ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛАТЫН КҮН

ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛАТЫН КҮН

ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛАТЫН КҮН
ашық дереккөзі
243

Ескерусiз қалатыны өкiнiштi

Жылдағы әдетiммен Тәуелсiздiктiң жайма-шуақ күнi 1986 жылы бейбiт шеруге шыққан жастарды қанға бөктiрген көше бойымен жаяу келе жатып, бiр таксиге қол көтердiм. Таксист орта жасар жiгiт екен. Орныма жайғаса берiп «Здраствуйте, с праздником!» деп сәлем бердiм. Жауап естiмегенiме таңғалып отырғанымды байқаған таксист: «Где видно, что праздник?”, деп өзiме қайыра сұрақ қойды. Өзiм де жолшыбай не көше бойында, не мекеме маңдайшаларында тәуелсiздiк күнiн паш ететiн мардымды ештеңенi көре алмай, iштей қапаланып келе жатқанымда мына жiгiттiң кекесiн сөзi жан жүйкемдi сырқыратып жiбердi. Шынында да, орыстiлдi шенеунiктер пiр тұтатын бiрiншi қаңтар Жаңа жылға дайындықты бiр ай бұрын бастаған қала әкiмшiлiгi қаланы әсем көрнекiлiктермен көмкерiп тастаған. Қытай халқы өз тәуелсiздiк күнiн бiр апта тойласа да, Рождество күнiн ескермейдi де екен. Ал бiзде Самарқанның көк тасы ерiп, күн мен түннiң теңелетiн, табиғаттың жаңарған, жасампаз көрiнiсi ұлттық мерекемiз жаңа жыл Наурызды жетiм қыздың тойындай етiп өткiзетiнiмiз жасырын емес қой.

Қасымдағы таксист жiгiт менiң үнсiз қалғанымды пайдаланып, iшiнде тұнып қалған сырларын сыртқа шығара бастады. Оның әңгiмесi «Тәуелсiздiк Қазақстан халқына не бердi?» деген сауалдың айналасында өрбiдi.

– Бiрде көлiгiме мiнген жас жiгiт өзiнiң әскер қатарына барғысы келмейтiнiн, осы уақытқа дейiн баспанасының, не ұлтарақтай жекеменшiк жерiнiң жоқтығынан отбасын құра алмай жүргендiгiн айтып, сонда мен кiмнiң жерiн, кiмнiң жанұясын қорғауға баруым керек деген ренiшiн жасырмады, – дей келе ары қарай әңгiмесiн халықтың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгi жайлы пiкiрiмен ұштастырды.

– Тәуелсiз ел болғанымызға 20 жыл өтсе де, халықтың әлеуметтiк жағдайы жақсарар емес. Оның есесiне жоғары билiктегi байлар мен қарапайым кедей халықтың арасы тым алшақтап барады. Кеңес Одағы кезiндегi «адам адамға дос, бауыр, жолдас» деген қағида ұмытылып, қазiр адам адамға бәсекелес. Ретiн тапса бiрiн-бiрi алдап-арбау арқылы байыған үстiне баи түссем деген пиғыл жан-дүниесiн жаулап алған. Оның үстiне жемқорлық пен парақорлық өршiп барады. Байқап жүргенiм, деп жалғастырды әңгiмесiн одан әрi, бұдан 15-20 жыл бұрын көше бойындағы қоқыс-жәшiктерiнiң маңында тiмiскiлеп жүрген қазақтарды көрмейтiн едiк, бүгiнде бай елде тұрып, бағы ашылмай жүрген қазақтың ұлдары мен қыз-келiншектерiн көрiп таңданатын болдық. Өз елiнде жүрiп, осындай бейшара халге ұшыраған ұлт өкiлдерiне сiздiң жаныңыз ашымай ма? Сiз қазақ емессiз бе? демесi бар ма әлгi орыстың. Не уәж айтарымды бiлмей аңтарылып қалғанымда, қас қылғандай көлiк кептелiгiнде, атпал бiр қазақ жiгiттiң терезе тұсына келiп: «Ағасы, нан алатын 20 теңге берiңiзшi», дегенiн естiгенде жүргiзушiге бұрылып қарауға да бет болмай, сол жерден түсiп қалдым. Әлгi қол жайып, тиын-тебен сұраған жiгiттiң жоғары бiлiмдi маман екендiгiн, екi жылдан берi жұмыс таппай жүргенiнен хабардар болдым. Сонда үкiметте отырғандардың рынокты зерттеп, қай жерге қандай және қанша мамандықтың қажет екенiне мұқият талдау жасамай-ақ, басы артық мамандарды есепсiз дайындаумен мемлекет қаржысын бостан босқа желге ұшырып жатқаны ма деген ой келдi.

Өткен жылғы болған жәйттi сол қалпында еске түсiрiп жатқаным ерiккеннiң ермегi емес, ағайын!

Бiрншiден, жыл сайын аталып өтетiн Тәуелсiздiк күнiн өткiзуге бағытталған небiр айтулы iс-шаралар мен бағдарламалар түзiлiп, оны iске асыруға қаншама қаржы бөлiнiп жатқанымен, ел есiнде қаларлықтай мардымды ештеңенiң орындалып жатқанын көре алмаймыз. Жыл сайын осы.

Екiншiден, кезiнде күллi әлемдi дүр сiлкiндiрген қуатты да бай Кеңес Одағын ыдыратуға тiкелей себепкер болған Желтоқсан көтерiлiсi орыстың Жаңа жылы тасасында, жай күнделiктi шара ретiнде ескерусiз қала беретiнi жанымызға батады. Кеңестiк империяның шаңырағын шайқалтып, керегесiн күйреткен Желтоқсан оқиғасы ұрпаққа ұран, ұлтымызға ұйытқы болуы тиiс емес пе!?

Шындығын айтсақ, Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсi болмағанда тәуелсiз ел болуымыздың өзi екiталай едi! Осы қастерлi датаны неге естен шығарып ала беремiз? Бұл билiк атаулыға кешiрiлмес күнә.

Бiздiң айтайық деген ойымыздың түйiнi де сол үрдiске айналып бара жатқан кемшiн тұстар тағы да қайталанып кете ме деген қауiптен туындап отырғанын еске салу.

Биылғы 2011 жыл барша Қазақстан халқы үшiн есте қалар тарихи, әрi киелi жыл. Өйткенi елiмiздiң тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiне 20 жыл, Желтоқсан көтерiлiсiнiң болғанына 25 жыл толып отыр. Бұл айтулы датаны жаңа сипатта, халықтың патриоттық рухын көтеретiндей ауқымды дәрежеде өткiзу баршамыздың абройлы да қастерлi мiндетiмiз.

«Азаматтыққа қол жеткiзген сәттен бiздiң тарихымыздың жаңа дәуiрi бастау алады. Тәуелсiздiк бiздiң басты құндылығымыз!» Қазақстан халқына Жолдауында Елбасының айтқан осы тұжырымына сай жұмыла жұмыс iстесек , аянбай тер төксек, бiрлiгiмiздi сақтасақ, Тәуелсiздiгiмiздiң де тасы өрге домалап, әл-ауқатымыз да жақсара түсетiнiне сенiмдiмiз.

Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ,

еңбек ардагерi

Серіктес жаңалықтары