттiң сектор меңгерушiсiне, сектор меңгерушiсi – нұсқаушыға, нұсқаушы – баспа комитетiнiң төрағасына сырғытады. «Бармай-ақ бiлiп тұрмын» дептi жазушы әл үстiнде жатып. «Ол төраға сөзiмдi жүре тыңдар-тыңдамастан, майлы қасықтай жылпылдап, еш ұстатпайтын орынбасарына, я болмаса жарты сағатта сырбазсып, ыңыранып жалғыз ауыз сөздi әрең айтатын өзiңе жiбередi.»

Ол кезде баспа комитетiнде iстейтiнмiн, менi «мұқатып» жатқаны. Мына сөздi естiп отырып жерге кiрердей болып ұяламын…» дейдi Дүкенбай ағамыз.

«Талығып жатқан Iлияс ағаны шаршатпайын деп бөлмесiнен шығып кеттiм. Ертесiне, таң бозы бiлiне қайсар кiсiнiң шаршаған жүрегi мәңгiге тыншыпты. Елбасының, нұсқаушының алды түкке қажетсiз ендi. Таңғы сағат сегiзде төрт тағанды арбаға салып, бетiн ақ сейсеппен жауып, алды-артынан дәрiгер бикелер итермелеп машинаға енгiзiп, мұзханаға жөнелтiп жатқан мәйiттi, жоғарыдан, терезден көрiп тұрдым. Жүрегiм жаншыла соқты…»

Дәл осылай. Үлкен кiсiнiң алдында Дүкенбай ағам ұялады, досын қабылдамаған ел басшысы үшiн, сектор меңгерушiлерi мен нұсқаушылар үшiн Дүкеңнiң жүрегi жаншылады… Әңгiме мына тұсқа келгенде менiң де жүрегiм шаншып ауырғаны…

«Өнердiң отына күйiп өлгендер»… «Есенберлиндi жетпiске жеткiзбей жүрек қабын жарған баяғы қазкемнiң шенге, шекпенге қарап сөйлеп, пайдасыз кiсiнi маңына жолатпайтын құбылмалы мiнезi…» Менiң Дүкем жазғыш, жазғыш болғанда жазушы өлiмiнiң диагнозын да қойып жiберiптi. Сонда… бiр елдiң бiртуар басшысының алдынан басталған өнер сапары шенеунiктiк аппараттың баспалдақтарынан өтiп келiп, мына менiң алдымда аяқталған болды ғой. Сонда деймiн-ау, қоғам мен шенеунiктiк аппарат өнер адамына шығарылған үкiмiн менiң қолыммен жүзеге асырған болып шықпай ма?.. Кез-келген қылмыстың үкiмiн қоғамның, уақыттың өзi шығарады дегенмен, сол жазаның үкiмi әдетте кәдiмгi кәсiби жендеттiң қолымен жүзеге асырылмаушы ма едi?..

Сонда… менiң кiм болғаным?.. Сол жолы… мен кәдiмгi кәсiби жендеттiң ролiн атқарған болып шығады екенмiн… Осы арада «бұйырған кәсiбi арқылы нанын тауып жеп, бала-шағасын асырап отырған жендеттiң не кiнәсi бар?..» деп ақталғым келгенi несi?..

Бұрындары ағамызбен соңғы кездесуiмiз жайлы ойланған кезде өзiмдi-өзiм оп-оңай ақтап алушы едiм, дәл қазiр ойы түскiр сан-саққа жүгiрiп, көңiлi түскiр тұйыққа тiрелiп отырған жайы бар… Менiң де жүрегiм жаншылып ауырады.

Серіктес жаңалықтары