ҚАЗАҚТЫ КӨРКЕЙТСЕМ ДЕП...

ҚАЗАҚТЫ КӨРКЕЙТСЕМ ДЕП...

ҚАЗАҚТЫ КӨРКЕЙТСЕМ ДЕП...
ашық дереккөзі
237

«Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлiк қоғамының баспасөз қызметi Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы шеңберiнде Түркиялық қазақ кәсiпкерлерiмен кездесу өткiзiп, қандастарымыздан сұхбат алған болатын.

Түркиядағы қазақтардың қалай келгенi және қашан келгенi туралы тарих бәрiмiзге мәлiм болғандықтан, оған тоқталмастан негiзгi тақырыбымызға көшсек.

Мiне, сол қазақтар Түркия аумағында орналасқаннан кейiн оларға Түркия Үкiметi бар жағдайды жасайды.

Ендi орнығып және жағдайы түзеле бастаған қазақтар әртүрлi кәсiппен айналыса бастайды.

Ең алдымен терi өнiмдерiн кәдеге жаратып, тiгiн өндiрiсiмен айналысады. Уақыт өте келе олардың арасынан өз iсiн дөңгелетiп әкеткен iскер бауырларымыз да шыға бастайды.

Солардың бiрi Iлияс Вурал атты ағамыз. Түркияның Салихлы қаласында тұрады. Әуелгi кәсiбi егiн шаруашылығы, кейiн мал шаруашылығымен айналысқан. Ағамыздың өзiне сөз берсек:

«Арғы-бергi тарихты көп қозғамай-ақ қояйық. Бiзге кезiнде Түрiк Үкiметiнiң, түрiк халқының жасаған жақсылығын еш ұмытпақ емеспiз. Бәрiмiздi көшiрiп алып келдi. Баспана бердi. Кәсiппен айналысуға мүмкiндiк жасады, салықтан босатты. Бар жағдайды жасады. Өзiм Салихлыдағы «Түркi» қазақтарының әлеуметтiк және мәдени дамуын қолдау қорын» басқарамын.

2000 жылдан берi терi өндiрiсiн дамытып, Еуропамен байланыс жасай бастадық. Қазақстанда өсiмдiк майын өсiрiп, оны кәдеге жаратсақ, Алматы облысының аумағында бiр өндiрiс орнын ашсақ деген ойымыз бар. Ыңғайын iздеп жүрмiз. Майдың бағасы 25-38 доллар көлемiнде. Тiлегiмiз салық жағынан босатса, инвестиция салуға мүмкiндiк берiлсе. Түбi көшiп келсек деймiз. Мен сияқты ниеттерi түзу, қайда жүрсе де қазағыма пайдам тисiн деген жiгiттер көп. Бiрақ әртүрлi қиыншылықтар бар. Салық, заң жөнiнен хабарымыз аз. Мысалы Қазақстанда кирилл қарпiн пайдаланады, бiз болсақ латын қарпiн пайдаланамыз. Осы жағынан жазу-сызу, байланыс жасау қиыншылық болып тұр. Мұны да ескерсеңiздер».

1986 жылы Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы кезiнде Түркия қазақтары Тәуелсiздiк күрескерлерiн таныстыру, оларды басқа түркi балалары бiле берсiн деп әрi тiл, мәдениет, дәстүрдi сақтау мақсатымен Қазақ түркiлерi қорын құрған болатын. Қазiргi күнi Қорды Абдұлвахап Қылыш атты ағамыз басқарып отыр. Ағамыз кәсiпкерлiкпен де айналысады. Ендi өзiне сөз берсек:

«Отанымыздан жырақта жүрсек те жүрегiмiз қазағым деп соғады. Түркияда, оның iшiнде Стамбұлда тұратын қазақтар Зәйтүнмұрны, Кучук Чекмеджи, Сефакёй, Өрнектепе деген аудандарда шоғырлана қоныстанған. Зәйтүнмұрында Абайға қазақ-түрiк халықтарының достығы белгiсiндей зәулiм ескерткiш орнатылған. Абай атындағы көше мен мектеп те бар.

Ал ендi жұмыс iстеймiн, iсiн бастаймын деген адамға жол ашық қой. Бауырларыма айтарым, талабы, ойы болуы керек. Шамалы қаражатпен бастап, кәсiптi алып кетуге болады».

Ал Мехмет Зенгин атты ағамыз былай дейдi:

«Астананың көркiне таң-тамаша қалдым. Мынадай аз уақытта осындай тамаша қала салу – ертегiмен барабар. Және бiр қуантқаны – қаракөздерiмiз көп екен. Құрылтайымыз жақсы өттi. Ана бiр жылы Нұрсұлтан Әбiшұлы Түркияға келгенде ақсарбас шалып, Қазақстан тәуелсiздiк алғанда қуанышымыз қойнымызға сыймай, «иә, Алла, Қазақстанға бере гөр!» деп Құдайдан жәрдем тiледiк. Құдайға шүкiр, Астанада Құрылтайға қонақ болып қатысып отырмыз. Қазақстанда тұрмыс жаман емес. «Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарын тiленбей» дегендей, өзiмiздiң кәсiпшiлiктерiмiз бар. Басқа да бауырлар сияқты тон тiгумен айналыстық. Тоқыма өнеркәсiбiне де ден қойдық. Кейiн полистиролдан тiгiнге арнап жiп шығара бастадық. Сапасы өте жоғары. Өнiмiмiздiң 80 пайызын Еуропаға, әсiресе Францияның мода үйлерiне жiберемiз. Тек 20 пайызын iшкi нарықты қанағаттандыруға қалдырамыз. Жұмысымыз жаман емес. Ойымыз Қазақстанға қаржы салып, өндiрiс орындарын ашу.

Қазақстанда кәсiпкерлiктi, әсiресе шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту қажет. Сыртқа шығып жатқан өнiмдердi Қазақстанда қайта өңдеп сатса анағұрлым тиiмдi болар едi. Мысалы сiздерде мақта шитi бар. Оны сол қалпында сатпай, одан әртүрлi өнiмдер алып, қажетке жаратса пайдасын да көруге болады.

Түркияда тұратын қазақтар туралы аз-маз айта кетсем. Түркияда Алтайдан келген қазақтан басқа кезiнде Иран мен Ауғанстаннан келген көп қазақтар бар. Өзiмiздiң Түркиядағы «Қазақкенттi» бауырларымыздың бәрi бiледi деп сенемiн. Анкарада, Iзмiрде, Коньяда және т.б қалаларда қазақтар көп. Кiшi құрылтайымызды өткiзiп тұрамыз.

Түрiк билiгi бәрiне жағдай жасаған, Қазақстанның тәуелсiздiгiн ең бiрiншi болып таныған да Түркия болатұғын. Қазағыма, елiмiзге кiшкентай болса да пайдамыз тисе екен деген ниетiм бар».

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары